Неге мінсіздік сақтауымыз керек?
“Уа, Ехоба... мені мінсіздігіме қарай соттай гөр!” (ЗАБ. 7:8 ЖД).
1, 2. Мәсіхшілер мінсіздіктері сыналатын қандай жағдайларға кезігіп жатады?
МЫНАДАЙ үш жайтты елестетіп көрші: Жас баланы сыныптастары келеке-мазақ етуде. Олардың мақсаты оны ашуландырып, жаман сөздер айтқызу не төбелеске итермелеу болар. Бала есесін қайтара ма, әлде өз-өзін ұстап, кетіп қала ма? Үйде жалғыз отырған отағасы Интернетті қарап, ізденіс жасауда. Осы сәтте алдынан порнографиялық веб-сайттың жарнамасы шыға келеді. Ол азғырылып сол сайтқа кіре ме, жоқ одан бас тарта ма? Әйел бауырлас бірнеше бауырласпен әңгімелесіп тұр, бірақ әңгімелері қауымдағы бір әйел бауырласты өсектеуге ұласа бастайды. Ол бұған қосыла ма, әлде әңгімені басқа тақырыпқа бұруға тырыса ма?
2 Бұлар әртүрлі жайт болғанымен, оларға ортақ бір нәрсе бар: олардың мәсіхші ретінде мінсіздіктерін сақтайтын-сақтамайтыны сыналуда. Күнделікті қажеттіліктеріңді, өмірдегі мақсаттарыңды және басқа да жайттарды ойлағанда, мінсіздігіңді ескересің бе? Адамдар өздерінің сырт көрінісі, денсаулығы, тіршілік қамы мен достық қарым-қатынастары, тіпті сүйген адамдары жайлы күнделікті ойлайды. Бұларға айтарлықтай көңіл бөлетін шығармыз. Алайда Ехоба жүрегімізді тексергенде, әсіресе нені көргісі келеді? (Заб. 138:23, 24). Мінсіздігімізді.
3. Ехоба бізге қандай таңдау жасауды ұсынып отыр және бұл мақалада нені қарастырамыз?
3 Тек ‘игі нәрселерді беруші’ Ехоба бізге түрлі тартулар жасаған (Жақ. 1:17). Олардың ішінде тәніміз, санамыз, салыстырмалы түрде жақсы денсаулығымыз және әртүрлі қабілетіміз бар (Қор. 1-х. 4:7). Бірақ Ехоба бізді өзіне мінсіздік танытуға күштемейді. Қайта, бұл қасиетті дамыту-дамытпауды өзімізге қалдырып отыр (Заң. қ. 30:19). Сондықтан мінсіздік деген не екенін және бұл қасиет аса маңызды екенін көрсететін үш себепті қарастырайық.
Мінсіздік деген не?
4. Мінсіздікке не жатады және Ехобаның құрбандық әкелуге қатысты заңынан не нәрсеге үйренеміз?
4 Көп адамдардың мінсіздікке қатысты түсініктері көмескі сияқты. Мысалы, саясаткерлер өздерінің мінсіздіктерін айтып мақтанғанда, жиі мұны адалдық деп біледі. Әрине, бұл қасиет маңызды, бірақ ол — мінсіздіктің бір қыры ғана. Ал Киелі кітапқа сәйкес, мінсіздік моральдық жағынан қалтқысыз, тұрақты болуды білдіреді. “Мінсіздік” сөзімен байланысты еврей сөздері бүтін, мықты, кемшіліксіз мағынасын беретін сөзден шыққан. Осы сөздердің бірі Ехобаға ұсынылатын құрбандықтарға қатысты қолданылады. Ехобаның рақымына ие болғысы келгендер еш кемістігі жоқ, бүтін мал ғана әкелу керек еді (Леуіліктерге 22:19, 20 оқыa). Өзінің нұсқауын елемей, құрбандыққа ақсақ-тоқсақ, ауру не соқыр малды әкелгендерді Ехоба қатты айыптаған (Малх. 1:6—8).
5, 6. а) Бүтін, бүлінбеген нәрсені бағалайтынымызды қандай мысалдардан көруге болады? ә) Адамдар мінсіз болу үшін кемелді болуы керек пе? Түсіндіріңдер.
5 Бүтін не бүлінбеген нәрсені іздеудің және оны бағалаудың не екені бәрімізге таныс. Мысалы, кітап коллекциясын жинаушы ұзақ уақыттан бері іздеген бағалы кітабын тауып алады, бірақ оның маңызды бірнеше парағы жоқ болып шығады. Көңілі қалған ол кітапты сөреге қайта қояды. Немесе дүкеннен кесе іздеп жүрген бір әйелді елестетші. Ол кесені аларда, бүтін, бүлінбегендерін таңдап алады емес пе? Сол сияқты, Құдай да өзіне жүрегімен толықтай берілген, мінсіз адамдарды іздейді (Шеж. 2-ж. 16:9).
6 Алайда сен мінсіз болу үшін кемелді болуым керек деп ойлайтын шығарсың. Күнәкар әрі кемелсіз болғандықтан, кейде өзімізді парағы түскен кітапқа не бүлінген кесеге ұқсататын шығармыз. Сен өзіңді осылай сезінетін кездер бола ма? Онда Ехоба бізден толық мағынада кемелді болады деп күтпейтініне сенімді бол. Ол ешқашан қолымыздан келмейтінді талап етпейдіb (Заб. 102:14; Жақ. 3:2). Әйтсе де Ехоба бізден мінсіздігімізді сақтайды деп күтеді. Онда кемелділік пен мінсіздіктің арасында айырмашылық бар ма? Иә. Мұны келесідей мысалмен түсіндіруге болады: бір жас жігіт сүйген қызына үйленбекші. Әрине, оның одан кемелділікті күткені ақымақтық болар еді. Дегенмен қыздан тек өзін ғана шын жүректен сүйеді деп күткені орынды. Сол сияқты, Ехоба — тек өзіне берілгендікті талап ететін Құдай (Мыс. ш. 20:5). Ол бізден кемелділікті емес, өзіне ғана ғибадат етіп, шын жүректен сүйеді деп күтеді.
7, 8. а) Иса мінсіздік танытуға қатысты қандай үлгі қалдырды? ә) Жазбаларға сай, мінсіздік дегеніміз не?
7 Исадан ең басты өсиеттерді сұрағанда, оның не дегенін есімізге түсірейікші (Марқа 12:28—30 оқы). Ол сұраққа жауап беріп қана қоймай, айтқан сөздеріне сай өмір сүрген. Иса Ехобаны шын жүректен, бүкіл жан дүниемен, барлық ақыл-оймен, бар күш-қуатпен сүюдің керемет үлгісін қалдырған. Ол мінсіздіктің тек сөз жүзінде емес, түзу ниетпен жасалған игі істерден танылатынын көрсеткен. Сондықтан мінсіздігімізді сақтау үшін Исаның ізімен жүруіміз керек (Пет. 1-х. 2:21).
8 Олай болса, Жазбаларға сай, мінсіздік дегеніміз көктегі Тұлға Ехоба Құдайға және оның ашқан еркі мен ниетіне шын жүректен берілгендік танытуды білдіреді. Ал мінсіздік сақтау күнделікті өмірімізде бірінші кезекте Ехоба Құдайға ұнамды болуға тырысуды білдіреді. Ол маңызды деп санайтындар біз үшін де маңызды болады. Қазір мінсіздік сақтаудың неліктен аса маңызды екенін көрсететін үш себебін қарастырайық.
1. Мінсіздігіміз және билікке қатысты дау
9. Әрқайсымыздың мінсіздігіміздің бүкіләлемдік билікке қатысты даумен қандай байланысы бар?
9 Ехобаның билігі біздің мінсіздігімізге тәуелді емес. Оның билігі әділ, мәңгілік әрі бүкіләлемдік. Саналы жаратылыстар не айтып, не істемесін, бұл әрдайым осылай болып қала бермек. Алайда Құдайдың билігіне көкте және жерде арсыз жала жабылды. Сондықтан оның билігі бүкіл саналы жаратылыс алдында ақталып, дұрыс, әділ әрі сүйіспеншілікке негізделген билік екені расталуы қажет. Біз Ехоба куәгері болғандықтан тыңдағысы келгендерге Құдайдың бүкіләлемдік билігі жайлы қуана айтамыз. Бірақ Ехобаны Әміршіміз ретінде таңдағанымызды ісімізбен және шешімдерімізбен қалай көрсете аламыз? Мінсіздігімізді сақтау арқылы.
10. Шайтан адамзаттың мінсіздігіне қандай жала жапты және сен бұған қалай жауап берер едің?
10 Бұл дауға сенің мінсіздігіңнің қандай қатысы бар екенін көрейік. Шайтан, негізінде, бірде-бір адам Құдайдың билігін қолдамайды, ешкім де оған риясыз сүйіспеншілікпен қызмет етпейді дегенге меңзеген болатын. Ол сансыз көп рухани жаратылыстың алдында Ехобаға: “Адам теріге тері, ал өмірі үшін өзінде бардың бәрін береді”,— деді (Әйүп 2:4). Байқасаң, Шайтан бұл жаланы әділ кісі Әйүпке ғана емес, жалпы адамзатқа жапты. Киелі кітапта ол орынды түрде ‘бауырластарымызға жала жабушы’ деп аталған (Аян 12:10). Мәсіхшілер, оның ішінде сен де, Ехобаға адалдық сақтамайды деп, Шайтан Құдайды қорлады. Оның айтуынша, өміріңді сақтау үшін сен Ехобаны сатып кетуден тайынбайсың. Өзіңе жабылған мұндай жалаға қалай қарайсың? Шайтанның өтірікші екенін дәлелдеудің мүмкіндігін пайдаланар ма едің? Оның өтірікші екенін мінсіздігіңді сақтау арқылы дәлелдей аласың.
11, 12. а) Күнделікті шешімдеріміз мінсіздігімізге қатысты даумен байланысты екенін қандай мысалдардан көруге болады? ә) Неге мінсіздігімізді сақтау біз үшін мәртебе?
11 Олай болса, мінсіздігіңе қатысты дау көтерілгендіктен, күнделікті қалай жүріп-тұратының мен қандай шешімдер қабылдайтының маңызды. Жоғарыда келтірілген үш мысалға қайта оралайық. Олар қалай мінсіздік таныта алар еді? Сыныптастары келемеждеген жас бала өш алуға қатты азғырылады, бірақ: “Сүйікті бауырластарым, кек алмаңдар, оны Құдайдың қаһарына қалдырыңдар! Киелі жазбада Жаратқан Иенің: “Кек алу — Менің ісім, есесін Мен қайтарамын” дегені жазылған ғой”,— деген сөздер оның есінде (Рим. 12:19). Сондықтан ол кетіп қалады. Ал Интернетті қарап отырған отағасы порнографиялық сайтқа кіре алар еді, алайда Әйүптің сөздеріндегі келесі принципті есіне алады: “Мен көзіммен шарт жасадым, қыз жайында ойламаймын деп” (Әйүп 31:1). Тап осылай, ол да әдепсіз бейнелерге қараудан бас тартып, мұндай нәрселерді у іспетті көріп, аулақ болады. Ал әлдекімді жаралайтын өсек сөздерді естігенде, әйел бауырлас ‘маңайымыздағы бауырластарға ұнайтынды істеп, олардың рухани өсуіне себепші болуымыз керек’ деген нұсқауды есіне түсіреді (Рим. 15:2). Ол өсек тарататын болса, бұл ешкімді де рухани нығайтпайды. Қайта, сөз болған бауырласқа бұл ауыр тиіп, Ехобаны да ренжітер еді. Сондықтан әйел бауырлас өсекке араласпай, әңгімені басқа тақырыпқа ауыстырады.
12 Осы үш жағдайда мәсіхшілердің жасаған шешімдері, былайша айтқанда: “Ехоба менің Билеушім. Бұл мәселеде оған ұнайтынды істеуге тырысамын”,— дегенді білдіреді. Қандай да бір шешім қабылдағанда, сен де осылай әрекет етуге тырысасың ба? Егер осылай етер болсаң, онда Нақыл сөздер 27:11-дегі: “Балам, парасатты бол — мені қуантасың, Сонда өзімді қорлағандарға [“қорлағанға” ЖД] жауап бере аламын”,— деген жылы сөздерге құлақ асқаның. Шынында да, Құдайдың жүрегін қуанту — зор мәртебе! Ендеше, мінсіздігімізді сақтау барынша күш салуға тұрады емес пе?!
2. Ехоба мінсіздігімізді негіз ете отырып соттайды
13. Мінсіздік Ехобаның бізді соттауына негіз болып табылатыны Әйүп пен Дәуіттің сөздерінен қалай көрінеді?
13 Мінсіздік танытар болсақ, Ехобаның бүкіләлемдік билігін қолдай аламыз. Ол Ехобаның бізді соттауына негіз болады. Әйүп мұны жақсы түсінген (Әйүп 31:6 оқыc). Ол Құдайдың мінсіздігімізге баға беру үшін өзінің кемелді әділ нормаларын қолданып, бүкіл адамзатты ‘шындық таразысына салып өлшейтінін’ білген. Дәуіт те осындай ой айтқан. Ол: “Ехоба халықтарға үкім шығарады. Уа, Ехоба мені әділдігіме және мінсіздігіме қарай соттай гөр... Сен, ақиқаттың Құдайы жүрек пен құрсақтың сыншысысың!”— деген болатын (Заб. 7:8 ЖД, 10). Біз Құдайдың адамның ішкі жан-дүниесін — бейнелі жүрегі мен құрсағын — көре алатынын білеміз. Алайда оның бойымыздан нені іздейтінін ұмытпауымыз керек. Дәуіт айтқандай, Ехоба бізді мінсіздігімізге қарай соттайды.
14. Неге кемелсіз, күнәкар болмысымыз мінсіздік сақтауға кедергі болады деп ойламауымыз керек?
14 Елестетіп көрші, бүгінде Ехоба Құдай миллиардтаған адамның жүрегін тексереді! (Шеж. 1-ж. 28:9). Ол мәсіхшілерге тән мінсіздікті сақтап жүрген қанша адамды табады? Салыстырмалы түрде өте аз. Бірақ күнәкар болғандықтан, мінсіздік сақтау қолымыздан келмейді деп ойламауымыз керек. Қайта, Дәуіт пен Әйүп сияқты, біз де Ехобаның кемелсіздігімізге қарамастан, мінсіздігімізді сақтап жүргенімізді көретініне сенімді бола аламыз. Кемелділік мінсіз болуға кепілдік бермейтінін есте ұсталық. Жер бетінде тек үш кемелді адам болған, бірақ оның екеуі, Адам мен Хауа, мінсіздіктерін сақтамаған. Әйтсе де миллиондаған кемелсіз адамдар мінсіздік сақтауда. Бұл сенің де қолыңнан келеді.
3. Үмітіміз үшін маңызды
15. Болашаққа үмітіміз болу үшін мінсіздіктің маңызды екенін Дәуіт қалай көрсетті?
15 Ехоба бізді мінсіздігімізге қарай соттайтындықтан, болашаққа үміттену үшін мінсіз болудың маңызы зор. Дәуіт мұны білген (Забур 40:13 оқыd). Ол мәңгі-бақи Құдайдың ықыласына ие болып жүруді қалаған. Бүгінгі шынайы мәсіхшілер іспетті Дәуіт те мәңгі өмір сүруге үміттенген, сондықтан Ехоба Құдайға қызмет ете отырып, онымен қарым-қатынасын нығайта берген. Ол үмітінің орындалғанын көру үшін, мінсіздік сақтау керектігін түсінген. Біз де мінсіздігімізді сақтайтын болсақ, Ехоба қолдап, үйретіп, басшылығы мен батасын береді.
16, 17. а) Неге мінсіздігіңнен ешқашан таймауға бел будың? ә) Келесі мақалада қандай сұрақтар қарастырылады?
16 Қазірдің өзінде бақытты болу үшін үміттің маңызы зор. Ол қиын кездерде қуанышымызды жоғалтпауға көмектеседі. Сондай-ақ ой-санамызды қорғайды. Есіңде болса, Киелі кітапта үміт дулығаға теңелген (Сал. 1-х. 5:8). Дулыға соғыста жауынгердің басын қорғайтыны сияқты, үміт те біздің ой-санамызды осы азып-тозған дүниеде Шайтан түрткі болып отырған жағымсыз әрі түңілдіретін ойлардан қорғайды. Шындығында да, үміт болмаса, өмірдің мәні жоқ. Сондықтан мінсіздігіміз және онымен байланысты үмітіміз қандай екенін шыншылдықпен мұқият тексеріп тұруымыз керек. Мінсіздігіңді сақтау арқылы Ехобаның бүкіләлемдік билігін қолдайтыныңды және болашаққа деген керемет үмітіңді сақтайтыныңды ұмытпа. Олай болса, мінсіздігіңнен ешқашан тайма!
17 Мінсіздік таныту өте маңызды болғандықтан, келесідей сұрақтарды қарастырғанымыз жөн: Қалай мінсіз бола аламыз? Мінсіздігімізді қалай сақтай аламыз? Егер әлдекім мінсіздігінен тайып кетсе, не істеуіне болады? Бұл сұрақтар келесі мақалада талқыланады.
[Сілтемелер]
a Леуіліктерге 22:19, 20: “Онда сол арқылы Құдайдың рахымына ие болғысы келсе, құрбандық кем-кеселсіз ірі қарадан, қой мен ешкіден таңдап алынған еркек мал болуы керек; Бойында кемістігі бар ешқандай жануарды әкелуші болмаңдар, себебі бұл сендерге рахымшылық бермейді”.
b Иса: “Көктегі Әкелерің қандай мүлтіксіз болса, сендер де сондай мінсіз болыңдар!”— деген (Мат. 5:48). Ол тіпті кемелсіз адамдар да қандай да бір шамада мінсіз, немесе кемелді, бола алатындығын түсінген. Біз басқаларды барынша сүюге қатысты өсиетті орындай аламыз, осылайша Құдайға ұнамды боламыз. Ал Ехоба толық мағынада мүлтіксіз, не кемелді. “Мінсіздік” сөзін Құдайға қатысты қолданғанда, ол кемелділікті де қамтиды (Заб. 18:30 ЖД).
c Әйүп 31:6: “Мені шындық таразысына салып өлшесін, сонда Құдай менің бұзылмағанымды [“мінсіздігімді” ЖД] көреді”.
d Забур 40:13: “Ал мені [“мінсіздігім үшін” ЖД] аман алып қаласың да, Өзіңнің нұрың алдында мәңгі бақи тұрғызып қоясың”.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Мінсіздік деген не?
• Мінсіздік бүкіләлемдік билікке қатысты даумен қалай байланысты?
• Қалайша мінсіздік үмітімізге негіз болып табылады?
[5-беттегі суреттер]
Күн сайын мінсіздігіміз сыналатын көптеген жағдайларға кезігеміз