Көздеріңді бос нәрселерге түсірмеңдер!
“Бос нәрселерге түсірмей көзімді, Өз жолыңда жаңарта гөр өмірімді” (ЗАБ. 118:37).
1. Көру қабілеті қаншалықты маңызды?
БІЗДЕ көру қабілетінің болғаны қандай керемет! Соның арқасында қоршаған әлемді тамашалай аламыз және ненің пайдалы, ал ненің қауіпті екенін ажырата білеміз. Сондай-ақ сұлулықты, жаратылыстың кереметтерін бағалаймыз және Құдайдың бар екендігінің дәлелдерін көреміз және оның ұлылығына тамсанамыз (Заб. 8:4, 5; 17:2, 3; 103:24; Рим. 1:20). Санамен тікелей байланысты болғандықтан, Ехоба туралы білім алып, оған сенім дамытуда көздің маңызы зор (Ешуа 1:8; Заб. 1:2, 3).
2. Не көретініміз бізді неге ойландыру керек және забур жыршысының өтінішінен не нәрсеге үйренеміз?
2 Алайда көргендеріміз біз үшін қауіпті болуы да мүмкін. Көз арқылы санаға жеткен мәлімет жүрек қалауларымызды оятады не өршітеді. Оның үстіне, Шайтан Ібілістің билігіндегі құлдыраған дүниеде, өз құмарлықтарын қанағаттандыруды ғана ойлайтын адамдар арасында тұрамыз. Бізді жолдан тайдыруға бағытталған бейнелер мен мәліметтер көптеп саналады. Мұндайларға бір мезетке көз түсірудің өзі қауіпті (Жох. 1-х. 5:19). Олай болса, забур жыршысының: “Бос нәрселерге түсірмей көзімді, Өз жолыңда жаңарта гөр өмірімді”,— деп өтінгені таңғалдырмайды (Заб. 118:37).
Көргендеріміз бізді адастыруы мүмкін
3—5. Көздің арбауына түсудің қауіпті екенін Киелі кітаптың қандай оқиғалары көрсетеді?
3 Хауа анамен болған жағдайды қарастырайықшы. Шайтан оған “жақсылық пен жамандықты танытатын ағаштың жемісін” жесе, ‘көздері ашылатынын’ айтты. Бұл сөздер Хауаны қатты қызықтырса керек. Ол ‘жемістің жеуге жақсы әрі көз тартарлық әдемі екенін көргенде’ оны жеуге деген құштарлығы арта түсті. Сөйтіп Хауа Құдайдың заңын бұзды. Күйеуі де оған қосылды. Нәтижесінде бүкіл ұрпақтары зардап шекті (Жар. 2:17; 3:2—6; Рим. 5:12; Жақ. 1:14, 15).
4 Нұхтың заманында кейбір періштелерге де көргендері қатты әсер еткен. Олар жайында Жаратылыс 6:2-де (Тт): ‘Құдайдың ұлдары пенделердің қыздарының сұлу екенін көрді, сөйтіп әркім өзінің таңдағанын әйел етіп алды’,— делінген. Қыздарға құмарта қарағандары бүлікшіл періштелердің бойларында жыныстық қатынасқа түсуге деген табиғаттарына жат құштарлық оятты. Сөйтіп олардан зұлым ұрпақ тарады. Сол заманда зұлымдықтың кең етек жайғаны сонша, Ехоба Нұх пен оның отбасынан басқаларының бәрін жойып жіберді (Жар. 6:4—7, 11, 12).
5 Бірнеше ғасыр өте исраилдік Аханның жаулап алынған Иерихон қаласындағы олжаға көзі түсіп, ұрлыққа барды. Ехоба қаладағы бағалы заттардың өзінің қазынасына салынатыннан басқасының барлығын жоюды бұйырған еді. Исраилдіктерге: “Сендер қарғыс тигеннен сақ болыңдар, қарғалғаннан бірдеңе аламыз деп өздерің қарғысқа ұшырап қалмаңдар”,— деп ескертілген болатын. Ал Ахан осы ескертуге қайшы әрекет еткенде халық Ай қаласының тұсында жеңіліске ұшырап, көбісі қаза болды. Ахан күнәсін ұрлығы бетіне басылғанда ғана мойындады. ‘Олжаны көріп қалдым, қызығып кетіп, алғаным рас’,— деді ол. Көзінің қомағайлығының кесірінен ол отбасымен және бүкіл мүлкімен бірге жойылып кетті (Ешуа 6:17, 18; 7:1—26). Ахан жүрегінде өзіне тиесілі емес заттарды қалады.
Өзімізді тізгіндеп отырудың маңыздылығы
6, 7. Бізді қармағына түсіру үшін Шайтан жиі нені қолданады және бұл әдісті жарнама жасаушылар қалай пайдаланады?
6 Бүгінде адамдар Хауа ана, тілазар періштелер мен Ахан сияқты азғырылуда. Шайтанның адамзатты жолдан тайдыру үшін қолданатын “зымиян” тұзақтарының ең күштісі — ‘көздің қомағайлығы’ (Қор. 2-х. 2:11; Жох. 1-х. 2:16). Адамға көзбен көргені қатты әсер ететінін қазіргі жарнама иелері де жақсы біледі. Бір еуропалық сауда маманының айтуынша, “көру қабілеті — ең күшті сезім”. “Адам көргеніне тез алданып, басқа сезімдерін ескеруден және дұрыс әрекет етуден қалады”,— дейді ол.
7 Сол себепті көзіміз арқылы әсер етіп, тауарларына қызықтыру үшін жарнама жасаушылар мұқият ойластырған көріністерді көп қолданатыны бізді таңғалдырмайды. Жарнаманың адамға қалай әсер ететінін зерттеген Құрама Штаттарда тұратын бір профессор былай дейді: “Жарнама адамның танымын кеңейту үшін ғана емес, сезімі мен әрекетіне әсер ету үшін де жасалады”. Жарнама жасаушылар жиі қолданатын әдістердің бірі — адамның нәпсісін қоздыратын бейнелер көрсету. Олай болса, не көріп, санамыз бен жүрегімізден не нәрсеге орын беретінімізді қадағалағанымыз қаншалықты маңызды десеңдерші!
8. Не көретінімізге сақ болуымыз керектігіне Киелі кітап қалай баса назар аударады?
8 Көздің қомағайлығы мен тән құмарлықтары шынайы мәсіхшілерге де әсер етпей қоймайды. Сол себепті Құдай Сөзі бізді нені көріп, неге аңсарымыз ауатынына қатысты өз-өзімізді тізгіндеп отыруға шақырады (Қор. 1-х. 9:25, 27; Жоханның 1-хаты 2:15—17 оқы). Әділ адам Әйүп көру мен құмартудың арасында байланыстың барын түсінген. Ол: “Мен қыз жайында ойламаймын деп көзіммен шарт жасадым”,— деген (Әйүп 31:1). Әйүп азғындық жасау ниетімен әйелдерге жоламаған, ол тіпті мұндай ойдың санасына келуіне де жол бермеген. Иса санамыздың өнегесіз ойлардан таза болу керектігіне нұсқап былай деген: “Кімде-кім әйелге сұқтанып қараса, өз жүрегінде онымен зинақорлық жасағаны” (Мат. 5:28 Тт).
Көз түсірмеу керек бос нәрселер
9. а) Неліктен әсіресе Интернетті пайдаланғанда абай болуымыз керек? ә) Порнографияға тіпті бір мезетке көз салғанның қандай салдары болуы мүмкін?
9 Бүгінгі дүниеде порнографияға, әсіресе Интернет арқылы, сұқтанып қарау әдетке айналып барады. Бізге мұндай сайттарды іздеудің де қажеті жоқ, олардың өзі біздің қыр соңымыздан қалмайды. Қалайша? Компьютердің мониторында кенеттен еліктіретіндей бейне шыға келуі мүмкін. Немесе электронды пошта арқылы келген хатты ашқаныңда, ойламаған жерден адам көңілін жаулап аларлықтай етіп түсірілген порнографиялық бейне пайда болуы ықтимал. Тіпті көре сала өшіргеннің өзінде, ол бейне адамның санасына жазылып қалады. Порнографияға бір мезетке көз салғанның өзі зиянды. Оны көрген адамның ар-ұжданы мазалап, жаман ойлармен күресуіне тура келеді. Ал егер оған “сұқтанып” қарайтын болса, одан да жаман зардабын тартады. Ондай жағдайда жүрек қалауымызбен күресуге тура келеді (Ефестіктерге 5:3, 4, 12 оқы; Қол. 3:5, 6).
10. Неліктен әсіресе балалар порнографияға қызығуы мүмкін және оның салдары қандай болады?
10 Әдетте балалар әуесқой келеді, сол себепті олар порнографияның тұзағына тез түсіп қалады. Бұл олардың жыныстық қатынасқа деген көзқарастарына қатты әсер етуі мүмкін. Бір мәлімдемеге сәйкес, мұндай жағдайда адамда жыныстық қатынасқа деген бұрыс көзқарас қалыптасады. Оның “сүйіспеншілікке негізделген қарым-қатынас дамытуы қиындайды; әйел затына басқаша қарай бастайды; порнографияға тәуелділік пайда болып, мектептегі сабағына, достарымен және отбасымен қарым-қатынасына кері әсер етеді”. Кейіннен тіпті некелік өміріне зиян тигізуі мүмкін.
11. Порнография көрудің қауіптілігін көрсететін мысал келтіріңдер.
11 Бір ер бауырлас былай деді: “Шындықты білгенге дейінгі жаман әдеттерімнің ішінен порнография көруден бас тарту ең қиыны болды. Қандай да бір иісті сезгенде, кейбір әуендерді құлағым шалғанда, бір нәрсені көріп қалғанда, тіпті өзінен-өзі сол бейнелер көз алдыма орала береді. Маған мұнымен күнделікті күресуге тура келеді”. Тағы бір бауырлас бала күнінде ата-анасы үйде жоқ кезде мәсіхші емес әкесінің порнографиялық журналдарын қарайтын. “Сол суреттер менің жас санамды қатты улады,— дейді ол.— Содан бері 25 жыл өтсе де, олар санамнан өшер емес. Бар күшіммен күрессем де, олардан әлі де арыла алмадым. Мен олар жайлы әдейі ойламасам да, өзімді кінәлі сезінемін”. Ендеше, мұндай жағымсыз сезімде болмас үшін көзімізді бос нәрселерге түсірмегеніміз абзал! Бұл үшін не істеу керек? ‘Күллі ой-пікірді Мәсіхке бағындыруға’ барынша тырысқан жөн (Қор. 2-х. 10:5).
12, 13. Мәсіхшілер қандай арам нәрселерден аулақ болу керек және неге?
12 Дүниеқорлыққа, сиқырлыққа немесе қантөгіске үйрететін көңіл көтеру түрлері де “арам нәрселерге” жатады (Забур 100:3 оқы). Мәсіхші ата-аналар үй ішіндегілері не нәрсе көретініне Ехобаның алдында жауапты. Әрине, шынайы мәсіхшілердің ешқайсысы да спиритизммен әдейі айналыспайды. Дегенмен ата-аналар балаларының қандай фильмдер мен сериалдар көретінін, компьютер ойындарын ойнайтынын және комикстер мен кітаптар оқитынын қадағалау керек (Нақ. с. 22:5).
13 Кішіміз де, үлкеніміз де зорлық-зомбылық пен қантөгіске толы компьютер ойындары мен бейнефильмдерден аулақ жүруіміз керек (Забур 10:5 оқы). Шайтан ой-санамызға әсер етуді көздейді, сондықтан ойымызда Ехобаға ұнамайтын нәрселердің болуына жол бермегеніміз жөн (Қор. 2-х. 11:3). Сондай-ақ лайықты болып саналатын көңіл көтеру түрлеріне тым көп уақыт жұмсайтын болсақ, олар отбасылық ғибадатқа, күнделікті Киелі кітапты оқуға және кездесулерге дайындалуға арналған уақытты ұрлауы мүмкін (Філіп. 1:9, 10).
Исаны үлгі тұтайық
14, 15. Шайтан Исаны үшінші рет қалай сынады және Иса оған қалай төтеп берді?
14 Өкінішке қарай бүгінгі зұлым дүниеде қайда қарамайық көзіміз арам нәрселерге түседі. Сондықтан бізге Исаны үлгі тұту маңызды. Шайтан оны үшінші рет сынағанда, Құдай еркін орындаудан тайдыру үшін ‘бір биік таудың басына шығарып, оған әлемнің барлық мемлекеттері мен олардың сән-салтанатын көрсетті’ (Мат. 4:8). Адамға көрген нәрсесі қатты әсер ететінін Шайтан жақсы біледі. Ол әлемнің барлық мемлекеттерінің сән-салтанатын көргенде, Иса осы дүниелік билікті көксейтін болады деп үміттенді. Иса не істеді екен?
15 Иса өз жүрегінде бұрыс қалаудың пайда болуына жол бермеді. Ойланып жатпастан Шайтанның ұсынысынан бірден бас тартқан ол: “Кет қасымнан, Шайтан!”— деп бұйырды (Мат. 4:10). Осылайша Иса өмірінің мәнісі Құдай еркін орындау екенін көрсетті. Ол бар назарын Ехобамен қарым-қатынасына аударған (Евр. 10:7). Сондықтан Шайтанның зымиян ниеті жүзеге аспай қалды.
16. Шайтанның азғыруына Исаның қалай төтеп бергенінен не үйренеміз?
16 Біз Исамен болған жағдайдан көп нәрсеге үйрене аламыз. Біріншіден, Шайтанның арбауына кез келген адам түсіп қалуы мүмкін (Мат. 24:24). Екіншіден, көрген нәрселеріміз жақсы не жаман қалауларымызды өршіте алады. Үшіншіден, Шайтан бізді жолдан тайдыру үшін “көздің қомағайлығын” барынша қолдануға тырысып бағады (Пет. 1-х. 5:8). Төртіншіден, ойланып жатпай, бірден әрекет етер болсақ, біз де Шайтанға қарсы тұра аламыз (Жақ. 4:7; Пет. 1-х. 2:21).
Көзді кіршіксіз таза сақтайық
17. Сынаққа кезіккенде қалай әрекет ететінімізді алдын ала шешіп алу неге даналыққа жатады?
17 Ехобаға бағышталғанда біз бос нәрселерге көз салмауға уәде еттік. Ал Құдай еркін орындауға уәде бергенде біз забур жыршысының: “Сенің сөздеріңді ұстанып келемін, Сол үшін теріс жолдан аулақ жүремін”,— деген сөздеріне қосылдық (Заб. 118:101). Олай болса, сынаққа кезіккенде қалай әрекет ететінімізді алдын ала шешіп алғанымыз жөн. Біз Құдайға ненің ұнайтынын, ал ненің ұнамайтынын білеміз. Шайтанның айла-тәсілдерінен де бейхабар емеспіз. Мысалы, ол тасты нанға айналдыруға Исаны қай кезде азғырғаны есіңде ме? Иә, Иса 40 күн, 40 түн ораза тұтып, ‘әбден ашыққан’ кезде (Мат. 4:1—4). Шайтан біздің азғырылуға түсіп қалуымыз мүмкін әлсіз кезімізді аңдиды. Сондықтан осы жайттарды қазір ойластырғанымыз жөн. Мұны кейінге қалдырып жүрмейік! Ехобаға бағышталғанымызды әр күні есте ұстасақ, бос нәрсеге көз салмау шешімімізде берік тұрамыз (Нақ. с. 1:5; 19:20).
18, 19. а) Көзі қарапайым адам мен “ашкөз” адамды салыстыр. ә) Таза нәрселер жайлы ойланғанымыз неліктен маңызды және Філіпіліктерге 4:8-де қандай кеңес жазылған?
18 Біз көзді аулайтын тұзақтарға күнде кезігеміз, әрі олардың саны күн санап өсуде. Сондықтан Исаның көздеріңді “кіршіксіз таза”, яғни қарапайым сақтаңдар деген ескертуіне барынша құлақ асқанымыз жөн (Мат. 6:22, 23). Көзіміз қарапайым болса, біз бір ғана мақсатты, яғни Құдай еркін орындауды, көздейміз. Ал “ашкөз” адам әр нәрсеге сұқтанғыш және бос нәрселерге көз тігуге бейім келеді.
19 Көрген нәрселеріміз санамызға әсер етеді, ал санамыз бен жүрегіміз тығыз байланысты болғандықтан таза нәрселер туралы ойлану өте маңызды (Філіпіліктерге 4:8 оқы). Олай болса, забур жыршысы сияқты ‘бос нәрселерге түсірме көзімді’ деп дұға етейік. Осы дұғаға сай әрекет етсек, Ехобаның ‘өз жолында өмірімізді’ сақтайтынына сенімді бола аламыз (Заб. 118:37; Евр. 10:36).
Қайталауға арналған сұрақтар
• Көз, сана және жүректің арасында қандай байланыс бар?
• Порнография қарау неліктен қауіпті?
• Көзді “кіршіксіз таза” сақтау неге маңызды?
[23-беттегі суреттер]
Мәсіхшілер қандай бос нәрселерге көздерін түсірмеу керек?