Алып отырған баталарыңды бағалайсың ба?
МЫСЫРДЫҢ құлдығынан керемет жолмен азат етілген исраилдіктер Ехобаға емін-еркін ғибадат еткендеріне алғашында қатты қуанды (Мыс. ш. 14:29—15:1, 20, 21). Бірақ көп ұзамай олардың көзқарастары өзгеріп, өмірлеріне көңілдері толмай, наразылық білдіре бастады. Неге бұлай болды? Олар адам тұрғысыз шөл далада Ехобаның өздеріне қалай қамқорлық жасап жатқанын елемей қойған. Сөйтіп Мұсаға: “Бізді Мысыр жерінен не үшін алып шықтыңдар, бізді шөл далада қырмақпысыңдар, өйткені мұнда не нан, не су жоқ, жарамсыз мына тағам [манна] жан-дүниемізді жирентіп бітті”,— деп күңкілдеді (Ру. сан. 21:5).
Ғасырлар өте келе ежелгі Исраилдің патшасы Дәуіт болса былай деп жырлады: “Ал мен берік рақымыңа [“сүйіспеншілікке толы мейіріміңе” ЖД] сенімімді артамын, Сенің құтқаруыңа шын жүректен қуанамын. Игілік жасаған Иеме әнімді айтамын” (Заб. 12:6). Дәуіт Ехобаның өзіне сүйіспеншілікке толы мейірімін танытып жатқанын ешқашан жадынан шығарған емес. Қайта, әрдайым сол жайлы ой жүгіртуге уақыт бөліп отырды (Заб. 102:2). Ехоба бізге де мейірімін төгуде. Сондықтан Құдайдың біз үшін істеп жатқан жақсылықтарын елеусіз қалдырмағанымыз абзал. Олай болса, бүгінде Құдайдың қандай батасын алып отырғанымызға көңіл бөлейік.
“Ехобамен жақын қарым-қатынас”
“Ехобамен жақын қарым-қатынасқа одан қорқатындар ие”,— деді забур жыршысы (Заб. 25:14 ЖД). Кемелсіз адамдар үшін Ехобамен тығыз қарым-қатынаста болу қандай мәртебе десеңші! Алайда күнделікті шаруадан қолымыз босамағаннан анда-санда ғана дұға етіп жүрген жоқпыз ба? Бұлай еткеніміз Ехобамен қарым-қатынасымызға қалай кері әсер етуі мүмкін екенін ойлап көрші. Ехоба Досымыз болғандықтан, бізді өзіне сенім артады, көңілдегі қорқынышымызды, қалауымызды және уайымымызды дұғада ашық айтады деп күтеді (Нақ. с. 3:5, 6; Філіп. 4:6, 7). Олай болса, дұғамыздың сапасын жақсартуымыз керек емес пе?!
Павел есімді жас мәсіхші қалай дұға етіп жүргені жайлы ойланғанда, оны жақсартуы керек екенін түсінедіa. Ол: “Мен Ехобаға дұға еткенде үйреніп қалған сөздерімді қайта-қайта айта беруге әдеттеніп қалыппын”,— деді. Содан ол “Күзет мұнарасы басылымдарының көрсеткіші” арқылы зерттеу жүргізгенде, Киелі кітапта 180-ге жуық дұға бар екенін біледі. Бұл дұғаларда ежелдегі қызметшілер Ехобаға жүрек түкпіріндегі түрлі сезімдерін айтқан. Павел: “Жазбалардағы осы мысалдардың үстінен ой жүгірту маған дұғаларымның мазмұнын жақсартуға көмектесті. Соның арқасында Ехобаға ішімді ақтарып дұға ете алатын болдым. Қазір Ехобаға дұға арқылы жақындау маған қуаныш әкеледі”,— деді.
“Уақтылы ас-су”
Ехобадан алып отырған баталарымыздың тағы біреуі — үлкен көлемде ашылған Киелі кітаптың шындығы. Нәрлі рухани ас-суды молынан алып отырғандықтан, “көтеріңкі көңілмен ән шырқауға” бізде себеп көп (Ишая 65:13, 14). Алайда шындыққа деген ықыласымыздан айыратын зиянды мәліметтердің ықпалынан сақтануымыз керек. Мысалы, жолдан тайғандардың үгіт-насихат мәліметтеріне көңіл бөлсек, санамыз тұманданып, Ехобаның “адал да ақылды құл” арқылы беріп жатқан “уақтылы рухани ас-судың” маңыздылығын елемей кетуіміз мүмкін (Мат. 24:45—47).
Ехобаға көп жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Андре есімді бауырлас жолдан тайғандардың көзқарасы адамды қаншалықты адастыратынын өз тәжірибесінен түсінді. Олардың ғаламтордағы (интернет) сайтына көз жүгіртіп шығудың еш зияны жоқ деп ойлапты. Болған жайтты еске алып, ол былай дейді: “Алғашында жолдан тайғандардың шындық ретінде таратқан мәліметтері маған қызық болып көрінді. Олардың пікірлерін қарастырған сайын, Ехобаның ұйымынан кеткенім дұрыс дегенді жиі ойлайтын болдым. Бірақ кейінірек Ехоба куәгерлеріне қарсы айтқан пікірлері не нәрсеге негізделгенін тексергенде, жалған тәлімгерлердің қаншалықты зымиян екендерін түсіндім. Бізге қарсы қолданатын “айғақтар” шын мәнінде мәнмәтіннен жұлып алып, бұрмалап түсіндірілген сөздер ғана екен. Содан мен қайтадан әдебиеттерімізді оқуды және қауым кездесулеріне баруды қолға алдым. Көп ұзамай қаншалықты қателескенімді түсіндім”. Қуанышқа орай, Андре қауымға қайта оралды.
Дүниежүзілік бауырластық
Бауырластарымыздың арасындағы сүйіспеншілік пен ынтымақ та — Ехобаның батасы (Заб. 132:1). Сондықтан елші Петірдің: “Бауырластарыңның бәрін сүйіңдер”,— деуіне себеп бар (Пет. 1-х. 2:17). Өйткені бір сенімдегі бауырластардың арасынан рухани әкелер, аналар, әпке-қарындастар мен аға-інілер тауып, өзара жылы қарым-қатынастан жігер алып жатқан жоқпыз ба?! (Мар. 10:29, 30).
Түрлі жағдайдың кесірінен кейде бауырластармен қарым-қатынасымыз қиындап қалуы мүмкін. Мысалы, біреудің кемелсіздігіне ашулана салуға немесе сын көзбен қарауға бейімбіз. Осындай кезде Ехоба өз қызметшілерін кемелсіздіктеріне қарамастан жақсы көретінін есте ұстауымыз керек. Оның үстіне, өзімізді “күнәсізбіз десек, өз-өзімізді алдағанымыз және бізде шындықтың болмағаны” (Жох. 1-х. 1:8). Олай болса, “өзара төзімді болып, бір-бірімізді кеңпейілмен кешіруіміз” керек емес пе?! (Қол. 3:13).
Анна есімді жас мәсіхші басынан өткен жағдайынан бауырластарды бағалай білуді үйренді. Ол Исаның астарлы әңгімесіндегі адасқан ұлға сияқты шалыс қадам басады да, мәсіхшілер ұйымынан кетіп қалады. Кейінірек есін жиып, шындыққа оралады (Лұқа 15:11—24). Осы жағдайдан ол өзіне қандай сабақ алды? “Қазір мен қайтадан Ехобаның ұйымындамын,— дейді ол, — кемелсіз болса да, бауырластардың бәрін бағалаймын. Бұрын оларды сынап-мінеуге дайын тұратынмын. Ал қазір бауырластардың арасында алып отырған баталардан айырылып қалмас үшін, әлдененің кедергі жасауына жол бермеуге бел будым. Расында да, рухани бауырластыққа тең келетін осы әлемде ештеңе жоқ”.
Баталарыңды әрдайым бағалайтын бол
Адамзаттың барлық қиыншылықтарын Құдай Патшалығы ғана шешеді деген үміт біз үшін құнды қазына болып табылады. Сол жайлы алғаш рет білгенде, жүрегімізді ризашылық сезімі биледі емес ме?! Бұл сезім Исаның астарлы әңгімесіндегі асыл маржан тапқан саудагердікіне ұқсайды. Ол маржанның “аса құнды біреуін” сатып алу үшін, “өзінде бардың бәрін” сатқан болатын (Мат. 13:45, 46). Саудагердің кейіннен маржанды бағаламай қойғаны жайлы Иса ештеңе айтпаған. Ендеше, керемет үмітімізді біз де үнемі бағалайтын болайық (Сал. 1-х. 5:8; Евр. 6:19).
Ехобаға 60 жылдан аса қызмет етіп келе жатқан Джиннің мысалына көңіл бөлейікші. Ол өзі жайлы былай дейді: “Құдай Патшалығын жадымда ұстауға ол жайлы адамдармен сөйлескенім көмектеседі. Олар Патшалықтың не екенін түсініп, қуаныштан көздері жайнағанын байқағанда, мен де бір керемет сезімге бөленем. Оның үстіне, Патшалық жайлы шындық Киелі кітап зерттеп жүргендердің өмірін қалай өзгертіп жатқанын көргенде, мен өзіме: “Адамдарға қандай ғажайып шындықтарды айтып жүрмін десеңші!”— деймін”.
Көл-көсір баталарымыз үшін риза болуға себеп көп. Рас, қуғын-сүргін, ауру, қартаю, жан күйзелісі, жақынымыздан айырылу, қаржы тапшылығы сияқты қиындықтарға кезігеміз, десе де олардың уақытша екенін білеміз. Құдай Патшалығы орнағанда, рухани баталарымызға қоса, мәңгі әрі кемелді өмірдің де рақатын көретін боламыз. Жаңа дүниеде қайғы-қасірет деген атымен болмайды (Аян 21:4).
Сол уақыт келгенше, рухани баталардың қадірін білейік, әрі ризашылығымызды білдіріп, забур жыршысының сөзіне қосылайық. Ол: “Уа, Құдай Ием, көп керемет жасадың, Біздің игілігімізді ойлап тұрсың. Игі істеріңді айтуға тырыссам, Көптігі сонша, санауға жетпейді сан: Саған тең келе алмас бірде-бір жан!”— деген (Заб. 39:6)
[Сілтеме]
a Есімдер өзгертілген.
[18-беттегі сурет]
Қиын кездерде рухани қолдау көргеніміз — Құдайдың батасы