Оқырман сауалдары
Құдайдың бастауы бар ма?
▪ Киелі кітаптан Құдайдың бастауы жоқ екенін білуге болады. Ол әрқашан бар болған. Бұл ой қаншалықты күрделі болғанымен, түсіне алмағандықтан ғана оны жоққа шығаруға болмайды.
Біз Құдайға қатысты барлық жайттарды міндетті түрде түсіне алуымыз керек деп ойлау қисынды болар ма еді? Елші Пауыл былай деген: “О, неткен бай Құдайдың даналығы, неткен терең Оның білік-парасаты! Шешімдеріне адам ақылы жетпес, жолдарын Оның ешкім зерттеп бітпес!” (Римдіктерге 11:33). Нәресте ата-анасының әрекетін толық түсіне алмайтыны сияқты, Құдайдың даналығы мен білімі толықтай біздің санамызға сыймайды. Пауылдың бұл сөздері көбінесе Құдай даналығы мен мейірімділігінің теңдесіз екендігі туралы болғанымен, оларға қарап, Құдайды және оның істерін толық түсінуге біздің ұғымымыз жетпейді деген тұжырым жасауға болады. Құдайдың бастауының болмауы — соның бірі. Десе де, біз Киелі кітаптың Құдай туралы тәліміне толықтай сене аламыз. Киелі жазбалар туралы Иса Мәсіх былай деген: “Сенің сөзің — шындық” (Жохан 17:17).
Мұса Ехобаға былай деп дұға еткен: ‘Бүкіл әлем жаратылмас бұрын бар боп келген, мәңгі тірі болатын Құдайсың Сен!’ (Забур 89:3). Бұл жерде Мұса Құдайды өткен уақыттың да, болашақтың да тұрғысынан мәңгілік тұлға ретінде суреттеген. Біріншіден, Ехоба “мәңгі тірі” Құдай (Аян 4:10). Яғни, ол болашақта мәңгі бола береді. Екіншіден, Құдай өткен уақытта да мәңгі болған. Басқа сөздермен айтар болсақ, Құдайды ешкім жаратқан жоқ, әрі ол ештеңеден пайда болған жоқ.
Абстрактілі ұғымдарды көпшілігіміз түсіне бермейміз. Сөйткенмен де кейде координат жүйесіндегі нөлден кем не артық сандар сияқты ұғымдарды түсінуге қиын болса да қабылдауымызға тура келеді. Ол жүйедегі сандарды шексіз санай беруге болады. Олай болса, Жаратушымыздың да шексіз уақыт бойы бар болып келгенін және бар бола беретінін қабылдауымыз керек емес пе?
Демек, бір Құдай ғана “Мәңгілік Патша” деген лауазымға лайық бола алады (Тімотеге 1-хат 1:17). Өзіңіз ойлап көріңізші: Иса Мәсіх, көктегі сансыз періштелер және жер бетін мекендеген адамзат, бәрінің бастауы болған. Өйткені олар жаратылған (Қолостықтарға 1:15, 16). Ал Құдайды ешкім жаратқан жоқ. Құдай да жаратылған деп айтар болсақ, Жаратушыны кім жаратты деген жауапсыз сұраққа шек болмас еді. Иә, жалғыз Ехоба ғана ‘бүкіл әлем жаратылмас бұрын бар боп келген және мәңгі тірі болады’ (Забур 89:3). Басқа сөздермен айтар болсақ, Ехоба “барлық ғасырлардан бұрын” бар болған (Яһуда 25 Тт).
Құдайдың мәңгілік болмысы жайындағы шындықты жай ғана құрғақ дерек ретінде қарастырмау керек. Мұсаның дұғасын тереңірек қарастырар болсақ, Құдайдың мәңгілік болуы бізге сүйіспеншілікпен берген мәңгілік өмірге қатысты уәдесінің орындалатынының кепілдігі болып табылады. Киелі кітапта Құдай “ұрпақтардан ұрпақтарға” пана ретінде суреттеледі. Сүюші Әке ретінде ол өз халқы үшін әрқашан болған, бар және бола да береді. Бұл керемет шындық сізге де жұбаныш сыйласын деп тілейміз! (Забур 89:2 Тт).