Оқырман сауалдары
Адал қызметшілерінің “өлімі Жаратқан Ие үшін құнды” деген сөздердің мағынасы қандай?
▪ “Иемізге бағышталған адамдарының өлімі Жаратқан Ие үшін құнды”,— дейді забур жыршысы (Заб. 115:6 сілт.). Ехоба әрбір адал қызметшісінің өмірін бағалайды. Алайда жоғарыда келтірілген жазба орнында жеке бір адамның өлімі туралы айтылмаған.
Жерлеу кезінде айтылатын баяндамада Забур 115:6-ны марқұмға қатыстырып, ол тіпті өле-өлгенше Ехобаға адал болып қалған болса да, қолданған орынсыз болады. Неліктен? Өйткені бұл жазба орнының мағынасы бөлек. Бұл жерде Құдай үшін бүкіл халқының өмірі аса құнды деген ой жатыр (Забур 71:14; 114:8 қара).
Забур 115:6-дан көрінетіндей, Ехоба халқының жер бетінен топ ретінде құрып кетуіне жол бермейді. Біздің тарих бойы ауыр сынақтар мен қуғын-сүргінге төтеп бергеніміз мұның бұлтартпас дәлелі болып табылады.
Ехобаның құдіреті шексіз әрі оның өзгермейтін ниеті бар. Сондықтан ол жауларымызға бізді жоюға жол бермейді. Егер жол беретін болса, онда жаулары одан күштірек болып көрінер еді, ал бұл әлбетте олай емес. Оның үстіне, Ехобаның жер бетін адал адамдар мекендейді деген ниеті орындалмай қалар еді. Бірақ бұлай болуы мүмкін емес! (Ишая 45:18; 55:10, 11). Егер көктегі ұлы ғибадатханасының жердегі аулаларында қызмет ететін бір де бір адам қалмаса, жер бетінде Ехобаға деген шынайы ғибадат атымен жоқ болады! Ондай болса, “жаңа аспанның” қол астында өмір сүретін “жаңа жердің”, яғни әділ адамзат қоғамын кімдер құрайды? (Аян 21:1). Ал жердегі азаматтары болмаса Мәсіхтің мыңжылдық билігінің мәнісі де болмайды (Аян 20:4, 5).
Егер Ехоба жауларына халқын жойып жіберуге жол берсе, атына кір келеді. Бұл оның Әлемнің Әміршісі екендігіне күмән тудырар еді. Оның үстіне, Ехоба өзінің дәрежесі мен киелі есімі үшін адал қызметшілерін топ ретінде қорғайды. Сондай-ақ мынаны ойлап көрші: әділетті Құдайдың өзіне адал қызметшілерінің жойылуына жол беруі мүмкін бе?! (Заң. қ. 32:4; Жар. 18:25). Бұған қоса халқының жойылып кетуіне жол бергені Құдай Сөзіндегі мына бір уәдеге қайшы келер еді: “Жаратқан Ие сендерді өз халқы етіп таңдап алған болатын. Енді Ол Өзінің ұлы даңқына бола меншікті халқын тастамақ та емес” (Пат. 1-ж. 12:22). Иә, “Жаратқан Ие өз халқынан бас тартпайды, Таңдаған меншігін Ол жалғыз қалдырмайды” (Заб. 93:14).
Ехобаның қызметшілерінің жер бетінде әрдайым болатынын білгеніміз біз үшін неткен жұбаныш! Олай болса, Құдайға әрқашан адал болып, оның келесі уәдесіне сенім артайық: “Қандай қару-жарақ саған қарсы жасалса да, сені құрта алмайтын болады. Өзіңді айыптағандардың сөздерін әшкерелеп, жоққа шығарасың. Тәңір Иенің қызметшілері осы игіліктерді иеленетін болады. Оларды Өзім ақтап аламын” (Ишая 54:17).
[22-беттегі сөздер]
Ехоба өз халқының жойылып кетуіне ешқашан жол бермейді