“Өміріміз бен қызметіміз” жұмыс дәптерінің сілтемелері
3—9 мамыр
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | МҰСАНЫҢ 4-ЖАЗБАСЫ 27—29
“Ехоба сияқты ешкімді алаламайық”
Ехобаның қасиеттерін барынша бағала
14 Бес қыз Мұсаға барып, одан: “Артынан қалған ұлы жоқ болғандықтан, әкеміздің аты өз әулетінен өшіп қалуға тиіс пе? Сол себептен бізге әкеміздің ағайындарының арасынан мұралық жер үлестіріп берсеңіз екен,”— деп сұрады. Сонда Мұса оларға “Бұл заң, мен одан аттап өте алмаймын” деді ме? Жоқ, қайта ол “олардың даулы мәселесін Жаратқан Иенің алдына жеткізді” (Ру. сан. 27:2—5). Сонда Ехобаның Мұсаға берген жауабы мынау болды: “Салопахадтың қыздары дұрыс айтады. Оларға әкесінің ағайындарының арасынан, сөзсіз, мұралық жер үлестіріп беруің керек. Әкелеріне тиесілі мұралық жерін қыздарына табыста”. Алайда Ехоба мұнымен шектелген жоқ. Ол мұны заңға енгізуді бұйырып: “Егер біреу артынан ұл қалдырмай қайтыс болса, онда оның мұралық жерін қызына табыстаңдар”,— деді (Ру. сан. 27:6—8; Ешуа 17:1—6). Содан бастап осындай жағдайға душар болған кез келген исраилдік әйелдің құқы қорғалатын болды.
Ехобаның қасиеттерін барынша бағала
15 Бұл неткен әділ шешім еді! Ехоба қорғаушысы жоқ бұл қыздарды алаламады әрі өзге исраилдіктерден кем санамай, оларға құрмет көрсетті (Заб. 67:6). Алайда бұл Ехобаның барлық қызметшілеріне бірдей қарайтынын көрсететін мысалдардың бірі ғана (Пат. 1-ж. 16:1—13; Ел. іс. 10:30—35, 44—48).
Ехобаның қасиеттерін барынша бағала
16 Ал сен Ехобаға еліктеп, адамдарды бөліп-жармауды қалай үйрене аласың? Есіңде болсын, адамдарды алаламау үшін алдымен көзқарасың дұрыс болу керек. Бәлкім, біз өзімізді көзі ашық, әділ адам деп санайтын шығармыз. Бірақ өз сезіміңе дұрыс баға беру оңай бола бермейтінімен келісерсің. Ендеше, ешкімді алаламайтынымызға қалай көз жеткізіп алуға болады? Мәселен, Иса жұрт ол туралы не ойлайтынын білгісі келгенде, сырлас достарынан: “Жұрт көктен келген Билеушіні кім деп жүр?”— деп сұраған (Мат. 16:13, 14). Неге Исаға еліктеп, шынын айтатын досыңнан сен туралы айтып беруін сұрамасқа? Егер ол сенің кейде бір ұлтты өзге ұлттан жоғары қоюға, білімі не ақшасы көбірек адамдарға ерекше ықылас танытуға бейімдеу екеніңді байқағанын айтса, не істеуің керек? Ехобаға дұға айтып, ешкімді алаламау жағынан оған барынша еліктей алуың үшін, көзқарасыңды өзгертуге көмектесуін сұрап жалбарын (Мат. 7:7; Қол. 3:10, 11).
Рухани асыл тастар
it-2 528-б., 5-абз.
Тартулар
Сұйық тартулар. Сұйық тартулар құрбандықтардың басым көпшілігімен бірге ұсынылатын. Бұл тартулар әсіресе исраилдіктер Уәде етілген жерге қоныстанғаннан кейін ұсынылатын болды (М4ж 15:2, 5, 8—10). Сұйық тарту ретінде құрбандық ошағына шарап (“ішімдік”) құйылатын (М4ж 28:7, 14; М2ж 30:9 салыстырыңыз; М4ж 15:10). Елші Пауыл Філіпідегі мәсіхшілерге: “Сенімдерің арқылы атқарып жатқан қасиетті қызметтерің құрбандық іспетті. Ал мен сол құрбандықтың үстіне құйылатын сұйық тарту сияқты төгіліп жатсам да,.. шаттанамын”,— деп жазды. Елші Пауыл бауырластары үшін аянбай қызмет етуге дайын екенін көрсету үшін өзін сұйық тартуға теңеген (Фп 2:17). Өліміне аз уақыт қалғанда Пауыл Тімөтеге былай жазды: “Мен қазірдің өзінде сұйық тарту сияқты құйылып жатырмын, Мәсіхпен бірге болу үшін өлетін уақытым жақын қалды” (Т2х 4:6).
10—16 мамыр
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | МҰСАНЫҢ 4-ЖАЗБАСЫ 30, 31
“Антыңызға адал болыңыз”
it-2 1162-б.
Ант, серт
Ерікті түрде берілетін, бірақ орындалуға міндетті уәде. Ант беруге ешкімді ешкім күштемеген. Бірақ біреу ант берген жағдайда, Құдай заңы бойынша, антын міндетті түрде орындауға тиіс еді. Мұсаның 4-жазбасы 30:2-дегі “ант етсе” деп аударылған тіркес еврей тілінен сөзбе-сөз “жанын антпен байласа” деп аударылады. Бұл ант еткен адам өзінің уәдесін орындайтынына өз өмірін кепіл ететінін білдірген (М4ж 30:2; Рм 1:31, 32-ні де қараңыз). Бұл өмір мен өлім мәселесі болғандықтан, адам мойнына қандай міндет алайын деп жатқанын жақсылап саралап-салмақтап алу керек еді. Сондықтан Жазбаларда ант беруге келгенде ерекше абай болу керектігі қатаң ескертілген. Заңда былай делінген: “Ехоба Құдайыңа қандай да бір ант берсең,.. Ехоба Құдайың сенен оны орындауды талап етеді, әйтпесе күнәлі боласың. Егер ант бермесең, күнәлі болмайсың” (М5ж 23:21, 22).
“Нені серт етсең, соны орында”
2 Киелі жазбаларға сай, ант не серт беру Құдайға салтанатты түрде уәде беруді білдіреді. Мысалы, адам Ехобаға бір нәрсені істеуді, оған қандай да бір сый-тарту ұсынуды, арнайы қызмет атқаруды не бір нәрседен бас тартуды уәде етуі мүмкін. Таңдау еркіндігі болғандықтан адам антты ешкімнің күштеуінсіз, өз ықтиярымен береді. Оның берген анты Құдайдың көз алдында қасиетті болып есептеледі, әрі Ехоба одан уәдесін міндетті түрде орындайды деп күтеді (Мұсаның 1-жазбасы 14:22, 23; Еврейлерге 6:16, 17). Ендеше, Құдайға ант берудің қаншалықты жауапты іс екеніне қатысты Жазбаларда не делінгенін көрейік.
Руларды санау кітабының көңіл бұрарлық тұстары
30:6—8 — Мәсіхші адам әйелінің берген анттарын күшінен айыра ала ма? Бүгінде Ехоба қызметшілерінің берген анттарын жеке қарастырады. Мысалы, Ехобаға бағышталу — өмірін оған арнайтынын айтып ант ету (Ғалаттықтарға 6:5). Күйеудің мұндай антты күшінен айыратын билігі жоқ. Дегенмен әйелі Құдай Сөзіне немесе күйеуінің алдындағы міндетіне қарсы келетін уәде беруден аулақ болу керек.
Рухани асыл тастар
it-2 28-б., 1-абз.
Ефта
Исраилдіктердің кезінде адамдарды киелі шатырда Ехобаға арнайы қызмет етуге бағыштауға болатын. Ата-аналардың өз балаларын осындай қызметке арнауға құқықтары болған. Мысалы, Самуил әлі туылмай тұрғанда, анасы Ханна ол киелі шатырда қызмет етеді деп ант етіп қойған. Күйеуі Елқана Ханнаның бұл антын мақұлдады. Самуил емшектен шығарылғаннан кейін, Ханна оны киелі шатырға алып келді. Сонымен қатар мал құрбандығын да ала келді (С1ж 1:11, 22—28; 2:11). Самсон да кішкентайынан назир ретінде Құдайға қызмет етуге бағышталған бала еді (Би 13:2—5, 11—14; ал әкесінің қызына қатысты қандай құзыры бар екені М4ж 30:3—5, 16 тармақтарда жазылған).
17—23 мамыр
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | МҰСАНЫҢ 4-ЖАЗБАСЫ 32, 33
“Тұрғындарының бәрін қуыңдар”
w10 1.8. 23-б.
Сіз білгенсіз бе?
Еврей жазбаларында жиі кездесетін “ғибадат төбелері” нені білдіреді?
Исраилдіктер уәде етілген жерге кіргелі жатқанда, Ехоба оларға сол жерден қанахандықтардың бүкіл ғибадат орындарын жоюды бұйырды. Ехоба: “Сол жерге кіргенде,.. тастан қашалған және темірден балқытып құйылған мүсіндерінің бәрін құртыңдар, сондай-ақ қасиетті ғибадат төбелерінің барлығын қиратыңдар”,— деп тапсырды (Мұсаның 4-жазбасы 33:52). Ондағы жалған ғибадат орталықтары даладағы биік жерлерде, ағаш астында, қалада соғылған арнайы орындар болған көрінеді (Патшалар 1-жазба 14:23; Патшалар 2-жазба 17:29; Езекиел 6:3). Мұндай жерлерде құрбандық орны, қасиетті бағаналар, бейнелер, хош иісті зат түтететін тұғырлар және басқа да діни бұйымдар болған болуы мүмкін.
Исраилдіктердің жіберген қателіктерінен сабақ алыңдар
Бүгінде біз кездесіп жатқан көптеген сынақтар исраилдіктер кезіккен сынақтарға ұқсайды. Қазіргі қоғамда адамдар ақшаға, өнер, спорт жұлдыздарына, саяси жүйелерге, кейбір беделді діни тұлғаларға, тіпті отбасы мүшелеріне құдайдай қарайды. Бұл нәрселер біздің өмірімізде де басты орынға ие болып кетуі мүмкін. Ехобаны жақсы көрмейтін адамдармен жақын қарым-қатынас дамыту рухани күйімізге нұқсан келтіруі мүмкін.
Некеден тыс жыныстық қатынас Бағалға құлшылық ету рәсімінің көп исраилдіктерді қызықтырып алып кеткен басты ерекшелігі болған. Мұндай тұзақтар Құдайдың қызметшілері үшін әлі де қауіп төндіруде. Мысалы, бүгінде бойын әуестік жеңген немесе сақтықты ұмытқан адамға ар-ұжданын арамдаудың еш қиындығы жоқ. Бар болғаны бөлмеде жалғыз қалғанда, компьютердің тышқанын қолданса болғаны. Мәсіхшінің интернеттегі порнографияны көріп азғырылғаны неткен өкінішті болар еді!
it-1 404-б., 2-абз.
Қанахан
Ешуа даналық танытып, Ехобаның қанахандықтарды жоюға қатысты “Мұсаға бұйырған сөздерін бірін қалдырмай орындады” (Еш 11:15). Бірақ исраилдіктер Ешуа сияқты болған жоқ. Олар Уәде етілген жерді арамдап жатқан халықты түгелімен жоймады. Исраилдіктердің арасында тұрып жатқан қанахандықтар оларға кері ықпал етіп, әбден бұзды. Соның кесірінен араларында қылмыс, азғындық пен пұтқа табынушылықтың орын алуын былай қойғанда, өте көп адам өлім құшты. Ал егер олар Ехобаның тілін алып, қанахандықтарды түп-тамырымен жойған кезде, мұншалықты көп өлім болмас еді (М4ж 33:55, 56; Би 2:1—3, 11—23; Зб 106:34—43). Ехоба исраилдіктерге әділдікпен бәріне бірдей үкім шығаратынын ескерткен болатын. Сондықтан егер олар қанахандықтармен аралас-құралас, құда-жекжат болып, діндері мен олардың діни рәсімдерін қабылдайтын болса, арам істерімен айналысса, қанахандықтарды сияқты, оларды да жер құсып тастап, олар жойылмақ еді (М2ж 23:32, 33; 34:12—17; М3ж 18:26—30; М5ж 7:2—5, 25, 26).
Рухани асыл тастар
it-1 359-б., 2-абз.
Шегара
Жеребе бойынша әрбір рудың қай жерде тұратыны анықталған соң, олардың жер аумағы рудағы адамдар санына қарай белгіленген. “Сол өлкені руларың және әулеттерің бойынша өзара жеребе тастап бөліп алыңдар. Адам саны көбіне жерді үлкенірек, ал азына кішірек етіп беріңдер. Әркімге үлес жеребе түскен жерден тиеді” (М4ж 33:54). Жердің жеребе арқылы анықталған географиялық орны өзгермеген, бірақ оның көлемін өзгертуге болатын. Мысалы, яһуда руына тиген жер тым үлкен болғандықтан, оның көлемі қысқартылып, кейбір бөліктері шимон руына берілген (Еш 19:9).
24—30 мамыр
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | МҰСАНЫҢ 4-ЖАЗБАСЫ 34—36
“Ехобаның саясына бассауғалайық”
Ехобаны паналайсыз ба?
4 Ал егер бір исраилдік біреуді байқаусызда өлтіріп қойса ше? Бұл кездейсоқ жағдай болса да, ол кінәсіз адамның қанын төккені үшін жауапты болған (Мұсаның 1-жазбасы 9:5). Бірақ Ехоба мұндай жағдайда оған мейірімділік көрсетілетінін айтқан. Абайсызда кісі өлтіріп қойған адам кек алушыдан қашып, бассауғалайтын алты қаланың бірін паналай алатын. Сол қалада қалуға рұқсат алған соң, ол қауіпсіздікте болатын. Бірақ бас діни қызметкер көз жұмғанға дейін ол сонда қалуы қажет еді (Мұсаның 4-жазбасы 35:15, 28).
Ехобаны паналайсыз ба?
6 Егер исраилдік кісі біреуді абайсызда өлтіріп қойса, онда бассауғалайтын қалаға қашып барып, қала қақпасының алдындағы ақсақалдарға “болған жайтты” айтып беруі тиіс еді. Ақсақалдар оны жылы қарсы алуы керек-тін (Ешуа 20:4). Кейінірек олар қашқынды кісі өлімі болған қаладағы ақсақалдарға жіберіп, олар оның ісін қарастыратын еді (Мұсаның 4-жазбасы 35:24, 25 оқыңыз). Егер бұл ақсақалдар кісі өлімін оқыс жағдай болды деп шешсе, қашқынды әлгі бассауғалайтын қалаға қайтаратын.
Ехобаны паналайсыз ба?
13 Қашқын бассауғалайтын қаладан шықпаса, қауіпсіздікте болатын. Сол қалалар жайлы Ехоба: “Бұл қалалар... бассауғалайтын паналарың болады”,— деген (Ешуа 20:2, 3). Ехоба қашқынның бір мәселемен қайтадан сотталуын талап етпеген. Бұған қоса, қанның кегін алушы қашқынды өлтірмес үшін бассауғалайтын қалаға кіргізілмейтін. Қашқын сол қалада тұрған кездің бәрінде, Ехобаның қорғанышында болған. Ол түрмеде емес-тін. Жұмыс істеуге, өзгелерге көмектесуге әрі Ехобаға тыныштықта қызмет етуге мүмкіндігі болатын. Иә, ол бақытты да мағыналы өмір кеше алатын!
Рухани асыл тастар
w91 15.2. 13-б., 13-абз.
Баршаның күнәсін өтейтін төлем
13 Адам мен Хауа төлемнің игілігін көрмейді. Мұса Заңында: “Кісі өлтіріп, өлім жазасына лайық болған қылмыскердің өмірі үшін құн алмаңдар”,— деген принцип болған (Мұсаның 4-жазбасы 35:31). Адам ата алданған жоқ, ол күнәні саналы түрде әдейі жасаған (Тімөтеге 1-хат 2:14). Оның жасаған күнәсі ұрпақтарына тарап, олар да өлімге кесілгендіктен, Адам ата кісі өлтірушімен тең болды. Кемелді бола тұра, Құдайдың заңын әдейі бұзғандықтан, ол өлімге лайық еді. Егер Адам ата төлемнің игілігін көретін болса, бұл Ехобаның әділдік принципіне қайшы келмек еді. Бірақ Адамның күнәсін өтеу үшін берілген төлем оның ұрпақтарына шығарылған өлім жазасының күшін жойды! (Римдіктерге 5:16). Ехоба төлем құрбандығын беру арқылы осы мәселенің түпкі түйінін шешіп, заңи тұрғыда күнәнің ащы салдарын түп-тамырымен жойды. Төлем беруші әрбір адам үшін күнәнің салдарын тартып, “күллі адамдар үшін өлді” (Еврейлерге 2:9; Қорынттықтарға 2-хат 5:21; Петірдің 1-хаты 2:24).
31 мамыр—6 маусым
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | МҰСАНЫҢ 5-ЖАЗБАСЫ 1, 2
“Құдай сотын жүргізіп жатырсыңдар”
w96 15.3 23-б., 1-абз.
Ехоба әділдікті сүйеді
Ақсақалдар ауыр күнә жасалған жағдайда, төрелік етуге міндетті (Қорынттықтарға 1-хат 5:12, 13). Осындай сот істерін жүргізген кезде, олар Ехобаның әділдігін есте ұстай отырып, адамға мейлінше мейірімділік танытудың жолын іздейді. Бірақ кейде адамға мейірімділік танытуға негіз жоқ болса, мысалы ол жасаған күнәсіна өкінбесе, ақсақалдар оны қауымнан шығарады. Мұны олар сазайын тартқызу үшін емес, ойланып-толғанып, түзеледі деген ниетпен істейді (Езекиел 18:23 салыстырыңыз). Мәсіхтің қол астындағы ақсақалдар әділдіктің жағында, сол үшін де олар “желден қорғайтын сая” болып табылады (Ишая 32:1, 2). Сондықтан да олар ешкімді алаламай, парасаттылық таныту керек (Мұсаның 5-жазбасы 1:16, 17).
Құдай орнатқан басшылыққа адалдықпен мойынсұныңдар
4 Бірақ төрешілерден Заңды білу ғана талап етілген жоқ. Кемелсіз болғандықтан ол кісілер әділ төрелік етулеріне кедергі болатын қара бастың қамын ойлау, екіжүзділік, ашкөздік сияқты әлсіздіктерімен күресу керек болатын. Мұса оларға: “Төрелік еткенде адамның бет-жүзіне қарамаңдар, үлкеннің де, кішінің де сөзіне құлақ салыңдар: ешбір адамнан қорықпаңдар, өйткені төрелік ету — Құдайдың ісі”,— деген. Иә, Исраилдің төрешілері Ехобаның атынан төрелік еткен. Мұндай тапсырма қастерлі сезімге бөлейді емес пе?! (Заңды қайталау 1:16, 17).
Рухани асыл тастар
Ехобаның ескертулері сенімді
9 Исраилдіктер “үрейлі иен далада” 40 жыл жүргенде, Ехоба оларды нақты қалай бастап алып жүретінін, қорғайтынын және қамқорлайтынын алдын ала айтқан жоқ. Десе де Ехоба өзіне және берген нұсқауларына сенім артуға болатынын қайта-қайта көрсетті. Мысалы, ол күндіз бұлт, ал түнде от бағанасы арқылы қамқорлап жатқанын исраилдіктердің естеріне салып отырды (Заң. қ. 1:19; Мыс. ш. 40:36—38). Сондай-ақ Ехоба оларды ең қажетті нәрселермен де қамтамасыз етті. Олардың киімдері еш тозбады, жүре-жүре аяқтары да ісіп кетпеді. Расында да, “олар еш нәрседен таршылық көрмеді” (Нех. 9:19—21).
7—13 маусым
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | МҰСАНЫҢ 5-ЖАЗБАСЫ 3, 4
“Ехобаның заңдары дана да әділ”
it-2 1140-б., 5-абз.
Түсінік
Егер адам Құдай Сөзін тыңғылықты зерттеп, білгендерін өмірде қолданатын болса, ол ұстаздарынан да, жасы үлкендерден де көбірек түсінікке ие бола алады (Зб 119:99, 100, 130; Лқ 2:46, 47 салыстырыңыз). Себебі Құдайдың мінсіз нұсқаулары мен шешімдері даналық пен түсінікке тұнып тұр. Исраилдіктер сол нұсқауларды берік ұстанған жағдайда айналасындағы халықтар оларды “дана әрі парасатты халық” деп есептер еді (М5ж 4:5—8; Зб 111:7, 8, 10; П1ж 2:3 салыстырыңыз). Түсінігі бар адам Құдай Сөзінің мызғымайтынын әрі еш өзгермейтінін мойындағандықтан, өз өмірін соған сай өзгертуге тырысады және осы үшін Құдайдан көмек сұрайды (Зб 119:169). Мұндай адам Құдай Сөзіне терең бойлап (Мт 13:19—23), оны жүрегіне жазып алады (Н.с 3:3—6; 7:1—4) және “кез келген жалған жолды жек көруді” үйренеді (Зб 119:104). Құдай Ұлы Исада осындай түсінік болған. Ол жерде болған кезде Жазбалардағы сөздер орындалу үшін тіпті бағанада шегеленіп өлуге де дайын болған (Мт 26:51—54).
w99 1.11. 20-б., 6, 7-абз.
Жомарттығымыз асып-тасысын!
Естіп-көргеніне таң-тамаша болған патшайым: “Үнемі алдыңызда жүріп, даналығыңызды тыңдай алатын қызметшілеріңіз неткен бақытты!”— деп мойындады (Патшалар 1-жазба 10:4—8). Ол Сүлейменнің қызметшілері сән-салтанат пен байлық-дәулеттің ортасында жүргендері үшін емес, Сүлейменнің Құдайдан алған даналығын күн сайын естіп жүргендері үшін бақытты деді. Жаратушының өзі мен оның Ұлы Иса Мәсіхтің даналығынан сусындап жүрген Ехобаның халқы үшін Шеба елінің патшайымы тамаша үлгі қалдырып кеткен!
“Құдайыңыз Ехоба мадақталсын!”— деген сөздеріне қарағанда, патшайым Сүлейменнің даналығы мен дәулетінің артында Ехобаның өзі тұрғанын түсінсе керек (Патшалар 1-жазба 10:9). Кезінде Ехоба Исраил халқы оның нұсқаулары мен шешімдерін орындайтын болса, дәл осылай болатынын уәде еткен еді. Ол былай деді: “Осы нұсқаулар жайлы естіген басқа халықтар бұдан сендердің даналықтарың мен парасаттылықтарыңды көріп: — Мына ұлы халық неткен дана әрі парасатты!— дейтін болады” (Мұсаның 5-жазбасы 4:5—7).
“Құдаймен қатынасыңда байсың” ба?
13 Ехоба өз халқына бата ретінде әрдайым ең жақсы нәрселерді ғана сыйлайды (Жақып 1:17). Мысалы, ол исраилдіктерге ‘сүт пен бал ағып жатқан жерді’ берді. Мысыр елі де дәл осылай суреттелген болатын, десе де Ехобаның исраилдіктерге берген жерін, кем дегенде, бір маңызды нәрсе ерекшелендірді. Мұса айтқандай, ол ‘Жаратушы Ие осыншама қамқор болып отырған жер’ еді. Басқаша айтқанда, исраилдіктер Ехобаның қамқорлығының арқасында сол жердің игілігін көретін еді. Олар Ехобаға адал болып жүрген кездерінде, оның мол батасын көріп, айналасындағы халықтарға қарағанда әлдеқайда жақсы өмір кешті. Иә, Ехобаның батасы ғана адамды “байытады” (Руларды санау 16:13; Заңды қайталау 4:5—8; 11:8—15).
Рухани асыл тастар
Заңды қайталау кітабының көңіл бұрарлық тұстары
4:15—20, 23, 24 — Мүсін жасауға тыйым салынғаны сән үшін біреудің немесе бір нәрсенің бейнесін жасау да дұрыс емес болып есептеле ме? Жоқ. Бұл жерде бейнелерді ғибадат ету, яғни оларға табынып, қызмет ету мақсатымен жасауға тыйым салынған. Жазбаларда сән үшін мүсіндер жасауға немесе сурет салуға тыйым салынбайды (3 Патшалықтар 7:18, 25).
14—20 маусым
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | МҰСАНЫҢ 5-ЖАЗБАСЫ 5, 6
“Балаңызды Ехобаны сүюге баулыңыз”
Ата-аналар, отбасыларыңның қамын ойлаңдар
11 Бұған қатысты ең жиі келтірілетін Жазба орны Заңды қайталау 6:5—7 дейінгі тармақтар шығар. Киелі кітапты ашып, осы тармақтарды оқып көріңдерші. Онда ата-аналардың алдымен өздері Ехобаны сүйіп, оның сөздерін жүректерімен қабыл алып, рухани күйлерін жақсарту керектігі айтылғанын байқаңдаршы. Иә, сендер Құдай Сөзінің ынталы оқушысы болуларың керек. Ол үшін Киелі кітапты үнемі оқуларың және Ехобаның жолдарын, принциптері мен заңдарын сүйіп, оларды жете түсіну үшін үстінен ой жүгіртулерің керек. Осының арқасында жүректерің Киелі кітаптағы ғажайып шындыққа толып, ал бұл сендерді қуаныш пен қастерлі қорқыныш сезіміне бөлейді, сондай-ақ Ехобаны жақсы көруге талпындырады. Сонда балаларыңмен бөлісетін ізгілікті қазыналарың жетіп артылады (Лұқа 6:45).
w07 15.5. 15, 16-б.
Балаларыма қалай жақсы тәлім-тәрбие бере аламын?
Сіздің нені армандайтыныңыз, кімді үлгі тұтатыныңыз, құндылықтарыңыз бен не нәрсеге қызығатыныңыз сөздеріңізден ғана емес, істеріңізден де байқалады (Римдіктерге 2:21, 22). Балалар нәресте кезінен бастап ата-анасын мұқият бақылау арқылы дүниені танып-біледі. Көбінесе балалар ата-анасы үшін ненің маңызды екенін байқап, есейе келе өздері де соған ұмтыла бастайды. Сіз Ехобаны қатты жақсы көретін болсаңыз, балаларыңыз мұны көреді. Мысалы, Киелі кітапты оқып-зерттеудің сіз үшін маңызды екенін олар байқамай қалмайды. Сіздің өміріңізден олар Құдай Патшалығын бірінші орынға қоятыныңызды түсінеді (Матай 6:33). Сіздің қауым кездесулерінен қалмай, үнемі уағызға шығатыныңызды көрген олар Ехобаға деген қасиетті қызметті атқару сіз үшін бәрінен де маңызды екенін ұғады (Матай 28:19, 20; Еврейлерге 10:24, 25).
Ата-аналар, отбасыларыңның қамын ойлаңдар
14 Заңды қайталау 6:7-де көрсетілгендей, ата-аналар, балаларыңмен рухани нәрселерді талқылай алатын көптеген мүмкіндіктер бар. Жол жүргенде, үй тірлігін атқарғанда, яки бірге демалғанда, олардың рухани қажеттіліктерін қамтамасыз етудің жолдарын табуға болады. Әрине, Киелі кітаптағы шындықтар туралы тынбай “дәріс оқи” берудің қажеті жоқ. Қайта, отбасындағы әңгіменің жігерлендірерліктей, рухани деңгейде болуын қадағалаңдар. Мысалы, “Ояныңдар!” журналында әр түрлі тақырыптағы мақалалар бар. Оларды Ехоба жаратқан жануарлар, жер шарындағы табиғаты керемет жерлер, адамдардың түрлі мәдениеті мен өмір-салтының сан қилылығы туралы әңгімелерге арқау етуге болады. Мұндай әңгімелер жастарды “адал да ақылды құл” табының беріп отырған әдебиеттерін көбірек оқуға талпындыруы мүмкін (Матай 24:45, ЖД; 46, 47).
Рухани асыл тастар
Ежелгі Исраилдегі сүйіспеншілік пен әділдік
11 Сабақ сандығы. Ехобаның көзі адамның түр-келбетінен де тереңге өтеді. Ол ішкі болмысымыздың, жүрегіміздің түкпірін көреді (Сам. 1-ж. 16:7). Ешбір ой, ешбір сезім мен іс-әрекет те одан жасырын қала алмайды. Ехоба бойымыздан жақсылықтың бүршігін іздеп, сол бүршіктің гүлдей түскенін қалайды. Бірақ ол жаман ойларымыз жаман іске ұрындырмай тұрғанда, оларды байқап, ауыздықтап отырғанымызды да қалайды (Шеж. 2-ж. 16:9; Мат. 5:27—30).
21—27 маусым
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | МҰСАНЫҢ 5-ЖАЗБАСЫ 7, 8
“Сол халықтармен құда-жекжат болмаңдар”
w12 1.7. 29-б., 2-абз.
Неге Құдай өз халқынан сенімі бір адаммен ғана неке құруды талап еткен?
Мұның ең басты себебі — Ехоба өз халқын қорғағысы келген. Ол Шайтанның халықты жалған құдайларға еліктіріп, арамдағысы келетінін білген. Сондықтан Ехоба пұтқа табынушылар “ұлдарын шынайы Құдайдан алып кетіп, басқа құдайларға құлшылық еткізетінін” ескерткен. Егер халық бұл ескертуге құлақ аспаса, өз бастарын қатерге тікпек еді. Жалған құдайларға бас ұрып кеткен жағдайда, исраилдіктер Құдайдың ықыласы мен панасынан айырылып, жауларының оңай жемтігіне айналар еді. Осылай болған жағдайда, бұл халықтан уәде етілген Мәсіх шығар ма еді? Ендеше, Шайтанның исраилдіктерді неліктен жалған құдайларға табынатындармен неке құруға азғырғаны түсінікті-ақ.
“Тек Иеміздің ізбасарымен” неке құру. Бұл әлі де мүмкін бе?
Сонда да Ехоба өз Сөзінде тек Иеміздің ізбасарымен неке құру керектігін айтқан. Неге? Өйткені ол өз халқының игілігін ойлайды. Ол бізді қате шешімнің зардаптарынан қорғап қана қоймай, бақытты болғанымызды да қалайды. Нехемияның күндерінде көп яһудилер Ехобаға ғибадат етпейтін бөтен ұлттардан әйел алғанда, Нехемия Сүлейменнің жаман үлгісін тілге тиек етіп: “Құдай оны [Сүлейменді] жақсы көрді... Алайда жатжерлік әйелдер тіпті оның өзін күнә жасауға еліктірді”,— деген (Нех. 13:23—26). Қызметшілерінің игілігін ойлағандықтан, Ехоба олардан тек шынайы ғибадат етушілермен ғана неке құруды талап етеді (Зәб. 19:7—10; Ишая 48:17, 18). Шынайы мәсіхшілер Құдайдың сүйіспеншілікпен берген басшылығын ризашылықпен қабылдайды, әрі оның басшылығына сенім артады. Осылайша Құдайға Басшы ретінде бағынуымен олар оны Әлемнің Әміршісі ретінде мойындайтынын көрсетеді (Нақ. с. 1:5).
Осы дүниенің соңғы күндерінде кіммен араласатыныңа мұқият бол
12 Отбасын құрғысы келетін салт басты бауырластар кіммен араласатынына әсіресе мұқият болғаны маңызды. Киелі кітапта келесідей нақты кеңес бар: “Сенбейтіндермен бір мойынтұрықты кимеңдер. Әділдік пен заңсыздық арасында қандай байланыс бар? Жарық пен қараңғылық арасында ортақ не бар?” (Қор. 2-х. 6:14). Киелі кітап жар іздеп жүрген мәсіхшілерге “тек Иеміздің ізбасарымен” некелесуге кеңес береді. Ал Иеміздің ізбасары деген — Ехобаға өмірін бағыштап, шомылдыру рәсімінен өткен, сондай-ақ Жазбалардағы талаптарға сай өмір сүретін мәсіхші (Қор. 1-х. 7:39). Мәсіхші бір сенімдегі адаммен некеге тұрса, оның Ехобаны жақсы көретін әрі мінсіздігін сақтауға көмектесетін өмірлік серігі болады.
Рухани асыл тастар
Ехоба күнделікті қажетімізді береді
4 Күнделікті нанымызды сұрап дұға еткеніміз біздің күнделікті рухани ас-суға да мұқтаж екенімізді еске салып отыру керек. Ұзақ уақыт нәр татпаған Иса қатты ашықса да, тасты нанға айналдыруға азғырған Шайтанға берілмей: “Киелі жазбада: — Адам тек нанмен ғана емес, Құдайдың аузынан шыққан әрбір сөзімен өмір сүреді,— деп жазылған ғой!” — деді (Матай 4:4). Бұл Мұса пайғамбардың исраил халқына айтқан сөздерінен келтірілген үзінді еді. Онда былай делінген: “Адамның тек нанмен емес, Құдайдың аузынан шыққан әрбір сөзімен өмір сүретінін көрсету үшін, Ол сені жуасытты, аштықта ұстады және сен де, ата-бабаң да білмеген маннамен асырады” (Заңды қайталау 8:3). Ехоба исраилдіктерге манна берумен қатар рухани да пайдалы нәрселерге үйретті. Оның бірін “күн сайын... бір күндік тамағын жинап алсын” деген сөздерден білеміз. Егер жинағандары бір күндік қажетінен артық болса, қалғаны құрттап сасып кететін (Мысырдан шығу 16:4, 20). Алайда демалыс күнге де жететіндей екі есе етіп алтыншы күні жинаған манна бұзылмайтын (Мысырдан шығу 16:5, 23, 24). Осылайша, манна оларға мойынсұнғыш болу керектігін және өмірлері үшін тек нан ғана емес, ‘Құдайдың аузынан шыққан әрбір сөзі’ қажет екенін жақсылап ұғындырды.
28 маусым—4 шілде
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | МҰСАНЫҢ 5-ЖАЗБАСЫ 9, 10
“Ехоба Құдайың сенен нені талап етеді?”
w09 1.10. 10-б., 3, 4-абз.
Ехоба бізден нені талап етеді?
Құдайға шын жүректен мойынсұнуымыздың себебі неде? Бір себебі, Мұса айтып кеткендей, біз “Ехоба Құдайдан қорқамыз” (Мұсаның 5-жазбасы 10:12). Бұл қорқыныш Құдайдың жазасынан үрейленіп, жанұшыра қорқуды емес, Құдайдың өзін және оның жолдарын терең қастерлеп, құрметтеуді білдіреді. Егер жүрегімізді осындай қастерлі сезім кернеп тұрса, біз Құдайға ұнамсыз істерден барынша қашық болуға ұмтыламыз.
Бірақ біз бірінші кезекте не үшін Құдайға мойынсұнамыз? Мұса былай деген: “Ехоба Құдайыңды... сүй, Ехоба Құдайыңа бар жүрегіңмен және бүкіл жан-тәніңмен қызмет ет” (Мұсаның 5-жазбасы 10:12). Алайда Құдайды сүю дегеніміз жай ғана сезімді білдірмейді. Бір еңбекте айтылғандай, еврей тілінде сезімдерді білдіретін кейбір етістіктер сол сезімнен туатын әрекеттерді де қамтиды. Сол еңбекте Құдайды сүю дегеніміз оған деген “сүйіспеншілікпен іс-әрекет жасау” дегенді білдіретіні айтылған. Демек, Құдайды шынымен де сүйетін болсақ, біз оған ұнайтын әрекеттер жасаймыз (Нақыл сөздер 27:11).
w09 1.10. 10-б., 6-абз.
Ехоба бізден нені талап етеді?
Біз шын жүректен мойынсұнатын болсақ, мұның батасын көреміз. Себебі Мұса: “Өзіңе жақсы болу үшін, Ехобаның... бұйырып отырған заңдары мен нұсқауларын орында”,— деген (Мұсаның 5-жазбасы 10:13). Ехоба бізге нені бұйырса да, нені талап етсе де, бәрі біздің игілігіміз үшін. Себебі Киелі кітаптан білетініміздей, “Құдай — сүйіспеншілік” (Жоханның 1-хаты 4:8). Ехоба бізге заң-талаптар берген кезде, біз оның пайдасын ұзағынан көретіндей етіп берген (Ишая 48:17). Ехобаның айтқандарын бұлжытпай орындайтын болсақ, қазірдің өзінде басымызды тау-тасқа соғып, опық жемейміз. Ал болашақта оның Патшалығы тұсында бітпес баталарға кенелеміз.
Біз шынында да Құдайға жақындай аламыз ба?
2 Ерте заманда өмір сүрген Ыбырайым Құдаймен осындай тығыз қарым-қатынаста болған. Ехоба оны досым деп атаған (Ишая 41:8, сілтемені қара). Иә, Ехоба Ыбырайымды досым деп есептеген. Ыбырайым мұндай мәртебеге ‘Құдайға сенгендіктен’ ие болған (Жақып 2:23). Бүгінгі күні де Ехоба өзін сүйгендіктен қызмет ететіндерді ‘қабыл’ алудың мүмкіндіктерін іздейді (Заңды қайталау 10:15). Оның Сөзі бізді: “Құдайға жақындаңдар, сонда Ол да сендерге жақындайды”,— деп шақырады (Жақып 4:8). Бұл сөздерден шақыруды да, уәдені де байқауға болады.
Рухани асыл тастар
it-1 103-б.
Енактар
Қанаханның таулы өңірінде, әсіресе елдің оңтүстігіндегі жағалауларда өмір сүрген ерекше ұзын бойлы, ірі денелі халық. Бір кездері Хебронда аты шулы Ахиман, Шишай және Талмай деген үш енак тұрған (М4ж 13:22). Сол жерде енактарды он екі барлаушы алғаш рет көрді. Олардың 10-ы қатты қорқып кетіп, елдеріне барған соң енактарды Топан судың алдында өмір сүрген нефилимдер деп атап, өздері олардың қасында “шегірткедей” боп қалғанын айтты (М4ж 13:28—33; М5ж 1:28). Олардың бойы биік болғаны сонша — Емим пен Рефаим сияқты алыптарды сипаттаған кезде “енактар сияқты” деп сипаттаған. “Енактың ұрпақтарына қарсы кім тұра алады?” деген сөздің кең таралғанына қарағанда, олар қара күштің де иесі болған (М5ж 2:10, 11, 20, 21; 9:1—3).