Құдай қарттардың қамын ойлайды
БҮГІНДЕ қарттарды жәбірлеу көптеп кездесетіні таңғалдырмайды. Осыдан ұзақ уақыт бұрын Киелі кітап осы Құдайсыз дүниенің ‘соңғы дәуірінде’ адамдардың “өзімшіл... бауырмалдығы жоқ’ болатынын алдын ала айтқан (Тімотеге 2-хат 3:1, 2, 3, ЖД). “Бауырмалдық” деп аударылған грек сөзі отбасы мүшелері арасындағы табиғи сүйіспеншілікті білдіреді. Киелі кітаптағы пайғамбарлыққа сай, бүгінде адамдарға осындай сезім жете бермейді.
Ал Ехоба Құдай қарттарды жәбірлейтіндер сияқты емес, оларды өте жоғары бағалайды және қамдарын ойлайды. Киелі кітаптан бұл қалай көрінеді?
“Жесірлердің панасы”
Ехоба Құдайдың қарттардың жағдайын ойлайтынын Еврей жазбаларынан көруге болады. Мысалы, Дәуіт Забур 67:6-да Құдайды “жесірлердің [олардың көбі қартайғанa] панасы” деп атайды. Шындығында да, Ехоба жесірлердің қамын ойлайды. Киелі кітапта егер әлдекім оларды жәбірлейтін болса, Құдай қаһарын төгетіні айтылған (Мысырдан шығу 22:22—24). Жесірлерді, сондай-ақ барлық адал қарттарды Құдай да, оның қызметшілері де жоғары бағалайды. Нақыл сөздер 16:31-де Ехоба Құдай мен оның халқының оларға деген көзқарасы айтылған: “Ағарған шаш — салтанатты тәж, Ақ жолмен жүрген қол жеткізер”.
Жасы үлкендерді құрметтеу Ехобаның Исраилге берген Заңының ажырамас бөлігі болғаны таңғалдырмайды. Құдай исраилдіктерге: “Ақ шашты адамның алдында отырмай, орныңнан тұр және қарттың жүзін сыйла, сөйтіп, өз Құдайыңнан қорық”,— деп бұйырған (Леуіліктер 19:32). Демек, Исраилде қарттарға құрметпен қарау адамның Құдаймен қарым-қатынасына тікелей әсер еткен. Егер ол қарттарды жәбірлейтін болса, Құдайды жақсы көрем дегені бекер болған.
Әрине, мәсіхшілер Мұса заңын ұстанбайды. Алайда олар жүріс-тұрыстарына да, көзқарастарына да зор әсер ететін ‘Мәсіхтің заңына’ бағынады. Бұл заң олардан ата-аналары мен қарт кісілерді сүйіп, қамын ойлауды талап етеді (Ғалаттықтарға 6:2; Ефестіктерге 6:1—3; Тімотеге 1-хат 5:1—3). Мәсіхшілер сүйіспеншілікті Құдай бұйырғандықтан ғана емес, жүректері талпындырғандықтан көрсетеді. Елші Петір: “Бір-біріңді үздіксіз, шын жүректен сүйіңдер!”— деп шақырған (Петірдің 1-хаты 1:22).
Шәкірт Жақып қарттардың қамын ойлауымыз керектігінің тағы бір себебін айтқан. Ол: “Құдай Әкеміздің алдындағы таза да мінсіз діншілдік — мұқтаждық көрген жетім-жесірлердің қамын ойлап, өзін осы дүниелік арамдықтардан кіршіксіз пәк ұстау”,— деп жазды (Жақып 1:27). Жақып адамға ой салатын бір жайтты келтіріп отыр: ол осы ардақты жандардың Ехобаның көз алдында бағалы екендігіне назарымызды аударады.
Олай болса, қарттарды жәбірлеуден аулақ болып қана қою жеткіліксіз екен. Біз шын көңілден олардың қамын ойлайтынымызды игі істер жасаумен көрсетуіміз керек (4, 5-беттердегі “Сүйіспеншілікті іспен көрсету” атты қоршауды қараңдар). Жақып: “Әрекетсіз сенім де өлі”,— деп жазған (Жақып 2:26).
‘Мұқтаждық көргенде’ жұбаныш беру
Жақыптың сөзінде көңілге түйіп алар тағы бір ой бар. Оның мәсіхшілерге “мұқтаждық көрген” жесірлердің қамын ойлау жайлы айтқанын байқашы. “Мұқтаждық” деп аударылған грек сөзі, негізінен, өмірдің қысымынан көрген қасіретті, азап не бақытсыздықты білдіреді. Қарттардың көбісінің осындай қасірет шегіп жатқаны көпшілікке мәлім. Ал кейбіреулері жалғыздық сезінеді. Басқа біреулері болса жасы ұлғайған сайын мүмкіндіктерінің шектеліп жатқанын көріп, көңілдері жабырқайды. Тіпті Құдайға айтарлықтай белсенді қызмет етіп жүргендердің де ұнжырғалары түсуі мүмкін. Мысалы, 40 жылдан астам уақыт Құдай Патшалығының адал жариялаушысы болған, ал соңғы 30 жылында арнайы толық уақытты қызмет еткен Джондыb алайық. Қазір жасы 80-ге келген ол кейде еңсесі түсетінін айтады. Ол: “Мен артыма қарап, жіберген кемшіліктерімді, өте көп кемшіліктерімді, есіме алам. Үнемі ішімнен жақсырақ істеуіме болатын еді ғой деп ойлаймын”,— дейді.
Мұндай адамдарға Ехоба кемелді болса да, бізден кемелділікті талап етпейтінін білу жұбаныш береді. Ехоба қателіктерімізді білгенімен, Киелі кітапта: “Егер Сен, Жаратқан, заңсыздықты байқап қалсаң — Жаратқан [бұған] кім төтеп береді?”— делінген (Забур 129:3). Иә, Ехоба біздің қателіктерімізге аса мән беріп жатпайды, ол жүрегімізде не бар екенін көреді. Мұны қайдан білеміз?
Өмірде көп қателік жіберген әрі кемелсіз болған Дәуіт патша Құдай рухының жетелеуімен Забур 138:1—3 дейінгі тармақтардағы келесі сөздерді айтқан: “Уа, Тәңірім, мені сынап тексердің, Сен мені толығынан танып білдің: Отырғаным, тұрғаным да Саған аян, ойларымды да танисың алыстан. Жүрейін не демалайын, көз алдыңдамын жолдарымның барлығы да Саған айқын”. Мұндағы “көз алдыңдамын” деп аударылған тіркес түпнұсқа мәтінінде “електен өткізу” дегенді білдіреді. Бұл диқаншының дәнді кебегінен ажырататынына ұқсайды. Дәуіт киелі рухтың жетелеуімен Ехобаның игі істерімізді қалай “електен өткізіп”, есінде сақтап қалуды білетініне сендіреді.
Егер өзіне адал болып қалсақ, көктегі мейірімді Әкеміз игі істерімізді ұмытпайды, әрі оларды бағалайды. Шынында да, Киелі кітапта Құдай біздің жасаған игі істерімізді және оған көрсеткен сүйіспеншілігімізді ұмытып кетуді әділетсіздік деп қарастыратыны айтылады (Еврейлерге 6:10).
“Бұрынғы әлем құрып, жоқ болды”
Киелі кітап кәріліктің ауыртпалықтары Құдайдың о бастағы ниеті болмағанын көрсетеді. Бұл қиындықтар түп атамыз бен анамыз, алғашқы еркек пен әйел, Жаратушыға қарсы шыққаннан кейін пайда болып, соның кесірінен кәріліктің ауыр зардабы адамзат өмірінің бір бөлігіне айналып отыр (Жаратылыс 3:17—19; Римдіктерге 5:12). Алайда бұл осылай болып қала бермейді.
Жоғарыда айтылғандай, бүгінгі ауыр жағдайлардың көбісі, соның ішінде қарттардың жәбір көруі де, осы дүниенің ‘соңғы дәуірінде’ өмір сүріп жатқанымыздың дәлелі болып табылады (Тімотеге 2-хат 3:1). Құдайдың ниеті — күнәнің, кәрілік пен өлімнің зардабын жою. Киелі кітапта: “Ол [Құдай] барлық көздің жастарын сүртіп тастап жұбатады. Енді қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайды. Себебі бұрынғы әлем құрып, жоқ болды”,— делінген (Аян 21:4).
Құдайдың жаңа дүниесінде кәріліктің ауру-сырқауы өткеннің ісі болады. Қарттардың жәбір көруі туралы да солай деуге болады (Миха 4:4). Тіпті өлген, бірақ Құдайдың жадында қалғандар қайта тіріліп, оларға да жер бетіндегі жұмақта мәңгі өмір сүруге мүмкіндік беріледі (Жохан 5:28, 29). Сол кезде Ехоба Құдай тек қарттардың ғана емес, өзіне мойынсұнатындардың бәрінің де қамын ойлатыны бұрын-соңды болмағандай айқын болады.
[Сілтемелер]
a Әрине, кейбір жесірлер кәрі емес. Құдайдың жас жесірлердің де қамын ойлайтынын, мысалы, Леуіліктер 22:13-тен көруге болады.
b Есімі өзгертілген.
[4, 5-беттердегі қоршау/суреттер]
Сүйіспеншілікті іспен көрсету
Ехоба Куәгерлерінің арасында қауымдағы қарттарға қамқорлық көрсетуді ақсақалдар қолға алады. Олар елші Петірдің: “Құдайдың өздеріңе сеніп тапсырған рухани “отарын” қамқорлап бағыңдар!”— деген кеңесіне байыппен қарайды (Петірдің 1-хаты 5:2). Құдайдың отарына қамқор болуға қарттарға іс жүзінде көмек көрсету жатады. Бұл нені білдіреді?
Әрине, қарт адамға не қажет екенін анықтау үшін шыдамдылық керек, сондай-ақ оларға қайта-қайта барып, іш-тартып сөйлесу керек болады. Мүмкін, ол керек-жарағын сатып әкеп беру, тазалау немесе қауым кездесулеріне апару, Киелі кітап пен басылымдарды оқып беру және тағы басқа көптеген нәрселерді қажет ететін шығар. Мүмкіндік болса, тиімді шаралар ұйымдастырып, жүзеге асырған жөнc.
Ал егер қауымдағы бір қарт бауырлас қандай да бір қиындыққа тап болып, мысалы, қаражат жағынан қатты қысылып жатса ше? Онда, алдымен, оған көмектесе алатын балалары не туған-туысқандары бар ма екен, соны анықтап алған жөн. Бұл Тімотеге 1-хат 5:4-гі: “Егер жесірдің балалары не немерелері болса, онда бұлар алдымен өз отбасын қадірлеп, әке-шешелері мен ата-әжелерінің алдындағы борыштарын өтеп, өз сенімдерін іс жүзінде көрсетуді үйренсін, өйткені бұл Құдайға ұнайды”,— деген сөздерге сай келеді.
Кейде қарт бауырлас үкімет тарапынан қандай да бір жәрдемақы алуға құқы бар ма екен, соны біліп беруді қажет ететін шығар. Бәлкім, қауымда біреу көмектесе алатын шығар. Егер мұның ешқайсысы да болмай жатса, ақсақалдар қарт бауырластың қауымның көмек көрсетуіне лайық келетін-келмейтінін шешеді. Бірінші ғасырдағы қауымдар да кейде осылай еткен, себебі Пауыл қызметтесі Тімотеге: “Жасы алпыстан асқан, күйеулеріне адал болған жесірлер ғана таңдалып, арнайы тізімге тіркелсін. Олардың жасаған игі істері белгілі болулары керек, мысалы, балаларын тәрбиелеуі, қонақжайлылық танытуы, Құдайдың адамдарына қарапайым қызмет көрсетуі, бейшараларға көмектесуі, игілікті іс атаулының бәріне де өздерін арнауы”,— деп жазған болатын (Тімотеге 1-хат 5:9, 10).
[Сілтеме]
c Қосымша мәліметті 1989 жылғы 15 қазандағы “Күзет мұнарасының” “Қарттардың қажеттіліктерін қанағаттандыру — мәсіхшілер алдында тұрған мәселе” атты мақаласынан қарауға болады.
[6-беттегі сурет]
Табита мұқтаждық көрген жесірлердің қамын ойлаған (Елшілердің істері 9:36—39).