Жаратылыс әлемі Құдайдың ұлылығын паш етеді!
“Құдайдың салтанатты ұлылығын аспан әлемі ашық паш етеді, Оның қолының керемет істерін ауа кеңістігі де көрсетеді” (ЗАБУР 18:2).
1, 2. а) Неге адамдар Құдайдың салтанатын өз көздерімен көре алмайды? ә) Қалай 24 ақсақал Құдайды мадақтады?
“БЕТ-ЖҮЗІМДІ көруіңе болмайды, өйткені оны көрген пенде тірі қалмайды” (Мысырдан шығу 33:20). Ехоба Мұсаға осылай ескертті. Адамдардың тәндері әлсіз болғандықтан, олар Құдайдың салтанатты ұлылығын өз көздерімен көре алмайды, себебі оны көре отырып тірі калулары мүмкін емес. Бірақ елші Жохан аянда Ехобаның салтанатты тағында отырған әсерлі көрінісін көреді (Аян 4:1—3).
2 Адал рухани жаратылыстардың адамдардан айырмашылығы бар. Олар Ехобаның жүзін көре алады. Олардың арасында Жоханның көрген аянындағы 144 000 майланған мәсіхшілерді білдіретін “жиырма төрт ақсақал” да бар (Аян 4:4; 14:1—3). Құдайдың салтанатты ұлылығын көру оларға қалай әсер етті екен? Аян 4:11-де олардың сезімдері суреттеледі. Онда: “Құдай Иеміз! Сен ұлылық, құрмет пен билікке лайықсың. Өйткені бүкіл әлемді жаратқан Өзіңсің; Сенің еркіңмен ол жаратылды және бола да береді”,— деп дауыстағанын оқимыз.
Ақталып, сылтаурата алмайды
3, 4. а) Неге Құдайға сену ғылымға қарама-қайшы емес? ә) Кей жағдайда Құдайға сенбеудің себебі не болады?
3 Сен Құдайды мадақтағың келе ме? Адамдардың басым көпшілігі мадақтағысы келмейді, ал кейбіреулері тіпті Құдай жоқ дейді. Мысалы, бір астроном былай деп жазған: “Өзі атсалысып, біз үшін соншалықты ғажап етіп ғарышты құрастырған Құдай емес пе екен?.. Таңғаларлық жайт! Бірақ, өкінішке орай, бұл мен үшін жай қиял ғана... Барлығын Құдай деп түсіндіре салуға болмайды”.
4 Ғалымдардың ізденістері олардың тікелей жасаған бақылаулары немесе зерттеулерімен ғана шектеледі. Одан арғы жағы тек теория немесе тұжырым болып қана қалады. “Құдайдың Өзі — Рух” болғандықтан, оны ғылыми жолмен тексеріп, зерттеп білу мүмкін емес (Жохан 4:24). Сондықтан Құдайға сену ғылымға қарама-қайшы келеді деу нағыз өрескелдік. Кембридж университетінің ғалымы Винсент Уиглсуэрт ғылыми әдістердің өзі дінге ұқсайтынын айтқан. Қалайша? “Ғылым табиғи құбылыстардың бәрі “табиғат заңдарының” әсерінен болатынына шүбәсіз сенеді”. Осылайша, біреу Құдайға деген сенімді жоққа шығарғанда, бар болғаны бір сенімнен екіншісіне өтеді емес пе? Ал кейде адамдар тек шындыққа тура қарағысы келмегендіктен ғана Құдайға сенбейтін сияқты. Забур жыршысы: “Жазаламайды”,— деп әділетсіз өз тәкаппарлығынан Құдайды елемейді; оның барлық ойында: “Құдай жоқ!” — деп жазған (Забур 9:25).
5. Неге Құдайға сенбейтіндер ақталып, сылтаурата алмайды?
5 Құдайға сену — соқыр сезім емес, дегенмен Құдайдың бар екенін көрсететін дәлелдер жетіп жатыр (Еврейлерге 11:1). Аллан Сандаж атты астроном былай дейді: “Мен [Әлемдегі] осындай үйлесімділіктің тәртіпсіздіктен пайда болуы тіпті де мүмкін емес деп түсінемін. Жинақылық пен тәртіптің қандай да бір бастауы болу керек. Құдай мен үшін құпия, бірақ ғажайып жаратылыс соның арқасында пайда болды деп түсінемін. Өйткені еш нәрсе жоқ еді, енді бар ғой”. Римдегі мәсіхшілерге елші Пауыл: “Тәңірдің көзге көрінбейтін қасиеттері — Оның мәңгілік кұдіреті мен құдайлық болмысы дүние жаратылғаннан бері айқын: бұларды Оның жаратқан нәрселерінен байқап, түсінуге болады. Сондықтан [сенбейтін] адамдар Құдайды біле алмадық деп сылтаурата алмайды”,— деп айтқан (Римдіктерге 1:20). “Дүние жаратылғаннан бері”, әсіресе саналы жаратылыстар, яғни Құдайдың бар екенін түсінетін адамдар жаратылғаннан бері, шексіз құдірет иесінің — адалдығымызды сақтап қалуға лайық Құдайдың — бар екені айдан айқын көрінеді. Сондықтан Құдайдың ұлылығын мойындамайтындар еш ақтала алмайды. Бірақ жаратылыстар нені айқын көрсетеді?
Әлем Құдайдың ұлылығын паш етеді
6, 7. Қалай аспан әлемі Құдайдың ұлылығын жариялайды?
6 Забур 18:2-де мұның жауабы беріледі: “Құдайдың салтанатты ұлылығын аспан әлемі ашық паш етеді, Оның қолының керемет істерін ауа кеңістігі де көрсетеді”. Дәуіт ‘ауа кеңістігінде’ немесе аспанда жарқырап көрініп тұрған жұлдыздар мен планеталар салтанатты Құдайдың бар екенін бұлтартпай дәлелдеп тұрғанын көрген. Ол сөзін былай деп жалғайды: “Осыларды күн сайын жариялап, түнде де бұл білімді мәлімдейді” (Забур 18:3). Аспан әлемі бейне бір Ехобаға көктен мадақтау айтып тұрғандай, күндіз-түні Құдайдың даналығы мен жаратқанда пайдаланатын күшін көрсетеді.
7 Бірақ олардың куәлігін “ести” білу керек. “Сол “үндерін естімеген” бір тіл де, ешқандай ұлт та қалмайтын болады”. Иә, аспан әлемінің тілсіз куәлігі өте күшті. “Үндері” бар шартарапқа жайылып, “Сөздері” жер шетіне таралады” (Забур 18:4, 5).
8, 9. Күн жайында қандай таңғаларлық мәліметтер бар?
8 Енді Дәуіт Ехобаның басқа ғажайып жаратылысын суреттейді: “Құдай күнге аспанда орнын балаған, күйеу жігіттей бөлмесінен шыққан, күннің жүзі де қуана нұрланад, ол жүйріктей жарысуға шаттанад. Көкжиектің бір шетінен күн шығып, келесі шетіне өтіп айналып, ештеңе де қызуынан тыс қалмайд” (Забур 18:5—7).
9 Өзге жұлдыздармен салыстырғанда, Күн орташа жұлдыз болып есептеледі. Бірақ бұл таңғажайып жұлдыздың қасында оны айналып жүрген басқа планеталар ергежейліге ұқсап қалады. Бір мәлімет көзінде оның салмағы Жердің салмағынан 330 000 есе ауыр, яғни бүкіл Күн жүйесінің салмағының 99,9 пайызын құрайтыны айтылады! Оның тартылыс күшінің әсерінен Жер Күнді алыс та емес, жақын да емес, 150 миллион шақырым қашықтықта айналып жүреді. Жерге Күннен шыққан энергияның миллиардтан бір бөлігінің жартысы ғана жетеді, бірақ тіршілік үшін соның өзі жеткілікті.
10. а) Қалайша Күн ‘орнынан’ шығып, оған қайта кіреді? ә) Қалайша ол “жүйріктей” жүгіреді?
10 Бейнелі тілді қолданып, забур жыршысы Күнді күндіз көкжиектің бір шетінен екіншісіне дейін жүгіріп өтіп, түнде ‘орнына’ кететін “жүйріктей” суреттейді. Күн көкжиекке батқанда, жер бетінен қарағанда, шынында да, ол тынығу үшін ‘орнына’ кіріп кеткендей көрінеді. Ал таңертең жарқырап атқан күн шаттана нұрланып, ‘бөлмесінен шыққан күйеу жігітке’ ұқсайды. Бақташы болғандықтан, Дәуіт түнгі суықтың не екенін білген (Жаратылыс 31:40). Ол күн сәулесінің өзін де, айналасын да қалай лезде жылытып жіберетінін есіне алады. Күннің күнде шығыстан батысқа қарай жүріп өтуден шаршамай, керісінше, “жүйріктей” сол жолын қайталауға дайын тұратыны айдан айқын.
Айбынды жұлдыздар мен галактикалар
11, 12. а) Киелі кітаптың жұлдыздарды құм қиыршықтарымен салыстырғаны неге көңіл аударуға тұрарлық? ә) Әлем қаншалықты кең болуы мүмкін?
11 Телескопсыз Дәуіт бірнеше мың жұлдызды ғана көре алған. Бірақ жақында жасалған зерттеу қазіргі телескоптармен көруге болатын әлемдегі жұлдыздардың саны 70 секстиллион, яғни 22 нөлі бар 7 болатынын көрсетті! Сансыз жұлдыздарды ‘теңіз жағасындағы құм қиыршықтарымен’ салыстырғанда, Ехоба жұлдыздардың шексіз көп екенін көрсеткен болатын (Жаратылыс 22:17).
12 Көп жылдар бойы астрономдар “белгілі бір пішіні жоқ көмескі ақ тұман дақ” болып тұрған нәрсені бақылаған. Ғалымдар бұл “спираль тәрізді тұмандық” біз тұрып жатқан Құс Жолы галактикасының ішінде болуы мүмкін деп болжаған. 1924 жылы бұл тұмандықтардың ең жақын орналасқаны, шын мәнінде, жарық жылымен есептегенде шамамен екі миллион жыл қашықтықта орналасқан Андромеда атты галактика екені анықталды! Астрономдар қазір әрқайсысында мыңдаған, кейде тіпті миллиардтаған жұлдыздары бар мың миллиардтан аса галактикалар бар деп тұжырымдап отыр. Соған қарамастан, Ехоба “жұлдыздарды санайды; олардың бәрін аттарымен атайды” (Забур 146:4).
13. а) Шоқжұлдыздар неге көңіл аударуға тұрарлық? ә) Ғалымдардың ‘аспан заңдарын білмейтіндері’ неден көрінеді?
13 Ехоба Әйүптен: “Химнің түйіндерін байлай аласың ба, немесе Кесилдің түйінін шеше аласың ба?” — деп сұраған (Әйүп 38:31). Мұндағы “түйін” деп отырған шоқжұлдыздар — бірігіп ерекше пішін құрайтын жұлдыздар тобы. Жұлдыздар бір-бірінен үлкен қашықтықта орналасқан болуы мүмкін, бірақ жер бетінен қарағанда, олар өзара өзгеріссіз күйде қалады. Жұлдыздар сол қалыптарынан айнымайтыны соншалық, “навигация мен ғарыш кемелері дұрыс бағытты ұстану үшін оларды басшылық ретінде қолданады, әрі олар жұлдызды анықтауға көмектеседі” (The Encyclopedia Americana). Осыған қарамастан, шоқжұлдыздарды бірге ұстап тұратын ‘түйіндердің’ сырын ешкім де толығымен түсіне алмайды. Иә, ғалымдар әлі күнге дейін Әйүп 38:33-тегі: “Аспан заңдарын білесің бе?” — деп қойылған сұрақтың жауабын тапқан емес.
14. Неге жарықтың таралу жолы әлі құпия деп айтуға болады?
14 Ғалымдар: “Жарық қандай жолмен құйылады?” — деп Әйүпке қойылған басқа бір сұраққа да жауап бере алмайды (Әйүп 38:24). Бір зерттеуші жарыққа қатысты бұл сұрақты “бүгінгі ғылымның маңызды мәселесі” деп атады. Кейбір грек пәлсапашылары жарық адамдардың көзінен шығады деп сенген. Кейінірек ғалымдар жарық кішкентай бөлшектерден тұрады деп сенетін болды. Басқалары болса оны толқын сияқты тарайды деп ойлады. Ал бүгінде ғалымдар жарық толқын сияқты да, бөлшек сияқты да бола береді деп тұжырымдайды. Қалай болған күнде де жарық пен оның қалай ‘құйылатыны’ жайлы түсініксіз жайттар әлі көп.
15. Аспанға көз тіккенде, Дәуіт тәрізді бізді де қандай сезім билеу керек?
15 Осының бәрі жайлы ой жүгірткеніміз бізді: “Сенің қолыңнан шыққан аспаныңа, Өзің орнатқан ай мен жұлдыздарға назар аударған әрбір уақытымда мынадай сұрақтар туады ойымда: Өзің ескеретіндей адам сонша кім, Сен қамқорлайтындай адам баласы кім?” — деп жырлаған Дәуіт сезінгендей сезімге бөлейді (Забур 8:4, 5).
Жер мен ондағы жаратылыстар Ехобаны мадақтайды
16, 17. Қалайша ‘теңіз тұңғиықтарындағы’ жаратылыстар Ехобаны мадақтауда?
16 Забурдың 148-жырында жаратылыстардың тағы қалай Құдайдың ұлылығын паш ететіні жазылған. 7-тармақта былай деп оқимыз: “Тәңірді жерден мадақтаңдар, үлкен балықтар және теңіз тұңғиықтары”. Иә, “теңіз тұңғиықтары” Құдайдың даналығы мен күшін паш ететін ғажайыптарға толы. Жасыл киттің орташа салмағы 120 тонна, бұл — 30 пілдің салмағына тең! Оның жүрегінің өзі 450 килограмнан асады, ол киттің денесіндегі 6 400 килограмм қанды айналдыруға шамасы жетеді! Осы теңіз алыптары судың ішінде баяу және ебедейсіз деуге бола ма? Тіпті де олай емес. Еуропалық киттерді қорғау ұйымының берген мәліметі бойынша (European Cetacean Bycatch Campaign), киттер мұхиттарды өте тез жылдамдықпен шарлайды. Спутниктен бақылағанда, “бір кит 10 айда 16 000 шақырымнан астам қашықтықты жүзіп шыққаны” анықталды.
17 Әдетте афалина деп аталатын дельфиннің түрі 45 м тереңдікке сүңгиді, бірақ олар 547 метрге дейін сүңги береді! Мұндай тереңдікке бұл сүтқоректі қалайша шыдайды? Сүңгігенде оның жүрек қағысы баяулайды да, қан айналымы бағытын өзгертіп, тек жүрегіне, өкпесіне және миына ғана барып тұрады. Сонымен қатар оның бұлшық еттерінде оттегіні сақтап тұратын химиялық зат болады. Теңіз пілі мен кашалот бұдан да тереңге сүңги береді. “Қысымға қарсыласудың орнына,— деп жазады бір журналда,— өкпелерін судың толығымен қысып тастауына жол береді” (Discover). Ал өздеріне қажет оттегінің көбісін олар бұлшық еттерінде сақтайды. Бұл тірі жаратылыстар — құдіретті Құдайдың даналығын паш ететіні шүбәсіз!
18. Теңіз суы Ехобаның даналығын қалай көрсетеді?
18 Тіпті теңіз суының өзі Ехобаның даналығын паш етеді. “Сайентифик америкэн” журналында былай делінеді: “Мұхиттың 100 метр беткі қабатындағы әрбір су тамшысында ағыспен ағып жүрген фитопланктондар деп аталатын мыңдаған микроорганизмдер бар. Бұл “көзге көрінбейтін орман” миллиардтаған тонна көмірқышқыл газын сіңіру арқылы ауаны тазартып отырады”. Жердегі оттегінің жартысынан көбін фитопланктондар шығарып отырады.
19. Қалай от пен қар Құдайдың еркін орындайды?
19 Забур 148:8-де “Оның сөзін орындайтын от пен бұршақ, қар мен тұман, дауылды жел” туралы айтылған. Иә, өзінің еркін жүзеге асыру үшін Ехоба жансыз табиғи күштерді де қолданады. Мысалы, отты алайық. Ондаған жылдар бұрын орманның өртенуіне тек зиянды деп қарайтын. Ал қазір зерттеу жүргізушілер өрттің кәрі немесе қурап кеткен ағаштарды жою, көптеген тұқымдардың өсіп шығуына мүмкіндік беру, топырақты құнарландырып отыру, тіпті үлкен өрттің алдын алу арқылы экология үшін маңызды рөл атқаратынына сенеді. Қардың да топырақты суғарып, құнарландыру, өзендерді толтыру және өсімдіктер мен жануарларды үсіктен қорғау үшін маңызы зор.
20. Таулар мен ағаштардың адамзат үшін қандай пайдасы бар?
20 “Таулар мен барлық төбелер, жемісті ағаштар мен барлық балқарағайлар”,— деп, Забурдың 148:9-тармағында атап шығады. Айбынды таулар Ехобаның құдіретті күшін дәлелдейді (Забур 64:7). Сонымен қатар олардың атқарып отырған қызметі де бар. Швейцарияның Берн қаласындағы География институтының мәлімдемесінде: “Әлемдегі үлкен өзендердің бәрі таудан бастау алады. Адамзаттың жартысынан көбі таудағы жиналған тұщы суға тәуелді... Адамзат игілігі үшін бұл “тегеурінді су мұнаралары” шешуші рөл атқарады”,— деп айтылған. Тіпті қарапайым ағаштардың өзі Жаратушысын мадақтайды. Біріккен Ұлттар Ұйымының айналадағы орта жөніндегі бағдарламасының баяндамасында ағаштар “бүкіл елдегі адамдардың игілігі үшін маңызды” екені айтылады. “Ағаштардың көп түрі құрылыс заттары, жеміс, жаңғақ, шайыр және желім тәрізді заттардың көзі ретінде маңызды экономикалық рөл атқарады. Дүние жүзі бойынша 2 миллиард адам тамақ пісіріп, жылыну үшін ағашты пайдаланатындықтан, күндері соған ғана қарап отыр”.
21. Қарапайым жапырақтың құрастырылғаны неден көрінетінін түсіндіріңдер.
21 Жаратушының даналығы ағаштың құрылысынан да көрінеді. Мысалы, қарапайым жапырақты алайық. Оның сыртқы жақ беті кеуіп кетуден сақтайтын ұлпадан құралған. Сыртқы қабаттың астында, жапырақтың беткі жағында құрамында хлоропластар бар көптеген жасушалар бар. Олар жарықты сіңіретін хлорофилдерден тұрады. Сөйтіп, фотосинтез деп аталатын процесс арқылы жапырақтар “тамақ фабрикасына” айналады. Ағаш тамыры сіңірген су күрделі “су құбыры” арқылы жапырақтарға барады. Ал жапырақтың астыңғы жағында орналасқан мыңдаған (лептесіктер деп аталатын) майда “қақпақшалар” ашылып-жабылу арқылы көмір қышқыл газын сіңіреді. Жарық — су мен көмір қышқыл газынан көмірсу жасап шығаратын энергия береді. Енді өсімдік өзі жасаған өнімімен қоректене алады. Оның үстіне, бұл “фабрика” әрі шусыз, әрі әдемі. Ол қоршаған ортаны ластамайды, керісінше, қалдық ретінде оттегін шығарады!
22, 23. а) Кейбір құстар мен жануарлардың қандай керемет қасиеттері бар? ә) Әлі қандай сұрақтарды қарастырамыз?
22 Забур 148:10-да: “Аңдар мен барлық жануарлар, бауырымен жорғалаушылар мен қанатты құстар”,— деп айтылады. Көптеген жануарлар мен құстардың керемет қасиеттері бар. Альбатростың бір түрі үлкен қашықтықтарға ұша береді (бір жағдайда не бары 90 күннің ішінде 40 000 шақырым ұшып өткен). Бір кішкентай құс (blackpoll warbler) Солтүстік Америкадан Оңтүстік Америкаға дейін бір қонбастан сексен сағатта ұшып жетеді. Түйе көбісі ойлайтындай суды өркештерінде емес, ас қорыту жүйесінде сақтайтындықтан, ұзақ уақыт су іздемей жүре береді. Сондықтан инженерлер әр түрлі машиналар мен жаңа материалдар құрастырғанда, жануарлар әлемін мұқият зерттейтіні таңғалдырмайды. “Егер жақсы жұмыс істейтін... әрі қоршаған ортаға зияны жоқ бір нәрсе жасағыңыз келсе,— дейді Гейл Клир атты жазушы,— сіз оның жақсы үлгісін табиғаттың бір жерінен тауып қаларсыз”.
23 Иә, шынында да, жаратылыс Құдайдың ұлылығын паш етеді! Жұлдызды аспаннан бастап өсімдіктер мен жануарларға дейін, бәрі де Жаратушыларын өздерінше мадақтайды. Бірақ біз, адамзат, жайлы не деуге болады? Қалайша біз табиғатпен бірге Құдайды мадақтай аламыз?
Естеріңде ме?
• Неге Құдайдың бар екенін мойындамайтындар сылтаурата алмайды?
• Қалай жұлдыздар мен планеталар Құдайды мадақтайды?
• Қалай теңіз бен жердегі жануарлар сүйіспеншілігі мол Құдайдың бар екенін дәлелдейді?
• Қалай табиғаттың жансыз күштері Ехобаның еркін орындайды?
[20-беттегі сурет]
Афалина
[21-беттегі сурет]
Қар түйіршігі
[Түпдерек]
snowcrystals.net
[21-беттегі сурет]
Альбатростың балапаны