Құдайды, оның қауымының бір бөлігі ретінде әрбір отбасы мадақтасын
«Тәңірді қауымдарда мадақтаймын» (ЗАБУР 25:12).
1. Шынайы мінажат етудің қандай маңызды бөлігі үй жағдайындағы зерттеу мен дұғаны толықтырады?
Ехобаға мінажат ету дегеніміз — дұға оқып, Киелі кітапты үй жағдайында зерттеу ғана емес, Құдайдың қауымының істеріне араласуды да білдіреді. Ехобаның берген заңын қолдана отырып оның жолымен жүруді үйрету үшін, ежелгі Исраилде «халықты, ер кісілер мен әйелдерді, балаларды» жинаған (Заңды қайталау 31:12; Ешуа Набын 8:35). Егде жастағылар да, «ер балалар мен қыз балалар да» Ехобаның атын мадақтауға шақырылатын (Забур 148:12, 13). Осыған ұқсас нәрселерді мәсіхшілер қауымынан көруге болады. Жер шарындағы барлық Патшалық Сарайларында өтіп жатқан қауым жиналыстарына келетін ерлер, әйелдер және балалардың көпшілігі талқылауға емін-еркін қатысып үлкен қанағат алып жүр (Еврейлерге 10:23—25).
2. а) Қауым жиналысында балалардың іштері пыспауы үшін дайындықтың маңызды болуының себебі не? ә) Кімнің үлгісінің маңызы зор?
2 Балалардың қауым өміріне араласып кетуіне көмектесу үшін көп күш жұмсау керек болуы мүмкін. Ата-аналарымен еріп келген кейбір балалардың жиналыста іштері пысады. Неге? Өйткені балалардың көпшілігі азғантай ғана уақыт зейін қойып тыңдап отыра алады, сосын олар зерігеді. Алайда, бұл мәселені алдын ала жиналысқа дайындалу арқылы шешуге болады. Егер дайындық болмаса, жиналыста өтіп жатқан нәрселерге балалар толық көңіл қоймайды (Нақыл сөздер 15:23). Өздері қанағат алатындай рухани жетістікке дайындықсыз жету қиын (1 Тімоте 4:12, 15). Не істеуге болады? Біріншіден, ата-аналар өздерінен «мен жиналысқа дайындаламын ба, жоқ па?» деп сұраулары керек. Олардың көрсеткен үлгісінің ықпалы өте күшті (Лұқа 6:40). Отбасымен бірге өткізетін зерттеуді жақсылап жоспарлаған да маңызды рөл атқаруы мүмкін.
Жүректі қалыптастыру
3. Отбасымен бірге зерттеу барысында жүректі қалыптастыру үшін неліктен ерекше күш салу керек және бұл үшін не қажет?
3 Отбасымен бірге зерттеуге бөлінген уақыт басты білімге толтыру үшін емес, ішкі дүниені қалыптастыруға арналуы керек. Ол үшін отбасы мүшелерін мазалап, толғандырып жүрген мәселелерді білу керек және отбасы мүшелерінің әрқайсысына сүйіспеншілікпен қамқорлық жасау керек. Ехоба «жүректің түкпір-түкпірін зерттейді» (1 Шежіре 29:17).
4. а) «Ақыл-парасаты саяз» дегенді қалай түсінуге болады? ә) «Ақылды молайту» үшін не қажет?
4 Біздің балаларымыздың жүрегін мұқият қараған кезде Ехоба не көреді? Олардың көпшілігі Құдайды сүйеміз деп айтады. Әрине, бұл мақтауға тұрады. Дегенмен, кімде-кім жас немесе Ехоба туралы жақында ғана біле бастаған болса, оның тәжірибесі аз. Тәжірибесі жеткіліксіз болғандықтан, Киелі кітаптың сөзімен айтқанда, оның «ақыл-парасаты саяз». Мүмкін оның ниеті барлық уақытта бірдей жаман емес шығар, бірақ ішкі дүниесі Ехобаға ұнайтындай жағдайға жеткенге дейін уақыт керек. Ол үшін өмірге деген көзқарасын, көкейіндегі нәрсені, бір нәрсеге бейімділігін, сезімін және алға қойған мақсатын Құдай мақұлдайтындай етіп, кемелсіз адамдарға мүмкін дәрежеге дейін жеткізуі керек. Кімде-кім өзінің жан дүниесін осындай жолмен қалыпқа келтіретін болса — «ақылын молайтады» (Нақыл сөздер 9:4; 19:8).
5, 6. Балалары «ақылын молайтуы» үшін ата-аналары қалай жәрдем бере алады?
5 Балалары «ақылын молайтуы» үшін ата-аналары жәрдем бере алады ма? Ешкім біреудің жан дүниесін өзгертіп, жақсарта алмайды. Әркімнің қалау еркі бар және көп нәрсе біздің қандай ойға жол бергенімізге байланысты. Бірақ ықылас қойып баланың ойындағы нәрселерді әрдайым сұрап біліп отыру арқылы, ата-аналары олардың көкейінде не жатқанын және қандай көмек беру керек екендігін біле алады. Оларға мынадай сұрақтар қойыңдар: бұл туралы сен не ойлайсың? Шын мәнінде сенің не істегің келер еді? Сосын жауабын мұқият тыңдаңдар. Айтылған нәрсеге шектен тыс қаталдықпен қарамаңдар (Нақыл сөздер 20:5). Баланың жүрегіне жеткізу үшін, оны түсінгеннің және оған мейірімділік пен сүйіспеншілік көрсеткеннің маңызы зор.
6 Баланың дұрыс қалыптасуы үшін киелі рухтың жемісі жайлы, оның әр түрлі қыры мен сыры жайлы жиі-жиі айтып отырыңдар және отбасы мүшелерінің осындай қасиеттері болуы үшін жұмыс істеңдер (Ғалаттықтарға 5:22, 23). Сүю керектігі жайлы ғана емес, не себепті біз оларды сүйетіндігімізді және осы сүйіспеншілікті қалай көрсететіндігімізді айта отырып, олардың Ехоба мен Иса Мәсіхке деген сүйіспеншілігін қалыптастырыңдар (2 Қорынттықтарға 5:14, 15). Қандай пайда әкелуі мүмкін екендігін жан-жақты ойлап, дұрыс жүріп-тұруға деген ықылас дамытыңдар. Аяғы неге әкеліп соқтыруы мүмкін екендігін талдай отырып, жаман ойдан, сөзден және жүріс-тұрыстан аулақ жүруді үйретіңдер (Амос 5:15; 3 Жохан 11). Жақсы болса да, жаман болса да ойдың, сөздің және жүріс-тұрыстың Ехобамен қарым-қатынасқа әсер етуі мүмкін екенін көрсетіңдер.
7. Мәселелерді шешкенде және шешім қабылдаған кезде Ехобамен жақын қарым-қатынасын сақтап қалуы үшін балаларға қалай көмектесуге болады?
7 Балаға қиын болғанда немесе оған маңызды шешім қабылдау керек болған кезде, одан былай сұрауға болады: бұған Ехоба қалай қарайды екен, сен қалай ойлайсың? Бұлай деу үшін Ехоба туралы қандай білімге сүйендің? Осы жайлы айтып сен оған дұға еттің бе? Егер кішкентай кезінен бастап осылай тәрбиелейтін болсаңдар, балаға барлық уақытта алдымен Құдайдың еркін білуді, сосын оны орындауды өмірлік ереже етуге көмектесесіңдер. Ехобамен жеке, тығыз қарым-қатынас дамыта отырып, олар оның жолымен жүргеніне қуанатын болады (Забур 118:34, 35). Бұл олардың шын Құдайдың қауымында екендіктеріне ризашылығын оятады.
Қауым кездесулеріне дайындық
8. а) Отбасымен бірге зерттеу барысында қарастыруды қажет ететін сұрақтардың барлығын қамтуға бізге не көмектеседі? ә) Бұндай зерттеудің қаншалықты маңызы бар?
8 Отбасымен бірге зерттеу барысында көп нәрселерге көңіл бөлу керек. Бәрін бірдей қалай ескеруге болады? Барлық мәселені бірден шешу мүмкін емес. Мүмкін, естеріңе салып тұратын тізім жасаған дұрыс деп табарсыңдар (Нақыл сөздер 21:5, Қазіргі заман аудармасы). Тізімге анда-санда қарап, қай сұрақ ерекше көңіл аударуды қажет ететінін шешіңдер. Отбасы мүшелерінің әрбірінің жетістігін сұрап біліп отырыңдар. Отбасымен бірге зерттеу — мәсіхшілердің білім алуының маңызды бөлігі және бүгінгі өміріміз үшін пайдалы әрі бізді болашақтағы мәңгілік өмірге дайындайды (1 Тімоте 4:8).
9. Отбасымен бірге зерттеу барысында қандай мақсаттарға бірте-бірте қол жеткізуге болады?
9 Отбасымен бірге зерттеу барысында жиналысқа дайындаласыңдар ма? Бірге дайындалу арқылы алға қойған мақсаттарға бірте-бірте қол жеткізуге болады. Олардың кейбіреулеріне қол жеткізу үшін апталар, айлар, тіпті жылдар керек болуы мүмкін. Алға қоюға болатын кейбір мақсаттар: 1) отбасының әрбір мүшесі жиналыста өзінің түсінігін айтуға дайын; 2) әрқайсысы түсінігін өз сөзімен айтуға тырысады; 3) түсінік бергенде Жазба орындарын қолданады; 4) материалды өз өмірінде қалай қолдануға болатынын ескере отырып талқылайды. Бұның барлығы адамның шындықты шын жүрегімен қабылдап, оны сүюіне көмектеседі (Забур 24:4, 5).
10. а) Қауым кездесулерінің әрқайсысына қалай көңіл бөле аламыз? ә) Бұл неліктен пайдалы?
10 Отбасымен бірге зерттеу барысында «Күзет мұнарасының» кезекті мақаласына дайындалу сендер үшін әдетке айналған болса да, қауымда өтетін кітап оқу сабағына, теократиялық қызмет мектебіне және қызмет бабымен кездесуіне дайындалу керек екенін ұмытпаңдар. Бұлар да Ехобаның жолымен жүруді үйретуге арналған бағдарламаның маңызды бөліктері. Қауым жиналыстарына ауық-ауық бүкіл отбасымен бірге дайындалуларыңа болады. Осылай істеу арқылы сендер жақсы нәрсені әдетке айналдырасыңдар. Айналып келгенде кездесулердің өзінен талай пайдалы нәрселер алуға болады. Сонымен қатар дайындықтың үздіксіз болғанының қандай пайдасы бар екендігі жайлы және дайындалуға белгілі бір уақытты бөлгеннің маңызды екендігі жайлы әңгімелесіңдер (Ефестіктерге 5:15—17).
11, 12. Қауым кездесуінде айтылатын өлеңді айтуға дайындалғаннан қандай пайда болуы мүмкін және оны қалай іске асыруға болады?
11 «Құдайдың еркіне сай өмір жолы» деген конгресте бізді кездесудің тағы бір бөлігіне — өлең айтуға — дайындалуға шақырған болатын. Сендер осы кеңесті орындап жүрсіңдер ме? Ән — Киелі кітаптың шындығын ақыл-ойымызға қондырып, жүрегімізге ұялатуға көмектеседі, сонымен қатар жиналысқа барғандағы қуанышымызды арттырады.
12 Қауым кездесуінде орындалатын өлеңді жан-тәнімізбен айтуға, бізге, өлеңнің сөздерін алдын ала оқып, оның кейбір сөздерінің мағынасын талқылап, сосын оны айтып дайындалған көмектеседі. Көне Исраилдегі музыкалық аспаптар негізінен табынған кезде қолданылған (1 Шежіре 25:1; Забур 27:7). Сендердің үйлеріңде біреу музыкалық аспапта ойнайды ма? Осы аптада болатын Патшалық жайлы өлеңдердің бірін орындап, бүкіл отбасы болып неге айтып дайындалмасқа? Үн таспасын да қолдануға болады. Кейбір елдердегі біздің бауырластарымыз музыкалық аспаптың сүйемелдеуінсіз-ақ өлеңді жақсы айтады. Олар осы аптада айтылатын өлеңді жол жүрген кезде немесе далада жұмыс істеп жүргенде жиі айтады (Ефестіктерге 5:19).
Уағыздау қызметіне отбасымен бірге дайындық
13, 14. Біздің жан дүниемізді уағыздау қызметіне дайындайтын отбасындағы талқылаулардың маңызды болуының себебі не?
13 Ехоба мен оның мақсаты жайлы басқа адамдарға жариялау — біздің өміріміздің маңызды бөлігі (Ишая 43:10—12; Матай 24:14). Егер қызметке баруға дайындалатын болсақ, жас болсақ та, кәрі болсақ та біз жариялау жұмысынан жанымызға жай табатын боламыз әрі көбірек пайда келтіреміз. Біз отбасымен бірге қалай дайындала аламыз?
14 Кез келген мінажат етуге қатысты жағдайлардағыдай, бұған алдын ала жан дүниемізді дайындағанның маңызы зор. Істегелі жатқан ісімізді ғана емес, неліктен оны істегелі жатқандығымызды да талқылауымыз керек. Жосафат патшаның кезінде Құдайдың заңы арқылы халыққа нұсқау берілген болатын, бірақ халық «әлі... өз жүрегін... толық бұрмаған еді» дейді Киелі кітап. Осылайша, шынайы табынудан бұрып әкетуі мүмкін азғыруларға қарсы тұруға олар дәрменсіз болды (2 Шежіре 20:33; 21:11). Біз уағыздау қызметіне жіберген уақытымыз бен таратылған әдебиет жайлы есеп беру үшін жарияламаймыз. Біздің қызметімізден Ехобаға деген сүйіспеншілік, сондай-ақ өмірді таңдауға мүмкіншілік берілуі керек адамдарға деген сүйіспеншілік көрінуі керек (Еврейлерге 13:15). Бұл қызметте біз «Құдаймен бірге еңбектеспіз» (1 Қорынттықтарға 3:9). Бұл деген нағыз құрмет қой! Қызметке қатысу арқылы біз періштелермен бірлесіп қызмет істейміз (Аян 14:6, 7). Осындай қызметті бізге сеніп тапсырғаны үшін ризашылық дамытуға апта сайын болатын отбасымен бірге зерттеу немесе «Жазбаларды күнделікті талқылау» барысында болатын талқылаулар күшті мүмкіншілік береді.
15. Уағыздау қызметіне отбасымен бірге қай кезде дайындала аламыз?
15 Осы аптадағы уағыздау қызметіне дайындалуға отбасы мүшелеріне көмектесу үшін, отбасымен бірге зерттеу барысында кейде уақыт бөлесіңдер ме? Бұл өте пайдалы болуы мүмкін (2 Тімоте 2:15). Бұндай дайындық қызметімізді маңызды әрі жемісті етеді. Зерттеуге бөлінген уақыттың бәрін кейде дайындыққа жіберуге болады. Бірақ жариялау жұмысының кейбір жақтарын отбасымен бірге зерттеудің аяқ жағындағы қысқаша талқылау кезінде немесе аптаның ішіндегі басқа бір уақытта сендер жиі талқыға сала аласыңдар.
16. Абзацтағы әр қадамның құндылығын талқылаңдар.
16 Мысалы, отбасымен бірге талқылау барысында келесі қадамдарға ерекше назар аударуға болады: 1) қызметте мүмкіншілік туған кезде оқитын Жазба орнымен бірге ұсыну үлгісін дайындап, оны айтып үйрену; 2) әрқайсысының өзінің уағызға арналған сумкасы, Киелі кітабы, қойын дәптері, қаламы немесе қарындашы болуы үшін, және трактаттары мен басқа әдебиеттерінің жақсы күйде болуы үшін жағдай жасау. Бұл жерде керегі сумканың қымбат болғаны емес, оның жақсы күйде болғаны; 3) бейресми түрде қай жерде және қалай уағыздауға болатынын талқылау. Әрбір талқылаудан кейін дайындық кезінде айтылған нәрселерді іс жүзінде қолдана отырып бірге уағыздаңдар. Пайдалы ұсыныстар айтыңдар, бірақ бірден көп кеңес айтуға тырыспаңдар.
17, 18. а) Отбасымен бірге болған дайындық уағыздау қызметін қалай нәтижелі етеді? ә) Уағыздау қызметіне дайындық ретінде апта сайын нені талқылауға болады?
17 Иса Мәсіхтің өзінің ізбасарларына берген тапсырмасының негізгі бөлігі — шәкірттерді дайындау (Матай 28:19, 20). Шәкірт дайындау үшін тек қана уағыздаған аз. Білім беру керек. Отбасымен бірге зерттеудің осы істі нәтижелі орындау үшін көмегі қандай?
18 Кімге қайта оралып баруға болатынын отбасы болып талқылаңдар. Мүмкін адамдардың кейбіреуі әдебиет алған шығар; кейбіреуі әншейін тыңдаған болар. Әлдекімді үйден-үйге жүріп уағыздау кезінде, болмаса базарда немесе мектепте бейресми уағыздаған кезде кездестірген шығарсыңдар. Құдай сөзінің сендерге басшылық жасауына мүмкіншілік беріңдер (Забур 25:9; Езекиел 9:4). Сол аптада кімнің кімге қайта оралып баратынын шешіңдер. Ол адаммен не жайлы сөйлесесіңдер? Отбасындағы талқылаулар отбасының әрбір мүшесінің дайындалуы үшін көмек болады. Білгісі келетін адамдарға оқып бергілерің келген ерекше Жазба орындарын, сондай-ақ «Құдай бізден нені талап етеді?» брошюрасындағы немесе «Мәңгілік өмірге апаратын білім» кітабындағы сәйкес келетін ойларды белгілеңдер. Бір барғанда көп нәрсені талқылаудың қажеті жоқ. Келесі жолы келгенде жауап беретін сұрақ қалдырыңдар. Отбасының әрбір мүшесінің қайта оралып баратын уақыты мен қайта оралып бару мақсатын апта сайын неге бірге жоспарламасқа? Бұл отбасының уағыздау қызметін әлдеқайда жемісті етеді.
Ехобаның жолымен жүруді үйретуді тоқтатпаңдар
19. Ехобаның жолымен жүруді ары қарай жалғастыру үшін отбасы мүшелері не істеу керек және осылай істеуге көмек болатын не?
19 Бұл зұлым дүниеде отағасы болу деген оңай нәрсе емес. Шайтан мен оның жын-перілері Ехобаның қызметкерлерінің рухани жағдайын күл-талқан еткісі келеді (1 Петір 5:8). Оның үстіне бүгін ата-аналарға, әсіресе жалғыз басты әкелер мен аналарға үлкен қысым жасалып жатыр. Істегіміз келген нәрсенің барлығына бірдей уақыт табу қиын. Дегенмен, бастапқы кезде бір-ақ нәрсені орындауға шамамыз келсе де, отбасымен бірге зерттеудің жоспарын бірте-бірте жақсартуға күш салу керек. Жақыныңның Ехобаның жолымен адал жүріп келе жатқанын көрген қандай құрмет! Ехобаға арнаған өмірлік жолы сәтті болуы үшін, отбасы мүшелері қауым жиналысына барғанына және уағыздау қызметіне қатысқанына қуана білулері керек. Бұлай болуы үшін, жан дүниемізді қалыптастыратын және қауым жиналысының жұмыстарының маңыздылығын түсініп қатысуға көмектесетін дайындық керек.
20. Көптеген ата-аналардың 3 Жохан 4-те айтылғандай қуанышқа бөленуіне не көмектеседі?
20 Өзі рухани көмек берген адамдар жайлы елші Жохан: «Рухани балаларымның шындық жолымен жүріп жатқанын естуден артық маған қуаныш жоқ»,— деп жазған (3 Жохан 4). Отбасының осындай қуанышқа бөленуіне отағасының отбасы мүшелерінің әрқайсысына жеке-жеке көрсеткен мейірбандығы мен қамқорлығы, отбасымен бірге зерттеулердің белгілі бір мақсатпен өтуі көмек бола алады. Құдайдың еркіне сай өмір жолына ризашылығын күшейте отырып, ата-аналар өздерінің отбасының өмірдегі ең жақсы жолмен жүруіне көмектеседі (Забур 18:8—12).
Түсіндіре аласыңдар ма?
◻ Қауым кездесуіне дайындықтың балалар үшін маңызды болуының себебі неде?
◻ Балалары «ақылын молайтуы» үшін ата-аналары қалай жәрдем бере алады?
◻ Қауым кездесулерінің барлығына дайындалуға отбасымен бірге зерттегеннің қандай көмегі бар?
◻ Уағыздау қызметін нәтижелі орындауымызға отбасымен бірге болған дайындық қалай көмектеседі?
[30-беттегі сурет]
Отбасымен бірге зерттеу кезінде қауым кездесулеріне дайындалуға болады.
[31-беттегі сурет]
Қауым кездесулерінде орындалатын өлеңді айтуға алдын ала дайындалған пайдалы.