Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылмаңдар
“Мәңгілік өмірге жеткізетін Иеміз Иса Мәсіхтің мейірімділігін күте жүріп, Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылмаңдар” (ЯҺД. 21 ЖД).
1, 2. Ехоба бізді сүйетінін қалай көрсетті және оның сүйіспеншілігінен айырылмау үшін неге біз әрекет етуіміз қажет?
ЕХОБА ҚҰДАЙ бізді сүйетінін талай рет дәлелдеді. Солардың ең салмақтысы төлем құрбандығы екенінде дау жоқ. Оның адамзатқа деген сүйіспеншілігінің зор болғаны соншалық, өзінің сүйікті Ұлын күнәмізді өз мойнына алып, өлу үшін жерге жіберді (Жох. 3:16). Мұны Ехоба біз мәңгі өмір сүріп, сүйіспеншілігіне бөлене беруіміз үшін істеді.
2 Қалай әрекет етпейік, бәрібір Ехоба бізді өз сүйіспеншілігінен айырмайды деп ойлау дұрыс па? Әлбетте, жоқ. Себебі Яһуда 21-тармақта (ЖД): “Мәңгілік өмірге жеткізетін Иеміз Иса Мәсіхтің мейірімділігін күте жүріп, Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылмаңдар”,— деген шақыру жазылған. “Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылмаңдар” деген сөздер біз жасау керек қандай да бір әрекетке нұсқайды. Олай болса, Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылмау үшін не істеуіміз керек?
Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылмау үшін не істеу керек?
3. Әкесінің сүйіспеншілігінен айырылмау үшін Исаға не маңызды болған?
3 Бұл сұрақтың жауабын Исаның өлетін түні айтқан сөздерінен табамыз. Ол: “Менің Әкемнің өсиеттерін орындап, сүйіспеншілігін қабылдап жүргенімдей, сендер де Менің өсиеттерімді орындасаңдар, сүйіспеншілігімді қабылдап жүресіңдер”,— деген (Жох. 15:10). Иса Әкесінің өсиеттерін орындау оның алдында жақсы атқа ие боп қалу үшін маңызды екенін түсінген. Бұл Құдайдың Ұлы үшін маңызды болған болса, кемелсіз адамдар үшін де маңызды емес пе?!
4, 5. а) Ехобаны сүйетінімізді көрсетудің ең басты жолы қандай? ә) Неге Ехобаның өсиеттеріне мойынсұну деген ойдан шошынуға негіз жоқ?
4 Ехобаны сүйетінімізді ең алдымен оған мойынсұну арқылы көрсетеміз. Мұны елші Жохан: “Өсиеттерін орындағанымыз — Құдайды сүйгеніміз; оларды орындау қиын емес”,— деп түсіндірді (Жох. 1-х. 5:3). Бүгінде көп адам мойынсұну деген ойдың өзін ұнатпайды. Алайда “оларды орындау қиын емес” екенін ескеру қажет. Ехоба ешқашан бізден тым ауыр істі талап етпейді.
5 Мысалы, сен жүктің зілдей екенін біле тұра оны жақын досыңа көтерткізер ме едің? Әрине, жоқ. Ехоба адам баласынан әлдеқайда мейірімді және шамамызды ескереді. Киелі кітап бізді: “Топырақтан екеніміз [Құдайдың] есінде”,— деп сендіреді (Заб. 102:14). Ехоба бізден ешқашан қолымыздан келмейтінді талап етпейді. Сондықтан оның өсиеттеріне мойынсұну керек деген ойдан шошынуға негіз жоқ. Қайта, мойынсұну біз үшін көктегі Әкемізге сүйіспеншілігіміздің шынайы екенін және оның сүйіспеншілігінен айырылғымыз келмейтінін дәлелдеудің керемет мүмкіндігі.
Ехоба берген ерекше сый
6, 7. а) Ар-ұждан деген не? ә) Ар-ұжданның Құдай сүйіспеншілігінен айырылмауға қалай көмектесетінін түсіндір.
6 Осы қиын заманда өмір сүріп жатқандықтан, шешімдерімізден Құдай өсиеттерін орындайтынымыз көрінуі қажет. Шешіміміз Құдай еркіне сай келетін-келмейтінін анықтау үшін не істеу керек? Ехоба бізге мойынсұнуға көмектесетін ар-ұждан деген керемет сый берген. Ар-ұждан деген не? Бұл — адамның өз-өзін жете түсіне білу қабілеті. Ол — таңдау жасау кезінде салмақтап-саралауға көмектесетін немесе істеген ісімізді қарастырып, олардың дұрыс не бұрыс, жақсы не жаман екеніне баға беретін ішкі сот (Римдіктерге 2:14, 15 оқы).
7 Ар-ұжданды қалай дұрыс қолдануға болады? Мысал келтірейік. Ен далада келе жатқан жиһанкезге бағыт берер жол да, соқпақ та, белгі де жоқ. Бірақ ол беттеген жеріне жаңылмай бара жатыр. Қалайша? Компастың көмегімен. Оның төрт негізгі бағытты көрсететін белгісі және әрқашан солтүстікке қарай бағытталып тұратын магниттік тілі бар. Компассыз жиһанкез адасып, мүлдем басқа жаққа кетіп қалар еді. Ар-ұждан болмаса, адам да моральға, әдептілік пен әділдікке қатысты мәселелерде дұрыс бағыттан ауытқып, адасар еді.
8, 9. а) Ар-ұжданның қандай шектеулі мүмкіндігін ұмытпау керек? ә) Ар-ұжданымыз сенім артатындай болу үшін не істей аламыз?
8 Алайда компас сияқты ар-ұжданның да мүмкіндігі шектеулі. Жиһанкез компастың қасына магнит қойса, тілі солтүстіктен ауытқып кетеді. Біз жүрек қалауына ерік берсек, осындай жағдайға ұшыраймыз. Себебі өзімшіл бейімділіктер ар-ұжданды бұзады. Киелі кітап бізді: “Бәрінен де адам жүрегі құрық бойламас қулыққа толы болады және мүлде бұзылатын да сол”,— деп ескертеді (Ерм. 17:9; Нақ. с. 4:23). Оның үстіне, жиһанкезде тура әрі сенімді карта болмаса, компастың оған тигізер пайдасы шамалы. Құдай Сөзіндегі сенімді басшылыққа жүгінбесек, ар-ұжданның да бізге тигізер пайдасы шамалы болады (Заб. 118:105). Өкінішке қарай, дүниеде көп адам жүрек қалауларына берілгендіктен, Құдай Сөзіндегі нормаларға мән бермейді, тіпті мүлдем елемейді (Ефестіктерге 4:17—19 оқы). Сондықтан адамдар туа біткен ар-ұжданы бола тұра, зұлым істер жасайды (Тім. 1-х. 4:2).
9 Ал бізге зұлымдықтан аулақ болуға бел буу керек. Ар-ұжданымызға сенім арта алу үшін, Құдай Сөзінің оны тәрбиелеп, үйрете беруіне жол берейік. Өзімшілдікке бой алдырмай, Киелі кітап принциптері бойынша тәрбиеленген ар-ұжданымызды тыңдаған жөн. Сонымен қатар сүйікті бауырластарымыздың да ар-ұжданына құрметпен қарауды үйренуіміз қажет. Олардың ар-ұждандары біздікінен сезімтал болуы мүмкін екенін есте ұстай отырып, сенімдеріне нұқсан келтірмеуге тырысамыз (Қор. 1-х. 8:12; Қор. 2-х. 4:2; Пет. 1-х. 3:16).
10. Өмірдің қандай үш саласын қарастырамыз?
10 Ехобаға мойынсұну арқылы оны сүйетінімізді өмірдің қандай үш саласында көрсете алатынымызды қарастырайық. Әрине, олардың әрқайсында ар-ұжданның маңызы зор. Алайда ар-ұжданға ең алдымен Киелі кітаптың жүріс-тұрысқа қатысты нормалары әсер ету керек. Ехобаға мойынсұнып, сүйіспеншілік танытудың үш жолы бар: 1) Ехоба сүйетін адамдарды сүю; 2) билігі барларға құрмет көрсету; 3) Құдайдың алдында таза жүруге тырысу.
Ехоба сүйетін адамдарды сүй
11. Неге Ехоба сүйетін адамдарды сүюіміз керек?
11 Ең алдымен, біз Ехоба сүйетін адамдарды сүюіміз керек. Адамдармен араласқанда біз сорғыш сияқты жақсыны да, жаманды да тез қабылдауға бейімбіз. Жаратушымыз кемелсіз адамдарға араласатын ортасының қаншалықты қауіпті немесе қаншалықты пайдалы болатынын жақсы біледі. Сондықтан ол: “Данамен жолдас болған дана болар, Наданмен жолдас болған бұзылар”,— деген жақсы кеңес береді (Нақ. с. 13:20; Қор. 1-х. 15:33). Әрине, біз ‘бұзылғымыз’ келмейді, қайта, “дана” болуды қалаймыз. Ехобаның даналығына ешкім даналық қоса алмайды және оны ешкім бұза алмайды. Сонда да ол бізге араласатын адамдарды таңдауда керемет үлгі көрсеткен. Ехоба қандай кемелсіз адамдарды дос етіп таңдағанына көңіл бөлейікші.
12. Ехоба дос етіп қандай адамдарды таңдаған?
12 Ехоба рубасы Ыбырайымды “досым” деп атаған (Ишая 41:8 сілт.). Ол Құдайды қастерлейтін және адалдық, әділдік және мойынсұнғыштық сынды қасиеттермен ерекшеленген адам еді (Жақ. 2:21—23). Ехоба осындай адамдармен достасқан, қазір де солай. Құдайдың өзі жақсы дос таңдаған болса, данамен жүріп дана болғысы келетін біздер үшін дұрыс таңдау жасау әлдеқайда маңызды емес пе?!
13. Жақсы дос таңдауға саған не көмектеседі?
13 Дос таңдауда қалай дұрыс шешім қабылдай аламыз? Киелі кітапта жазылған мысалдарды қарастырудың көп көмегі бар. Рут пен енесі Нағиманың, Дәуіт пен Жонатанның және Тімоте мен Пауылдың достықтары жайлы ойлап көрші (Рут 1:16, 17; Пат. 1-ж. 23:16—18; Філіп. 2:19—22). Олардың достығын нығайтқан ең негізгі жайт — Ехобаға деген шынайы сүйіспеншілік. Сен де Ехобаны өзің сияқты жақсы көретін достар таба аласың ба? Әрине, себебі мәсіхшілер қауымы лайықты дос бола алатын адамдарға толы. Олар сенің рухани күйіңді бұзбайды. Қайта, Ехобаға мойынсұнуға, рухани өсуге және киелі рух әсер ететіндей өмір сүруге көмектеседі (Ғалаттықтарға 6:7, 8 оқы). Сондай-ақ олар сені Құдай сүйіспеншілігінен айырылмауға талпындырады.
Билігі барларды құрметте
14. Неге кейде билігі барларды құрметтеу қиын?
14 Ехобаны сүйетінімізді көрсетудің екінші жолы — билігі барларды құрметтеу. Неге бұл кейде қиынға соғады? Мұның бір себебі — билігі бар адамдар кемелсіз. Оның үстіне, өзіміз де кемелсізбіз әрі туа біткен бүлікшілдік рухымен күресудеміз.
15, 16. а) Ехоба халқын қамқорлауды тапсырған адамдарды құрметтеу неге маңызды? ә) Исраилдіктердің Мұсаға қарсы бүліктерін Ехоба қалай қабылдады және бұдан қандай сабақ аламыз?
15 “Сонша қиын болса, неге билікті құрметтеу керек?” деп сұрайтын шығарсың. Мұның жауабы бүкіләлемдік билік мәселесімен байланысты. Әміршің әрі билеушің етіп кімді таңдайсың? Егер Ехобаның Әміршіміз екенін мойындасақ, оның билігін құрметтеуіміз керек. Ал құрметтемейтін болсақ, оны Әміршіміз деп қалай атаймыз? Оның үстіне, ол кемелсіз адамдарға халқын қамқорлау жауапкершілігін жүктеп, солар арқылы өз билігін жүзеге асыруда. Осы адамдарға қарсы шыққанымызды Ехоба қалай қабылдайды? (Салоникалықтарға 1-хат 5:12, 13 оқы).
16 Мысалы, исраилдіктер күңкілдеп Мұсаға қарсы бүлік шығарғанда, Ехоба мұны өзіне қарсы бүлік деп қабылдаған (Ру. сан. 14:26, 27). Ехоба өзгерген жоқ. Сондықтан өзі билік берген адамдарға қарсы шыққанымызды ол өзіне қарсы шыққан деп қабылдайды.
17. Мәсіхшілер қауымында жауапкершілік жүктелгендерге қатысты қандай дұрыс көзқарас дамыту керек?
17 Елші Пауыл мәсіхшілер қауымында жауапкершілік жүктелгендерге қатысты дұрыс көзқарас дамыту керектігіне назар аударып: “Жетекшілеріңе мойынсұнып, айтқандарын тыңдаңдар. Олар ұдайы рухани өмірлеріңнің қамын жеп, сол қызметтері туралы есеп беруге тиісті. Мұны қинала емес, қуана атқарулары үшін оларға бағыныңдар. Олай етпесеңдер, өздерің зиян көресіңдер”,— деді (Евр. 13:17). Әрине, мойынсұнушылық рухын дамыту көп күш салуды талап етеді. Әйтсе де бұған Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылмау үшін тырысатынымызды ұмытпа. Ал бұл бар күшімізді салуға тұрарлық мақсат емес пе?!
Ехобаның алдында таза жүр
18. Неліктен Ехоба біздің таза жүргенімізді қалайды?
18 Ехобаны сүйетінімізді көрсетудің үшінші жолы — оның алдында таза жүру. Ата-аналар балалары таза жүрулері үшін көп қам жейді. Неліктен? Біріншіден, бұл баланың денсаулығы үшін маңызды. Сонымен қатар баланың таза жүргені ата-анасының сүюші әрі қамқор екенін көрсетеді. Осындай себептермен Ехоба да біздің таза болғанымызды қалайды. Ол тазалықтың бізге пайдалы екенін біледі. Сондай-ақ таза жүру арқылы көктегі Әкеміздің қандай екенін көрсетеміз. Бұл өте маңызды, себебі біздің осы лас дүниеден бөлек екенімізді байқаған көп адам Құдайға жақындауы мүмкін.
19. Тазалықтың маңызды екенін қайдан білеміз?
19 Біз өмірдің қай саласында тазалық сақтауымыз керек? Барлық саласында. Ехоба ежелгі исраилдіктерге тазалық сақтаудың маңызды екенін анық айтқан (Леуі. 15:31). Мұсаның заңында нәжісті көму, ыдыстарды тазалау және қол-аяқ пен киім-кешекті жууға қатысты нұсқаулар берілген (Мыс. ш. 30:17—21; Леуі. 11:32; Ру. сан. 19:17—20; Заң. қ. 23:13, 14). Ехоба исраилдіктерге: “Мен — Жаратушымын, сендердің Құдайларыңмын: тазарыңдар да, қасиетке бөленіңдер, себебі, Мен қасиеттімін”,— деген. Демек, қасиетті Құдайдың қызметшілері де қасиетті, яғни таза болуы тиіс (Леуі. 11:44, 45).
20. Қандай салаларда тазалық сақтауымыз керек?
20 Біздің сыртымыз қандай таза болса, ішіміз де сондай таза болуы қажет. Мысалы, біз ойымызды таза сақтауға тырысамыз. Айналамыздағы адамдар азғындыққа беріліп жатса да, біз Ехобаның моральдық тазалыққа қатысты нормаларын берік ұстанамыз. Ең маңыздысы — жалған діннің кез келген ықпалынан аулақ жүріп, ғибадатта тазалық сақтаймыз. Киелі рухтың жетелеуімен жазылған Ишая 52:11-де: “Шығыңдар қоқыс ішінен; арам дүниелерге қолдарыңды тигізбеңдер; Жаратушы Иенің пенделері сол ортадан шығыңдар да, өздеріңді тазартыңдар!”— деген ескертуді әрқашан есте ұстаймыз. Бүгінде біз көктегі Әкеміз лас деп есептейтін істерге араласпай, рухани таза жүруге тырысамыз. Сондықтан біз жалған діндердің осы дүниеде кең тараған мерекелеріне қатыспаймыз. Оңай болмаса да, Ехобаның халқы тазалық сақтауға барынша тырысады. Себебі бұл оларға Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылмауға көмектеседі.
21. Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылмайтынымызға сенімді болу үшін не істеу қажет?
21 Ехоба өзінің сүйіспеншілігінен мәңгі бақи айырылмағанымызды қалайды. Сол үшін әрқайсымыз өз тарапымыздан қолдан келгеннің бәрін істеп жүргенімізге сенімді болуымыз керек. Бұл үшін Исаның үлгісіне еліктейміз және Ехобаны сүйетінімізді оның өсиеттерін орындаумен көрсетеміз. Сонда ‘ешбір нәрсе бізді Құдайдың Иеміз Иса Мәсіх арқылы көрсетіп жүрген сүйіспеншілігінен айыра алмайды!’ (Рим. 8:38, 39).
Естеріңде ме?
• Ар-ұжданымыз Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылмауға қалай көмектеседі?
• Ехоба сүйетіндерді біз неге сүюіміз керек?
• Неге билігі барларды құрметтеу маңызды?
• Құдай халқының таза жүргені қаншалықты маңызды?
[20-беттегі сурет/қоршау]
ЖҮРІС-ТҰРЫСТЫҢ ЖАҚСЫ БОЛУЫНА СЕПТІГІН ТИГІЗЕТІН ӘДЕБИЕТ
2008—2009 жылдар аралығында өткен облыстық конгресс бағдарламасында “Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылмаңдар” атты 224 беттік кітаптың шыққаны жарияланды. Бұл жаңа кітаптың мақсаты қандай? Ол мәсіхшілерге лайықты жүріс-тұрысқа баса назар аудара отырып, Ехобаның нормаларын білуге және сүюге көмектеседі. “Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылмаңдар” кітабын мұқият зерттегеніміз Ехобаның нормаларын ұстанып өмір сүру бүгінде ең жақсы өмір жолы екеніне және болашақта мәңгілік өмірге жеткізетініне сенімімізді күшейтеді.
Оның үстіне, бұл кітап Ехобаға мойынсұну ауыртпалық емес, қайта, оны қатты сүйетінімізді көрсетудің мүмкіндігі екенін түсінуге көмектеседі. Сондықтан бұл кітап бізді Ехобаға не үшін мойынсұнып жүргенімізді тексеруге талпындырады.
Кейбіреулер Киелі кітап ілімін түсінбегендіктен емес, жүріс-тұрысы лайықсыз болғандықтан өздерін Ехобаның сүйіспеншілігінен айырып жатады. Олай болса, күнделікті өмірге басшылық беретін Ехобаның заңдары мен принциптерін жақсы көру және бағалай түсу қаншалықты маңызды десеңші! Бұл жаңа әдебиет Ехобаның дүниежүзіндегі халқына тура жолдан таймауға, Шайтанның өтірікші екенін дәлелдеуге, ең бастысы, Құдай сүйіспеншілігінен айырылмауға көмектесетініне сенімдіміз! (Яһд. 21).
[18-беттегі сурет]
“Менің Әкемнің өсиеттерін орындап, сүйіспеншілігін қабылдап жүргенімдей, сендер де Менің өсиеттерімді орындасаңдар, сүйіспеншілігімді қабылдап жүресіңдер”