Бүгінде қолдануға тиімді кітап
Бүгінде адамдар әртүрлі кеңестер ұсынатын кітаптарға жиі жүгінеді. Бірақ әдетте олар ескіріп қалады да, қайта өңделіп жатады, я болмаса олардың орнына басқа кітаптар шығады. Ал Киелі кітап жөнінде не деуге болады? Оның жазылып біткеніне шамамен 2000 жыл өтті. Сөйтсе де оған не жақсарту, не жаңарту мақсатымен ешқашан өзгерістер енгізілмеген. Осындай кітап біздің күнімізде тиімді болатын басшылық бере ала ма?
КЕЙБІРЕУЛЕРДІҢ ойынша, бере алмайды. Доктор Илай Чесен Киелі кітапты неге ескірген деп ойлайтынын түсіндіре келе: “Ешкім қазіргі уақытта химия сабағында 1924 жылы шыққан химия оқулығын қолдану керек деп тұрып алмас еді”,— деп жазды1. Бір қарағанда, бұл сөздер қисынды болып көрінер. Адамдар Киелі кітап жазылып біткеннен бері адам баласының жан саулығы мен мінез-құлқы туралы көп нәрсе білді ғой. Ендеше осындай көне кітап қазіргі заманда қалайша тиімді бола алады?
Мәңгі өзгермейтін принциптер
Заман өзгергенмен, адамның негізгі қажеттіліктері сол күйінде қалды. Адамдар сүйіспеншілік пен жылулықты қашан да қажет еткен. Олар өмірлерін бақытты да мағыналы еткісі келген. Сондай-ақ материалдық қиындықтармен күресу, некені бақытты ету және балаларға құлықтылық нормаларын үйрету сияқты мәселелерде басшылық іздеген. Киелі кітапта адам баласының осындай негізгі қажеттіліктерін қанағаттандыруға көмектесетін кеңестер жазылған (Екклесиаст 3:12, 13; Римдіктерге 12:10; Қолостықтарға 3:18—21; Тімотеге 1-хат 6:6—10).
Киелі кітап кеңестерінен адам табиғатының ерекшеліктері ескерілгені көрінеді. Оның бүгінде пайдалы болып отырған ерекше әрі мәңгі өзгермейтін принциптерінің кейбірін қарастырып көрейік.
Некеге қатысты тиімді басшылық
“БҰҰ-ның хроникасында” айтылғандай, жанұя “адамзат қоғамының ең ежелгі, ең негізгі бөлігі әрі ұрпақ жалғастырушы болып табылады”. Алайда отбасының ойран болуы бүгінде жиі кездесетін жайтқа айналды. Аталмыш “Хроникада:” “Бүгінде көптеген жанұялар ауыр қиындықтарға ұшыраудың салдарынан отбасы болудан қалып, тіпті жойылуға шақ қалып отыр”,— деп айтылған2. Отбасын сақтап қалуға Киелі кітап қалайша көмектесе алады?
Алдымен, осы кітапта ерлі-зайыптылардың бір-біріне қалай қарау керектігіне қатысты көптеген кеңес бар екенін айта кеткен жөн. Мысалы, күйеулерге қатысты онда былай делінген: “Жұбайларын өз тәніндей жақсы көру — күйеулердің міндеті. Әйелін сүйген өзін де сүйеді. Ешкім де өз тәнін жек көрмейді, қайта, оған нәр беріп, баптап күтеді” (Ефестіктерге 5:28, 29). Ал әйелдің ‘күйеуін құрметтеуге’ тиіс екендігі айтылған (Ефестіктерге 5:33).
Отбасы мүшелері Киелі кітаптағы осындай кеңестерді қолданса, мұның қандай нәтиже әкелетінін қарастырып көрейік. Әйелін “өз тәніндей” жақсы көретін күйеу оған жеккөрінішпен қарап, қаталдық танытпайды. Ол әйелін ұрмайды, қорлық сөздер де айтпайды және оның сезімін жараламайды. Мұндай күйеу өзін қалай сыйласа, әйелін де дәл солай сыйлайды әрі оның қамын жасайды (Петірдің 1-хаты 3:7). Сондықтан әйелі күйеуінің сүйіспеншілігін сезінеді және оны өзіне тірек санайды. Осылайша күйеуі әйел затына қалай қарау керектігіне қатысты балаларына жақсы үлгі көрсетеді. Ал күйеуін “құрметтейтін” әйел оны үнемі сынап-мінеп не кемсітіп, қадірін түсірмейді. Әйелі күйеуін осылай құрметтейтін болса, күйеуі өзін керекті сезінеді және жұбайының өзіне сенім артып, бағалайтынын білетін болады.
Қазіргі заманда осындай кеңестердің пайдасы зор емес пе? Бір айта кетерлік жайт, бүгінде отбасы өмірін зерттейтін мамандар да осындай тұжырымға келіп отыр. Жанұяларға кеңес беру бағдарламасының бір жетекшісі былай дейді: “Байқауымша, бір-біріне деген сүйіспеншіліктің негізінде қарым-қатынастарын нығайтқан жұбайлардың отбасы берік болады... Отбасындағы осы негізгі қарым-қатынас берік болса, балалар да өздерін қауіпсіздікте сезінетін көрінеді”3.
Киелі кітаптағы некеге қатысты кеңестер көптеген игі ниетті мамандардың кеңесіне қарағанда қашан да анағұрлым пайдалы болып отырған. Жуырда ғана көптеген мамандар неке сәтсіз болған жағдайда ажырасуды мәселенің тез әрі жеңіл шешімі ретінде қарастырды емес пе? Ал бүгін болса олардың көбісі некені мүмкіндігінше сақтап қалуға шақырады. Алайда олар көзқарастарын бірталай отбасы ойран болғаннан кейін ғана өзгертіп отыр.
Ал Киелі кітаптағы некеге қатысты кеңестер сенімді және оларда байсалды көзқарас байқалады. Онда аса ауыр жағдайда ғана ажырасуға болатыны айтылған (Матай 19:9). Ал болмашы себеппен ажырасу айыпталады (Малахи 2:14—16). Неке адалдығын бұзу да Киелі кітапта айыпталады (Еврейлерге 13:4). “Еркек әке-шешесін тастап, әйеліне қосылады, сөйтіп екеуі біртұтас болады”a деген Киелі кітап сөздеріне сай, неке ерлі-зайыптыларға белгілі бір міндеттер жүктейді (Жаратылыс 2:24; Матай 19:5, 6).
Қаншама ғасыр өтсе де, Киелі кітаптағы некеге қатысты кеңестер құндылығын еш жоғалтқан жоқ. Ерлі-зайыптылар бір-біріне сүйіспеншілік пен сый-құрмет көрсетуді ұмытпайтын болса, сондай-ақ некеге ерекше одақ ретінде қарайтын болса, некенің де, бүкіл отбасының да сақталуы әбден мүмкін.
Ата-аналарға арналған тиімді басшылық
Осыдан бірер онжылдық бұрын ғана көп ата-ана бала тәрбиесіне қатысты “жаңа идеялардың” жетегінде болып, “тыйым салуға тыйым салынады”8 деген көзқарасты ұстанған болатын. Олар балаларына шек қоятын болса, бұл олардың жанын жаралауы не мысын басуы мүмкін деп қорықты. Бала тәрбиесімен айналысатын игі ниетті кеңесшілер ата-аналарды балаларына тек жұмсақтықпен ғана жөн сілтеп отыру керек деп үгіттеді. Бірақ қазір көптеген мамандар баланы жөнге салуға қатысты көзқарастарын өзгертіп жатыр, ал абыржыған ата-аналар бұл мәселенің анық-қанығына жеткісі келеді.
Алайда о бастан-ақ Киелі кітап балаларды тәрбиелеуге қатысты анық та дана кеңестер берген. Шамамен 2000 жыл бұрын онда мынадай кеңес жазылған: “Ата-аналар, балаларыңа шектен тыс ұрыспаңдар, керісінше, ақылмен жөн сілтеп, Иемізбен жүргендерге лайықты тәрбиелеңдер!” (Ефестіктерге 6:4). Мұндағы гректің “жөн сілтеу” деп аударылған сөзі “тәрбиелеу, үйрету, нұсқау беруді”9 білдіреді. Киелі кітапта айтылғандай, балаға осылайша жөн сілтеу ата-ананың сүйіспеншілігін көрсетеді (Нақыл сөздер 13:24). Ата-аналар балаларына құлықтылық жағынан нақты бағыт-бағдар беріп отырса және дұрыс пен бұрысты айыра білуді үйрететін болса, олар бақытты болып өседі. Осындай тәрбиенің арқасында балалар ата-анасының қамқорлығын сезінеді, сондай-ақ өздерінің жақсы адам болып өсуін қалайтынын түсінеді.
Алайда ата-аналар өз билігін — “түзу жолға салатын қамшысын” — ешқашан да бұрыс пайдаланбауы керекb (Нақыл сөздер 22:15 Тт; 29:15). Киелі кітап ата-аналарға: “Балаларыңды кейітпеу үшін оларға шектен тыс ұрыспаңдар!”— деп кеңес береді (Қолостықтарға 3:21, сілтемені қараңыз). Сондай-ақ ол жерде баланы ұрып жазалау көп жағдайда ең тиімді әдіс болмайтыны айтылған. Нақыл сөздер 17:10-да былай делінген: “Ақылсызға берген жүз дүреден гөрі Ақылдыға берген бір сөгіс әсерлі”. Сонымен қатар Киелі кітапта бала шалыс қадам баспау үшін оның алдын алуға кеңес беріледі. Заңды қайталау 11:19-дағы сөздер ата-аналарды балаларының бойына моральдық құндылықтарды сіңіру үшін әрбір мүмкіндікті пайдалануға шақырады (Заңды қайталау 6:6, 7-ні де қараңыз).
Ендеше Киелі кітаптың бала тәрбиесіне қатысты бүгінге дейін құндылығын жоғалтпаған кеңесі айдан анық: балаларды сүйіспеншілікпен әрі бірізділікпен тәрбиелеу керек. Мұндай кеңестің шынында да нәтижелі екендігі өмір тәжірибесінен көрініп отырc.
Жікке бөлінушіліктен арылу
Бүгінде адамдар нәсіліне, ұлтына және этностық тобына қарай жікке бөлінеді. Адамдардың өздері жасаған осындай тосқауылдардың кесірінен дүниежүзіндегі соғыстарда қаншама адам жазықсыз құрбан болды. Тарихқа үңілер болсақ, нәсілі мен ұлты әртүрлі еркектер мен әйелдер бір-бірін тең санап, бір-біріне тең дәрежеде құрмет көрсететін күн туады деп сеніммен айта алмаймыз. Африка елінің бір қоғам қайраткері: “Проблеманың шешімі адамның жүрегімен байланысты”,— деген болатын11. Алайда адамның жүрегін өзгерту оңай емес. Сөйтсе де Киелі кітап хабарының қалай адамның жүрегіне әсер етіп, басқаларды өзіндей көруге талпындыратынын қарастырып көрейік.
Киелі кітапта Құдайдың ‘бір адамнан бар ұлттарды таратқаны’ айтылған, сондықтан ешкім де өз нәсілін өзгенікінен жоғары қоя алмайды (Елшілердің істері 17:26). Киелі жазбадан шын мәнінде бір ғана нәсіл бар екені көрінеді. Бұл — бүкіл адамзат отбасы. Киелі кітап бізді ‘Құдайдан үлгі алуға’ шақырады, өйткені ол ‘адамның бет-жүзіне қарамайды. Ол әр ұлттың Өзін қастерлеп, әділетке сай әрекет ететіндерін қабылдайды’ (Ефестіктерге 5:1; Елшілердің істері 10:34, 35). Киелі кітапқа шын көңілден ден қойып, оның ілімдеріне сай өмір сүруге шынымен тырысатын адамдарды осы білім ынтымақшыл болуға талпындырады. Бұл білімнің жүрекке әсер етіп, адамдарды жікке бөлетін жасанды кедергілерді бұзатын құдіреті бар. Бір мысал қарастырайық.
Гитлер бүкіл Еуропада соғыс жүргізіп жатқанда, адамдардың бір тобы — Ехоба куәгерлері — жазықсыз адамдарды қырудан үзілді-кесілді бас тартты. Олар басқа адамдарға ешқашан да ‘қару көтермес’ еді. Олар Құдайға ұнамды болғысы келгендіктен осылай етуді шешті (Ишая 2:3, 4; Миха 4:3, 5). Ехоба куәгерлері Киелі кітаптағы ешбір ұлттың не нәсілдің екіншісінен артықшылығы жоқ деген сөздеріне шын жүректен сенетін (Ғалаттықтарға 3:28). Бейбітсүйгіш болғандықтан, олар концлагерлерге алғаш түскендердің бірі болды (Римдіктерге 12:18).
Алайда Киелі кітап ілімдерін ұстанамыз деушілердің барлығы бұлай әрекет етпеді. Екінші дүниежүзілік соғыс біткеннен кейін көп ұзамай, немістің протестанттық діни қызметкері Мартин Нимеллер былай деп жазды: “[Соғыс] үшін Құдайды кінәлағысы келетін адам Құдай Сөзін білмейді не оны білгісі келмейді... Христиан шіркеулері соғысқа, әскерге және қару-жараққа батасын беруге әрдайым әзір болды және... тіпті жауларының соғыста қырылып кетуін тілеп дұға етуімен мәсіхшілерге жат қылық көрсетті. Бұл — біздің және біздің әкелеріміздің кінәсі. Ал Құдайдың бұған еш қатысы жоқ. Біз, бүгінгі христиандар, Киелі кітаптың ынталы зерттеушілері [Ехоба куәгерлері] деп аталған сектаның алдында ұятты болдық. Олар әскерге бармай, адамдарға оқ атудан бас тартқандары үшін жүздеп, мыңдап концлагерлерге қамалып, [тіпті] өліп кетті”12.
Осы күнге дейін өздерінің біртұтас бауырластығымен танымал болып келген Ехоба куәгерлері арабтар мен еврейлерді, хорваттар мен сербтерді, хуту мен тутси тайпаларын біріктіріп отыр. Алайда Куәгерлер мұндай бірлікке басқалардан артық болғандықтан емес, Киелі кітап хабары қозғау салғандықтан қол жеткізіп отырғанын ашық мойындайды (Салониқалықтарға 1-хат 2:13).
Жан саулығын сақтауға көмектесетін тиімді кеңестер
Адамның тән саулығына оның жан саулығы айтарлықтай әсер етеді. Мысалы, ғылыми зерттеулердің нәтижесінде ашудың қаншалықты зиян екені анықталды. Адамның мінез-құлқын зерттеуші (Дьюк университетінің медицина орталығы) д-р Редфорд Уильямс пен әйелі Вирджиния Уильямс өздерінің “Ашу өлімге әкеледі” деген кітабында: “Қолда бар айғақтардың көбісі ызақор адамның әртүрлі себеппен, мысалы, достары аз болғандықтан, ашуланғанда ағзадағы процестер тез жүргендіктен не зиянды әдеттерге шектен тыс берілгендіктен, жүрек ауруына (сондай-ақ басқа да ауруларға) шалдығуы әбден мүмкін екенін көрсетеді”,— деп жазған болатын13.
Осындай ғылыми зерттеулер жасалмай тұрып, Киелі кітапта мыңдаған жыл бұрын адамның эмоциялық күйі мен денсаулығының арасында қандай байланыс бар екені қарапайым да анық етіп жазылған болатын: “Жан тыныштығы ғұмырды ұзартар, ал қызғаныш денеге жара салар” (Нақыл сөздер 14:30; 17:22). Сондай-ақ онда “Ашуыңды бас та, долылығыңды тоқтат”, “Асығыстық жасап, бойыңды ашу-ызаға алдырма” деген дана кеңестер бар (Забур 36:8; Екклесиаст 7:9).
Киелі кітапта ашуды жүгендеуге қатысты да дана кеңестер жазылған. Мысалы, Нақыл сөздер 19:11-де: “Даналығы адамға сабыр сыйлар, қатені кешіру оған құрмет болар”,— делінген. “Даналық” деп аударылған еврей сөзі бір нәрсенің “себебін білу” дегенге нұсқайтын етістіктен шыққан14. Бұдан шығатыны: “Ойланып барып әрекет ет”. Адам басқалардың сөзі мен іс-әрекетіне не түрткі болғанын түсінуге тырысса, бұл оған шыдамдырақ болып, ашуға тез берілмеуге көмектеседі (Нақыл сөздер 14:29).
Қолостықтарға 3:13-те тағы бір пайдалы кеңес жазылған: ‘Өзара төзімді, кешірімді болыңдар’. Өмірде ашуымызды келтіретін кішігірім жайттар жиі болып тұрады. ‘Өзара төзімді болыңдар’ деген сөздер басқалардың бізге ұнамсыз қылықтарына шыдамдылықпен қарауды, ал “кешіру” реніш сақтамауды білдіреді. Реніш сақтап жүре бергеннен гөрі, одан арылған дұрыс, кек сақтағанымыз өзімізге зиян. (“Адамдармен жақсы қарым-қатынаста болуға көмектесетін тиімді кеңестер” қоршауын қараңыз).
Бүгінде кеңес табу оп-оңай. Бірақ Киелі кітаптағы кеңестерге тең келері жоқ. Олар жай ғана теория емес және бізге ешбір зияндық әкелмейді де. Ондағы дана сөздерге “мейлінше сенім артуға” болады (Забур 93:5 ЖД). Оның үстіне, Киелі кітаптың кеңестері құндылығын ешқашан жоғалтпайды. Киелі кітаптың жазылып біткеніне 2000 жылға жуық уақыт өтсе де, оның кеңестері біздің күнімізде де тиімді. Олар қай елде тұратынымызға не нәсілімізге қарамастан, барлығымыз үшін де пайдалы. Сонымен қатар Киелі кітап адамды жақсы жаққа өзгерте алатын құдіретке ие (Еврейлерге 4:12). Сондықтан Киелі кітапты оқып, оның принциптерін қолданатын болсаңыз, сіздің де өміріңіз жақсара түседі.
[Сілтемелер]
a Мұндағы “қосылу” деп аударылған еврейдің дава́к сөзі “біреуге адалдық танытып және ыстық ықылас білдіріп жабысуды білдіреді”4. Матай 19:5-тегі “қосылу” деп аударылған грек сөзі “желімдеу”, “цементтеу”, “берік қосылу” дегенді білдіретін сөзбен мағыналас5.
b Киелі кітап жазылған заманда “қамшы” деген сөз (еврейше ше́вет) қойшы қолданатын “шыбықты” немесе “таяқты” білдіретін10. Мұнда айтылған ата-ананың билік қамшысы қатыгездік көрсетуге емес, сүйіспеншілікпен жөн сілтеуге нұсқайды (Забур 22:4 салыстырыңыз).
c Күзет мұнарасы қоғамы (Нью-Йорк) басып шығарған “Отбасы бақытының сыры” кітабындағы “Баланы нәресте күнінен тәрбиелеңдер”, “Жасөспірімнің дұрыс қалыптасуына жәрдем беріңдер”, “Үйде бүлікші бар ма?”, “Отбасын жаман әсерлерден қорғаңдар” деген тарауларды қараңыз.
[24-беттегі сөздер]
Киелі кітапта отбасына қатысты анық та дана кеңестер бар
[23-беттегі қоршау]
Бақытты отбасыларына тән ерекшеліктер
Бірнеше жыл бұрын бір педагог әрі отбасы мәселелерімен айналысатын маман үлкен көлемде сауалнама жүргізген болатын. Ол отбасы мәселелерімен айналысатын 500-ден аса маманнан бақытты отбасыларына тән өздері байқаған ерекшеліктерді атауды өтінді. Бір қызығы, жиі байқалатын ерекшеліктердің арасында Киелі кітапта көптеген ғасыр бұрын жазылған жайттар да бар болып шықты.
Үй-ішіндегілермен жақсылап әңгімелесу және келіспеушіліктерді шешудің тиімді жолдары мамандар атаған ерекшеліктердің алғашқылары болды. Сауалнаманы жүргізген маманның айтуынша, бақытты отбасылары “ешкім татуласпайынша ұйқыға жатпайды” деген қағиданы ұстанады6. Осыдан шамамен 2000 жыл бұрын Киелі кітапта: “Ашуланғанда, күнә жасамаңдар... күн батпай тұрып, ашуларыңды басыңдар”,— деген кеңес жазылған болатын (Ефестіктерге 4:26). Киелі кітап жазылған заманда күн батқан кезде келесі күн басталатын. Осылайша Киелі кітапта ұзақ уақыт бұрын, мамандар отбасы проблемаларымен әлі айналыспай тұрғанда-ақ, “келіспеушіліктерді лезде — күн аяқталып, келесі күн басталғанша — шешіп ал” деген дана кеңес жазылған.
Бақытты отбасылары “дәл кетер алдында не жатар алдында жанжал тудырады-ау деген мәселелерді қозғамайды,— деді автор.— Мен олардан “әр нәрсе өз уақытында” деген сөздерді жиі естідім”7. Осылайша олар өздері аңдамай 2700 жылдан аса уақыт бұрын “Орнымен айтылған сөз күміс табаққа Салынған алтын алмадай тамаша” деген Киелі кітап сөздерін айтқан болатын (Нақыл сөздер 15:23; 25:11). Бұл жердегі салыстыру өрнегі бар күміс ыдысқа әшекей ретінде қойылған алтын алмаларды еске салады. Киелі кітап жазылған заманда бұл қымбат әрі әдемі бұйым болған. Бұл орнымен айтылған сөздің қаншалықты әдемі әрі бағалы екенін көрсетеді. Әсіресе жағдай шиеленіскен кезде орнымен сөйлей білгенге не жетсін! (Нақыл сөздер 10:19).
[26-беттегі қоршау]
Адамдармен жақсы қарым-қатынаста болуға көмектесетін тиімді кеңестер
“Ашуланғанда күнә жасамаңдар, Төсекте ойланып-толғаныңдар, Жүрек түкпірін тексеріп, тынығыңдар [“тынышталыңдар”, Тт]!” (Забур 4:5). Көп жағдайда, көңіл қоюға тұрмайтын мәселелерге келгенде, үндемей-ақ қойған жөн. Осылайша ұрыс-керістің алдын алуға болады.
“Мылжың тілімен семсердей шағар, Дана тілімен жан жарасын сауықтырар” (Нақыл сөздер 12:18). Негізінде, ойланып барып сөйлеген дұрыс. Ойланбай айтылған сөз өзгенің жанын жаралап, достық қарым-қатынасты бұзуы мүмкін.
“Жәбір сөз ашу туғызар, Биязы жауап ашуды басар” (Нақыл сөздер 15:1). Биязы жауап қату үшін ұстамды болу керек. Бұндай жауап жағдайды ушықтырмай, татулықты сақтауға септігін тигізеді.
“Басталған ұрыс тасқын суға ұқсас, Жанжал қызбай тұрып, дауды бас” (Нақыл сөздер 17:14). Өз-өзіңді ұстай алмай қалатындай күйге жетпес бұрын, жанжал тудырмай кетіп қал.
“Көңілің ренжуге асықпасын; өйткені реніш ақымақтардың жүрегінде ұялайды” (Екклесиаст 7:9 ЖД). Әдетте сезім іс-әрекетке ұласады. Тез ренжігіш адам ақымақ, өйткені ол ойланбай сөйлеуі не өрескел қылық жасап қоюы мүмкін.
[25-беттегі сурет]
Ехоба куәгерлері концлагерге алғаш түскендердің бірі болды