“Үнемі менің жолыммен жүріңдер”
“Ол сендерді сол үшін де шақырды. Мәсіхтің Өзі бізге бола азап шегіп, үлгі қалдырды, сондықтан Оның ізімен жүруіміз керек” (1 ПЕТІР 2:21).
1, 2. Неліктен оқытуға қатысты Исаның кемелді үлгісіне еліктеуіміз мүмкін емес дей алмаймыз?
ИСА МӘСІХ дүние жүзіндегі ең ұлы Ұстаз болған. Сонымен қатар ол кемелді болған әрі ешбір күнә жасамаған (1 Петір 2:22). Бұл біз кемелсіз болғандықтан, өзгелерді оқытуда Исаның үлгісіне еліктеуіміз мүмкін емес дегенді білдіреді ме? Тіпті де олай емес.
2 Алдыңғы мақаладан көргеніміздей, Исаның оқыту шеберлігі сүйіспеншілікке негізделген болатын. Ал сүйіспеншілікті дамытуға бәріміздің де шамамыз жетеді. Құдай Сөзі бізді өзгелерге деген сүйіспеншілігімізді арттырып, нығайта түсуге шақырады (Філіпіліктерге 1:9; Қолостықтарға 3:14). Ехоба ешқашан да өзінің жаратылыстарынан олардың шамасы жетпейтін нәрсені талап етпейді. “Құдай — сүйіспеншілік” болғандықтан әрі бізді өзіне ұқсас етіп жаратқандықтан да, бізді сүйіспеншілік танытуға қабілетті етті деп айтуға болады (1 Жохан 4:8; Жаратылыс 1:27). Сондықтан да осы мақала негізделген тармақтағы елші Петірдің сөздерін оқығанда, осы сөздерге сай іс-әрекет жасай алатындығымызға күмәнданбасақ та болады. Біз Мәсіхтің ізімен тура жүре аламыз. Оның: “Үнемі менің жолыммен жүріңдер”,— деген бұйрығына құлақ аса аламыз (Лұқа 9:23, ЖД). Исаның сүйіспеншілігіне қалай еліктей алатынымызды қарастырайық; алдымен оның Құдайдың бүкіл шындығына деген сүйіспеншілігін, сонан соң өзі тәлім берген адамдарына деген сүйіспеншілігін қарастырамыз.
Оқып біліп жатқан шындығымызға деген сүйіспеншілігімізді дамыта аламыз
3. Неліктен кейбіреулерге оқып білу қиыншылық тудырады, алайда Нақыл сөздердің 2:1—5 дейінгі тармақтары неге шақырады?
3 Өзгелерге үйретіп жатқан бүкіл шындықты жақсы көру үшін, алдымен өзіміз мұндай шындықтарды оқып білуді жақсы көруіміз керек. Бүгінгі өмірде мұны істеу оңай емес. Мектепте алған білімдерінің төмендігінен, сондай-ақ жас кезінде қалыптасып қалған жаман әдеттерінің нәтижесінде, көп адамдар оқып зерттегенді ұната бермейді. Алайда Ехобадан тәлім алу — біз үшін өте маңызды. Нақыл сөздердің 2:1—5 дейінгі тармақтарында былай делінген: “Ұлым менің! Егер менің сөздерімді қабыл алып, өсиеттерімді сақтасаң, сөйтіп даналықты мұқият тыңдап, ой жүгіртуге жүрегіңді бұрсаң; егер білімді шақырып, даналыққа үн қатсаң; егер оны күміс іздегендей іздейтін болсаң және қазынаны іздегендей ізденетін болсаң, Тәңірдің алдындағы қорқынышты жете түсініп, Құдай туралы білімді табасың”.
4. Жүрегіңді “бұру” деген нені білдіреді және бұған қандай көзқарас көмектеседі?
4 Мынаған назар аударайықшы: 1—4 дейінгі тармақтарда білімді тек “қабыл алып”, “сақтауға” ғана емес, сондай-ақ “іздеп”, “ізденуге” күш салуға шақырады. Алайда бұлай етуімізге не нәрсе талпындыруы керек? “Ой жүгіртуге жүрегіңді бұрсаң” деген тіркеске көңіл қояйықшы. Бұл жөнінде бір сөздікте “бұл жай мұқият болуға ғана шақыру емес; жүрегімізді ілімдерді қабылдай білуге дайындаудың талабы, яғни білімді түсінудегі ерекше зеректік” делінген. Ехобаның үйреткендерін қабылдай білуімізге не көмектеседі? Оларға деген көзқарасымыз. “Құдай туралы білімді” “күміс” пен “қазына” деп қарастыруымыз керек.
5, 6. а) Уақыт өте келе, қандай өзгеріс болуы мүмкін және қалайша оның алдын алуымызға болады? ә) Неліктен Киелі кітаптан тапқан білім қазынасын көбейте беруіміз керек?
5 Мұндай көзқарасқа ие болу қиын емес. Мысалы, сен алған “Құдай туралы білімнің” ішінде Ехобаның адал адамдар жер бетіндегі Жұмақта мәңгі өмір сүреді деген шындығы да бар (Забур 36:28, 29). Осы шындықты алғаш білген кезіңде, оны нағыз қазына санағандығыңда күмән жоқ; мұны білгенің жүрегің мен санаңды үміт пен қуанышқа кенелтті. Ал қазір ше? Уақыт өте, осы қазынаға деген ризашылығың бәсеңдеп кетпеді ме? Бұлай болған жағдайда, келесі нәрселерді істеп көруге тырыс. Біріншіден, көп жылдан бері білетініңе қарамастан, Ехобаның үйреткен әрбір шындығын не үшін бағалайтыныңды есіңе түсіре отырып, ризашылығыңды қайта жаңғырт.
6 Екіншіден, қазынаңды көбейте бер. Егер жерден кездейсоқ асыл тас тауып алсаң, оны жай ғана қалтаңа салып, соны қанағат тұтып әрі қарай кете бересің бе? Жоқ әлде, тағы да жоқ па екен деп, қаза түсесің бе? Құдай Сөзі — асыл тастар мен кесек күмістерге ұқсас шындықтың қайнар көзі. Сен оны тапқан үстіне таба бересің (Римдіктерге 11:33). Шындықтың бір кесегін “қазып алып”, өзіңнен былай деп сұрасаң болады: Неліктен бұл құнды? Бұл Ехобаның қасиеттерін немесе оның ниеттерін тереңірек түсінуіме көмектеседі ме? Исаның ізімен жүруге көмектесетін басшылық бола ала ма? Осындай сұрақтардың үстінен ой жүгірткенің Ехобаның үйреткен бүкіл шындығына деген сүйіспеншілігіңді дамытуға көмектеседі.
Өзіміз үйретіп жатқан бүкіл шындықты сүйетінімізді көрсетеміз
7, 8. Киелі кітаптан білген шындықтарды жақсы көретіндігімізді өзгелерге қалай көрсетуімізге болады? Мысал келтіріңдер.
7 Өзгелерді үйрете отырып, Құдай Сөзінен білген бүкіл шындықты жақсы көретіндігімізді қалай көрсетуімізге болады? Уағыздағанда және өзгелерді үйреткенде, Исаның үлгісіне еліктеп, біз толығымен Киелі кітапқа жүгінеміз. Соңғы кезде бүкіл жер бетіндегі Құдайдың халқы уағыздау ісінде Киелі кітапты көбірек қолдануға шақырылып отыр. Осы кеңеске құлақ асып, уағыздайтын адамдарға Киелі кітаптан білгендеріңді өзіңнің де бағалайтындығыңды көрсетудің жолын табуға тырыс (Матай 13:52).
8 Мысалы, өткен жылғы болған Нью-Йорктағы террористердің шабуылынан кейін, бір әйел бауырласымыз қызметте кездескен адамдарға Забур 45:2, 12-ны оқып береді. Ол алдымен қайғылы оқиғадан кейін қалай ес жиып жатқандарын сұрап, жауаптарын мұқият тыңдап, оларды түсінетіндігін білдіріп, кейін: “Осы қиын уақытта маған жұбаныш берген Киелі кітаптағы жазба орнын оқып беруге рұқсат етіңіз”,— дейді. Нәтижесінде қарсылық білдіргендер өте аз болып, көпшілігі жақсы әңгімелескен. Жастармен сөйлескенде әлгі бауырласымыз жиі былай дейді: “Мен 50 жылдан бері Киелі кітаптағы білімді адамдармен бөлісіп жүрмін. Менің мынаған көзім жетті: бұл кітап көмектеспейтін проблема жоқ”. Шын көңілден әңгімелескеніміз адамдарға Құдай Сөзінен білгендерімізді өзіміздің де бағалайтындығымызды және жақсы көретіндігімізді көрулеріне көмектеседі (Забур 118:97, 105).
9, 10. Сеніміміз туралы сұрағандарға жауап бергенде Киелі кітапты қолданғанымыз неліктен маңызды?
9 Өзгелер нанымымыз туралы сұрағанда, Құдай Сөзіне деген сүйіспеншілігімізді көрсетудің керемет мүмкіндігі туады. Жауап қайтарғанда, Иса сияқты өзіміздің ойымызға жүгінбейміз (Нақыл сөздер 3:5, 6). Біз міндетті түрде Киелі кітапты қолданамыз. Өзің жауап бере алмайтындай сұрақ қояды деп қорқасың ба? Олай болса, келесі екі қадамды жасауға болады.
10 Дайындалуға бар мүмкіндігіңді қолдан. Елші Петір: “Жүректеріңнен Мәсіхке қасиетті Иеміз деп ерекше орын беріңдер! Іштеріңдегі үмітті түсіндіруді сұраған кез келген адамға жауап беруге әрдайым дайын болыңдар. Тек ілтипат, құрмет танытып сөйлеңдер”,— деп жазған (1 Петір 3:15). Сеніміңді қорғауға дайынсың ба? Мысалы, егерде біреу Киелі кітапқа қайшы келетін қандай да бір салт-жораны не үшін ұстанбайтыныңды немесе қандай да бір мейрамдарға неге қатыспайтыныңды сұрағанда, жай “Бұл менің дініме қарсы” деген жауаппен шектелмегенің жақсы. Мұндай жауаптан сен туралы өздері тон пішіп, қандай да бір сектаның мүшесісің деген ойға келуі мүмкін. Мұның орнына: “Бұған Құдайдың Сөзі, Киелі кітап, рұқсат етпейді” немесе “Бұл менің Құдайыма ұнамайды” деген жауаптар айтып, сонан соң ақылға қонымды дәлелдер келтіргенің орынды болар еді (Римдіктерге 12:1).
11. Құдай Сөзіндегі шындыққа қатысты сұрақтарға жауап беруге дайын болуымызға көмектесетін қандай құралдар бар?
11 Егерде дайын еместігіңді сезінсең, неге “Киелі кітапқа негізделген талқылауға арналған тақырыптар”a брошюрасын қарастыруға уақыт бөлмеске? Қызметте адамдар сұрайды-ау деген бірнеше тақырыпты таңдап ал да, Киелі кітаптан келтірілген бірнеше дәлелдерді есіңде сақта. Киелі кітабыңмен бірге үнемі “Киелі кітап тақырыптарына әңгімелесу” брошюрасын алып жүр. Оларды қолдануға барлық уақытта дайын бол. Киелі кітаптың сұрақтарына жауап іздегенде, сол құралдың көмектесетінін айтып үнемі қолдануға тырыс.
12. Киелі кітапқа қатысты сұрақтың жауабын білмесек, не деуімізге болады?
12 Бостан-босқа қобалжымауға тырыс. Кемелсіз адамдар бәрін біле бермейді. Сондықтан да біреу Киелі кітапқа қатысты сен жауап бере алмайтын сұрақ қойса, онда барлық уақытта мынаған ұқсас жауап қайтаруыңа болады: “Өте қызық сұрақ екен. Шынымды айтсам, жауабын білмеймін. Бірақ Киелі кітапта бұл сұрақтың жауабы бар екендігіне сенімдімін. Мен Киелі кітапты зерттегенді қатты ұнатамын. Сондықтан сіздің сұрағыңызды міндетті түрде қарастырып, келесі жолы жауабын біліп келемін”. Мұндай ашық та қарапайым жауап әңгімені әрі қарай жалғастыруға септігін тигізеді (Нақыл сөздер 11:2).
Өзіміз үйретіп жатқан адамдарға деген сүйіспеншілік
13. Уағыз айтқан адамдарымыз туралы неліктен жақсы ойлауымыз керек?
13 Иса өзі тәлім берген адамдарын жақсы көрген. Осы жағынан Исаға қалай еліктей аламыз? Біз ешқашан айналамыздағыларға салқын қарамауымыз керек. ‘Құдіреті шексіз Құдайдың ұлы соты күнінің шайқасы’ күннен-күнге жақындап келе жатқандығы, жер бетіндегі миллиардтаған адамдардың жойылатындығы рас (Аян 16:14; Еремия 25:33). Алайда біз кімнің аман қалып, кімнің жойылатынын білмейміз. Бұл сот келешекте болады, әрі оны Ехобаның өзі тағайындаған Иса Мәсіх жүзеге асырады. Ал сол күнге дейін біз әрбір адамды Ехобаның қызметшісі болуы мүмкін деп есептейміз (Матай 19:24—26; 25:31—33; Елшілердің істері 17:31).
14. а) Адамдарға жанашырлық танытатындығымызды қалай тексеруімізге болады? ә) Өзгелерге жеке көңіл бөліп, оларға жанымыз ашитындығын іс жүзінде қалай көрсетуге болады?
14 Осыны ескере отырып, адамдарға Иса сияқты жанашырлық танытуға тырысамыз. Өзімізден былай деп сұрауымызға болады: осы дүниедегі діндердің, саясаттың, сауда-саттықтың айла-әдістері мен өтіріктерінің құрбаны болып жатқандарға жаным ашиды ма? Егер олар біз айтқан хабарға қызығушылық білдірмесе, оның себебін түсінуге тырысамын ба? Өзімнің де Ехобаның басқа да қызметшілері сияқты бұрын осындай көзқараста болғаным есімде ме? Оларға бейімделіп, уағыздаудың басқа тәсілін қолдануға тырысамын ба? Әлде мұндай адамдармен сөйлесудің пайдасы жоқ деп есептеймін бе? (Аян 12:9). Адамдар шын жүректен жанымыз ашып тұрғанын көрсе, айтқан хабарымызды қабылдауының мүмкіндігі артады (1 Петір 3:8). Сонымен қатар жанашырлық қызметімізде кездестірген адамдарға көбірек ықылас қоюымызға көмектеседі. Олардың сұрақтары мен ойландырған нәрселерін жазып алуға болады. Сонда, қайта оралып келгенде, олардың айтқандары жөнінде ойланғандығымызды көрсетеміз. Ал егер оларға шұғыл көмек керек болған жағдайда, біздің қажетті көмекті көрсетуге мүмкіндігіміз туады.
15. Неліктен адамдардың жақсы жақтарын көре білуіміз керек және мұны қалай істей аламыз?
15 Иса сияқты біз де өзгелердің жақсы жақтарын көруге тырысамыз. Айталық, қызметімізде балаларын тәрбиелеуге барынша күш салып жүрген жалғыз басты ананы кездестірдік. Отағасы отбасын асырау үшін аянбай еңбек етіп жүр. Қарт кісі рухани нәрсеге қызығушылық танытуда. Кездестірген адамдарымыздан осыларды байқап, оларға сол үшін мақтау айтамыз ба? Осылай ететін болсақ, ортақ нәрсеміздің бар екенін көрсетеміз, ал бұл өз кезегінде Патшалық туралы куәлік етуге мүмкіндік береді (Елшілердің істері 26:2, 3).
Сүйіспеншілік танытуда ең бастысы — кішіпейілділік
16. Уағыздаған адамдарымызға барлық уақытта кішіпейілділік пен ізет көрсеткеніміз неліктен маңызды?
16 Үйретіп жүрген адамдарға деген сүйіспеншілігіміз бізді Киелі кітаптың: “Білік” мақтаншақ етеді, ал “сүйіспеншілік” сенімді жетілдіреді”,— деген дана ескертуіне құлақ салуға талпындырады (1 Қорынттықтарға 8:1). Иса өте білімді болатын, бірақ ол ешқашан өзін жоғары ұстамаған. Сондықтан сенімің жайлы өзгелермен бөліскенде, дауласудан немесе олардан басым болудан аулақ бол. Өйткені біздің мақсатымыз — адамдардың жүректеріне өзіміз сүйетін шындықты жеткізіп, оны тартымды ету (Қолостықтарға 4:6). Петір шындықты қорғауға дайын болуды айта отырып, оны “тек ілтипат, құрмет танытып” қорғау керектігін ескерткенін есімізден шығармайық (1 Петір 3:15). Егер кішіпейілділік пен ізет танытатын болсақ, бұл адамдардың Құдайға келуіне септігін тигізуі мүмкін.
17, 18. а) Қызмет етуге қабілеттілігімізге қатысты сын көзқарасқа қалай қарауымыз керек? ә) Киелі кітапты зерттеп жатқандарға осы кітаптың түпнұсқасы жазылған көне тілді білу неге маңызды емес?
17 Адамдарды біліктігімізбен немесе білім деңгейімізбен таңдандырудың қажеті жоқ. Егер учаскедегі әлдекім университеттік білімі немесе лауазымы жоқ деп тыңдамай қойса, бұл сенің еңсеңді түсірмесін. Иса “арнайы раббылар дайындайтын мектепті бітірмеген” деген жұрттың сөзіне ешқашан мән бермеген; оның үстіне, ол сол кезде кеңінен тараған алалаушылық көзқарастан аулақ болып, айналасындағыларды өзінің орасан зор білімімен таңқалдыруға тырыспаған (Жохан 7:15).
18 Мәсіхшілер үшін кішіпейілділік пен сүйіспеншілік осы дүниенің кез келген білімінен әлдеқайда маңызды. Қызметке бізді қабілетті ететін Ұлы Ұстаз — Ехоба (2 Қорынттықтарға 3:5, 6). Христиан әлемінің дінбасылары не десе де, Құдай Сөзінің оқытушылары болу үшін бізге Киелі кітаптың түпнұсқасы жазылған көне тілдерді білудің қажеті жоқ. Ехобаның киелі рухының жетелеуімен Киелі кітап анық әрі түсінуге оңай етіп жазылған. Сондықтан да кез келген адам оның ішіндегі құнды шындықтарды түсіне алады. Жүздеген, мыңдаған тілдерге аударылса да, бұл шындықтар өзгермеген. Сол себепті көне тілдерді білудің қандай да бір пайдасы болса да, бұл ең бастысы емес. Егер адам әр түрлі тілді білу қабілетіне мақтанатын болса, ол шынайы мәсіхшілер үшін ең маңызды қасиеттен — үйренуге даяр болудан айырылып қалуы мүмкін (1 Тімотеге 6:4).
19. Қандай мағынада мәсіхшілердің қызметі кішіпейілділікті қажет ететін іс болып табылады?
19 Біздің мәсіхшілік қызметіміз кішіпейілділік ой — қалпын талап ететіндігі шүбәсіз. Біз үнемі қарсылықтарға, немқұрайды көзқарасқа, тіпті қуғынға кезігіп отырамыз (Жохан 15:20). Алайда адал қызметіміз арқылы біз өмірлік маңызы зор іс атқарудамыз. Егер өзгелерге кішіпейілділікпен қызмет етіп, осы істі жалғастыра берсек, біз Исаның адамдарға көрсеткен сүйіспеншілігіне еліктейміз. Өзің ойлап қарашы: егер бір қой тәріздес адамды табу үшін ізгі хабарға селқос қарайтын немесе тіпті қарсы болатын мыңдаған адамдарға уағыздау керек болса, күшіміздің бекерге кеткені ме? Әрине жоқ! Сондықтан да еңсемізді түсірмей, табандылық танытып, әлі де кездестіретін қойға теңелген адамдарға адал қызмет ете береміз. Осы дүние жойылмай тұрып, Ехоба мен Иса “қалаулы” адамдардың табылып, көмек көрсетілуіне бар жағдайды жасайтындығы сөзсіз (Нағай 2:7).
20. Өзіміздің үлгімізбен өзгелерді қалай үйрете аламыз?
20 Өзгелерге қызмет етуге даяр болуды өз үлгімізбен де үйрете аламыз. Мысалы, Ехобаға, яғни “бақытты Құдайға” қызмет ету — өмірлік маңызы зор, ең жақсы жол екендігін адамдардың түсінуіне көмектескіміз келеді. Жүріс-тұрысымыздан көршілеріміз, сыныптастарымыз, қызметтестеріміз біздің бақытты әрі разы екендігімізді байқай ма? Бұдан басқа, Киелі кітапты зерттеп жүргендерге мына сұм, қатыгез дүниеде мәсіхшілер қауымы сүйіспеншіліктің ордасы болып табылатындығын түсінуіне көмектесеміз. Қауымның барлық мүшелерін жақсы көретіндігіміз, олармен тату-тәтті өмір сүруге тырысатындығымыз Киелі кітапты бірге зерттеп жүрген адамдарымызға бірден байқала ма? (1 Петір 4:8).
21, 22. а) Егер өзіміздің жағдайымыз бен ниетімізді дұрыс бағалай алсақ, қандай мүмкіндіктерге қол жеткізуіміз мүмкін? ә) “Күзет Мұнарасының” келесі санында не талқыланады?
21 Қызметте қолымыздан келгеннің бәрін істеуге дайын болу кейде өзіміздің жағдайымыз бен ниетімізді қайтадан қарап шығуға талпындыруы мүмкін. Өзін-өзі тексеріп саралағаны көп адамдарға қызмет аясын кеңейтулеріне көмектесуде: олар толық уақытты қызметті бастап немесе көмек керек аймақтарға қызмет етуге баруда. Ал өзгелері болса, учаскелеріндегі күннен-күнге көбейіп келе жатқан шетелден көшіп келгендерге уағыздау үшін шет тілін үйренуді ұйғарған. Егер саған да осындай мүмкіндіктерге жол ашылса, мұқият ой елегінен өткізіп, Құдайға дұға ет. Қызметке бағышталған өмірің қуанышқа, жан тыныштығына және қанағат сезіміне бөлейді (Екклесиаст 5:12).
22 Өзгелерді үйретіп жатқан бүкіл шындыққа және үйретіп жатқан адамдарға деген сүйіспеншілігімізді арттыра отырып, әрі қарай да Исаға бар ықыласымызбен еліктей берейік. Егер сүйіспеншіліктің осы екі қырын дамытып, таныта берсек, бұл біздің Иса сияқты оқытушы болуымыздың мықты негізін қалауға көмектеседі. Енді осы сүйіспеншіліктің екі қырын негіз ете отырып, қалай оқытуымыз керек? “Күзет Мұнарасының” келесі санында Исаның бірқатар оқыту тәсілдері қарастырылған бірнеше мақала жарыққа шығады.
[Сілтеме]
a Ехоба Куәгерлері басып шығарған.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Неліктен оқытуға қатысты Исаның үлгісіне еліктеуіміз мүмкін емес дей алмаймыз?
• Киелі кітаптан білген бүкіл шындықты жақсы көретінімізді қалай көрсете аламыз?
• Білімімізді арттыра отырып, неліктен кішіпейіл болуымыз керек?
• Өзіміз үйретіп жүрген адамдарға сүйіспеншілігімізді қандай жолдармен көрсете аламыз?
[12-беттегі суреттер]
Дайындалуға бар мүмкіндігіңді қолдан
[13-беттегі суреттер]
Егер “Құдай туралы білімді” бағалайтын болсаң, Киелі кітапты тиімді қолдана аласың
[14-беттегі сурет]
Ізгі хабарды бөлісуімізбен, адамдарға сүйіспеншілік танытамыз