Мәсіхте тығулы жатқан қазынаны іздеңдер
“Мәсіхте Құдайдың даналығы мен білімінің бүкіл қазынасы [“тығулы” ЖД] жатыр” (ҚОЛ. 2:3).
1, 2. а) 1922 жылы қандай құнды заттар табылды және олар қайдан орын тапты? ә) Құдай Сөзі барлық адамды нені іздеуге шақырады?
ЖАСЫРЫН жерде жатқан қандай да бір қазынаның табылуы үлкен жаңалық. Мысалы, 1922 жылы британиялық археолог Хоуард Картердің ондаған жылдар бойы атқарған ауыр еңбегі жемісін берді. Ол Тутанхамон перғауынның жақсы сақталған қабірін және 5 000-ға жуық құнды заттарды тапты.
2 Картердің тапқан құнды заттары сияқты көне заманнан қалған қазынаның көбісі ақыр соңында мұражай сөрелерінде немесе жеке адамның коллекциясында орын тапқан. Бұл заттардың тарихи мәні зор және өнер туындысы ретінде жоғары бағаланады, бірақ күнделікті өмірімізге тигізер пайдасы шамалы. Құдай Сөзі барлық адамды нағыз пайдасы бар қазынаны іздеуге шақырады. Бұл қазына жерде табылған кез келген заттан әлдеқайда құнды (Нақыл сөздер 2:1—6 оқы).
3. Ехобаның қызметшілері іздеу керек қазынаның қандай пайдасы бар?
3 Ехоба қызметшілерін іздеуге шақырып отырған қазынаның қаншалықты құнды екенін қарастырайық. Мысалы, Ехобаны ‘қастерлегеніміз’ қазіргі қиын-қыстау заманда біз үшін қорғаныш болып табылады (Заб. 18:10). “Құдай жайлы білімді” табудың арқасында біз ғаламдағы ең жоғары Тұлғамен жақын қарым-қатынас дамытамыз. Бұл — адамға берілген ең зор мәртебе. Ал Құдайдан келетін даналық, білім және парасат бізге күнделікті өмірдің қиыншылықтары мен қам-қарекетін көтеруге көмектеседі (Нақ. с. 9:10, 11). Мұндай құнды қазынаны қалай табуға болады?
Рухани қазынаны табу
4. Рухани қазынаны қайдан іздеуіміз керек?
4 Археологтар мен зерттеушілердің қазына іздеп баспайтын жері, аспайтын тауы жоқ. Ал біз рухани қазынаны қай жерден іздеу керек екенін білеміз. Себебі Киелі кітапта Құдай уәде еткен қазынаның орны нақты көрсетілген. Елші Пауыл: “Мәсіхте Құдайдың даналығы мен білімінің бүкіл қазынасы [“тығулы” ЖД] жатыр”,— деген (Қол. 2:3). Олай болса, келесі сұрақтар туындайды: Бұл қазынаны неге іздеуіміз керек? Ол қалайша “Мәсіхте тығулы жатыр”? Оны қалай таба аламыз? Осы жайттарды білу үшін Пауылдың сөзін мұқият қарастырайық.
5. Пауылдың рухани қазына жайлы жазуына не түрткі болды?
5 Пауыл жоғарыдағы сөздерін Қолостағы мәсіхшілерге жазған болатын. Ол бауырластарға “жүректерінің жігерленіп, сүйіспеншілікпен рухани бірлесуі” үшін күресіп жүргенін айтқан (Қолостықтарға 2:1, 2 оқы). Неге Пауыл оларды сонша уайымдады? Ол бауырластардың грек пәлсапасын уағыздаушы не Мұса заңын ұстануды қолдаушы адамдардың ықпалына беріліп қалуы мүмкін екенін түсінгенге ұқсайды. Сондықтан оларға былай деп қатаң ескертті: “Қайдағы біреу пәлсапасымен, пайдасыз ілімімен сендерді өзіне баурап алмасын, байқаңдар! Адамдар ойлап шығарған аңызға негізделген ондай ілім Мәсіх туралы емес, әлемдегі тұрпайы рухани күштер туралы үйретеді” (Қол. 2:8).
6. Неге Пауылдың кеңесіне ден қоюымыз керек?
6 Қазіргі уақытта да Шайтан мен оның зұлым дүниесінің зиянды әсері күшті. Гуманизм және эволюция теориясы сияқты осы дүниелік пәлсапа адамдардың көзқарасын, моральдық нормаларын, мақсаттары мен өмір салтын қалыптастыруда. Бүгінде жаппай тойланатын мерекелердің көбісі жалған діннен бастау алған. Көңіл көтеру түрлері адамды күнәкар қалауларын қанағаттандыруға талпындырады және Интернеттегі мәліметтер мен бейнелердің көбісі үлкендерге де, жастарға да қауіп төндіруде. Осы және дүниеде орын алып жатқан басқа да жайттар Ехоба берген басшылыққа деген көзқарасымызға кері әсер етіп, біз шынайы өмірді берік ұстана алмай қалуымыз мүмкін (Тімотеге 1-хат 6:17—19 оқы). Егер Шайтанның зымиян істерінің құрбаны болғымыз келмесе, Пауылдың қолостықтарға жазған сөздерінің мағынасын жете түсінгеніміз және ондағы кеңестерді қабыл алғанымыз жөн.
7. Пауылдың айтуынша қандай екі жайт қолостықтарға көмек болар еді?
7 Пауылдың қолостықтарға жазған сөзіне қайта оралайық. Ол өзінің уайымын айтқан соң, бауырластарға жүректерінің жігерленіп, сүйіспеншілікпен бірігулеріне көмектесетін екі жайтқа көңіл бөлді. Біріншісі — ‘шындықты сенімді түрде түсіну’ (ЖД). Бауырластар Жазбаларды дұрыс түсінетіндеріне еш күмәнданбаса, сенімдерінің негізі берік болмақ еді (Евр. 11:1). Екіншісі — “Құдайдың қасиетті құпиясы... жайлы тура білім” (ЖД). Олар негізгі шындықты біліп қана қоймай, Құдайдың терең ой-мақсаттарын анық түсінулері керек болды (Евр. 5:13, 14). Бұл жайттар қолостықтарға ғана емес, біз үшін де маңызды. Сенімділік пен тура білімге қалай қол жеткізе аламыз? Пауыл мұның жалғыз жолын көрсетіп: “Мәсіхте Құдайдың даналығы мен білімінің бүкіл қазынасы жатыр”,— деді.
Мәсіхте ‘тығулы жатқан’ қазына
8. Мәсіхте “тығулы жатыр” деген сөздердің мәнін түсіндіріңдер.
8 Даналық пен білімнің қазынасы Мәсіхте ‘тығулы жатқаны’ оған ешкім қол жеткізе алмайды дегенге меңземейді. Қайта, қазынаны табуда шындап күш салуға және назарымызды Иса Мәсіхке бұруға тиіс екенімізді білдіреді. Бұл Исаның өзі айтқан сөздеріне сай келеді. Ол: “Жол, шындық және шынайы өмір Менмін. Мен арқылы болмаса, ешкім де Әкеге бара алмайды”,— деген (Жох. 14:6). Демек, Құдай туралы білімді табу үшін Исаның көмегі мен басшылығына жүгінуіміз қажет.
9. Исаның маңызды рөлі қандай?
9 Иса өзінің “жол” ғана емес, “шындық және шынайы өмір” екенін айтты. Бұл оның бізді Әкеге жақындатудан да зор рөл атқаратынына нұсқайды. Ол Киелі кітаптағы шындықты түсінуіміз бен мәңгі өмірге жетуімізде маңызды рөл атқарады. Киелі кітапты мұқият зерттеп жүргендер Исада тығулы жатқан теңдессіз құнды қазынаны таба алады. Олай болса, болашағымыз бен Құдаймен қарым-қатынасымызға тікелей байланысы бар жайттарды қарастырайық.
10. Қолостықтарға 1:19 және 2:9-дан Иса жайлы не білеміз?
10 “Құдайдың бүкіл болмысы Мәсіхтің бойында тұрады” (Қол. 1:19; 2:9). Көкте Әкесімен бірге миллиардтаған жыл болған Иса оның болмысы мен ниетін кез келген жаратылыстан жақсы біледі. Жерде қызмет еткен кезінде ол адамдарға Әкесінен алған тәлімді берген және жүріс-тұрысымен оның қасиеттерін танытқан. Сондықтан Иса: “Кім Мені көрсе, соның Әкені де көргені”,— дей алды (Жох. 14:9). Ол бойына Құдайдың бар даналығы мен білімін сіңірген. Сондықтан Ехоба туралы білудің керемет жолы — Исаны жақыннан тану.
11. Исаның Киелі кітаптағы пайғамбарлықтарға қандай қатысы бар?
11 “Барлық пайғамбарлар Иса туралы куәлік келтірген” (Ел. іс. 10:43). Бұл сөздер Киелі кітаптағы пайғамбарлықтардың орындалуында Исаның басты рөл атқаратынын көрсетеді. Жаратылыс 3:15-тегі алғашқы пайғамбарлықтан бастап, Аян кітабындағы салтанатты көріністерге дейінгі Киелі кітаптағы пайғамбарлықтарды дұрыс түсіну үшін Исаны және оның уәде етілген Патшалықтағы рөлін ескеру қажет. Сондықтан Исаның Мәсіх екенін мойындамаған адамдар Еврей жазбаларындағы көп пайғамбарлықты ұқпады. Сондай-ақ Мәсіх жайлы алдын ала айтылған Еврей жазбаларын бағаламаған адамдар үшін Иса жай ғана ұлы адам болып қала берді. Иса туралы білім Құдай халқына әлі орындалмаған пайғамбарлықтарды түсінуге көмектеседі (Қор. 2-х. 1:20).
12, 13. а) Қалайша Иса — ‘дүние үшін Нұр’? ә) Рухани қараңғылықтан босатылған мәсіхшілерге қандай міндет жүктелген?
12 “Мен дүние үшін Нұрмын” (Жохан 8:12; 9:5 оқы). Иса жерде адам болып туылудан ұзақ уақыт бұрын Ишая пайғамбар былай деген: “Ғұмыр кешкен бұл халық қараңғыда енді бір ғаламат Нұрды көреді, түнек басқан елде тұратындарға таңның шапағы сәулесін төгеді!” (Ишая 9:2). Елші Матайдың түсіндіруінше, бұл пайғамбарлық Иса: “Теріс жолдан қайтып, Құдай жолына түсіңдер!”— деп уағыздау ісін бастағанда орындалды (Мат. 4:16, 17). Исаның қызметінің арқасында халық рухани жарықты көрді және жалған діни ілімдердің құлдығынан босады. Иса: “Өзіме сенген әркім қара түнекте қалмасын деп, дүниеге келген “Құдайдың Нұрымын”,— деген (Жох. 1:3—5; 12:46).
13 Көп жылдан соң елші Пауыл мәсіхшілерге былай деді: “Бұрын сендер түнек болдыңдар, ал енді Иемізбен байланысып, нұрсыңдар: ендеше нұрдың адамдары болып әрекет етіңдер!” (Ефес. 5:8). Рухани қараңғылықтан босатылған мәсіхшілер нұрдың адамдары ретінде әрекет етуге міндетті. Бұл Исаның Таудағы уағызында айтқан сөздеріне сай келеді. Ол былай деген: “Сендердегі “нұр” адамдарға сәулесін төксін. Осылайша олар игі істеріңді көріп, көктегі Әкелеріңді дәріптесін” (Мат. 5:16). Исада тығулы жатқан рухани қазынаны жоғары бағалап, сөздеріңмен және мәсіхшілерге лайық жүріс-тұрыстарыңмен оны адамдарға ұсынып жүрсіңдер ме?
14, 15. а) Ежелде қой және басқа да мал шынайы ғибадатта не үшін қолданылған? ә) Құдайдың Тоқтысы ретіндегі Исаның рөлі неге өте құнды?
14 Иса — “Құдайдың құрбандыққа жіберген Тоқтысы” (Жох. 1:29, 36). Киелі кітаптың көп жерінен адамның күнәсі кешірілуі және Құдайға жақындай алуы үшін құрбандыққа қой шалу маңызды болғанын білеміз. Мысалы, Ыбырайым Ысқақты құрбандыққа беруге дайын екені анық болған кезде, Құдай оны тоқтатып, Ысқақтың орнына құрбандыққа шалуға қошқар берді (Жар. 22:12, 13). Исраилдіктер Мысыр құлдығынан босатылған кезде де Ехобаға құрбандық ретінде қой ұсынылды (Мыс. ш. 12:1—13). Кейін де Мұса заңы бойынша құрбандыққа шалуға тиіс малдың ішінде қой-ешкі болған (Мыс. ш. 29:38—42; Леуі. 5:6, 7).
15 Адам ұсынған осы құрбандықтардың ешқайсысы да оларды күнә мен өлімнің құлдығынан азат ете алмады (Евр. 10:1—4). Ал Құдайдың құрбандыққа жіберген “Тоқтысы” Иса болса ‘адамзаттың күнәсын өз мойнына артты’. Осы жайттың өзі Исаның жердегі кез келген қазынадан құнды екенін көрсетеді. Олай болса, төлемнің қалай берілгенін мұқият зерттегеніміз және оған сенгеніміз дұрыс. Сонда біз керемет үмітке ие бола аламыз. “Кішкентай қора” Исамен бірге көктегі ұлылыққа ие болуға үміттенсе, “басқа қойлар” жер бетіндегі жұмақта мәңгі өмір сүруге үміттенеді (Лұқа 12:32; Жох. 6:40, 47; 10:16).
16, 17. Исаның “сеніміміздің Басшысы әрі Кемелділікке жеткізушісі” ретіндегі рөлін түсіну неге маңызды?
16 Иса — “сеніміміздің Басшысы әрі Кемелділікке жеткізушісі” (ЖД) (Еврейлерге 12:1, 2 оқы). Еврейлерге арналған хаттың 11-тарауында елші Пауыл сенімнің не екенін қысқаша түсіндірген және Нұх, Ыбырайым, Сара, Рахаб сияқты сенімдеріне сай өмір сүрген ерлер мен әйелдердің есімін атаған. Содан кейін Пауыл мәсіхшілердің бар назарын “сеніміміздің Басшысы әрі Кемелділікке жеткізушісі” Исаға аударуға талпындырды. Неліктен?
17 Еврейлерге арналған хаттың 11-тарауында есімі аталған қызметшілердің сенімі мықты болғанымен, олар Құдайдың өз уәдесін Мәсіх пен Патшалық арқылы қалай орындайтынын бүге-шігесіне дейін білмеген. Сондықтан олардың сенімі толық жетілмеген еді. Мәсіх жайлы пайғамбарлықтарды жазған адамдардың өздері де олардың мәнін ұқпаған (Пет. 1-х. 1:10—12). Сенім Иса арқылы ғана толық жетіледі не кемелділікке жетеді. Олай болса, Исаның “сеніміміздің Басшысы әрі Кемелділікке жеткізушісі” ретіндегі рөлін анық түсінгеніміз және мойындағанымыз қаншалықты маңызды десеңші!
Іздей беріңдер
18, 19. а) Исада тағы қандай рухани қазына тығулы жатыр? ә) Рухани қазынаны неге Исадан іздей беруіміз керек?
18 Біз Құдайдың адамзатты құтқару ниетіндегі Исаның маңызды деген бірнеше рөлін ғана қарастырдық. Мәсіхте тығулы жатқан рухани қазына әлі де мол. Оларды тапқанымызға қуанамыз әрі көп пайдасын көреміз. Мысалы, елші Петір Исаны ‘шынайы өмірдің қайнар көзі’ және ‘шолпан жұлдызы’ деп атаған (Ел. іс. 3:15; 5:31; Пет. 2-х. 1:19). “Аумин” деген термин де Киелі кітапта Исаға қатысты қолданылған (Аян 3:14). Исаның осы рөлдерінің мағынасын және олардың қаншалықты маңызды екенін түсінесіңдер ме? Ендеше “іздей беріңдер, сонда табасыңдар” (Мат. 7:7 сілт.).
19 Тарихтағы ешбір адамның өмірі осыншалық мағынаға толы және біздің мәңгілік игілігіміз үшін маңызды болған емес. Шын жүректен іздеген адамдардың барлығы да Исадағы рухани қазынаны қиналмай-ақ табады. Ендеше, Мәсіхте ‘тығулы жатқан’ қазынаны тауып, оның батасы мен қуанышына кенелейік.
Естеріңде ме?
• Мәсіхшілер қандай қазынаны іздеуге шақырылады?
• Пауылдың қолостықтарға жазған кеңесі неге біз үшін де маңызды?
• Мәсіхте қандай қазына “тығулы жатыр”?
[5-беттегі суреттер]
Киелі кітап Мәсіхте ‘тығулы жатқан’ қазынаның орнын нақты көрсетеді