Алкогольді ішімдікке қатысты Құдайдың көзқарасы
БІЗГЕ бар жақсылықты тілейтін Жаратушымыз ішімдікті шамамызды біліп ішуге тыйым салмайдыa. Қайта, ол “адам жүрегін көңілдендіретін шарапты да, оның бет-жүзін жылтырататын зәйтүнді де, адам жүрегіне күш беретін нанды да” берген (Забур 103:15). Бір жолы Иса пайғамбар тойда болған кезінде суды ‘жақсы шарапқа’ айналдырды, ал бұл тойдың көңілді өтуіне септігін тигізді (Жохан 2:3—10).
Жаратушы Құдай ішімдіктің адамның ағзасы мен миына қалай әсер ететінін жақсы біледі. Киелі кітап арқылы ол бізге ‘пайдалыны үйретеді’ және ішкілікке салынбауды қатаң ескертеді (Ишая 48:17). Келесі анық ескертулерге назар аударайықшы.
“Арақ-шарап ішіп, мас болмаңдар, бұл жүгенсіздікке апарады!” (Ефестіктерге 5:18). “Маскүнемдер... үшін Құдай Патшалығында орын жоқ!” (Қорынттықтарға 1-хат 6:9—11). Сонымен Құдай Сөзінде ‘маскүнемдік, жүгенсіздік және сол сияқты’ нәрселер айыпталады (Ғалаттықтарға 5:19—21).
Ішімдікті шамадан тыс ішудің кейбір салдарын қарастырайық.
Ішімдікті шамадан тыс ішудің зардабы
Алкогольдің біршама пайдасы болғанымен, оның құрамында ми мен ағзаға кері әсер ететін заттар бар. Ішімдікті шамадан тыс ішудің кесірінен төмендегідей проблемалар туындауы мүмкін.
Көп ішетін адам “ақылынан адасады” (Нақыл сөздер 23:33 ЖД). Алдыңғы мақалада аты аталған Ален былай дейді: “Маскүнемдік тек тән дертіне ғана емес, мінез-құлық пен көзқарастың бұзылуына әкеп соғады. Ішіп алғанда өзгелерді ренжітіп аламын-ау деп ойламайсың”.
Ішіп алған адам ойына не келсе, соны істейді. Жазбаларда “шараптың таза ниеттен айыратыны” айтылған (Ошия 4:11 ЖД). Қалайша? Ішімдіктің әсерінен ойымыз бұзылып, сау кезімізде ойымызға да кіріп-шықпайтын нәрсені істей бастауымыз мүмкін. Ішімдік бізді рухани күйретіп, моральдық жағынан құлдырауымызға себеп болуы ықтимал.
Әйелімен керісіп, бұлқан-талқан болған Джон кафеге қарай тартады. Ол өзін басу үшін ішімдік ішіп отырғанда, жанына бір әйел келеді. Тағы бір-екі стақан ішкен соң, Джон сол әйелмен ілесіп кете барады. Сөйтіп ол зайыбының көзіне шөп салады. Соңынан ол ішімдіктің кесірінен ойына кіріп-шықпаған нәрсені істегеніне қатты өкінеді.
Ішімдікті шамадан тыс ішкен адам не айтып, не қойғанын білмейді. Киелі кітапта: “Кімде пәле, қайғы, жанжал бар?.. Мұның бәрі шарап ішіп, Ұзақ отыратындарда болар, Ішімдіктерді араластырып, Дәмін тататындарда болар”,— делінген (Нақыл сөздер 23:29, 30). Ішіп алған адам “Теңіздің қақ ортасында, Кеме діңгегінің ұшар басында” басы айналып, теңселіп тұрған адамға ұқсайды (Нақыл сөздер 23:34). Әбден ішкен адам ұйықтап тұрған соң ғана жараларын сезінеді, бірақ бұл неден болғанын есіне де түсіре алмайды (Нақыл сөздер 23:35).
Маскүнемдік адамның денсаулығын құртады. “Ақыр соңында [ішімдік] жыландай шағып алар, Денеңе сұр жыландай уын шашар” (Нақыл сөздер 23:32). Медицина бұл сөздерді растайды. Адам алкогольді көп мөлшерде ішсе, ол уға айналып, қатерлі ісікке, бауырдың қабынуына, бауыр циррозына, панкреатитке, ұрықтық алкоголь синдромына, инсультке, жүрек функциясының жетіспеушілігіне және диабетпен ауыратындарда қант деңгейінің төмендеп кетуіне әкеп соғады. Тіпті ішімдікті бір-ақ рет мас болғанша ішкеннің өзінде адам ес-түссіз күйге түсуі не өліп кетуі мүмкін. Алайда маскүнемдіктің салдары денсаулықтың нашарлауымен шектелмейді.
Маскүнемдіктің ең қауіпті жағы. Ішімдікті көп ішкен адамның бәрі бірдей мас бола бермегенмен, бұл оның рухани күйіне қауіп төндіреді. Киелі кітапта: “Таң ата тұрысымен сыраның соңына түсіп, түннің бір уағына дейін шарапқа қызып мас болып жүретіндер қасіретке қалады!”— деп ашық айтылған. Неге? Ишая пайғамбар олар жайлы былай дейді: “Олар Жаратқан Иенің құдіретпен жаратқандарына көңіл бөлмейді, Оның игілікті істеріне де мән бермейді” (Ишая 5:11, 12).
Құдай Сөзі: “Шарапқа қызара бөртетіндердің ортасына... жолама!”— деп ескертеді (Нақыл сөздер 23:20 Тт). Егде әйелдерге ‘арақ-шарапқа салынбауға’ кеңес беріледі (Титке 2:3). Не себепті? Бірте-бірте адам ішімдікті жиі және көп мөлшерде іше бастағанын байқамай да қалуы мүмкін. Ақырында көп ішетін адам: “Оянғанда тағы да ішімдікті іздеймін”,— дейтіндей жағдайға жетуі ықтимал (Нақыл сөздер 23:35). Ал ертеңіне бас жазу әдетке айналса, бұл ішкіліктің шырмауына іліндіріп тынады.
Киелі кітапта “маскүнемдік, ырду-дырду ойын-сауықтар, мас жын-ойнақтармен” айналысатындардың “қиямет сотында... тірілер мен өлілерге үкім шығаруға дайын тұрған Иемізге есеп” беретіні айтылған (Петірдің 1-хаты 4:3, 5). Ал біз өмір сүріп жатқан дүрбелең кезең жайлы Иса былай деп ескерткен: “Өздеріңе сақ болыңдар: той-думан жасап, мас болып немесе күнделікті тұрмысты уайымдап, жүректерің шеменденіп кетпесін! Әйтпесе Менің қайта оралатын күнім сендерге қапылыста келеді” (Лұқа 21:34, 35).
Ендеше, ішімдікке салынбау үшін не істеуге болады?
[Сілтеме]
a Бұл мақалада “ішімдік” сөзі сыра, шарап және тағы басқа алкогольді ішімдіктерге қатысты қолданылған.
[4, 5-беттердегі суреттер]
Ішімдікті шамадан тыс ішетін болсаңыз проблемадан көз аша алмай қалуыңыз мүмкін