Ананың дана кеңесі
«Ұлым, әкеңнің тәлімін тыңда, анаңның өсиетін елеусіз қалдырма» (Нақыл сөздер 1:8).
АТА-АНАМЫЗ бізге сүйеніш бола алады, құнды кеңес беріп, жігерлендіре алады. Киелі кітаптағы Нақыл сөздерде анасынан «тәлім» алған жас Лемуил патша туралы әңгімеленеді. Бұл ананың баласына берген тәлімі Нақыл сөздердің 31-тарауында жазылған. Біздің де анамыздың дана кеңестеріне құлақ асқанымыз абзал (Нақыл сөздер 31:1).
Патшаға берілген орынды кеңес
Лемуилдің анасы тәлім беруін бізді де қызықтыра түсетін бірнеше сұрақтардан бастайды: «Не дейін, ұлым? Құрсағымнан шыққан ұлым, не айтайын саған? Серттерімнің ұлы, не дейін?» Үш мәрте қайталап, айтқан сөзіне баласын құлақ салуға шақыруы ана үшін бұның аса маңызды екенін көрсетеді (Нақыл сөздер 31:2). Бұл ананың өз баласының рухани игілігін ойлауы қазіргі мәсіхші ата-аналар үшін керемет үлгі-өнеге.
Ана баланың игілігіне қауіп төндіретін басты нәрсе — сауық-сайран салу, ән-күймен думандату, былайша айтқанда, арақ-шарап пен әйелдер деп есептейді емес пе? Лемуилдің анасы да тап осындай нәрселер турасында әңгіме қозғаған: «Қауқарыңды әйелдерге... берме». Бұл ананың сөздеріне қарағанда, азғындық — «патшаларды ойран ететін нәрсе» (Нақыл сөздер 31:3).
Маскүнемдіктің де қауіптілігін ескерген жөн. Ана ұлына мынадай ескерту жасады: «Патшаларға лайық емес, уа, Лемуил, патшаларға шарап... ішу лайық емес». Егер патша үнемі есеңгіреп жүретін болса, парасаттылық сақтап, дұрыс шешім қабылдай ала ма? Сондай-ақ «заңды ұмытып кетпей, езілгендерге теріс төрелік етуден» аулақ бола ала ма? (Нақыл сөздер 31:4—7).
Егер ол мұндай жаман әрекеттерге бой ұрмайтын болса, «әділ төрелік етіп, жарлы-жақыбайларды қорғай» алатын болады (Нақыл сөздер 31:8, 9).
Қазір мәсіхші жастардың арасында «патшалар» жоқ болар, дегенмен Лемуилдің анасы берген дана кеңес олар үшін әбден орынды. Бүгінгі күні жастар арасында маскүнемдік, темекі шегу, сондай-ақ азғындыққа салынукеңінен етек алды, сол себепті ата-аналарының берген өсиеттеріне жас мәсіхшілердің құлақ салғанының маңызы зор.
Жақсы әйел
Ұлы ер жетіп, шаңырақ көтерер шаққа жеткенде, оның отбасындағы өмірінің қандай болатынын ойлап, анасының уайымдай бастайтындығы түсінікті. Лемуилдің анасы үлгілі әйелдің қандай қасиеттерге ие болуы керек екендігін атап өткен. Жас жігіт үшін бұл сұраққа байланысты әйел адамның пікірін ескергеннің маңызы зор екендігінде күмән жоқ.
Оныншы тармақта «жақсы әйел» сирек кездесетін қымбат інжуге теңеледі. Ол уақытта мұндай інжуді табу көп күш салуды талап ететін. Тап осы іспетті, жақсы әйел табу да оңай емес. Қайтсе де үйленіп алуды көздеп безек қаққанның орнына, өмірлік серік іздегенде жас жігіттің асықпағаны жөн. Сонда тапқан қазынасының құны ол үшін арта түсетін болады.
Жақсы әйел жөнінде Лемуилге былай делінген болатын: «Күйеуі оған шын жүректен сенеді» (11-тармақ). Басқаша айтқанда, күйеуі барлық уақытта әйелінің одан рұқсат сұрағанын талап етпейді. Бірақ, әрине, қандай да бір маңызды шешім қабылдамас бұрын, мысалы, қымбат зат алуға немесе баланың тәрбиесіне қатысты сұрақтарда, ерлі-зайыптылардың бір-бірімен ақылдаса отырып шешім қабылдағаны абзал. Ерлі-зайыптылар мұндай мәселелерді бірге талқылайтын болса, олардың бір-біріне деген сенімі арта түседі.
Әлбетте, жақсы әйел өзінің отбасы үшін көп нәрсе істейді. Әйелдер 13—27-тармақтарда жазылған пайдалы кеңестер мен прициптерді барлық уақытта отбасының игілігі үшін қолдана алады. Мысалы, киім-кешек пен тұрмысқа қажетті заттар қымбат болса, отбасы мүшелерінің барлығында қажетті әрі әжептәуір киім болуы үшін, жақсы әйел үнемділік пен тапқырлыққа үйренеді (13, 19, 21, 22-тармақтар). Азық-түлікке жұмсалатын шығынды азайту үшін, ол қолынан келген нәрсені өзі егетін болады (14, 16-тармақтар).
Мұндай әйелдің «еңбек етпей нан жемейтіндігі» сөзсіз. Ол еңбек сүйгіш әрі үй тірлігіне ұқыпты (27-тармақ). Жақсы әйел «белін қуатпенен буады», яғни бұл оның ауыр еңбек етуге даяр екенін білдіреді (17-тармақ). Күн шапағынан бұрын тұрып, ол үй шаруасына кіріседі де, қас қарайғанға дейін бар ықыласымен еңбек етеді. Оның еңбек еткенде қолданатын шырағданы күні-түні жанып тұрады деуге де болады (15, 18-тармақтар).
Ал, ең бастысы, жақсы әйел жан дүниесінің рухани бай екендігімен ерекшеленеді. Ол Құдайдан қорқады, сондай-ақ оны бар көңілімен құрмет тұтып, қастерлеп оған қызмет етеді (30-тармақ). Оның үстіне, ол күйеуінің осындай істерге балаларын да үйретуіне көмектеседі. 26-тармақта жақсы әйелдің балаларына «ақылменен» тәлім беретіні және «кіші пейілділікпен өсиет айтатыны» айтылған.
Жақсы күйеу
Жақсы әйел бола алатын адамның көңілінен шығу үшін, Лемуил жақсы күйеу бола алатын адамға тән әрекеттер жасауы керек еді. Лемуилдің анасы оған бұның мәнін түсіндірді.
Жақсы күйеудің «сол жердің қарияларының» алдында беделі жоғары болатын (Нақыл сөздер 31:23). Демек ол қабілетті, адал, әрі парасатты да Құдайдан қорқатын адам болған (Мысырдан көшу 18:21; Заңды қайталау 16:18—20). «Қақпа алдына» елге қадірлі ер кісілер қалаға қатысты мәселелерді шешуге жиналғанда, жақсы күйеу тап осындай қасиеттерімен «танымал» болатын. Құдайдан қорқатын адам ретінде «танымал» болу үшін ол парасаттылық танытып, әрі «жердің» қарияларымен бірлесе әрекет етуі керек болатын (сірә, бұл жерде әңгіме сол жердің немесе сол аймақтың қариялары жөнінде болып отырса керек).
Үйленгеннен кейін әйеліне өзі үшін оның бағалы екенін көрсетудің маңызы қаншалықты зор екендігін анасы Лемуилге ескерткен. Лемуилдің анасына бұл өмірлік тәжірибесінен белгілі екендігінде күмән жоқ. Лемуил үшін дүниедегі ең жақын адам әйелі болмақ. Сондықтан, барлығының алдында: «Жақсы әйелдер көп, бірақ сен солардың бәрінен де асып түстің!» — дегендегі оның үнінен байқалар наздылықты елестетіп көруге болады (Нақыл сөздер 31:29).
Лемуил анасының дана кеңесіне құлақ асқан болса керек. 1-тармақтан анасының сөздерін Лемуил өзінің сөздеріндей етіп айтқанын байқауға болады. Демек, ол анасының «кеңесіне » құлақ асып, айтқандарына сәйкес әрекет еткен. Егер осы кеңестерді өмірімізде қолданар болсақ, бұлар бізге де пайдасын тигізеді.
[31-беттегі суреттер]
Жақсы әйел «еңбек етпей нан жемейді».