Билікті сыйлау. Ол неліктен маңызды?
ПОЛИЦИЯНЫҢ меншігіміздегі заттарды ұрлайтын немесе отбасымызға қауіп төндіретін қылмыскерлерді тұтқындауға билігі барлығына заңды сыйлайтын адамдардың қайсысы риза емес дейсің? Және қоғамды қорғау үшін қылмыскерлерді жазалауға соттың билігі барлығына бәріміз де риза емеспіз бе?
Жол жөндеу, санитарлық жағдайды жақсарту, білім беру сияқты мемлекеттің салық жинау билігінің арқасында жұмыс істейтін халыққа пайдалы өзге қызметтерді де еске түсіруге болады. Шынайы мәсіхшілер орнатылған билікті сыйлау қажет екенін мойындайды. Бірақ билікті қаншалықты мойындау керек? Өмірдің қай салаларында билікті сыйлау қажет?
Қоғамдағы билік
Киелі кітапта, Құдайға сенсін-сенбесін барлық адамдардың қоғам үшін қызмет ететін мемлекеттік билікті сыйлауы керек екендігі айтылған. Бұл туралы елші Пауыл мәсіхші бауырластарына жазған болатын және оның Римдіктерге 13:1—7 тармақтарда жазылған сөздерін талқылағанымыз біз үшін пайдалы.
Пауыл сол кездегі дүниежүзілік ірі мемлекет — Римнің азаматы еді. Шамамен б. з. 56 жылы жазған хатында Пауыл мәсіхшілерге үлгілі азамат болуға кеңес берді. Ол былай деп жазды: “Әрқайсың мемлекеттік билігі бар әкімдерге бағыныңдар! Өйткені мемлекеттік биліктің бәрі негізінде Құдайдан; қазіргі билікті де Құдай орнатқан”.
Пауылдың түсіндіруі бойынша, Құдай рұқсат етпесе ешқандай да адамзат билігі болмас еді. Бұл жағынан мемлекеттік биліктің Құдайдың ниетіне қандай да бір қатысы бар. Сондықтан “билікке қарсы шыққандар Құдайдың орнатқан тәртібіне қарсы келеді”.
Мемлекеттік билігі барлар игі істер жасаған азаматтарды мақтаумен қатар, заңды бұзушыларды жазалауға да құқықты. Жаман істермен айналысатын адамдардың билік басындағылардың ‘жаза тартқызуынан’ қорқуына жеткілікті себеп бар, өйткені бұндай жағдайда үкімет — “Құдайдың... қызметшісі”.
Пауыл сөзін былай деп аяқтайды: “Сонымен, сендер тек жазадан қорыққандықтан ғана емес, ар-ұжданыңның таза болуы үшін де мойынсұнуларың керек. Сондықтан да сендер алым-салық төлеп тұрсыңдар, өйткені әкімдер — Құдайдың қызметіндегілер, олар ел басқарумен үздіксіз айналысуда”.
Салықтан түскен қаржыны қалай жұмсау керектігі төлеушінің емес, билік басындағылардың жауапкершілігінде. Адал азамат ретінде мәсіхші мемлекеттік билікке бағынып, тиесілі салықты төлеу арқылы, өзі өмір сүріп жатқан қоғамда орнатылған заңдарды ұстанып қана қоймай, Құдайдың да талаптарына сай өмір сүретінін біледі.
Отбасындағы билік
Отбасындағы билік туралы не айтуға болады? Өмірінің алғашқы күндері нәресте жылап, немесе тіпті шыңғырып, мазаны алады. Бірақ, ақылды ата-аналар қай кезде балаға шын мәнінде бір нәрсе қажет екенін, ал қай кезде баланың ерке-шолжаңдығы екенін айыра біледі. Өсе келе кейбір балаларға ерік беріліп, олар өздерінің қалағанын істейді. Өмірлік тәжірибелерінің жетіспеуінен олар қылмыс немесе басқа да жаман қылықтар жасап, отбасына да, қоғамға да үлкен залал келтіретінін көптеген жергілікті басшылар өте жақсы біледі.
“Ата-аналар балаларын тәрбиелеуді тым кеш бастайды. Тәрбиені туылған кезден бастау керек”,— дейді Розалин Майлс өзінің бір еңбегінде (Children We Deserve). Егер ата-аналары о бастан жылы сөйлесетін болса, билігін ақылмен жүргізетін болса және істері де дәйекті болса, балалары тез арада ата-ананың билігін де, сүйіспеншілікпен берген тәрбиесін де мойындауға үйренетін болады.
Киелі кітапта отбасындағы билікке байланысты көптеген мәліметтер бар. Нақыл сөздер кітабында дана Сүлеймен Құдайдан қорқатын ата-аналардың балаларын өзара келісіп тәрбиелеуі керек екендігіне баса көңіл аударады: “Ұлым, әкеңнің тәлімін тыңда, анаңның өсиетін елеусіз қалдырма” (Нақыл сөздер 1:8). Ата-аналары балаларын өзара келісіп тәрбиелейтін болса, балалары ата-анасының көзқарасын және өздерінен нені күтетінін білетін болады. Олар өздерінің дегендеріне жету үшін ата-анасының бірін екіншісіне қарсы қоюға тырысуы мүмкін, бірақ ата-анасының билікті келісіп жүргізуі жастар үшін қорғаныш.
Киелі кітап, отағасының балаларының ғана емес, әйелінің де рухани күйі үшін жауапты екендігін түсіндіреді. Онда отағасы отбасының басы ретінде суреттелген. Ол қалай басшылық етуі керек екен? Пауыл, Иса қауымның Басы болса, еркек әйелдің басы екендігін айтады. Содан кейін ол былай деп сөзін жалғастырады: “Күйеулер, Мәсіх қауымды қалай сүйсе, сендер де әйелдеріңді солай сүйіңдер: Мәсіх қауым [рухани қалыңдығы] үшін жанын қиды!” (Ефестіктерге 5:25). Отағасы Исаға еліктеп, сүйіспеншілікпен басшылық етер болса, әйелінің “шексіз құрметіне” лайық болады (Ефестіктерге 5:33). Мұндай отбасындағы балалар да Құдай берген биліктің маңызды екендігін көріп, оған мойынсұнуға талпынатын болады (Ефестіктерге 6:1—3).
Жалғыз басты ата-аналар, олардың ішінде жұбайы қайтыс болғандар да, бұл міндетті қалай атқара алады? Әке болсын, ана болсын, олар тікелей Ехоба мен Иса Мәсіхтің басшылығына жүгіне алады. Иса әрқашан Әкесінің және Құдайдың рухының жетелеуімен жазылған Жазбалардың басшылығына жүгініп, билік иесі ретінде сөйлеген (Матай 4:1—10; 7:29; Жохан 5:19, 30; 8:28).
Киелі кітапта балалардың қиыншылықтарына қатысты көптеген құнды принциптер жазылған. Осы принциптерді біліп, оларды қолдану арқылы ата-ана балаларына сүйіспеншілікке негізделген пайдалы кеңес бере алады (Жаратылыс 6:22; Нақыл сөздер 13:20; Матай 6:33; 1 Қорынттықтарға 15:33; Філіпіліктерге 4:8, 9). Сонымен қатар ата-аналар балаларын Киелі кітаптың басшылығын мойындаудың пайдасын түсінетіндей етіп тәрбиелеуге көмектесуге арналған Киелі кітапқа негізделген басылымдарды қолдана аладыa.
Мәсіхшілер қауымы және билік
“Бұл — Менің сүйікті Ұлым, Мен Оған ризамын. Оған құлақ салыңдар” (Матай 17:5). Бұл сөздер Ехобаның Исаға өзінің атынан сөйлеуге құқық бергенін көрсетті. Ал Исаның айтқандарын біз төрт Ізгі хабардан оңай таба аламыз.
Аспанға көтерілерінің алдында Иса шәкірттеріне былай деді: “Маған аспанда да, жерде де бүкіл билік берілді” (Матай 28:18). Өзінің қауымының Басы ретінде, Иса жердегі өзінің майланған шәкірттерін мұқият бақылап қана қойған жоқ, б. з. 33 жылында киелі рух төккеннен кейін оларды шындықтың арнасы, яғни “адал және ақылды қызметші”, ретінде қолдана бастады (Матай 24:45—47; Елшілердің істері 2:1—36). Осылардың бәрін жүзеге асыру үшін және мәсіхшілер қауымын жігерлендіру үшін ол не істеді екен? “Жоғарыға көтеріліп... адамдар [кейпінде] тартулар жасады” (Ефестіктерге 4:8, ЖД). Бұл ‘адамдар кейпіндегі тартулар’ — киелі рух арқылы тағайындалып, бір сенімдегілерге рухани қамқорлық көрсету үшін билік берілген мәсіхші қариялар (Елшілердің істері 20:28).
Сол себепті Пауыл мынадай кеңес берді: “Сендерге Құдай сөзін уағыздаған жетекшілеріңді естеріңде сақтаңдар, олардың өмірлеріне қарап, сенімдеріне еліктеңдер”. Бұл шын берілген ер кісілер Иса сияқты әрекет ететін болғандықтан, олардың сеніміне еліктегеніміз ақылдылық болған болар еді. Содан кейін Пауыл былай деп қосты: “Ұстаздарыңа бағынып, оларға мойынсұныңдар, өйткені олар есеп беруге міндеттілер ретінде сендердің жандарың үшін мызғымай қам жеуде; ал олар мұны күрсінбестен, керісінше, қуанышпен істесін, себебі сендер үшін бұл пайдалы емес” (Еврейлерге 13:7, 17).
Мұндай басшылықты ескермеген жағдайда не болар екен? Ертедегі мәсіхшілер қауымындағы кейбіреулер осылай етіп, нәтижесінде шындық жолдан тайып кетті. Мысалы, Пауыл кейбіреулердің сенімін жойып, бос әңгімелермен ‘қасиеттіні арамдаған’ Үменей мен Філетті атайды. Олардың пайымдауы бойынша, қайта тірілу — рухани түрде немесе бейнелі түрде — болып қойған, сол себепті болашақта Құдай Патшалығы орнағанда ешқандай қайта тірілу болмайды (2 Тімотеге 2:16—18, ЖД).
Бірақ қауымда билік берілгендер көмекке келді. Мәсіхші қариялар, Исаның өкілдері ретінде, Жазбаларды қолданып, мұндай деректердің негізсіз екенін дәлелдей алды (2 Тімотеге 3:16, 17). ‘Шындықтың тірегі, таянышы’ деп суреттелетін бүгінгі күнгі мәсіхшілер қауымында да осындай тәртіп орнатылған (1 Тімотеге 3:15). Біздерге аманатталған Киелі кітапта сақталып келген ‘дұрыс ілімнің үлгісін’ жалған ілімдердің жоюына ешқашан жол берілмейді (2 Тімотеге 1:13, 14).
Бүкіл дүние жүзінде билікті сыйламау жылдам өріс алып келе жатқан уақытта біздер мәсіхшілер ретінде қоғамдағы, отбасындағы және мәсіхшілер қауымындағы дұрыс жүргізіліп отырған биліктің біздің игілігіміз үшін орнатылғанын мойындаймыз. Билікті мойындау біздің тәндік, эмоционалдық және рухани саулығымыз үшін аса маңызды. Осындай Құдай орнатқан билікті мойындайтын әрі сыйлайтын болсақ, бізді ең жоғарғы биліктің иелері Ехоба Құдай мен Иса Мәсіх қорғайтын болады. Ал бұл бізді мәңгілік игілікке жеткізбек (Забур 118:165; Еврейлерге 12:9).
[Сілтеме]
a Күзет Мұнарасы Қоғамы басып шығарған “Жастардың сауалдары. Пайдалы кеңестер” және “Отбасы бақытының сыры” атты кітаптарды (ор.) қараңыз.
[5-беттегі сөздер]
Киелі кітапта отбасындағы билікке қатысты көптеген мәліметтер бар
[6-беттегі сурет]
Жалғыз басты ата-аналар тікелей Ехоба Құдай мен Иса Мәсіхтің басшылығына жүгіне алады.
[7-беттегі суреттер]
Мәсіхшілер отбасындағы, мәсіхшілер қауымындағы және қоғамдағы дұрыс жүргізіліп отырған биліктің олардың игілігі үшін орнатылғанын мойындайды.
[4-беттегі сурет рұқсатымен]
Photo by Josh Mathes, Collection of the Supreme Court of the United States