Киелі кітапты зерттеу пайдалы да ұнамды
“Егер оны... іздейтін болсаң... Құдай туралы білімді табасың” (НАҚЫЛ СӨЗДЕР 2:4, 5).
1. Оқуға арнаған уақытты қалай анағұрлым ұнамды өткізуге болады?
КӨПТЕГЕН адамдар жай көңілін сергіту үшін ғана оқиды. Егер пайдалы мәліметті оқысаң, жақсы тынығуға да болады. Кейбір мәсіхшілер, өздерінің Киелі кітапты жүйелі түрде оқу бағдарламасымен қатар, Забур, Нақыл сөздер, Ізгі хабарлар және Киелі жазбалардың өзге кітаптарының кейбір үзінділерін таңдап оқығанды ұнатады. Киелі кітаптың тілінің әдемілігі мен ойының тереңдігі оларды қатты сүйсіндіреді. Кейбіреулері бос уақытында оқуға “Ехоба Куәгерлерінің жылнамасын”, “Ояныңдар!” журналын, осы журналда басылатын өмірбаяндарды немесе тарих, география және табиғатты зерттеу туралы мақалаларды таңдайды.
2, 3. а) Терең мағыналы рухани мәліметті қатты тағаммен қай мағынада салыстыруға болады? ә) Зерттеуге не жатады?
2 Жай көңіл көтеру үшін оқыған демалудың түрі болса, зерттеу үшін миды іске қосу керек. Ағылшын пәлсапашысы Фрэнсис Бэкон былай деп жазды: “Кейбір кітаптың тек дәмін көрсе де болады, екінші біреулерін түгелдей жұту керек, ал азғана өзге кітаптарды шайнап, қорыту керек”. Киелі кітаптың соңғы аталғанның қатарына жататыны анық. Елші Пауыл былай деп жазды: “Бұл [патша әрі діни қызметкер Мәліксадық бейнелеген Мәсіх] туралы көп айтуымыз керек еді; бірақ түсіндіру қиын, өйткені сендер зейін қойып тыңдауды қойдыңдар. Қатты тағам болса түйсігі жақсы мен жаманды айыруға машықтанған рухани жетілгендерге арналған” (Еврейлерге 5:11, 14). Қатты тағамды жұтып, қорытпас бұрын шайнау керек. Терең мағыналы рухани мәліметті сіңіріп, есте сақтамас бұрын оның үстінен ой жүгірту қажет.
3 “Зерттеу” деген сөзге сөздікте, “бір нәрсенің мән-жайын анықтау; іздену”деген түсінік беріледі. Бұдан зерттеудің кейбір сөздердің астын сыза отырып жай ғана оқып шыққаннан гөрі күрделілеу екенін көруге болады. Зерттеу дегеніміз — еңбек, сондай-ақ ол түйсіну қабілетін іске қосып санаға күш салуды білдіреді. Бірақ, зерттеу үшін күш салу керек болғанымен, бұл ұнамды іс бола алады.
Құшырлана зерттеу
4. Забур жыршысының айтуы бойынша, Құдай Сөзін зерттеу қалай сергітіп, пайдалы бола алады?
4 Құдай Сөзін оқу және зерттеу сергітіп, күш бере алады. Забур жыршысы былай деп жариялады: “Тәңірдің Заңы кемелді, жаныңа күш береді; Тәңірдің аяндары [“ескертулері”, ЖД] тура, ақылсыздарды парасатты етеді. Тәңірдің бұйрықтары әділ, жүректі қуантады; Тәңірдің өсиеті жарық, көзіңді ашады” (Забур 18:8, 9). Ехобаның заңдары мен ескертулері жанымызды жандандырады, рухани денсаулығымызды жақсартады, қуанышқа бөлейді және Ехобаның керемет уәделерін анық көруіміз үшін көзімізді ашады. Қандай тамаша десеңші!
5. Зерттеу қалай қуанышқа бөлеуі мүмкін?
5 Ісіміздің жақсы нәтижесін көргенде, оны қуана-қуана істеуге тырысамыз. Сондықтан, құшырлана зерттеу үшін, жаңадан қол жеткізген білімімізді бөгелместен өмірімізде қолдануымыз керек. Жақып былай деп жазды: “Бірақ кім кемелді, бостандық заңын жете ұғынып, оны орындаса, ұмытшақ тыңдаушы емес, істің орындаушысы болғандықтан, іс-әрекетінде бақытқа жетеді” (Жақып 1:25). Алған біліміңді өміріңде сол заматтан бастап қолданғаннан үлкен қанағат аласың. Уағыздап жүргенде немесе біреуді оқытқанда кез болатын сұрақтарға жауап табу үшін арнайы зерттеу де бізді үлкен қуанышқа бөлейді.
Құдай Сөзіне деген сүйіспеншілік дамыту
6. 118-забурдың жыршысы Ехобаның Сөзін сүйетіндігін қандай сөздермен жеткізді?
6 118-забурды жазған жыршы, жас ханзада Езекия болса керек, өзінің Құдай Сөзіне деген сүйіспеншілігін былай деп әсерлі сөздермен жеткізді: “Сенің жарғыларыңа сүйіспеншілік танытатын боламын, Сенің сөздеріңді ұмытпаймын. Сенің аяндарың — менің жұбанышым, кеңесшім. Өзім жақсы көретін Сенің өсиеттеріңнен жұбаныш табатын боламын. Сенің рақымың түссінші маған, сонда өмір сүретін боламын; өйткені Сенің заңың — менің жұбанышым. Сенің құтқаруыңды аңсаймын, Тәңірім, және Сенің заңың — менің жұбанышым” (Забур 118:16 [ЖД], 24, 47, 77, 174).
7, 8. а) Бір сөздікке байланысты Құдай Сөзіне “сүйіспеншілік көрсету” деген нені білдіреді? ә) Ехобаның Сөзіне деген сүйіспеншілігімізді қалай көрсете аламыз? б) Ехобаның Заңын оқырдың алында Езра өзін қалай дайындады?
7 118-забурде “сүйіспеншілік таныту” деп аударылған сөзді бір Еврей Жазбаларының сөздігінде былай деп түсіндіреді: “16-тармақтағы қолданылған етістік “қуану”... және “ой жүгірту” деген [етістік] сөздермен үндес... Бұл іс-әрекеттер мынадай кезекпен келеді: қуану, ой жүгірту, сүйсіну... Бұл сөздер, бір мақсатпен ой жүгірту арқылы, Яхвенің сөзін білгеннен рахат сезімге бөленуге болатындығын білдіруі мүмкін... Бұл мағынаға эмоциялық элементтер кіреді”a.
8 Иә, Ехобаның Сөзіне деген сүйіспеншілігіміз ішкі сезімдеріміздің ұясы — жүрегімізден шығуы керек. Оқыған әрбір үзіндінің үстінен ой жүгіртіп, рахаттана білуіміз керек. Терең рухани ойлар туралы ойға шомып, оларға бар ынтамызбен беріліп, олардың үстінен ой жүгірте білуіміз қажет. Бұл асықпай ойлануды және дұға етуді талап етеді. Езра сияқты, біздің де жүрегімізде Құдай Сөзін оқып, зерттеуге деген ізгі ниет болуы керек. Ол туралы былай деп жазылған: “Езраның жүрегінде Тәңірдің заңын оқып біліп, оны орындауға және де Исраил халқын заң мен шындыққа үйретуге деген ізгі ниет болды” (Езра 7:10). Жүрегінде ізгі ниеті бар Езраның үш нәрсені көздегеніне көңіл бөліңдерші: зерттеу, орындау және өзгелерді оқыту. Біз де солай етуіміз керек.
Мінажат ету ретінде зерттеу
9, 10. а) Забур жыршысы Ехобаның Сөзіне деген терең ықыласын қалай көрсетті? ә) “Терең ықылас қою” деп аударылған еврей етістігі нені білдіреді? б) Біз үшін Киелі кітапты зерттеуді “мінажат етудің бір жолы” деп қарастыру неліктен маңызды?
9 Забур жыршысы Ехобаның заңдарына, өсиеттеріне және ескертулеріне терең ықылас қойғанын жария етеді. Ол: “Сенің бұйрықтарың жайлы ойланатын [“бұйрықтарыңа терең ықылас қоятын”, ЖД] боламын, Сенің жолдарыңа қараймын. Өзім жақсы көретін Сенің өсиеттеріңе қолымды созамын және Сенің жарғыларыңның үстінен ой жүгіртемін. Сенің заңыңды қалай жақсы көремін десеңші! Ол туралы күні бойы ойланып жүремін. Оқытушыларымның бәрінен де ақылдырақ болдым, өйткені Сенің аяндарың [“ескертулерің”, ЖД] жайлы ойланамын”,— деп жырлайды (Забур 118:15, 48, 97, 99). Ехобаның Сөзіне ‘терең ықылас қою’ деген нені білдіреді екен?
10 “Терең ықылас қою” деп аударылған еврей етістігі сонымен қатар “ойға шому, толғану”, “бір нәрсені ақылға салып қарастыру” дегенді де білдіреді. “Ол Құдайдың істері... және сөздері туралы үнсіз ойға батуды білдіреді” (Theological Wordbook of the Old Testament). “Терең ықылас қою” дегенді білдіретін зат есім “забур жыршысының ой жүгірткенін”, “мінажат етудің бір жолы” ретінде Құдайдың заңдарын “құшырлана зерттегенін” еске салады. Құдайдың Сөзін зерттеуді мінажатымыздың бір бөлігі ретінде қарастыратын болсақ, оған маңызды нәрсе деп қараймыз. Біз оған қалай болса солай қарамауымыз керек және дұға айтқан да маңызды. Зерттеу біздің мінажатымыздың бөлігі және оның мақсаты — мінажатымызды жақсарту.
Құдай Сөзін тереңірек зерттеу
11. Ехоба өзінің халқына терең рухани ойларды қалай ашуда?
11 Забур жыршысы зор құрмет сезімімен шаттана: “Сенің істерің қаншалықты ұлы еді, Тәңірім! Сенің ойларың неткен терең еді!”— деді (Забур 91:6). Елші Пауыл да адал және ақылды қызметшілер арқылы әрекет етіп отырған “Киелі Рухы арқылы” өз халқына көрсетіп отырған Ехобаның ‘терең ой-мақсаттары’ жайлы айтты (1 Қорынттықтарға 2:10; Матай 24:45). Қызметші табы барлық мәсіхшілерді рухани азықпен — жаңа білім алып жүргендерді ‘сүтпен’, ал рухани жетілгендерді ‘қатты тағаммен’ бар ынта-ықыласымен қамтамасыз етуде (Еврейлерге 5:11—14).
12. Қызметші табы түсіндірген ‘Құдайдың терең ой-мақсаттарының’ мысалын келтір.
12 Осындай “Құдайдың терең ой-мақсаттарын” түсіну үшін, оның Сөзін дұға етіп, зерттеп, үстінен ой жүгірту қажет. Мысалы, Ехобаның бір мезгілде қалай әділ әрі рақымды бола алатынын көрсететін керемет мәлімет басылып шықты. Ол мақалада, Оның рақымдылығы әділдігін кемітпейтіндігі; қайта оның Өзіне тән рақымдылығы — Құдайдың әділдігі мен сүйіспеншілігін көрсететіндігі айтылған. Күнәкарды соттағанда Ехоба алдымен өзінің Ұлының бостандық төлемінің негізінде оған рақым етуге болмас па екен, соны анықтайды. Егер күнәкар істеген күнәларына өкінбесе немесе теріс жолынан қайтпаса, Құдай ондай адамға әділ жазасын береді. Қандай болғанда да ол өзінің жоғары принциптеріне адалb (Римдіктерге 3:21—26). “О, Құдайдың даналығы... неткен терең!” (Римдіктерге 11:33).
13. Осы уақытқа дейін “көп мөлшерде” ашылған рухани шындықтарды бағалайтынымызды қалай көрсетуіміз керек?
13 Ехоба көптеген ойларымен бізбен бөлісетін болғандықтан, Забур жыршысы іспетті, біздің де көңіліміз толқиды. Дәуіт: “Сенің ойларың мен үшін қаншалықты биік, саны да қаншалықты көп десеңші Құдайым! Оларды санар ма екенмін, бірақ олар құмнан да көп”,— деп жазған болатын (Забур 138:17, 18). Біздің бүгінгі күнгі біліміміз Ехобаның мәңгілік бойы ашқалы отырған шексіз ойларының болмашысы ғана болса да, біз осы уақытқа дейін “көп мөлшерде” ашылған құнды рухани шындықтарды жоғары бағалаймыз және Құдай Сөзінің мағынасын тереңірек қаза түсеміз (Забур 118:160, ЖД, сілтеме).
Күш салу және тиімді құралдар қажет
14. Құдайдың Сөзін зерттеуде күш салуымыз керек екеніне Нақыл сөздер 2:1—6 тармақтарда қалай ерекше көңіл бөлінеді?
14 Киелі кітапты терең зерттеу үшін күш салу қажет. Мұны Нақыл сөздер 2:1—6 тармақтарды мұқият оқу арқылы анық көруге болады. Құдайдың білімін, даналығын және ақылын бойға сіңіру үшін күш салудың қажет екеніне ерекше көңіл аудару үшін дана Патша Сүлеймен қолданған іс-әрекетті білдіретін етістіктерге көңіл бөліңдерші. Ол: “Ұлым менің! Егер менің сөздерімді қабыл алып, өсиеттерімді сақтасаң, сөйтіп даналықты мұқият тыңдап, ой жүгіртуге жүрегіңді бұрсаң; егер білімді шақырып, даналыққа үн қатсаң; егер оны күміс іздегендей іздейтін болсаң және қазынаны іздегендей ізденетін болсаң, Тәңірдің алдындағы қорқынышты жете түсініп, Құдай туралы білімді табасың. Өйткені даналықты Тәңір береді; білім мен ақыл Соның аузынан шығады”. Иә, зерттеу нәтижелі болу үшін, көміліп жатқан қазынаны іздегендей іздеуіміз керек.
15. Киелі кітаптағы қандай көрнекі мысал зерттеудің жақсы тәсілі қажет екенін көрсетеді?
15 Рухани баю мақсатымен зерттеу үшін, сондай-ақ зерттеудің жақсы тәсілін таңдай білу қажет. Сүлеймен сондай-ақ: “Егер балта мұқалып қалып, оның жүзі қайралмаған болса, күш салу керек болады”,— деп жазды (Екклесиаст 10:10). Егер жұмысшы жүзі өтпейтін құрал қолданатын болса немесе оны ептілікпен қолданбаса, ол күш-қуатын бекерге жұмсайтын болады және жұмысы сапалы болмайды. Сол сияқты, зерттеуге жұмсаған уақытымыздың пайдалы болуы да зерттеу тәсілімізге байланысты. Зерттеу тәсілдерімізді жақсарту үшін керемет кеңестерді “Теократиялық қызмет Мектебіне арналған Басшылық” (ор.) кітабының 7-сабағынан табуға боладыc.
16. Терең зерттеуге көмек ретінде қандай пайдалы кеңестер берілген?
16 Ұста, жұмысын бастамас бұрын, қажет болатын құралдарын дайындап алады. Сол сияқты, зерттеуді бастамас бұрын, біз де кітапханамыздан қажетті оқу құралдарын таңдап алуымыз керек. Зерттеу де жұмыс болғандықтан және ой жүгіртуді талап ететіндіктен, ыңғайланып отыру да қажет. Түсінуге қабілетті болу үшін, кереуетте жатқаннан немесе жұмсақ креслода отырғаннан үстелдің басында отырған пайдалы. Біраз уақыттан кейін біраз дене шынықтыру жасаған немесе сыртқа шығып таза ауа жұтқан пайдалы.
17, 18. Біз түсінетін тілде бар зерттеуге арналған керемет құралдарды қалай қолдануға болатындығының мысалын келтір.
17 Сонымен қатар бізде көптеген зерттеуге арналған теңдесі жоқ құралдар бар. Олардың ішіндегі ең кереметі — Киелі кітаптың “Жаңа Дүние Аудармасы”. Оның толық және жекелеген бөліктерінің аудармасы қазіргі уақытта 34 тілде бар. “Жаңа Дүние Аудармасының” әдеттегі басылымына Киелі жазба орындарына сәйкес сілтемелер мен жазған адамдардың есімі, жазылған жері және қанша уақытта жазылғаны көрсетілген “Киелі кітапқа енген кітаптардың кестесі” енгізілген. Сондай-ақ, онда Киелі кітапқа енген сөздердің көрсеткіші, қосымша мәліметтер және карталар бар. Кейбір тілдерде “Түсініктемесі бар Киелі Жазбалардың Жаңа Дүние Аудармасы” деп аталатын үлкендеу басылымдары да бар. Оған, жоғарыда айтылып өткен қосымшалармен қатар, кең көлемдегі мәліметтер көрсеткішімен бірге өзге де көптеген нәрселер енгізілген. Құдай Сөзін терең зерттеу үшін өздерің сөйлейтін тілде бар басылымдарды толық пайдаланып жүрсіңдер ме?
18 Зерттеуге арналған теңдесі жоқ құралдардың тағы бірі — “Киелі жазбаларды түсіну” деп аталатын екі томдық Киелі кітап энциклопедиясы. Егер бұл басылым сендер түсінетін тілде болса, зерттеу барысында үнемі қолданғандарың жөн. Сендер одан Киелі кітап тақырыптарының көпшілігі үшін қосымша мәліметтерді табасыңдар. Сол сияқты, “Киелі жазбалардың бәрі Құдай рухының жетелеуімен жазылған, әрі тиімді” (ағ.) кітабы да пайдалы құрал. Киелі кітаптың ішіндегі келесі бір кітапты оқуды бастаған кезде, географиялық және тарихи мәліметтерді және кітаптың қысқаша мазмұны мен біз үшін қандай пайдасы бар екенін білу үшін, “Киелі жазбалардың бәрі” кітабындағы осы кітапқа байланысты сабағын қарастырған жақсы. Басылып шыққан зерттеуге арналған құралдарға қосымша жаңадан шыққан құрал — компьютерге енгізілген “Күзет мұнарасы кітапханасы”. Ол қазіргі уақытта тоғыз тілде бар.
19. а) Ехоба неліктен бізді Киелі кітапты зерттеуге арналған керемет құралдармен қамтамасыз етіп отыр? ә) Киелі кітапты оқу мен зерттеуді дұрыс жүргізу үшін не қажет?
19 Ехоба бұл құралдардың бәрін “адал және ақылды қызметші” арқылы жер бетіндегі қызметшілерінің ‘Құдай туралы білімді іздеп табулары’ үшін беріп отыр (Нақыл сөздер 2:4, 5). Зерттеуді жақсы әдетке айналдырсақ, Ехобаны жақсы біле түсіп, тығыз қарым-қатынаста болатын боламыз (Забур 62:2—9). Иә, зерттеу дегеніміз тер төгуді білдіреді, бірақ ол ұнамды да пайдалы еңбек. Сөйткенмен де оған уақыт қажет, сондықтан, “Киелі кітапты оқуға және жеке өзім зерттеуге жеткілікті уақытты қайдан табамын?” деп ойлауларың мүмкін. Бұл жағын соңғы мақалада талқылаймыз.
[Сілтемелер]
a New international Dictionary of Old Testament Theology & Exegesis, 4-том, 205, 207-беттер.
b “Күзет мұнарасының” 1998 жылғы 1 тамыздағы нөміріне қара: 13-бет, 7-абзац (ор.). Киелі кітапты жеке зерттеген кезде осы нөмірдегі зерттеуге арналған екі мақаланы да, сондай-ақ Күзет Мұнарасы Қоғамы басып шығарған “Жазбаларды түсіну” (ағ.) деп аталатын Киелі кітап энциклопедиясындағы “Justice” (“Әділеттілік”), “Mercy” (“Рақымдылық”) және “Righteousness” (“Әділдік”) деген мақалаларды қарастыруларыңа болады.
c Күзет Мұнарасы Қоғамы басып шығарған. Егер сендер сөйлейтін тілде бұл басшылық жоқ болса, зерттеу тәсілдері жөніндегі керемет кеңестерді “Күзет мұнарасының” келесі нөмірлерінен табуға болады: 1993 жылғы 15 тамыз, 13—17 беттер (ор.); 1986 жылғы 15 мамыр, 19, 20-беттер (ор.).
Қайталауға арналған сұрақтар
• Жеке зерттеуді қалай сергітетін және пайдалы етуге болады?
• Забур жыршысы сияқты, Ехобаның Сөзіне қалай “сүйіспеншілік көрсетіп”, оған “терең ықылас” қоя аламыз?
• Құдай Сөзін зерттегенде күш салу кажет екенін Нақыл сөздер 2:1—6 тармақтардан қалай көруге болады?
• Ехоба қандай зерттеуге арналған керемет құралдармен қамтамасыз етіп отыр?
[22-беттегі сурет]
Асықпай ой жүгіртіп, дұға ету Құдай Сөзіне деген сүйіспеншілікті дамытуға көмектеседі.
[24-беттегі суреттер]
Құдай Сөзін тереңірек зерттеу үшін қолыңда бар зерттеуге арналған басылымдарды толық қолданып жүрсің бе?