Құдай алдындағы борыштарыңды түгел өтеп жүрсіңдер ме?
«Кез келген іс пен барлық жасырын нәрсеге — жақсы болса да, жаман болса да — Құдай үкім шығарады» (ЕККЛЕСИАСТ 12:14).
1. Ехоба өзінің халқын немен қамтамасыз етіп отыр?
ЕХОБА өзін Жаратушысы ретінде есінен шығармай жүргендерді қолдайды. Олар Жаратушысына барлық жағынан жағу үшін қажетті білімді, сол Жаратушының өзінің Сөзінен алуда. Олар Құдайдың еркін Оның өзінің киелі рухының арқасында орындап, «әр түрлі игі істер істеуде» (Қолостықтарға 1:9, 10). Оның үстіне Ехоба «адал және ақылды қызметші» арқылы оларды рухани азықпен қамтамасыз етіп, теократиялық басшылық жасап отыр (Матай 24:45—47). Осылайша, Патшалық туралы ізгі хабарды жариялау арқылы маңызды іс атқарып отырған Құдайдың халқына көктен көптеген баталар жаууда (Марқа 13:10).
2. Ехобаға қызмет етуге байланысты қандай сауалдар тууы мүмкін?
2 Шынайы мәсіхшілер өздерінің өмірін Ехоба тапсырған қасиетті қызметті атқаруға қуана-қуана арнауда. Сөйтсе де әлдекімнің ұнжырғасы түсіп, жасап жатқан әрекетімнің бәрі түкке тұрғысыз деген ойға келуі мүмкін. Осылайша, кейде, Құдайға шын берілген мәсіхшілер өздерінің адал ниетпен жасап жатқан әрекеттерінің бағалы екеніне күмәндануы мүмкін. Отбасымен бірге зерттеудің, сондай-ақ басқа да шаруалардың қалай жүзеге асып жатқанын жан-жақты ойланған кезде, отағасында мынадай сауалдардың тууы әбден мүмкін: «Істеп жүрген ісіміз Ехобаның көңілінен шыға ма? Құдайдың алдындағы борышымызды түгел өтеп жүрміз бе?» Мұндай сауалдарға жауап беруге Екклесиасттың даналық сөздері көмектеседі.
Бәрі бос әурешілік пе?
3. Екклесиаст 12:8-де айтылғанға сәйкес, неден асқан бос әурешілік жоқ деуге болады?
3 Данышпанның сөздері ешкімді, жастарды да, қарттарды да, қанаттандырмайтындай болып көрінуі мүмкін. «Бос әурешіліктің әурешілігі,— деді Екклесиаст,— бәрі бос әурешілік!» (Екклесиаст 12:8). Жастық шағында Жаратушысына немқұрайды қарау, оған қызмет етпей қартаю және өмірінің соншама уақытын қартаю үшін ғана өткізу — міне, бұдан өткен бос әурешілік жоқ! Мұндай адам, шайтан билігін жүргізіп отырған осы өмірден бай немесе атақты болып өтсе де, ол үшін бәрі бос әурешілік немесе түкке тұрғысыз нәрсе (1 Жохан 5:19).
4. Неге бәрі бос әурешілік емес деуге болады?
4 Алайда Ехобаға адал қызмет етіп, «өздеріне аспанда байлық жинап» жүргендер үшін бәрі бос әурешілік емес (Матай 6:19, 20). Олардың қуанышқа бөлейтін жұмысы — Иеміздің ісі — көп, әрі бұндай еңбектің бекер емес екендігінде сөз жоқ (1 Қорынттықтарға 15:58). Бірақ, егер, біз өмірімізді Құдайға арнаған болсақ, Оның осы соңғы дәуірде атқаруымыз үшін тапсырған ісін бар ынтамызбен орындап жүрміз бе? (2 Тімотеге 3:1). Әлде өмір сүру қалпымыздың басқалардыкінен айырмашылығы шамалы ғана ма? Айналамыздағы адамдар әр түрлі дінді ұстанып, барынша Құдайшыл болуы мүмкін, яғни Құдайға құлшылық ететін жерге үнемі барып, өз дінінің талап-ережелерін орындауға тырысатын шығар. Бірақ оларды Патшалық туралы хабарды жариялаушылар дей алмайсың. «Заманның ақырында» өмір сүріп жатқандығымыз жайында олардың тура білімі жоқ. Сондай-ақ олар кідірместен әрекет етуді талап ететін уақытта өмір сүріп отырғанымызды сезбейді де (Даниел 12:4).
5. Күнделікті күйбең біздің басты тірлігімізге айналса не істеуіміз керек?
5 Біз өмір сүріп отырған қиын-қыстау кезең жайында Иса былай деген болатын: «Нұх пайғамбардың заманында қалай болған болса, Адам Ұлының келуі де солай болады. Өйткені топан судың алдындағы күндерде, Нұх кемеге мінген күнге дейін адамдар жеп-ішті, әйел алды, күйеуге тиді; топан су басып бәрін қырып-жойғанға дейін аңғармады. Адам Ұлының келуі де солай болады» (Матай 24:37—39). Шамасын біліп жеп-ішкеннің, сондай-ақ, некенің негізін Құдай қалағандықтан, үйленгеннің не тұрмысқа шыққанның ешқандай да айыбы жоқ (Жаратылыс 2:20—24). Бірақ күнделікті күйбең біздің басты тірлігімізге айналғанына көзіміз жетіп тұрса, осы жайында Құдайға неге дұға етпеске? Ехоба, Патшалықтың мүдделерін жоғары қойып, дұрыс іс-әрекет жасауымыз үшін, сөйтіп оның алдындағы борышымызды өтеуіміз үшін жәрдем береді (Матай 6:33; Римдіктерге 12:12; 2 Қорынттықтарға 13:7).
Өмірімізді Құдайға арнау және оның алдындағы борышымыз
6. Шомылдыру рәсімінен өткен кейбір мәсіхшілер қандай маңызды мәселеге байланысты Құдай алдындағы борышын өтемей жүр?
6 Шомылдыру рәсімінен өткен мәсіхшілердің кейбіреулері өз өмірін Ехобаға арнаған кезде мойындарына алған жауапкершіліктеріне, яғни оған қызмет ету борышына сәйкес өмір сүріп жатқан жоқ. Сондықтан олар Ехобаға бар ынтасымен дұға етуі керек. Жыл сайын 300 000-нан астам адамның шомылдыру рәсімінен өтіп жақанына осымен бірнеше жыл болды, бірақ белсеніп қызмет етіп жүрген Ехоба Куәгерлерінің саны бұл көрсеткіштен төмен болып отыр. Патшалықты жариялаушы болғандардың кейбіреулері ізгі хабарды уағыздағанды қойған. Алайда адам шомылдыру рәсімінен өтпей тұрып мәсіхші ретінде қызметке толық араласуы керек. Сондықтан Құдайға қызмет етуді жақында бастағандарға да Исаның: «Барлық ұлттарды Маған шәкірт қылыңдар, оларды Әкенің, Ұлдың, Киелі Рухтың атына шомылдырыңдар. Оларды Менің сендерге бұйырғанымның бәрін сақтауға үйретіңдер»,— деп ізбасарларына берген тапсырмасы белгілі (Матай 28:19, 20). Денсаулығына не өздері еш өзгерте алмайтын аяқ астынан болған қандай да бір басқа жағдайға байланысты қиындық кедергі болып қалған болмаса, шомылдыру рәсімінен өткен, бірақ Құдай мен Мәсіхтің белсенді Куәгері болуды тоқтатқандарды Жаратушының алдындағы борышын түгел өтеп жүрген жоқ деуге болады (Ишая 43:10—12).
7. Не себепті біз мінажат етуге жиналуымыз керек?
7 Ертедегі Исраил өзін Құдайға арнаған халық болатын, сондықтан келісім Заңы бойынша оларға белгілі бір міндеттер жүктелген еді. Мысалы, жыл сайын болатын үш мейрамды тойлау үшін ер кісілер бас қосу керек болатын да, «Құтқарылу мейрамын» әдейі тойламаған адам «өлтірілетін» (Санақ 9:13; Леуі 23:1—43; Заңды қайталау 16:16). Исраилдіктер, өз өмірін қызмет етуге арнаған халық ретінде Құдай алдындағы борышын өтеу үшін, мінажат етуге жиналулары керек болатын (Заңды қайталау 31:10—13). «Өзіңе ыңғайлы болса ғана өсиеттерді орында» деп Заңның еш жерінде жазылмаған. Исраилдіктерге қатысты айтылған жиналу туралы бұйрықты, бүгінгі күні өмірін Ехобаға арнағандарға арнап айтылған: «Бір-бірімізге зер салып, сүйіспеншілік пен жақсы істерге шабыттандырайық. Кейбіреулердің әдетке айналдырғанындай, өз қауымымызды қалдырмайық; сол күннің жақындағанын байқаған сайын бір-бірімізді жақсылыққа баулиық»,— деген Пауылдың сөздері күшейтіп отыр (Еврейлерге 10:24, 25). Иә, бір сенімдегі бауырластарымен әрдайым бірге жиналу да Құдайға шын берілген мәсіхшілердің борышы.
Жақсылап ойланып барып шешім қабылдаңдар!
8. Өмірін Құдайға арнаған жас адам қасиетті қызметі жайында дұға ете отырып, неге жан-жақты ойлануы керек?
8 Сен, өз өмірін Құдайға арнаған жас адамсың делік. Сенің өміріңде Патшалықтың мүдделері әрдайым бірінші орында болатын болса, керемет игіліктер көресің (Нақыл сөздер 10:22). Дұға мен жақсылап жасалған жоспар ең болмаса жас күніңді толық уақытты қызметтердің біріне арнауыңа көмектеседі. Ал бұл — Жаратушыңды есіңде ұстап жүргеніңді көрсетудің тамаша жолы. Әйтпесе уақытыңның көбісі рухани емес тірліктерге кетіп, назарыңның соған ауа бастамасына кепілдік жоқ. Мүмкін көпшілік секілді ерте некеге тұрып, әр нәрсемен өзіңді қамтамасыз етуді көздеп қарыз алатын шығарсың. Бар уақытың мен күш-қуатыңды табысы жақсы жұмыс істеу үшін жұмсарсың. Ал егер балаларың болатын болса, отбасында, бірнеше онжылдықты қажет ететін міндеттер пайда болады (1 Тімотеге 5:8). Бұл міндетті түрде Жаратушыңды ұмытасың деген сөз емес, дегенмен есейген кездегі өміріңнің қалануы өміріңді мүмкіндігінше ерте жоспарлағаныңа байланысты болуы мүмкін екенін ескеру керек. Жастық шағың өтіп кеткен кезде өкінішпен артқа қарап, ең болмаса жас кезімде Жаратушыға көбірек қызмет етуім керек еді деген ойға келуің мүмкін. Ехобаға арналған қасиетті қызметтің рақатын жас күніңде көру үшін, есейгенде болатын өмірің туралы дұға етіп неге тап қазір жан-жақты ойланбасқа?
9. Қауымда бұрын көптеген міндеттерді атқарған, ал қазір қартайған адамның қандай көмек көрсетуге шамасы болуы мүмкін?
9 Басқа жағдайды қарастырайық — бір кезде «Құдайдың отарын» бағушы болып қызмет еткен адамның жағдайы (1 Петір 5:2, 3). Бұндай қасиетті қызметтен ол қандай да бір себеппен өз еркімен бас тартқан болатын. Қартайып қалғандықтан Құдайға қызмет ету қиындап кеткені рас. Бірақ оның теократиялық қызметке қайтадан ұмтылуына болмас па екен? Қауым жиналысында шамасына қарай көбірек міндеттерді атқаратын болса, бұндай адам қауымға қандай көмек көрсеткен болар еді! Ешкім тек өзі үшін өмір сүрмейтін болғандықтан, егер Ехобаның даңқын шығару мақсатында ол көбірек қызмет ететін болса, оның жақындары мен достары қуанған болар еді (Римдіктерге 14:7, 8). Ең бастысы — Ехоба өзіне қызмет еткендердің ешқайсысының еңбегін ұмытпайды (Еврейлерге 6:10—12). Сонымен, Жаратушымызды есімізден шығармауға көмектесетін не нәрсе?
Жаратушымызды есімізден шығармауға көмектесетін нәрсе
10. Неге Сүлейменді Жаратушымызды қалай есімізден шығармауға болатыны жөнінде бізге басшылық беретіндей жағдайда болған деуге болады?
10 Екклесиаст бізге Жаратушымызды қалай есімізден шығармауға болатыны жөнінде басшылық бере алатындай жағдайда еді. Оның шын жүректен айтқан дұғасына жауап ретінде, Ехоба оған керемет даналық берген болатын (3 Патшалық 3:6—12). Адам баласының өміріндегі іс-әрекеттердің бәрін Сүлеймен мұқият зерттеген. Оның үстіне, Құдай рухының жетелеуімен, ол өзінің ізденістерінің жемісін өзгелердің пайдасы үшін жазбаша түрде қалдырған. Ол былай деп жазған болатын: «Оның үстіне Екклесиаст данышпан адам болған, сондай-ақ халыққа білім берген. Ол бәрін сынап көрген, зерттеген, сөйтіп көптеген нақыл сөздер құрастырған. Екклесиаст ғибрат айтылған көркем сөздерді іздеп табуға тырысқан, оның жазғандары — дұп-дұрыс айтылған шындық» (Екклесиаст 12:9, 10).
11. Не себепті біз Сүлейменнің ақылмен берілген кеңестерін қабыл алуымыз керек?
11 Грек Септуагинтасы бұл ойды былай жеткізген: «Оның үстіне уағыздаушы, данышпан болғандықтан әрі нақыл сөздерден адамның құлағы жақсы нәрсе таба алуы үшін адамдарды даналыққа үйреткендіктен, жағымды сөздерді жақсылап іздеген және ондағы әділеттілік жайында жазылғандар — шындық сөздер» (Чарлз Томсон аударған «The Septuagint Bible»). Ғибрат айтылған көркем сөздерді жазып, шын мәнінде қызық, әрі мағыналы тақырыптарды қозғау арқылы, Сүлеймен оқырмандардың жүрегіне жеткізіп айтуға тырысқан. Киелі кітаптағы сөздер киелі рухтың жетелеуімен жазылғандықтан, оның жасаған тұжырымдарымен ешбір күмәнсыз келісіп, ақылмен берген кеңестерін қабыл алуымызға болады (2 Тімотеге 3:16, 17).
12. Сүлейменнің Екклесиаст 12:11,12-дегі сөздерін өз сөздеріңмен қалай айтып берген болар едіңдер?
12 Қазіргі таңдағы баспа әдістері бұрынғы кезде жоқ болатын. Соған қарамастан Сүлейменнің заманында кітап көп болған. Бұндай әдебиеттерге деген көзқарас қандай болуы керек еді? Сүлеймен былай деген болатын: «Данышпандардың сөздері ине [өткір ұшы темірден жасалған мал айдайтын таяқ] секілді, қағылып қойған шегелер сияқты және оны құрастырғандар — бір Бақташыдан [«көркем сөздерді жинауға беріліп кеткендер қағылып қойған шегелер секілді; оларды бір бақташы берген», ЖД]. Ұлым менің, бұдан басқаның бәрінен сақтан: көп кітап құрастыратын болса соңы болмайды, ал адамның тәніне көп оқыған зиян» (Екклесиаст 12:11, 12).
13. Құдай даналық берген адамдардың сөздері өткір ұшы темірден жасалған мал айдайтын таяққа қалай ұқсайды және кімдер «қағылған шегелер» секілді?
13 Құдай даналық бергендердің сөздері мал айдайтын таяқ секілді. Қалайша? Олардың сөздері оқырмандарды не тыңдаушыларды алға ұмтылуға және естігеніне немесе оқығанына сай жақсаруға жігерлендіреді. Оның үстіне, шын мәнінде данышпан әрі құнды сөздерді «жинағыштар» «қағылып қойған шегелер секілді» тұрған жерінен табан аудармайды. Бұлай болатын себебі — олардың сөздерінде Ехобаның даналығы бар; сондықтан да олардың сөздері оқырмандардың не тыңдаушылардың нық тұруына көмектесіп, оларға күш береді. Осындай даналық балаларының ақыл-ойына осындай даналық қонып, жүрегіне ұялауы үшін, Құдайдан қорқатын ата-аналар бар күшін салуы керек емес пе? (Заңды қайталау 6:4—9).
14. а) Қандай кітаптарды «көп оқыған» зиян? ә) Ең алдымен біз қандай әдебиетке көңіл қоюымыз керек және неге?
14 Бірақ Сүлеймен кітаптар жайында неге бұндай пікір айтты? Осы дүниелік кітаптардың Ехобаның сөзінен айырмашылығы — онда адамдардың ой-пікірінен асатын еш нәрсе жоқ. Бұл кітаптарда кездесетін нәрселердің көпшілігі Шайтан Ібілістің ой-пікірімен барабар (2 Қорынттықтарға 4:4). Сондықтан осы дүниелік кітаптарды «көп оқығанның» ұзақ уақыт бойы келтіретін пайдасы шамалы ғана. Оның үстіне ондағы мәліметтің көп бөлігі рухани жағынан зиян. Сүлеймен секілді, Құдайдың сөзі өмір туралы не айтатыны жөнінде жан-жақты ойланғаймыз. Осының арқасында сеніміміз күшейіп, Ехобамен тығыз қарым-қатынаста боламыз. Басқа кітаптарға немесе мәлімет көздеріне шамадан тыс көңіл қоятын болсақ — бізді шаршатады. Ал егер бұл мәлімет адамдардың Құдай даналығына қарама-қайшы келетін ой-пікірінен туған болса, бұндай мәлімет Құдайға және оның ниеттеріне деген сенім үшін барынша зиян. Сол себепті бүгін де, Сүлейменнің заманындағыдай, «бір бақташының» — Ехобаның — даналығынан тұратын мәліметтің ең пайдалы екенін есімізде ұстағаймыз. Ол бізге 66 кітаптан тұратын Киелі жазба берді, сондықтан ең алдымен біздің назарымыз соларға аууы керек. Киелі кітап пен «ақылды қызметшінің» пайдалы басылымдары «Құдай туралы білім» алуымызға мүмкіндік жасайды (Нақыл сөздер 2:1—6).
Құдай алдындағы борышымыз
15. а) Адамның «бар борышы» туралы Сүлейменнің сөздерін қалай түсіндірген болар едіңдер? ә) Құдай алдындағы борышымызды өтеу үшін не істеуіміз керек?
15 Өзінің ізденістерін қорытындылай келе Екклесиаст, немесе Сүлеймен, былай дейді: «Бәрінің тоқетерін тыңдасақ: Құдайдан қорқып, Оның өсиеттерін орында, өйткені бұның бәрі [«бар борышы», ЖД] адам үшін; Себебі кез келген іс пен барлық жасырын нәрсеге — жақсы болса да, жаман болса да — Құдай үкім шығарады» (Екклесиаст 12:13, 14). Жаратушының алдындағы ақылға қонымды қорқыныш немесе Оған деген қошамет, бізді, жан-жақты ойланбағанның кесірінен өзіміз бен жақындарымыз душар болуы мүмкін айтып жеткізгісіз қайғы-қасірет пен күйінішке толы өмірлік жолдан қорғайды. Бұндай жолдан отбасымыз да аман болса дейміз. Құдайдың алдында болатын ақылға қонымды қорқыныш таза әрі даналық пен білімнің басы (Забур 18:9; Нақыл сөздер 1:7). Құдайдың сөзіне негізделген түйсіну қабілетіміз бар болып, оның кеңестерін түгелдей орындап жүрген болсақ, Құдай алдындағы борышымызды түгел өтеп жүргеніміз. Жо-жоқ, міндеттерімізді жазып тізім жасаудың қажеті жоқ. Бізге қойылатын талап мынау-ақ: өмірдегі қиын мәселелерді шешкен кезде Жазбаны пайдаланып, әрдайым Құдайдың еркіне сай қимыл-әрекет жасау.
16. Ехоба нендей нәрсеге үкім шығарады?
16 Біз Жаратушының барлық нәрсені көріп тұратынын түсінуіміз керек (Нақыл сөздер 15:3). «Кез келген... іске Құдай үкім шығарады». Иә, Ең Жоғарғы — Құдай бәріне үкім шығарады. Бұл өзгелерге білдірмей істелген нәрселерді де қамтиды. Адам осыны білетін болса, бұл оны Құдайдың өсиеттерін орындауға талпындырады. Бірақ бізді бұған негізінен аспандағы Әкемізге деген сүйіспеншілік талпындыруы керек, өйткені Елші Жохан былай деп жазған ғой: «Ал өсиеттерін орындағанымыз — Құдайды сүйгеніміз; оларды орындау қиын емес» (1 Жохан 5:3). Құдайдың өсиеттері біздің мәңгі игілігіміз үшін құрастырылғандықтан, оларды орындаған әрі дұрыс, әрі ақылға қонымды. Жаратушымызды сүйетіндер үшін бұл ауыр емес. Олар Құдай алдындағы борыштарын өтегілері келеді.
Борышымызды түгел өтеу
17. Құдай алдындағы борышымызды түгел өтегіміз келсе біз не істейміз?
17 Егер ақылды болсақ және Құдай алдындағы борышымызды шын мәнінде өтегіміз келсе, оның өсиеттерін орындап қана қоймаймыз, қайта Оны қошеметтейтін боламыз, әрі бізде оған ұнамай қаламыз ба деген қорқыныш болады. Шындығында да «Тәңірден қорқу — даналықтың басы», ал оның өсиеттерін орындап жүргендерді «түсінігі дұрыс» адамдар деуге болады (Забур 110:10; Нақыл сөздер 1:7). Ақылмен әрекет етіп, барлық уақытта Ехобаның айтқандарына құлақ асқаймыз. Әсіресе қазір осылай істегеніміздің маңызы зор, себебі Иса Мәсіх Патша ретінде қатысып отырған кезде өмір сүріп отырмыз және оның Құдай тағайындаған Төреші ретінде сот жүргізетін уақыты да жақындап қалды (Матай 24:3; 25:31, 32).
18. Құдай алдындағы борышымызды түгел өтесек біздің болашағымыз қандай болмақ?
18 Қазір Құдай біздің әрқайсымызды мұқият бақылап отыр. Ықыласымыз рухани нәрсеге ауып жатыр ма, әлде біздің Құдаймен қарым-қатынасымызға осы күнәкар дүниенің әсер етуіне жол берудеміз бе? (1 Жохан 2:15—17; 1 Қорынттықтарға 2:10—16). Жастар мен қарттар, Жаратушымызға жағу үшін бар күшімізді салып, қолымыздан келгеннің бәрін істегейміз. Егер біз Ехобаның айтқандарына құлақ асып, өсиеттерін орындайтын болсақ, осы өткінші дүние ұсынып отырған барлық бос әурешіліктен бас тартатын боламыз. Сонда Құдайдың жаңа дүниесінде өмір сүруге деген біздің үмітіміз болады (2 Петір 3:13). Құдай алдындағы борышын түгел өтеп жүргендердің болашағы қандай тамаша десеңші!
Қалай жауап берер едіңдер?
• Неге бәрі бос әурешілік емес деп тұжырымдауға болады?
• Жас мәсіхші дұға ете отырып, өзінің қасиетті қызметі жайында неге жан-жақты ойлануы керек?
• Қандай кітаптарды «көп оқығаннан» пайда таппаған болар едік?
• «Бар борышы» деген не?
[16-беттегі сурет]
Ехобаға қызмет етіп жүргендер үшін бәрі бос әурешілік емес.