29-САБАҚ
Марқұмдар қандай күйде?
Бұл дүниеде жақынынан айырылмаған адам жоқ шығар. Сондай қайғыға тап болғанда, “Ол қазір қайда? Қандай күйде? Ол қайтып келе ме?” деген сұрақтар еріксіз ойға келеді. Киелі кітапта көңілді жұбататын жауаптар бар. Бұл жайлы осы және келесі сабақтан білесіз.
1. Марқұмдар қандай күйде?
Иса пайғамбар өлімді терең ұйқымен салыстырған. Неге? Терең ұйқыдағы адам әдетте айналада не болып жатқанын сезбейді. Сол сияқты, адам қайтыс болғаннан кейін, оның еш жері ауырмайды да, қиналмайды да. Өйткені Құдай Сөзінде: “Өлгендер ештеңе білмейді”,— деп жазылған (Уағыздаушы 9:5 оқыңыз).
2. Өлім жайлы шындықты білгеніміздің бізге берер пайдасы қандай?
Көп адам өлімнен де, өлген адамдардан да қорқады. Бірақ Киелі кітапта өлім жайында не жазылғанын білген соң, сіздің қорқынышыңыз сейіледі. Иса пайғамбар: “Шындық сендерді азат етеді”,— деп айтқан (Жохан 8:32). Кейбір діндер адам қайтыс болған соң, оның жаны я рухы ұшып жүреді деп айтады. Бірақ Киелі кітап адам өлгенімен, жаны өлмейді дегенді құптамайды. Иә, өлген адам азап шекпейді. Олар ештеңе білмегендіктен, бізге де зиян келтіре алмайды. Олай болса, аруақ бар екен деп ойлап, оларды риза қылудың да, оларға табынудың да, олар үшін дұға жасаудың да еш қажеті жоқ.
Кейбіреулер қайтыс болған адамдармен сөйлесе аламын деп айтады. Бірақ бұл мүмкін емес. Себебі “өлгендер ештеңе білмейді”. Марқұмдармен сөйлесіп жүрмін деп ойлайтындар шын мәнінде жын-перілермен сөйлесіп жүруі мүмкін. Өйткені жын-перілер марқұм болған адам кейпінде көріне алады. Өлім туралы шындықты білгеніміз бізді жын-перілерден қорғайды. Жындармен байланысу көп зиян әкелетіндіктен, Ехоба бізге өлген адамдармен сөйлесуге тырыспауды ескертеді (Мұсаның 5-жазбасы 18:10—12 оқыңыз).
ТЕРЕҢІРЕК ҮҢІЛІҢІЗ
Киелі кітапта өлім туралы не айтылғанын көбірек біліп, марқұмдарды азаптамайтын мейірімді Құдайға сенімімізді арттырайық.
3. Марқұмдар шын мәнінде қандай күйде екенін біліңіз
Дүниежүзі бойынша адам өлген соң не болатынына қатысты небір наным-түсініктер бар. Бірақ олардың бәрі бірдей шындыққа жанаспайды.
Сіз тұратын жерде марқұмдар қандай күйде деп жатады?
Ал Киелі кітаптың не үйрететінін білу үшін БЕЙНЕРОЛИКТІ көріңіздер.
Уағыздаушы 3:20 оқып, мына сұрақтарды талқылаңыздар:
Осы тармаққа сай, адам өлген соң онымен не болады?
Өлген соң оның жаны я рухы бөлініп шығады деп айтылған ба?
Киелі кітапта Иса пайғамбардың жақын досы Елазардың өлімі жайлы айтылады. Иса оның өлімін қалай сипаттағанын білу үшін Жохан 11:11—14 оқыңыздар. Сосын мына сұрақтарды талқылаңыздар:
Иса өлімді не нәрсеге теңеген?
Бұл салыстырудан марқұмдардың күйі жайында не білеміз?
Сіздіңше, Киелі кітапта өлім жайлы осылай айтылғаны ойға қонымды ма?
4. Өлім жайлы шындықты білудің біз үшін пайдасы бар
Өлім жайлы шындықты білсек, біз өлгендерден қорықпаймыз. Уағыздаушы 9:10 оқып, мына сұрақты талқылаңыздар:
Өлген адамдар бізге зиян келтіре ала ма?
Сондай-ақ Құдай Сөзіндегі шындық өлген адамды риза қылдыру керек я оған табыну керек деген наным-түсініктен қорғайды. Ишая 8:19 және Аян 4:11 оқып, келесі сұрақты талқылаңыздар:
Өлген адамға табынатындарға я көмек іздеп соларға жүгінетіндерге Ехоба қалай қарайды деп ойлайсыз?
5. Өлім жайлы шындық көңілімізді жұбатады
Көп адамға “тірі кезінде жасаған жамандығың үшін өлген кезде жазасын аласың” дегенді санасына сіңірген. Бірақ өлген соң ешкім, тіпті ауыр күнә жасағандар да жазаланбайтынын білу бізге жұбаныш береді. Римдіктерге 6:7 оқып, мына сұрақты талқылаңыздар:
Киелі кітапта айтылғандай, өлген адам күнәсінан арылатын болса, қалай ойлайсыз, көзі тірісінде жасаған күнәлары үшін ол жазалана ма?
Ехобаны жақынырақ таныған сайын, ол марқұмдарды ешқашан азаптамайтынына көзіміз жетеді. Мұсаның 5-жазбасы 32:4 пен Жоханның 1-хаты 4:8 оқып, мына сұрақтарды талқылаңыздар:
Осындай қасиеттері бар Құдай өлген адамдарды азаптауы мүмкін бе?
Өлім жайлы шындықты білгеніңіз көңіліңізге жұбаныш бере ме? Неге?
КЕЙБІРЕУЛЕРДІҢ АЙТАТЫНЫ: “Өлген соң қиналамын ба деп қорқамын”.
Киелі кітаптан жұбаныш беретін қандай тармақтарды оқып берер едіңіз?
ТҮЙІНДЕМЕ
Адам өлгенде, өмірі тоқтайды. Марқұмдар қиналмайды, тірі адамдарға зиян да келтіре алмайды.
Қайталау
Марқұмдар қандай күйде болады?
Өлім туралы шындықты білгеніміздің бізге берер пайдасы қандай?
Өлім туралы шындық көңілімізді қалай жұбатады?
ҚОСЫМША ІЗДЕНІҢІЗ
“Жан” сөзі Киелі кітапта қалай түсіндірілетінін оқып көріңіз.
Құдай зұлымдарды тозақта жазалай ма?
Марқұмдардан қорқуымыз керек пе?
“Өлгендердің рухы: сізге көмектесе ме, зиян келтіре ме? Олар шынымен бар ма?” (ор.) (кітапша)
Марқұмдардың күйі жайлы шындықты білген соң, бір ер кісінің қалай жұбанғанын оқып көріңіз.
“Киелі кітаптағы анық та қисынды жауаптар мені қайран қалдырды” (“Күзет мұнарасы”, 1 ақпан, 2015)