ОҚЫРМАН САУАЛДАРЫ
Уағыздаушы “мыңның арасынан бір ғана ер адамды таптым, ал бірде-бір әйелді тапқан жоқпын” деуімен не айтқысы келген? (Уағыздаушы 7:28)
Рухтың жетелеуімен жазылған осы сөздерді дұрыс түсіну үшін бізге, алдымен, Құдайдың әйелдерге деген көзқарасын ұғынып алу керек. Киелі кітапта жесір Нағиманың келіні Рут “үлгілі әйел” деп аталған (Рут 3:11). Ал Нақыл сөздер 31:10-ға сай, жақсы әйел “інжу-маржаннан да бағалы”. Олай болса, ежелгі Исраилдің патшасы Сүлейменнің: “Мыңның арасынан бір ғана ер адамды таптым, ал бірде-бір әйелді тапқан жоқпын”,— деген сөздері нені білдіреді?
Мән-мәтінге көз жүгіртсек, сол заманда әйелдер арасында құлықтылық деңгей түсіп кеткен болса керек (Уағ. 7:26). Бұған көбінесе Бағалға табынған жатжерлік әйелдердің ықпалы себеп болған көрінеді. Тіпті Сүлеймен патшаның өзі жатжерлік әйелдерінің қысымына беріліп қалған. Оның “жеті жүз жұбайы және тағы үш жүз кәнизагы болды” әрі олар оның жүрегін бөтен тәңірлерге бұрып әкетті (Пат. 3-ж. 11:1—4). Ер кісілер де құлықтылық жағынан жетісіп тұрған жоқ еді — мыңның ішінен бір әділ еркекті табу өте сирек, тіпті жоқтың қасы еді. “Мыңның арасынан бір ғана жібі түзу ер адамды таптым”,— деген тұжырымға келді Сүлеймен. Сосын сөзін жалғап: “Құдай адам баласын әділ етіп жаратты, бірақ адамдар көптеген зұлым ой-ниеттеріне салынды”,— деді (Уағ. 7:29). Бұл оның еркектерді әйелдермен салыстырғаны емес, жалпы адамзат туралы айтқан тұжырымы болатын. Сондықтан Уағыздаушы 7:28-дегі сөздерді Сүлейменнің күндеріндегі адамдардың құлықтылық күйінің сипаттамасы деп түсіну керек.
Алайда бұл тармақтың тағы бір мағынасы болуы мүмкін. Оның пайғамбарлық мәні бар болса керек: бірде-бір әйел Ехобаға кемелді түрде мойынсұнушылық танытқан жоқ, бірақ олай істеген бір ер адам бар. Ол — Иса Мәсіх (Рим. 5:15—17).