Ехобаның сөзі тірі.
Екклесиаст кітабындағы көңіл бұрарлық ойлар
ӘЙҮП: “Әйелден туған адамның күні қысқа, қайғыға толы”,— деп ескерген (Әйүп 14:1). Онсыз да қысқа өмірімізді маңызсыз жайттар жөнінде уайымдап, пайдасыз нәрселерге ұмтылып, бекер өткізбегеніміз қаншалықты маңызды десеңші! Уақытымыз, күш-жігеріміз бен қаржымызды не нәрсеге жұмсауымыз керек? Ал не нәрсеге жұмсаудан аулақ болуымыз керек? Киелі кітаптағы Екклесиаст кітабында осыған қатысты сенімді басшылық беріледі. Ондағы дана сөздер ‘ішкі дүниеміздегі ой-ниетімізді әшкерелеп, бағалай’ алады, сондай-ақ мағыналы өмір кешуімізге көмектеседі (Еврейлерге 4:12).
Даналығымен танымал болған ежелгі Исраил халқының патшасы Сүлеймен жазған Екклесиаст кітабында өмірде ненің шынымен мәнді, ал ненің құнсыз екендігіне қатысты пайдалы кеңестер бар. Сүлеймен құрылыс жұмыстарын жүргізгенін айтады, сондықтан ол Екклесиаст кітабын сол ғимараттардың құрылысы аяқталғанда, бірақ шынайы ғибадаттан әлі таймай тұрған кездегі уақыт аралығында жазған болу керек (Нехемия 13:26). Бұл б. з. б. 1000 жылға дейін болған, ол уақытта Сүлейменнің қырық жылдық патшалығы аяғына таяп қалған еді.
НЕ НӘРСЕ БОС ӘУРЕШІЛІК ЕМЕС?
“Күн... астында жұмыс істеп жүрген адамға оның барлық еңбегінен келер қандай пайда бар?”— деп сұраған Екклесиаст: “Бәрі де бос әурешілік!”— деген (Екклесиаст 1:2, ЖД; 3). Екклесиаст кітабында “бос әурешілік”, “күн астында” деген тіркестер қайта-қайта кездесіп отырады. Еврей тілінен “бос әурешілік” деп аударылған сөздің сөзбе-сөз мағынасы “леп” немесе “бу” дегенді білдіреді, әрі бұл мән-мағынасыз, тұрлаусыз немесе бір нәрсенің құнының баянсыздығына нұсқайды. “Күн астында” деген тіркес “жер бетінде” немесе “осы дүниеде” дегенді білдіреді. Сондықтан адамдардың Құдай еркін елемей жасаған талпыныстарының бәрі — бос әурешілік.
Сүлеймен: “Құдайға құлшылық етуге келер алдында аяғыңа абай бол, құрбандық шалуға қарағанда көбірек сөз тыңдауға көңіл бөл”,— деген (Екклесиаст 4:17). Ехоба Құдайға шынайы ғибадат ету — бос әурешілік емес. Иә, мағыналы өмір кешу үшін Құдаймен тығыз қарым-қатынаста болудың маңызы зор.
Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:
2:1, 2. Неге күлкі туралы “бұл ақымақтық” делінген? Күлкі қиындықтарымызды бір сәтке ұмыттыруы мүмкін, ал көңіл көтеру проблемаларымызға аса мән бермеуге ықпал етеді. Алайда күлкі қиыншылықтардан арылтпайды. Сондықтан күлкі бақытқа жеткізеді деп ойлаудың “ақымақтық” екені айтылған.
3:11. Нені Құдай ‘өз уақытында әдемі’ еткен? Ехоба Құдайдың өз уақытында “әдемі”, немесе дұрыс әрі жақсы, етіп жасаған нәрселерінің кейбірі — Адам мен Хауаның жаратылуы, кемпірқосақ арқылы жасалған келісім, Ыбырайыммен және Дәуітпен жасасқан келісім, Мәсіхтің келуі және Патша ретінде таққа отыруы. Бірақ Ехоба келешекте тағы бір нәрсені “әдемі” етіп жасайды. Біз әділдік орнаған жаңа дүниенің өз уақытында келетіне сенімді болсақ болады (Петірдің 2-хаты 3:13).
Біз үшін сабақ:
1:15. Бүгінгі дүниеде жасалып жатқан әділетсіздік пен қысымды тоқтатуға уақыт пен күш жұмсағаннан түк шықпайды. Зұлымдықты тек Құдай Патшалығы ғана жоя алады (Даниял 2:44).
2:4—11. Сәулет өнері, бау-бақша шаруашылығы, музыка және көңіл көтеру сияқты өмірдің мәдени саласына қатысты істермен айналысу жел қуғанмен тең, өйткені олар өмірге нағыз мағына бермейді, баянды бақыт та сыйламайды.
2:12—16. Даналықтың есуастықтан артықшылығы бар. Ол белгілі бір қиындықтарды шешуге көмектесе алады. Алайда өлімге келгенде, адамның дана болғанынан пайда жоқ. Адам дана болып, аты шыққан күннің өзінде, көп ұзамай ол ұмыт болады.
2:24; 3:12, 13, 22. Еңбегіміздің жемісін көріп, қанағат алғанда тұрған ештеңе жоқ.
2:26. Құдай қуаныш әкелетін даналығын өз ‘алдында жақсы әлпетте’ болған адамға береді. Ехобамен жақсы қарым-қатынаста болмай, оның даналығына ие болу мүмкін емес.
3:16, 17. Әділдік әрбір жағдайда салтанат құрады деп күтпеген дұрыс. Дүниеде болып жатқан жайттарды ойлап уайымға салынудың орнына, Ехобаның жағдайды түзететін кезін күткеніміз жөн.
4:4. Шеберлікпен істелген жұмыс қанағат әкеледі. Алайда жұрттың көзіне түсу үшін ғана ауыр еңбектену біреудің ызасын келтіруі, бәсекеге итермелеуі не қызғаныш тудыруы мүмкін. Біз, мәсіхшілер, қызметімізде ауыр еңбектенгенде, ниетіміз дұрыс болуға тиіс.
4:7—12. Адамдардың арасындағы қарым-қатынас дүние-мүлікке қарағанда әлдеқайда маңызды. Оны елеусіз қалдырып, дүние қуып кетпеген дұрыс.
4:13. Адамның дәрежесі немесе жасы оны әрқашан сыйлы ете бермейді. Жауапты жұмыс атқаратындар даналықпен әрекет етулері керек.
4:15, 16. ‘Басқаның тағына ие болатын жасөспірімді’ — патша мұрагерін — бастапқыда ‘қол астындағы санында қисап жоқ’ адамдар қолдауы мүмкін, бірақ кейін оған ‘риза болмайды’. Расында да, атақ-даңқ мәңгілік емес.
5:1. Дұғаларымыз көп сөзді емес, мағыналы болуы әрі құрметпен айтылуы керек.
5:2—6. Баюға ұмтылу жағдайды жақсартуды ойлап, қиялға бой ұруға түрткі болуы мүмкін. Сондай-ақ адам түнімен қиялдап, мазасызданып, тәтті ұйқысынан айырылуы ықтимал. Адам көп сөйлейтін болса, басқалардың алдында ақымақ болып көрінуі, сондай-ақ Құдайға асығыс ант беріп қоюы мүмкін. ‘Құдайдан қорқатын’ болсақ, осындай істерден аулақ боламыз.
6:1—9. Рақатын көрмейтін болсақ, байлық, атақ, ұзақ өмір, тіпті отбасының үлкен болғанынан не пайда? Қол жетпейтін нәрселерге ұмтылғаннан гөрі ‘көзбен көрген’, яғни шындықты шындық күйінде қабылдаған, артық. Олай болса, ең дұрысы мынау: “ішер ас пен киер киім болса”, соған қанағат ете отырып, пайдалы нәрселерден қуаныш алу және бар назарымызды Ехобамен тығыз қарым-қатынасымызды сақтауға аудару (Тімотеге 1-хат 6:8).
ДАНАЛАРҒА БЕРІЛГЕН КЕҢЕС
Жақсы атымызды қалай сақтап қала аламыз? Билігі барларға және өзіміз куә болып жүрген әділетсіздікке қалай қарауымыз керек? Адам өлгенде ештеңені білмейтінін ескерер болсақ, қазір қалай өмір сүруіміз керек? Жастардың өз уақыттары мен күш-жігерлерін қалай даналықпен жұмсауына болады? Екклесиаст кітабының 7—12 тарауларында осы және басқа да жайттарға қатысты жақсы кеңестер жазылған.
Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:
7:19. Қалайша даналық “он әміршіден” де күшті? Киелі кітапта он саны бейнелі мағынада қолданғанда, толықтық пен тұтастықты білдіреді. Сүлеймен мұнда даналықтың қорғаныш бола алатын күшінің бүкіл әміршінің, немесе түпнұсқаға сай, қаланы күзететін бүкіл сарбаздың, күшінен әлдеқайда мықты екенін айтқан.
10:2. Әлдекімнің жүрегі “оңға” не “солға тартады” деген нені білдіреді? Оң қол әдетте ықыласқа иеленуді білдіреді, сондықтан жүрегі адамды оңға тартса, бұл оны жақсы істерге талпындырады деген сөз. Ал егер адам теріс жолға түссе, жүрегі солға тартқаны.
11:7, 8. “Жарықтан тәтті ештеңе жоқ, күн шуағын көзбен көрген қандай ғанибет” дегенді қалай түсінуге болады? Жарық пен күн шуағы өмірде қуаныш сыйлайды. Мұнда Сүлеймен жарық дүниені көріп жүргеніміздің жақсы екенін, сондай-ақ қараңғы күндер, немесе қартайып, қажыр-қайраттан айырылатын кез, келмей тұрып ‘көңіл көтеру’ керектігімізді айтқан.
11:10. Неге “балалық пен жастық шақ” — бос әурешілік? Егер дұрыс қолданылмайтын болса, бұл екеуі де бос әурешілік, өйткені жастық дәурен бу сияқты, лезде өте шығады.
Біз үшін сабақ:
7:6. Орынсыз күлкі қазан астындағы жанып жатқан тікен бұталарының сатыры сияқты пайдасыз әрі жағымсыз. Біз мұндай күлкіден аулақ болуымыз керек.
7:21, 22. Жұрттың біз туралы не айтатынына шектен тыс көңіл аудармағанымыз дұрыс.
10:4. Бастық немесе жұмыс беруші сын айтып не бізді түзететін болса, қарсылық білдірмегеніміз ақылдылыққа жатады. Бұл ‘өз орнымызды тастап кетуден’, яки асығыстық жасап жұмыстан шығып кетуден, артық.
8:8; 9:5—10, 12. Балықтың қармаққа ілініп немесе құстың торға түсіп қалғаны сияқты, біздің өміріміз де аяқ астынан үзіліп кетуі мүмкін. Оның үстіне, ешкім бойындағы өмір күшін сақтап қала алмайды, әрі ортақ жауымыз өліммен жүріп жатқан тартыстан ешкім құтыла алмайды. Сондықтан уақытты босқа өткізбеуміз керек. Ехоба өмірді бағалағанымызды және лайықты түрде оның рақатын көргенімізді қалайды. Бұл үшін Ехобаға деген қызметімізді бірінші орынға қоюымыз керек.
8:16, 17. Құдайдың істері мен адамдар арасында орын алуына жол беріп отырған нәрселердің бәрін түсіну мүмкін емес. Тіпті түн баласына ұйқы көрмейтін болсаң да, оларды толық түсіне алмайсың. Болып жатқан барлық келеңсіз жайттарды ойлап мазасыздана беру тек қуаныштан айырады.
9:16—18. Тіпті ешкім бағаламаса да, даналықтың қадірі кетпейді. Жұрт ақымақтың айқайынан гөрі дананың байыппен айтқан сөздерін көбірек тыңдайды.
10:1. Біз сөздеріміз бен істерімізге мұқият болуымыз керек. Сыйлы адамның абыройынан айырылып қалуына ашуға берілу, мас болып қалу немесе өнегесіз қылық істеп қою сияқты бір рет қана аяғын шалыс басқанның өзі жеткілікті.
10:5—11. Өз ісін жетік білмейтін лауазымды адамның жағдайы адам қызығатындай емес. Тіпті қарапайым тапсырманы орындағанда, істі жетік білмеудің нәтижесі жаман болуы мүмкін. Оданда, даналықпен әрекет етуді үйренген жақсы. Патшалық туралы уағыздау және шәкірт дайындау ісінде шебер болғанымыз қаншалықты маңызды десеңші!
11:1, 2. Біз шын көңілден жомарт болуымыз керек. Жомарттықтың қарымтасы қайтарылады (Лұқа 6:38).
11:3—6. Өмірдің аумалы-төкпелі болғаны бізді жалтақ етпеуі керек.
11:9; 12:1—7. Жастар Ехобаның алдында есеп береді. Сондықтан бойларында қажыр-қайрат бар кезде уақыттары мен күш-жігерлерін Құдайға қызмет етуге арнағандары дұрыс.
ДАНАЛАРДЫҢ СӨЗІ БІЗГЕ БАСШЫЛЫҚ БОЛАДЫ
Екклесиасттың ‘әдемі сөздер’ табуға тырысып, оларды жазып қалдырғанына біз қалай қарауымыз керек? Адами даналық жазылған ‘көп кітаптан’ айырмашылығы “даналардың сөздері өткір ұшы темірден жасалған таяқ сияқты, [сөйлемдерге] жинақталған сол сөздер тап қағылған шегелер іспетті; оларды бір ғана бақташы берген” (Екклесиаст 12:10—12, ЖД). “Бір бақташыдан”, яғни Ехобадан, келген дана сөздер өмірімізге тұрақтылық береді.
Екклесиаст кітабындағы дана кеңестерді қолданғанымыз өмірімізді мағыналы әрі бақытты ететіндігінде сөз жоқ. Оның үстіне, ол бізді: “Құдайдан қорқатын адамға жақсылықтың келетіндігін білемін”,— деп сендіреді. Олай болса, ‘Құдайдан қорқып, Оның шарттарын сақтауға’ белімізді бекем буайық (Екклесиаст 8:12; 12:13).
[15-беттегі сурет]
Құдайдың ең әдемі істерінің бірі өз уақытында жүзеге асады
[16-беттегі сурет]
Ас-ауқат, ауыр еңбегіміздің зейнетін көру — Құдайдың сыйы