Оныншы тарау
“Мәңгілік құламайтын” Патшалық
1. Адамзат тарихындағы әлемдік деңгейдегі оқиғалар ненің дәлелі болып табылады?
ӘЛЕМДЕ болып жатқан оқиғалар Ехобаның билігінен бас тартып, өз бетінше басқаруға тырысқан адамдардың бақытқа қол жеткізе алмағандығын дәлелдеуде. Адамзаттың басқару жүйелерінің ешқайсысы да оларға игілік әкелген жоқ. Ғылым саласындағы білімі адам айтқысыз деңгейге жеткеніне қарамастан, адамдар әлі ешкімді де аурудан түпкілікті құтқарып, бірде-бір жанды өлмейтін ете алмады. Адамзат басшылығы соғысты, зорлық-зомбылық пен қылмысты, жемқорлық пен жоқшылықты жоя алмады. Көптеген елдерде қатыгез басшылар халыққа әлі де қысым көрсетіп отыр (Екклесиаст 8:9). Алдыңғы қатарлы технологияның ашкөздікпен, надандықпен қолданылуы жиі жердің, су мен ауаның ластануына әкеп соғады. Лауазымды адамдардың шаруашылықты дұрыс жүргізе алмауының нәтижесінде пайда болған экономикалық қиындықтардың кесірінен адамдар өмірлеріне ең қажеттілерін алуларына шамалары келмей отыр. Адамзаттың мыңдаған жылдар бойы жүргізген басшылығы “адамның жолы өз еркінде емес екенін, өзінің қадамына бағыт беру жүрушінің билігінде емес екенін” дәлелдеп отыр (Еремия 10:23).
2. Адамзат мәселелерін шешудің қандай жалғыз жолы бар?
2 Бұл мәселелер қалай шешіледі? Құдай Патшалығы арқылы. Иса ізбасарларына осы Патшалық туралы дұға етуді үйреткен болатын: “Патшалығың осында орнасын! Сенің еркің көкте орындалғандай, жер бетінде де орындала берсін!” (Матай 6:9, 10). 2 Петір 3:13-те көктегі Құдай Патшалығы әділ адамзат қоғамын білдіретін “жаңа жердің” үстінен билік жүргізетін “жаңа аспан” ретінде сипатталған. Көктегі Құдай Патшалығының маңызы сонша, мұны Иса өз уағызының негізгі тақырыбы еткен (Матай 4:17). Патшалықтың біздің өмірімізде қандай орынға ие болу керектігін ол мынадай сөздермен көрсетті: “Ең бастысы, Оның Патшалығының қамын ойлап, Оның әділ еркін орындауға ұмтылыңдар!” (Матай 6:33).
3. Неліктен қазір Құдай Патшалығы туралы білу өте маңызды?
3 Қазір Құдай Патшалығы туралы білу өте маңызды, өйткені жақында ол жер бетіндегі басқару жүйесін біржолата өзгертуге кіріседі. Даниял 2:44-те мынадай пайғамбарлық айтылған: “Сол патшалықтардың [қазіргі үкіметтердің] кезінде Көктің Құдайы мәңгілік құламайтын [көкте] патшалық орнатады, бұл патшалық басқа халыққа берілмейді [енді адамдар ешқашан жерге басшылық етпейді]; ол барлық [қазіргі] патшалықтарды қиратып, талқандайды да, өзі мәңгі тұратын болады”. Патшалықтың осы зұлым заманды жоюымен соңғы күндер бітеді. Көктегі Патшалықтың жер бетіне билік етуіне ешкім де дауласа алмайды. Осындай керемет өзгерістің жақындап қалғаны қандай қуанышты!
4. 1914 жылы Патшалыққа қатысты көкте қандай оқиға болды және неліктен мұның біз үшін маңызы зор?
4 1914 жылы Иса Мәсіх Патша болып, ‘жауларына үстемдік жүргізу’ құқығын алды (Забур 109:1, 2). Сол жылы осы зұлым заманның “соңғы дәуір” деп аталатын кезеңі басталды (2 Тімотеге 3:1—5, 13). Сол кезде Даниялдың пайғамбарлық аянында көрген оқиғалары көкте орын алды. “Ежелгі Патша” Ехоба Құдай, Адам Ұлына, яғни Иса Мәсіхке, ‘барлық халықтар, ұлттар мен тілдер қызмет ету үшін, билік, даңқ пен патшалықты’ берді. Осы ойды өрбіте отырып, Даниял былай деп жазды: “Оның билігі — өткінші емес, мәңгілік, сондай-ақ Оның патшалығы еш құламайды” (Даниял 7:13, 14). Дәл осы Иса Мәсіхтің қолындағы Патшалық арқылы Құдай әділдікті жақсы көретін адамдарға арғы бабаларымызды Жұмаққа орналастырған кезде ойластырған көптеген игіліктердің рақатын көрулеріне мүмкіндік береді.
5. Патшалық туралы нендей нәрселер бізді ерекше қызықтырады және неліктен?
5 Осы Патшалықтың адал азаматтарының бірі болғың келе ме? Егер болғың келсе, онда сені осы көктегі үкіметтің құрылымы мен қызметі қызықтырары сөзсіз. Сен, әрине, бұл үкіметтің қазір немен айналысып жатқанын, келешекте не істейтінін, сондай-ақ өз тарапыңнан не істеуің керек екенін білгің келер. Осы Патшалық туралы біле түскен сайын, оған деген ризашылығың арта түседі. Құдай Патшалығының билігіне мойынсұнар болсаң, оның тіл алғыш адамзатқа жасайтын кереметтері туралы өзгелерге айтуға әлдеқайда дайын боласың (Забур 47:13, 14).
Құдай Патшалығының билеушілері
6. а) Жазбаларға сәйкес, Мәсіхтің Патшалығы арқылы кімнің билігі көрсетілген? ә) Патшалық туралы білгендеріміз бізге қалай әсер ету керек?
6 Ең алдымен білетініміз, Мәсіхтің Патшалығы Ехобаның билігін көрсетеді. Ұлына “билік, даңқ пен патшалықты” берген — Ехобаның өзі. Құдайдың Ұлы патшалық билікті қолына алғанда, көктен: “Әлемді басқару билігі Жаратқан Иеміздікі [Ехоба Құдайдікі] және Оның тағайындаған Патшасы Мәсіхтікі! Ол [Ехоба] мәңгілік билік жүргізетін болады!” — деген қатты дауыстар шыққан (Аян 11:15). Олай болса, осы Патшалық пен оның істейтіндері туралы біле отырып, біз Ехобаның өзіне жақындай түсеміз. Осындай білімнің арқасында Ехобаның билігіне мәңгі мойынсұнуға деген ықыласымыз арта түсуі қажет.
7. Ехобаның Бас Өкілі Иса болғандығы неліктен бізді ерекше қызықтырады?
7 Ехобаның Исаны таққа өзінің Бас Өкілі ретінде отырғызғаны жөнінде ойланып көрейікші. Жер мен адамдарды жаратуда Құдайдың шебер Көмекшісі болғандықтан, Иса біздің қажеттіліктерімізді кез келгенімізден артық біледі. Оның үстіне, ол ‘қуанышы адамзат ұрпақтарымен бірге’ екендігін адамзат тарихының басында-ақ көрсеткен (Нақыл сөздер 8:30, 31; Қолостықтарға 1:15—17). Исаның адамдарға деген сүйіспеншілігінің күшті болғаны сонша, ол жерге өзі келіп, өмірін біз үшін құрбандыққа берді (Жохан 3:16). Осылайша, ол күнә мен өлімнен құтылуға және мәңгілік өмірге жетуге жол ашты (Матай 20:28).
8. а) Адамзаттың үкіметімен салыстырғанда, неліктен Құдайдың басшылығы мәңгілік болады? ә) “Адал да саналы қызметшілердің” көктегі үкіметке қандай қатысы бар?
8 Құдай Патшалығы — тұрақты әрі мәңгілік үкімет. Оның мәңгілік болатындығының кепілі — Ехоба өлмес Құдай (Аббақұқ 1:12). Адамзат патшаларынан өзгешелігі Құдай қолына патшалық билікті берген Иса Мәсіх те ешқашан өлмейді (Римдіктерге 6:9; 1 Тімотеге 6:15, 16). Мәсіхпен бірге билік ету үшін көктегі таққа 144 000 ‘әрбір ру, тіл, ұлт және халықтан шыққан’ Құдайдың адал қызметшілері отырады. Оларға да мәңгілік өмір тарту етіледі (Аян 5:9, 10; 14:1—4; 1 Қорынттықтарға 15:42—44, 53). Олардың көпшілігі көкте. Ал қалған тамтық әлі жерде, олар Патшалықтың мүддесі үшін талмай қамқорлық жасап жатқан “адал да саналы қызметшілер” (Матай 24:45—47).
9, 10. а) Құдай Патшалығы жікке бөліп, іріткі салатын қандай әсерлерді құртады? ә) Құдай Патшалығының жауы болғымыз келмесе, нендей нәрселерден қашық жүруіміз керек?
9 Таяуда, өзінің белгілеген уақытында, Ехоба үкімін жүзеге асырушы күштерін жіберіп, жерді тазартады. Ол Өзінің билігін мойындағысы келмейтіндерді, сондай-ақ Иса Мәсіх арқылы сүйіспеншілікпен жасаған шараларын елемейтіндерді біржолата жояды (2 Салониқалықтарға 1:6—9). Бұл Ехобаның күнінде, көптен күткен оның Әлемнің Әміршісі ретіндегі дәрежесі ақталатын күні, жүзеге асады. “Қара! Күнәкарларды жер бетінен тазарту үшін... Тәңірдің сұрапыл да қаһар мен жалындаған ызаға толы күні келе жатыр” (Ишая 13:9). “Бұл күн — қаһар күні, қиыншылық пен азап күні, қирау және талқандалу күні, қараңғылық пен қара түнек күні, бұлт басқан қараңғылық күні” (Софония 1:15).
10 Осы дүниенің көзге көрінбейтін зұлым рухтарының құралына айналған жалған діндер мен барлық адамзат үкіметтері өзінің әскери күштерімен бірге біржолата жойылады. Осы дүниемен тығыз байланысып, өзімшіл, алдамшы және өнегесіз өмір кешіп жүргендердің барлығының да соңы осындай болмақ. Шайтан мен оның жындары мың жыл бойы шыға алмайтын түпсіз тұңғиықта болатындықтан, жер бетінің тұрғындарына ешқандай да зиянын тигізе алмайды. Жер жүзінің бүкіл істерін Құдай Патшалығы ғана басқарады. Бұл — әділдікті жақсы көретіндер үшін қандай жеңілдік! (Аян 18:21, 24; 19:11—16, 19—21; 20:1, 2).
Құдай Патшалығы өз мақсаттарына қалай қол жеткізеді?
11. а) Мәсіхтің Патшалығы Ехобаның жерге қатысты ниеттерін қалайша жүзеге асырады? ә) Патшалықтың басқаруы жер тұрғындарына қандай баталар әкеледі?
11 Мәсіхтің Патшалығы Құдайдың жерге қатысты бастапқы ниетін толығымен жүзеге асырады (Жаратылыс 1:28; 2:8, 9, 15). Адамзат осы күнге дейін бұл ниеттің жүзеге асуына қолдау көрсеткен жоқ. Бірақ ‘болашақ әлем’ Адам Ұлына, яғни Иса Мәсіхке, бағынатын болады. Ехобаның осы зұлым заманға шығарған үкімін жүзеге асырған күнінен аман қалғандар, Патша Мәсіхтің басшылығымен бірлесе және қуанышпен еңбек ететін болады, сөйтіп бүкіл жер беті жұмаққа айналады (Еврейлерге 2:5—9). Адамдар өз еңбектерінің жемісін көріп, жер өнімдерінің рақатын молынан көреді (Забур 71:1, 7, 8, 16—19; Ишая 65:21, 22).
12. Патшалықтың азаматтары тәндік және ақыл-ой жағынан кемелділікке қалай қол жеткізеді?
12 Адам мен Хауа кемелді етіп жаратылған болатын, сондай-ақ Құдайдың ниеті бүкіл жер бетін олардың ақыл-ойлары да, тәндері де кемелді ұрпақтарымен толтыру еді. Құдайдың осы ниеті Патшалықтың басқаруымен керемет түрде жүзеге асады. Күнәнің барлық салдары жойылу керек. Міне, сондықтан да Иса Патша ғана емес, Бас діни қызметкер ретінде де қызмет етеді. Ол тіл алғыш адамдарға өзінің адами өмірі арқылы төленген күнәдан құтқару құрбандығының пайдасын көрулеріне шыдамдылықпен көмектеседі.
13. Патшалық басқарғанда адамдар тәндік жағынан қалай өзгереді?
13 Патшалық басшылық еткен кезде, жер тұрғындарының тәндік күйлері керемет түрде өзгереді. “Сол кезде зағиптардың көзі ашылып, саңыраулардың құлақтары естиді. Сол кезде ақсақ еліктей секіреді және мылқаудың тілі ән салады” (Ишая 35:5, 6). Аурудан немесе кәріліктен сиқы кеткен адамдардың денесі сәбидің денесінен де сау болып, созылмалы аурулар келмеске кетеді, бәрінің де денсаулығы мықты болады. “Сонда оның денесі бұрынғыдан да жасара түседі; ол уылжыған жастық шағына қайта оралады” (Әйүп 33:25). “Мен аурумын” деп айтуға себеп болмайтын күндер келеді. Неге? Себебі Құдайды қастерлейтіндердің барлығы да күнәнің ауыртпалығы мен оның жан түршігерлік салдарынан құтылады (Ишая 33:24; Лұқа 13:11—13). Иә, Құдай “барлық көздің жастарын сүртіп тастап жұбатады. Енді қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайды. Себебі бұрынғы әлем құрып, жоқ болды” (Аян 21:4).
14. Кемелді адам болу деген нені білдіреді?
14 Кемелді болу тәніміз бен ойымыздың сау болуынан да көп нәрсені білдіреді. Ехобаның қасиеттерін лайықты мөлшерде бойымыздан көрсетуіміз қажет, өйткені рухани жағынан оған ұқсап жаратылғанбыз (Жаратылыс 1:26). Бұған қол жеткізу үшін көп үйренуіміз керек. Жаңа дүниеде ‘әділдік орнайды’. Ишая алдын ала айтқандай, “[жаңа] дүниеде өмір сүрушілер әділдікке үйренеді” (2 Петір 3:13; Ишая 26:9). Бұл қасиет — барлық нәсілдер мен жақын достарыңның арасындағы, ең маңыздысы Құдаймен — татулыққа септігін тигізеді (Забур 84:11—14; Ишая 32:17). Әділдікке үйренгендер уақыт өте келе, Құдайдың ниетіндегі өзінің рөлі туралы көбірек біле түседі. Ехобаға деген сүйіспеншіліктері жүректерінің түбінде терең орын алғанда, олар өмірлерінің барлық салаларында да Оның жолдарымен жүретін болады. Иса сияқты олар да: ‘Мен әрқашан Оған [Әкеге] ұнайтынды істеймін’,— деп айта алады (Жохан 8:29). Барлық адамдар бұған қол жеткізгенде, өмір қандай керемет болады!
Қазірдің өзінде қандай жетістіктер айқын
15. Осы абзацта келтірілген сұрақтардың көмегімен Патшалықтың қол жеткізген жетістіктерін және қазір бізге не істеу қажет екендігін айтып бер.
15 Құдай Патшалығы мен оның азаматтарының керемет жетістіктері айқын. Келесі сұрақтар мен Киелі кітаптың тармақтары осы жетістіктердің кейбіреуін, сонымен қатар Патшалықтың азаматтары қазір не істей алатынын және істеу керек екенін есіңе салады.
Патшалық алдымен кімге қарсы әрекет жасады және оның нәтижесі қандай болды? (Аян 12:7—10, 12).
Иса таққа отырғаннан бері қандай топтың қалған мүшелерін жинауға көңіл бөлінуде? (Аян 14:1—3).
Матай 25:31—33-де жазылған пайғамбарлық сөздеріне сәйкес, Иса ауыр азап басталғаннан кейін не істейді?
Қазіргі уақытта қандай дайындау ісі жүргізілуде? Оған кімдер атсалысуда? (Забур 109:3; Матай 24:14; Аян 14:6, 7).
Неліктен саяси және діни қарсыластар уағыздау ісін тоқтата алмайды? (Зәкәрия 4:6; Елшілердің істері 5:38, 39).
Патшалықтың билігіне мойынсұнатындар өмірлерінде қандай өзгерістер жасауда? (Ишая 2:4; 1 Қорынттықтарға 6:9—11).
Мыңжылдық Патшалық
16. а) Мәсіхтің билігі қанша уақытқа созылады? ә) Осы уақыт аралығында және одан кейін қандай керемет істер атқарылады?
16 Шайтан мен оның жын-перілері түпсіз тұңғиыққа тасталғаннан соң, Иса Мәсіх пен 140 000 тақты мұра еткендер мың жыл бойы патшалар мен діни қызметкерлер болады (Аян 20:6). Осы уақыт аралығында адамдар кемелділікке жетіп, күнә мен Адамнан келген өлім мәңгіге жойылады. Мыңжылдық билігінің соңында Иса Патша әрі Діни қызметкер ретінде өз міндеттерін атқарып, ‘Құдай бүкіл әлемге толықтай билік жүргізуі’ үшін “Патшалығын Құдай Әкесіне тапсырады” (1 Қорынттықтарға 15:24—28). Сонда құны төленген адамзаттың Әлемнің Әміршісі ретінде Ехобаға деген адалдықтары сыналу үшін Шайтанға аз уақытқа еркіндік беріледі. Осы соңғы сынақ аяқталған соң, Ехоба Шайтан мен оған ерген бүлікшілерді жояды (Аян 20:7—10). Ехобаның билігін — оның билеу құқын — қолдаушылар Оған шексіз берілгендіктерін дәлелдейді. Олар Ехобамен дұрыс қарым-қатынас орнатады: Құдай оларды ұлдары мен қыздары ретінде қабыл алып, мәңгі өмір сүруге лайық деп есептейді (Римдіктерге 8:21).
17. а) Мың жыл аяқталғанда Патшалықпен не болады? ә) Неліктен Патшалық ‘мәңгілік құламайды’ деуге болады?
17 Осылардан соң Иса мен 144 000 мұрагерінің жерге қатысты рөлі өзгереді. Одан кейін олар немен айналысады? Киелі кітап бұл жөнінде ештеңе айтпайды. Алайда егер Ехобаның билігін шын жүректен қолдар болсақ, Мыңжылдық биліктің соңында аман қалып, Ехобаның оларға және ғаламат Әлемге қатысты ниетін білеміз. Әйтсе де Мәсіхтің мыңжылдық билігі “мәңгі” болып, Патшалығы “жойылмайды” (Даниял 7:14). Қай мағынада? Біріншіден, Басқарушысы Ехоба болғандықтан, билік өзге мақсатты көздеушілерге берілмейді. Екіншіден, жетістіктері мәңгілік пайда әкелетіндіктен, Патшалық ‘мәңгілік құламайды’ (Даниял 2:44). Патша әрі Діни қызметкер Мәсіх пен онымен бірге билік етуші патша әрі діни қызметкерлер Ехобаға деген адал қызметтері үшін мәңгі құрметке лайық болады.
Қайталауға арналған сұрақтар
• Неліктен Құдай Патшалығы — адамзат мәселелерін шешудің жалғыз көзі? Құдай Патшалығының Патшасы билігін қашан бастады?
• Саған Патшалыққа қатысты және оның істейтін нәрселерінен әсіресе не ұнайды?
• Қазірдің өзінде Патшалықтың қандай жетістіктері айқын және біздің бұған қандай қатысымыз бар?
[93-беттегі сурет]
Құдай Патшалығының басқаруымен адамдардың бәрі әділдікке үйренеді