“Уақытша тұрғындар” шынайы ғибадат ету үшін біріккен
“Жатжерліктер... егіншілерің мен жүзімшілерің болады. Өздерің “Құдай Иеміздің діни қызметкерлері” деп аталасыңдар” (ИШАЯ 61:5, 6).
1. Шетелдіктер туралы кейбір адамдар қандай ойда және бұлай ойлау неліктен дұрыс емес?
АЛДЫҢҒЫ мақалада айтылғандай, кейбір адамдар шетелдіктерді жақтырмайды. Олар өздерін өзге елдердің адамдарынан жоғары санайды. Бірақ бұндай көзқараста болу дұрыс емес. Оның үстіне, бұл деректерге қайшы келеді. “Адамзат нәсілдері” деген кітапшада былай делінген: “Адамзат нәсілдерінің барлығы бір-біріне бауырлар болып келеді. Мұны Киелі кітап та растайды”. Әрине, бір-біріне ұқсамайтын бауырлар да болады, бірақ олар бауыр болып қала береді ғой.
2, 3. Ехоба ежелгі Исраилдегі жатжерліктерге қалай қараған?
2 Ежелде Ехоба Құдай исраилдіктермен келісім жасасып, оларды өзінің халқы болуға таңдап алды. Исраилдіктер Ехобамен ерекше қарым-қатынаста болды. Ал Исраил елінде тұрған жатжерліктердің құқықтары шектеулі болғанымен, Заң талабы бойынша, исраилдіктер оларға құрмет көрсетіп, әділеттілік таныту керек еді. Бүгінде де шетелдіктерді кез келген елде кездестіруге болады, әрі шынайы мәсіхшілер оларды ешқашан бөліп-жармау не алаламау керек. Неліктен? Елші Петір былай деген: “Құдай ешкімді алаламайтынын енді шынымен біліп алдым. Ол өзінен қорқатын және әділ әрекет ететін әрбір адамды, қай ұлттан шықса да, қабыл алады” (Ел. іс. 10:34, 35).
3 Жатжерліктер Исраил халқымен тығыз қарым-қатынаста болып, соның игілігін көрген. Себебі Ехоба жатжерліктерді өз қанатының астына алған еді. Жылдар өте елші Пауыл Ехоба жайында: “Жоқ әлде ол тек яһудилердің Құдайы ма? Басқа ұлттардың да Құдайы емес пе? Иә, ол — басқа ұлттардың да Құдайы”,— деген (Рим. 3:29; Жоел 2:32).
4. Неліктен “Құдайдың Исраилінде” жатжерліктер жоқ деп айтуға болады?
4 Жаңа келісімнің негізінде майланған мәсіхшілер Құдаймен ерекше қарым-қатынаста болған ежелгі исраилдіктерді алмастырды. Сондықтан олар “Құдайдың Исраилі” деп аталды (Ғал. 6:16). Пауыл түсіндіріп кеткендей, бұл жаңа халықтың қатарында “грек не яһуди, сүндеттелген не сүндеттелмеген, жат жерлік не скиф, құл не ерікті адам деген жоқ, қайта, барлығы және бәрінде — Мәсіх” (Қол. 3:11). Сол себепті де майланған мәсіхшілердің қауымында ешкім жатжерлік ретінде қарастырылмаған.
5, 6. а) Ишая 61:5, 6-ға қатысты қандай сұрақ туындауы мүмкін? ә) Ишая айтып кеткен “Құдай Иеміздің діни қызметкерлері” мен “жатжерліктер” деген кімдер? б) Бұл екі топ бірге қандай іс атқарып жатыр?
5 Алайда осы орайда әлдекім Ишая кітабының 61-тарауында баяндалатын мәсіхшілер қауымында орындалып жатқан пайғамбарлыққа қатысты сұрақ қоюы мүмкін. Осы тараудың 6-тармағында “Құдай Иеміздің діни қызметкерлері” туралы жазылған. Ал 5-тармағында “жатжерліктердің” әлгі “діни қызметкерлерді” қолдап, олармен қызметтес болатыны жайлы айтылған. Мұны қалай түсінуге болады?
6 “Құдай Иеміздің діни қызметкерлері” дегеніміз майланған мәсіхшілер. Олар “алғашқы қайта тірілуге қатысқандар” әрі “Құдай мен Мәсіхтің діни қызметкерлері болып, Мәсіхпен бірге 1000 жыл бойы патшалық етеді” (Аян 20:6). Сонымен қатар көптеген адал мәсіхшілердің жерде жұмақта өмір сүруге үміті бар. Бұлар көкте патшалық ететіндермен бірге қызметтес болып, тығыз қарым-қатынаста болғанмен, бейнелі мағынада жатжерліктер болып табылады. Олар, былайша айтқанда, “егіншілер мен жүзімшілер” ретінде қызмет етіп, “Құдай Иеміздің діни қызметкерлерін” қуана-қуана қолдап жүр. Уағыздау мен тәлім беру ісіне атсалысу арқылы олар майланғандармен бірге Құдайға мадақ әкелуде. Майланған мәсіхшілер де, “басқа қойлар” да адамдарға шындықты үйретіп, үйренгендерін өмірлерінде қолдануға сүйіспеншілікпен көмектесуде (Жох. 10:16).
ЫБЫРАЙЫМ СИЯҚТЫ “УАҚЫТША ТҰРҒЫНДАР”
7. Бүгінгі мәсіхшілер қай жағынан Ыбырайым мен Құдайдың басқа да адал қызметшілері сияқты?
7 Алдыңғы мақалада айтылып кеткендей, шынайы мәсіхшілер Шайтанның зұлым дүниесінде уақытша тұрғындар болғандықтан, олар жатжерліктер болып табылады. Олар “жатжерлік әрі уақытша тұрғындар” ретінде өмір сүрген Ыбырайым мен өзге де ежелдегі адал қызметшілер сияқты (Евр. 11:13). Үмітіміз қандай болмасын, біз Ыбырайым сияқты Ехобамен тығыз қарым-қатынаста бола аламыз. Шәкірт Жақып былай деп түсіндіреді: “Ыбырайым Ехобаға сенді, сондықтан оның алдында әділ деп танылды” және ол “Ехобаның досы” деп аталды” (Жақ. 2:23).
8. Ыбырайымға қандай уәде берілген еді және ол бұл уәденің орындалуына қатысты қандай көзқарас танытты?
8 Құдай Ыбырайым мен оның ұрпағы арқылы бір ғана халыққа емес, жер бетіндегі барлық ұлттарға батасы қонатынын уәде еткен (Жаратылыс 22:15—18 оқы). Бұл уәде ұзақ уақыттан кейін орындалмақ болса да, Ыбырайым берік сенім танытты. Ол ғұмырының жартысынан көбінде үй ішімен көшіп-қонып жүрді. Осы уақыттың бәрінде Ыбырайым Ехобамен достық қарым-қатынасын сақтады.
9, 10. а) Біз Ыбырайымға қалай еліктей аламыз? ә) Біз қандай шақыруды таратуға қатыса аламыз?
9 Ыбырайым үмітінің қашан ақталатынын білмесе де, Ехобаға деген сүйіспеншілігі мен адалдығын жоғалтпаған. Бар назарын болашаққа тіккендіктен, ол қандай да бір елдің тұрақты тұрғыны болуды ойламаған (Евр. 11:14, 15). Біз де дүние-мүлік жинау, әлеуметтік жағдайымызды жақсарту не мансап қуудың орнына, Ыбырайым сияқты қарапайым өмір кешіп, даналық танытайық! Осы дүниенің ақыры таяп қалғанда, жайлы өмір сүруге ұмтылғанымыз дұрыс па? Өткінші нәрселерге жармасудың не қажеті бар? Ыбырайым сияқты біз де әлдеқайда жақсы нәрселерге көз тігеміз. Біз үмітіміздің ақталғанын шыдамдылықпен күтуге бел будық (Римдіктерге 8:25 оқы).
10 Ехоба әлі де барлық ұлттардың өкілдерін Ыбырайымның ұрпағы арқылы батасына ие болуға шақырып жатыр. Бұл шақыруды “Құдай Иеміздің діни қызметкерлері” мен “жатжерліктер” яғни майланғандар мен басқа қойлар дүниежүзі бойынша 600-ден астам тілде таратуда.
ҰЛТШЫЛДЫҚТАН АРЫЛ
11. Сүлеймен барлық ұлттарды не істеуге шақырды?
11 Б. з. б. 1026 жылы Ехобаға ғибадатхананы бағыштағанда Сүлеймен барлық ұлт адамдарының Ехобаны мадақтап жатқанын көрді. Жүректен шыққан дұғасында ол былай деді: “Тіпті халқың Исраилге жатпайтын жат жерлік адам алыс елден ұлы есімің мен зор құдіретің туралы естігендіктен осында келіп, Саған бұл киелі үйге қарай сиынса, онда Сен көктегі мекеніңнен құлақ салып, оның барлық өтініштерін орындай гөр. Осылайша жер жүзінің күллі халықтары Сенің Құдай екеніңді мойындасын. Халқың Исраил сияқты олар да Сені терең қастерлесін” (Пат. 3-ж. 8:41—43).
12. Неліктен кейбіреулер Ехоба куәгерлерін елден ерекше адамдар, яғни “жатжерліктер” деп санауы мүмкін?
12 Жатжерлік не шетелдік деп өзге елден уақытша келген не көшіп келген адамды айтады. Ехоба куәгерлері жатжерліктер іспетті. Жер бетіндегі түрлі елдердің тұрғындары болғанымен, олар тек көктегі Құдай Патшалығын және оның патшасы Иса Мәсіхті қолдайды әрі саясатқа мүлдем араласпайды. Сол себепті де адамдар оларды елден ерекше деп санайды.
13. а) Өзгелерді жатжерлік деп қарастырмауды қалай үйрене аламыз? ә) Ехоба адамдардың бір-біріне қалай қарағанын ниет еткен? Түсіндір.
13 Адамдардың сөйлеген тілінен, әдет-ғұрыптарынан, бет-әлпетінен не киім киісінен олардың жатжерлік екені байқалып тұрады. Алайда барлық ұлт адамдарының ортақ нәрселері әлдеқайда көп. Демек, егер адамның бізден қандай айырмашылығы барын ойламауды үйренсек, оны жатжерлік деп санамайтын боламыз. Адамдардың барлығы бір үкіметтің қол астында болғанда, жатжерлік деген ұғым мүлде болмас еді. Ехоба о бастан бүкіл адамзаттың бір үйдің балаларындай тек өзінің қол астында болғанын қалады. Қазір дүниежүзіндегі барлық ұлттардың осылай бірігуі мүмкін бе?
14, 15. Ехоба куәгерлері не нәрсені үйренген?
14 Барған сайын ұлтшыл болып бара жатқан дүниеде адамның бет-жүзіне қарамайтын адамдарды кездестіру жанға жай береді. Әрине, ұлтшылдық сезімінен арылу оңай емес. Си-эн-эн теледидар жүйесінің негізін қалаушы Тэд Тёрнер бірге жұмыс істеген түрлі ұлттың дарынды өкілдері туралы былай деген: “Олармен танысқаныма өте қуаныштымын. Мен оларды “шетелдіктер” деп емес, бір ғаламшарда тұратын жерлестер деп қарастыра бастадым. Адамды “шетелдік” деу оны кемсітумен бірдей деп ойлайтын болдым. Сондықтан Си-эн-эн компаниясында бұл сөзді эфирде де, жұмысшылардың арасында да қолдануға тыйым салдым. Оның орнына “халықаралық” сөзі қолданылатын болды”.
15 Жер бетінде тек Ехоба куәгерлері ғана барлығына Ехобаның көзімен қарауды үйренген. Олар санасы мен жүрегінде басқаларды ұлт-ұлтқа бөліп-жармайтын болды. Өзге ұлт өкілдеріне күдікпен не тіпті жеккөрінішпен қараудың орнына, олар бұл адамдардың өзіндік ерекшеліктерін бағалауды үйренді. Сен осы туралы және мұның жеке өзіңе қандай пайда әкелгендігі жайлы ойланып көргенсің бе?
ЖАТЖЕРЛІКТЕР БОЛМАЙТЫН ДҮНИЕ
16, 17. Аян 16:16 мен Даниял 2:44-тегі пайғамбарлықтардың орындалғаны жеке саған қалай әсер етеді?
16 Жуырда барлық халықтар “еврейше Армагеддон деп аталатын” шайқасқа жиналады. Олар Құдайдың билігіне қарсы соғыспақ (Аян 16:14, 16; 19:11—16). 2500-ден астам жыл бұрын Даниял пайғамбар Құдайдың еркіне қарсы әрекет етіп жатқан үкіметтермен не болатынын алдын ала айтқан. Ол былай деді: “Сол патшалықтардың кезінде көктегі Құдай өмір-бақи құламайтын патшалық құрады әрі ол патшалық өзге бір халықтарға берілмейтін болады; ол барлық патшалықтарды қиратып, талқандайды, ал өзі мәңгілік тұрады” (Дан. 2:44).
17 Бұл пайғамбарлықтың орындалуы жеке саған қалай әсер ететінін ойлап көрші. Мемлекеттік шегаралардың кесірінен адамдар бір-біріне жатжерлік болып келеді. Алайда Армагеддоннан кейін олай болмайды. Адамдар бұрынғыдай сырт көрінісімен не болмысымен бір-бірінен ерекшеленетін болады, бірақ бұл тек Құдай жаратылыстарының сан алуандығының көрінісі болмақ. Осындай керемет үміт бәрімізді Жаратушымыз Ехобаға әрі қарай да атақ-даңқ әкелу үшін қолымыздан келгеннің бәрін істеуге талпындыру керек.
Адамдар орнатқан шегаралар мен “жатжерлік” деген ұғым атымен жоқ болатын кезді асыға күтіп жүрсің бе?
18. “Жатжерлік” деген ұғымнан арылуға болатынын қандай мысал көрсетеді?
18 Осындай дүниежүзілік өзгеріс болады деп сену ақылға қонымды ма? Иә, әрине! Тіпті қазірдің өзінде Ехоба куәгерлері өзгелерді жатжерліктер деп қарастырмайды. Мысалы, Патшалық туралы хабарды уағыздау ісін басқаруды жеңілдетіп, сапасын арттыру үшін жақында олардың бірнеше кіші филиалы біріктірілді (Мат. 24:14). Мемлекет заңына сай болған жағдайда мұндай біріктіруге еларалық шегаралар еш кедергі болмады. Бұл — Құдай Патшалығының патшасы Иса Мәсіх әртүрлі ұлттың Ехоба куәгерлеріне бірігуге көмектесіп жатқанының тағы бір дәлелі. Жақын болашақта ол “толық жеңіске жетіп”, шегараларды атымен жоқ қылады (Аян 6:2).
19. Шындықтың таза тілінің арқасында не нәрсе мүмкін болды?
19 Ехоба куәгерлері көптеген халықтардан шыққан әрі әртүрлі тілдерде сөйлейді. Десе де олар шындықтың таза тілінде сөйлейді. Ал бұл өз кезегінде оларға жұмылған жұдырықтай ынтымақта болуға көмектесуде (Софония 3:9 оқы). Олар бір халықаралық отбасын құрайды. Осы зұлым дүниеде өмір сүріп жатқанымен, олар дүниенің бір бөлігі емес. Олар жаңа дүниеде жатжерліктер болмайтынын дәлелдейді. Сол кезде жер бетіндегі адамдардың барлығы бір-бірін бауырлар деп санайтын болады.