‘Өлмеу үшін өмірді таңдап ал’
‘Бүгін сендердің алдыңа аспан мен жерді куәлікке шақырамын: мен саған өмір мен өлімді, ақ бата мен қарғысты ұсынған болатынмын. Өзің және сенің үрім-бұтағың өлмеуі үшін өмірді таңдап ал’ (ЗАҢДЫ ҚАЙТАЛАУ 30:19).
1, 2. Адам қай жағынан Құдайға ұқсас жаратылды?
“БІЗ ӨЗІМІЗГЕ рухани жағынан ұқсас адамдарды жаратайық”. Құдайдың бұл сөздері Киелі кітаптың алғашқы тарауында келтірілген. “Осылайша Құдай адамды рухани жағынан Өзіне ұқсас етіп, бірін еркек, бірін әйел қылып жаратты”,— делінген Жаратылыс 1:26, 27-де. Осылай алғашқы адам жер бетіндегі басқа жаратылыстардың бәрінен өзгеше болды. Ол Жаратушысына ұқсады, яғни Құдай сияқты ойлана алып, Құдай сияқты сүйіспеншілік, әділдік, күш пен даналық таныта алды. Сондай-ақ өзіне пайдалы әрі көктегі Әкесіне ұнамды шешім қабылдауына көмектесетін ар-ұжданы болды (Римдіктерге 2:15). Қысқаша айтқанда, Адамның ерік бостандығы болды. Ехоба жердегі ұлының қалай жаратылғанына қарап отырып, “өте жақсы” деген баға берді (Жаратылыс 1:31; Забур 94:6).
2 Адам атаның ұрпағы болғандықтан, біз де Құдайға рухани жағынан ұқсаспыз. Алайда не істейміз десек те, шынымен өз еркіміз бе? Иә. Ехоба болашақта не болатынын алдын ала біле алғанымен, әрбір адамның әрекеті мен тағдырын күні бұрын шешіп қоймайды. Ол жердегі балаларының жазмыштың дегенімен өмір сүруіне ешқашан жол бермейді. Ерік бостандығымызды дұрыс нәрсені таңдауға қолданудың маңызды екенін көру үшін, алдымен, Исраил халқынан қандай сабақ алуымызға болатынын көрейік (Римдіктерге 15:4).
Исраилдіктердің таңдау еркіндігі болды
3. Он өсиеттің алғашқысы қандай еді және адал исраилдіктер қалай оған мойынсұнуды шешті?
3 Ехоба исраилдіктерге: “Мен Жаратушы Иемін, сендерді құлдыққа салған шаңырақтан, Мысыр жерінен алып шыққан сендердің Құдайыңмын”,— деді (Заңды қайталау 5:6). Б. з. б. 1513 жылы Исраил халқы Мысыр құлдығынан керемет түрде құтқарылды. Сондықтан жоғарыдағы сөздерге күмәндануға олардың еш негізі болмады. Он өсиеттің алғашқысында Ехоба өкілі Мұса арқылы: “Сенің Менен басқа ешқандай тәңірлерің болмасын!”— деп бұйырды (Мысырдан шығу 20:1, 3). Сол кезде Исраил халқы Құдайға мойынсұнуды шешті. Олар өз еріктерімен тек Ехобаға ғана берілгендік танытты (Мысырдан шығу 20:5; Руларды санау 25:11).
4. а) Мұса Исраилге не ұсынды? ә) Бүгінде біз нені таңдай аламыз?
4 Шамамен 40 жылдай уақыт өткен соң, Мұса исраилдіктердің басқа ұрпағына екі жолдың бірін таңдауды нықтап есіне салды: ‘Бүгін сендердің алдыңа аспан мен жерді куәлікке шақырамын: мен саған өмір мен өлімді, ақ бата мен қарғысты ұсынған болатынмын. Өзің және сенің үрім-бұтағың өлмеуі үшін өмірді таңдап ал’ (Заңды қайталау 30:19). Бүгінгі күні біз де екі жолдың бірін таңдай аламыз: Ехобаға адал қызмет етіп, осының арқасында мәңгі өмір сүруді немесе оған мойынсұнбай, мұның зардабын тартуды. Қазір осындай екі түрлі таңдау жасаған адамдардың мысалын қарастырайық.
5, 6. Ешуа нені таңдады және мұның нәтижесі қандай болды?
5 Б. з. б. 1473 жылы Ешуа исраилдіктерді Уәде етілген жерге алып барды. Өлер алдындағы өте әсерлі етіп айтқан насихат сөзінде ол бүкіл халыққа: “Егер Жаратушы Иеге [“Ехобаға”, ЖД] құлшылық еткілерің келмесе, онда өзеннің арғы бетінде болған әкелерің сыйынған құдайларға ма немесе өздерің жерін мекендеп отырған Аморрейлердің құдайларына ма — кімге сыйынатындарыңды бүгін таңдап алыңдар”,— деді. Сонан соң өз отбасы жайлы: “Ал мен және менің әулетім Жаратушы Иеге [“Ехобаға”, ЖД] құлшылық жасайтын боламыз”,— деді (Ешуа 24:15).
6 Ертеректе Ехоба Ешуаны батыл да табанды болуға шақырып, Құдай Заңына мойынсұнудан тайып кетіп жүрмеуді айтқан болатын. Қайта, ол сол Заң кітабын күні-түні күбірлеп оқитын болса, өз жолында табысты болатын еді (Ешуа 1:7, 8). Бұл солай болып шықты да. Ешуаның жасаған таңдауы мол баталар әкелді. Ол: “Жаратушы Иенің Исраил әулетіне айтқан ізгі сөздерінің бірде-біреуі орындалмай қалған жоқ; бәрі іске асты”,— деді (Ешуа 21:45).
7. Ишаяның күндерінде кейбір исраилдіктер нені таңдады және мұның салдары қандай болды?
7 Ал енді бұған қайшы жайтты, шамамен 700 жылдан кейін Исраилде болған жағдайды, қарастырайық. Ол кезде исраилдіктердің көбісі жалған тәңірге құлшылық етушілердің салт-жораларын ұстанатын. Мысалы, жылдың соңғы күнінде адамдар небір дәмді тағамдар мен тәтті шараптар қойылған дастарқан басына жиналатын. Бұл жай ғана отбасының бас қосуы емес-тін. Ол екі жалған тәңірді дәріптеуге арналған діни рәсім болатын. Осындай опасыздыққа Құдайдың қалай қарайтыны жайлы Ишая пайғамбар былай деді: “Жаратқан Иелеріңнен бас тартқан өзгелеріңе былай деймін: Сендер Өзіме бағышталған Сион тауын естеріңнен шығарып, Бақыт пен Тағдырды пір тұтасыңдар. Соларға арнап дастарқан жайып, дәмді шарапты толтыра құйып бересіңдер”. Олар жыл өнімі Ехобаның батасына емес, ‘Бақыт пен Тағдыр’ атты тәңірлерді риза қылуға байланысты деп есептеген. Шындығында, олардың бүлікшіл өмір салты мен әдейі жасаған таңдаулары өз тағдырларын шешті. Ехоба оларға: “Сендердің тағдырларыңды Өзім шешіп қойдым: жауларыңның алдында тізе бүгіп, семсерден қырыласыңдар. Себебі Мен шақырғанда жауап бермедіңдер, тіл қатқанымда сөзіме құлақ аспадыңдар. Қайта, көз алдымда зұлымдық жасап, Маған ұнамайтын нәрселерді таңдап алдыңдар”,— деді (Ишая 65:11, 12). Олардың жасаған теріс таңдауы жойылуға әкеп соқтырды, ал Бақыт пен Тағдыр атты тәңірлері оларға араша түсуге дәрменсіз болды.
Дұрыс таңдау жасай білу
8. Заңды қайталау 30:20-ға сай, дұрыс таңдау жасауға не жатады?
8 Мұса Исраилді өмірді таңдап алуға шақырғанда, мынадай үш қадам жасаулары керектігін көрсетті: ‘Құдайды сүю, Соның айтқандарын тыңдау және Соған етене жабысып алу’ (Заңды қайталау 30:20). Дұрыс таңдау жасай алу үшін, осылардың әрқайсысын жеке-жеке қарастырып көрейік.
9. Ехобаға деген сүйіспеншілігімізді қалай көрсете аламыз?
9 Ехоба Құдайды сүю. Ехобаға қызмет етуді оны сүйгендіктен таңдадық. Исраилдің уақытындағы ескерту болып табылатын мысалдарға көңіл қойсақ, азғындыққа итермелейтін әр түрлі азғырылуларға қарсы тұрып, материализмге белшеден батырып жіберуі мүмкін өмір салтынан аулақ боламыз (Қорынттықтарға 1-хат 10:11; Тімотеге 1-хат 6:6—10). Біз Ехобадан айырылмай, оның жарлықтарын ұстанамыз (Ешуа 23:8; Забур 118:5, 8). Уәде етілген жерге кірер алдында Мұса исраилдіктерді: “Өздерің аяқ басқалы отырған сол өңірді иеленулерің үшін сол жерде дәл осы айтылғандағыдай істесін деп, міне, мен өзіме Жаратушы Ие, өз Құдайым әмір еткендей сендерді нұсқаулар мен заңдарға үйреттім; Сонымен бұларды сақтаңдар әрі орындаңдар, өйткені сендердің кемеңгерліктерің мен ақыл-парасаттарың бөтен халықтар арасында осымен өлшенеді”,— деп шақырды (Заңды қайталау 4:5, 6). Қазір Ехобаның еркін өмірімізде бірінші орынға қоя отырып, оған деген сүйіспеншілігімізді көрсететін кез. Егер осылай етуді таңдайтын болсақ, онда баталарға кенелеріміз сөзсіз (Матай 6:33).
10—12. Нұхтың күнінде болған оқиғаларды қарастырудан қандай сабақ аламыз?
10 Ехобаның айтқандарын тыңдау. Нұх “әділдікті уағыздаушы” болған (Петірдің 2-хаты 2:5). Топан судың алдындағы адамдардың бәрінің дерлік көңілі басқа нәрседе болып, Нұхтың ескертуі жайлы еш ойланбады. Мұның соңы не болды? ‘Топан су басып, бәрін алып кетіп, қырып салды’. Иса біздің күнімізде де, яғни ‘Оның билеуші ретінде көктен қайтып келген’ кезеңінде, жағдай дәл сондай болатынын ескерткен. Нұхтың күнінде болған жайт Құдайдың хабарына ден қойғысы келмегендер үшін қатаң ескерту болып табылады (Матай 24:39).
11 Құдайдың қазіргі қызметшілері айтып жүрген ескертуді елемей, келеке-мазақ ететіндер мұның түбінде неге апарып соғатынын түсінулері керек. Олар жайлы елші Петір: “Солай ойлағанда олар мыналарды әдейі ескермейді: Құдайдың бұйрығымен көк баяғыдан бері бар болған, ал жер судан шығып, сумен қалыпқа келтірілді. Тәңірдің бұйрығына сай топан су кенеттен көне заманғы дүниені басып, адамзатты жойып жіберді. Тәңіріміз осы қазіргі аспан мен жерді де әділетсіздердің сотталып, тозаққа түсетін күні отпен қиратуға қалдырып отыр”,— деді (Петірдің 2-хаты 3:3—7).
12 Нұх пен оның отбасы басқа таңдау жасады. “Нұх пайғамбар әлі де көзге көрінбеген топан су туралы ескертілгенде Құдайға сеніп, Оны терең қастерлегендіктен отбасын құтқару үшін кемесін жасап дайындады”. Ол ескертуге ден қойғандығының арқасында отбасын аман алып қалды (Еврейлерге 11:7). Олай болса, Құдайдың хабарын тыңдауға жүйрік болып, сонан соң оны мойынсұнушылықпен орындайық (Жақып 1:19, 22—25).
13, 14. а) Неге Ехобаға ‘етене жабысып алған’ маңызды? ә) ‘Құмырашымыз’ Ехобаға бізді илеп, қалыптастыруына қалай жол беруіміз керек?
13 Ехобаға ‘етене жабысып алу’. ‘Өмірді таңдап алу’ үшін, тек қана Ехобаны сүйіп және айтқандарын тыңдап қана қоймай, оған ‘етене жабысып алуымыз’, яғни оның еркін орындауда табанды болуымыз да керек. Иса: “Табанды болыңдар, сонда шынайы өмірге жетесіңдер”,— деген (Лұқа 21:19). Шынында да, осыған қатысты жасаған шешіміміз жүрегімізде не бар екенін көрсетеді. Нақыл сөздер 28:14-те: “Жаратқанды лайым қастерлейтін жарылқанар, Ал жүрегін қасарыстырған пәлеге ұшырар”,— делінген. Бұған мысал — ежелгі Мысыр перғауыны. Мысырға жіберілген он апаттың әрбіреуінен кейін перғауын Құдайдан қорқудың орнына жүрегін қасарыстыра берді. Ехоба перғауынды тілазар болуға мәжбүрлеген жоқ, ол өр көкірек билеушінің өзінің таңдау жасауына жол берді. Қалай болғанда да, Ехобаның еркі бәрібір жүзеге асты. Оның перғауынға қалай қарағанын елші Пауылдың айтқан сөзінен көруге болады: “Саған (істейтінім арқылы) құдіретімді көрсетіп, бүкіл жер жүзіне атымды шығару үшін ғана сені патша етіп қойдым” (Римдіктерге 9:17).
14 Исраилдіктер перғауынның құлдығынан босанғаннан кейін бірнеше ғасырдан соң, Ишая пайғамбар: “Жаратқан Ие, Сен рухани Әкемізсің. Сен құмырашыға, біз балшыққа ұқсаймыз. Бәріміз Сенің қолыңнан шаққан жаратылысыңбыз”,— деп жариялады (Ишая 64:8). Жеке зерттеу мен Құдай Сөзін өмірімізде қолдануымыз арқылы Ехобаның бізді илеп, қалыптастыруына жол берсек, біртіндеп жаңа болмысқа ие боламыз. Сондай-ақ әлдеқайда жұмсақ әрі бейімделгіш боламыз, осының арқасында Ехобаға етене жабысып алу жеңілірек болады. Өйткені оған шын жүректен ұнамды болғымыз келеді (Ефестіктерге 4:23, 24; Қолостықтарға 3:8—10).
‘Осылар туралы жеткіз’
15. Заңды қайталау 4:9-ға сай, Мұса қандай екі жауапкершілік жайлы Исраилдің есіне салды?
15 Уәде етілген жердің табалдырығында тұрған Исраил халқына Мұса: “Өз көздерің көрген сол бір істерді сенің ұмытып кетпеуің үшін, және де өзіңнің бүкіл ғұмырыңда осылар өз жүрек түкпіріңнен із-тозсыз жоғалмауы үшін тек сақ бол, әрі өз жан-дүниеңді мұқият сақта; сөйтіп, осылар туралы өз ұлдарыңа және өз ұлдарыңның ұлдарына жеткіз”,— деді (Заңды қайталау 4:9). Ехобаның баталарын алу үшін және иелік еткелі тұрған жерлері гүлдеп-өркендеуі үшін, халықтың Құдай алдында екі жауапкершілігі бар еді. Олар өз көздерімен көрген Ехобаның керемет нәрселерін ұмытпаулары және олар жайлы ұрпақтарына айтып, тәлім берулері керек болатын. ‘Өлмеу үшін өмірді таңдағымыз’ келсе, бүгінде Құдай халқы ретінде біз де осылай етуіміз керек. Ехобаның біздер үшін істеп отырған не нәрсесін өз көзімізбен көріп отырмыз?
16, 17. а) Ғалақад мектебін бітірген миссионерлер Патшалықты жариялау ісінде неге қол жеткізе алды? ә) Құлшыныстарын жоғалтпаған қандай бауырластардың мысалдарын білесіңдер?
16 Ехобаның уағыздау мен шәкірт дайындау ісіне қалай батасын беріп жатқанын көру жанымызды тебірентеді. 1943 жылы Күзет мұнарасының Ғалақад Киелі кітап мектебі ашылғаннан бері, миссионерлер көптеген елдерде шәкірттер дайындау ісін қолға алды. Күні бүгінге дейін сол мектептің бастапқы түлектері тіпті егде тартып, ал кейбіреулерінің денсаулығы болмай жатса да, Патшалықты уағыздау ісінде әлі де құлшыныс танытуда. Соның бірі — Ғалақад мектебін 1944 жылы бітірген Мари Олсон бауырлас. Ол алдымен Колумбияда, сонан соң Уругвайда, ал қазір Пуэрто-Рикода қызмет етуде. Кәріліктен денсаулығына қатысты қандай да бір шамада қиындықтар көрсе де, Олсон бауырлас уағыздауға деген құлшынысын жоғалтпаған. Испан тілін үйренген ол апта сайын жергілікті бауырластармен қызметке шығуды жоспарлайды.
17 Ал Ғалақад мектебін 1947 жылы бітірген, қазір жесір қалған Ненси Портер әлі де Багам аралдарында қызмет етеді. Ол — уағыздау ісінде белсенді миссионерлердің бірі. Өзінің өмірбаянында Ненси бауырлас: “Адамдарды Киелі кітаптағы шындықпен таныстыру ерекше қуанышқа бөлейді. Жақсы ұйымдастырылған рухани істер өмірімді жинақы әрі тұрақты етті”,— дейдіa. Портер бауырлас және басқа да адал қызметшілер өткен өмірлерін ойлағанда, Ехобаның істегендерін еске түсіреді. Ал біз ше? Ехобаның төңірегімізде жүріп жатқан уағыздау ісіне беріп жатқан батасына ризашылықпен қараймыз ба? (Забур 67:12)
18. Миссионерлердің өмірбаяндарын оқығанның қандай пайдасы бар?
18 Осы ұзақ уақыттан бері қызмет етіп келе жатқандардың атқарған, әлі де атқарып жатқан істерін көріп қуанамыз. Олардың өмірбаяндарын оқығанда, қатты жігерленеміз. Өйткені осындай адал жандарға Ехобаның қалай көмектескенін көріп, Құдайға қызмет етуге деген шешіміміз нығая түседі. “Күзет мұнарасында” басылып шығатын осындай жан тебірентерлік оқиғаларды үнемі оқып, ой жүгіртесіңдер ме?
19. Мәсіхші ата-аналар “Күзет мұнарасындағы” бауырластардың өмірбаяндарын қалай тиімді қолдануына болады?
19 Мұса Ехобаның өздеріне істеген бар жақсылығын ұмытып кетпеулері керектігін, сондай-ақ оларды өмір бойы жүрек түкпірінде сақтаулары керектігін исраилдіктердің есіне салды. Сонан соң тағы былай деп қосты: “Осылар туралы өз ұлдарыңа және өз ұлдарыңның ұлдарына жеткіз” (Заңды қайталау 4:9). Өмірден алынған оқиғалар өте әсерлі. Өсіп келе жатқан жастарға жақсы үлгілер қажет-ақ. Мысалы, салт басты әйел бауырластар “Күзет мұнарасында” өмірбаяндары жазылған егде жастағы әйел бауырластардың жақсы үлгісінен үйрене алады. Өз еліндегі шет тілді аумақта қызмет ету ер бауырластарға да, әйел бауырластарға да уағыздау ісінде белсенді болуға мүмкіндік береді. Мәсіхші ата-аналар, неге Ғалақад мектебін бітірген адал миссионерлер мен тағы басқалардың оқиғаларын балаларыңды толық уақытты қызметті таңдауға талпындыру үшін қолданбасқа?
20. ‘Өмірді таңдау’ үшін не істеуіміз керек?
20 Олай болса, қалай әрбіріміз ‘өмірді таңдай аламыз’? Мұны Ехобаның берген керемет сыйы — ерік бостандығын Ехобаны сүйетінімізді көрсету үшін қолдану және әзірге Құдай мүмкіндік беріп тұрғанда, уағыздау ісінде қолымыздан келгенді істей беру арқылы таңдай аламыз. Мұса айтқандай, ‘ұзақ өмір сүруіміз үшін өміріміз міне, осыған [Ехобаға] тіреліп тұр’ (Заңды қайталау 30:19, 20).
[Сілтеме]
a 2001 жылғы 1 маусымдағы “Күзет мұнарасының” “Ауыр қайғысына қарамастан, қуанышты әрі Құдайға риза” деп аталатын мақаласын қараңдар (23—27 бет, ор.).
Еске түсіре аласыңдар ма?
• Екі түрлі таңдау жасағандардың оқиғасын қарастырғаннан қандай сабақ алдыңдар?
• ‘Өмірді таңдау’ үшін қандай қадамдар жасау қажет?
• Мойнымыздағы қандай екі жауапкершілікті атқаруымыз керек?
[26-беттегі сурет]
‘Мен саған өмір мен өлімді ұсындым’
[27-беттегі сурет]
Құдайдың айтқандарын тыңдаудың арқасында Нұх пен оның отбасы аман қалды
[28-беттегі сурет]
Мари Олсон
[28-беттегі сурет]
Ненси Портер