19-Тарау
Жер беті Құдай туралы білімге толған кезде
1, 2. Ехобаның жаратылысы қалай бүлінді?
ҒАЖАП суретін қазір ғана аяқтаған көпке танымал суретшіні көз алдыңа елестетші. Бәрі де суреттің ғажап болып шыққанын айтады, тіпті нағыз керемет туынды! Бірақ күншіл бақталас түн жамылып келіп, суретті бүлдіреді. Әлбетте, суретшіге мұның қаншалықты ауыр тиетіндігі белгілі. Ол бұл жауыздың түрмеге қамалғанын қалайша қалайды десеңші! Сондай-ақ оның бастапқы суреттің көркемдігін қалпына келтіргісі келетіндігін де елестетуге болады.
2 Ехоба суретші сияқты нағыз көркем туынды жасаған, ол жерді дайындап, оған адамдарды қоныстандырды. Еркек пен әйелді жаратқан соң, Жердегі жұмысын қорытындылай отырып, оның “өте жақсы” екендігін көрді (Жаратылыс 1:31). Адам мен Хауа оның балалары болды және Құдай оларды сүйді. Олар үшін Құдай бақытты да ғажап келешекті ойластырды. Шайтан бұл жұпты бүлікке еліктіргенмен, Құдайдың ғажап жаратылысы қалпына келместей бүлінген жоқ (Жаратылыс 3:23, 24; 6:11, 12).
3. ‘Шынайы өмір’ деген не?
3 Құдайдың болған істі қайта жөндеуге деген ниеті бар. Ол осы бастапқы ниетіндегідей өмір сүргенімізді қатты қалайды. Біздің қысқа әрі әбігерге толы өміріміз Ехобаның орнатқысы келген ‘шынайы өмірімен’ ортақ ештеңесі жоқ. Құдайдың бізге бергісі келіп отырған ‘шынайы өмірі’ — кемелді жағдайдағы ‘мәңгілік өмір’ (Тімотеге 1-хат 6:12, 19).
4, 5. а) Жұмақта өмір сүру үмітіміз ненің арқасында жүзеге асады? ә) Неге болашаққа деген үміт туралы ойлануымыз керек?
4 Құдай туралы білім Ехобаның алдындағы жауапкершілікпен байланысты (Жақып 4:17). Осы білімді қолдана отырып, мәңгілік өмірге талпынуыңмен қандай баталарға ие болатыныңды ойлап қарашы. Өзінің Сөзінде, Киелі кітапта, Ехоба Құдай жақын болашақтағы жер бетінде орнайтын Жұмақтағы тамаша өмірді бейнелеген. Ал біз, Ехобаның халқы, оған сыйлық үшін ғана қызмет етпейміз. Біз Құдайды сүйеміз, сондықтан оған қызмет етеміз (Марқа 12:29, 30). Оның үстіне, мәңгілік өмірге Ехобаға қызмет ету арқылы лайық бола алмаймыз. Мәңгілік өмір — Құдайдың сыйы (Римдіктерге 6:23). Мәңгілік өмір туралы ойлану пайдалы, өйткені Жұмақтағы өмірге деген үміт Ехоба Құдайдың сүйіспеншілікпен ‘Өзін іздеп, жақыннан танығысы келгендерді... жарылқайтынын’ еске салады (Еврейлерге 11:6). Санамыз бен жүрегімізге ұялаған бұл үміт осы Шайтан билігіндегі дүниеде кездесетін қиындықтарға төтеп беруге көмектеседі (Еремия 23:20).
5 Ал енді жердегі Жұмақтағы мәңгілік өмірдің қандай болатынын суреттейтін Киелі кітапқа негізделген үмітке назар аударайық. Құдай туралы білім жер бетін толтырған кезде өмір қандай болар екен?
ҺАР-МАГЕДОННАН КЕЙІНГІ ЖҰМАҚТАҒЫ ЖЕР
6. Һар-Магедон дегеніміз не және адамзат үшін ол нені білдіреді?
6 Бұдан бұрын айтылғандай, жақында Ехоба Құдай осы зұлым дүниені жояды. Дүние Киелі кітапта Һар-Магедон деп аталған оқиғаға бар екпінімен зымырап келеді. Мұны кейбір адамдар жауласқан елдер арасындағы ядролық апат деп ойлауы мүмкін, бірақ бұл — Һар-Магедон туралы мүлдем теріс пікір. Аян 16:14—16 дейінгі тармақтарда айтылғандай, Һар-Магедон — ‘құдіреті шексіз Құдайдың ұлы соты күнінің шайқасы’. Бұл шайқасқа ‘күнәкар дүниенің күллі патшалары’ немесе барлық халық қатысады. Ехоба Құдайдың Ұлы, тағайындалған Патша, жақын арада шайқасқа кіріседі. Бұл шайқастың немен бітетіні белгілі. Құдайға қарсылық білдіргендер, сондай-ақ Шайтанның билігіндегі осы дүниенің бөлігі болғандардың барлығы жойылады. Ехобаға шексіз берілгендер ғана аман қалады (Аян 7:9, 14; 19:11—21).
7. Мәсіхтің мыңжылдық билігі кезінде Шайтан мен оның жындары қайда болады, мұның адамзатқа қандай пайдасы болады?
7 Сен осындай орасан зор апаттан аман қалғаныңды елестетші. Құдай уәде еткен жаңа дүниеде өмір қандай болар екен? (Петірдің 2-хаты 3:13). Бізге болжап-жорамалдаудың қажеті жоқ, бұл мезгіл туралы Киелі кітап өзі айтады және оның хабары таңданарлықтай. Иса Мәсіхтің мыңжылдық билігі кезінде Шайтан мен оның жындары барлық биліктерінен айырылып, әрекетсіз күйді білдіретін тұңғиыққа қамалатынын білеміз. Шымылдықтың артында тұрып бүлік шығарып және бізді Құдайдың еркіне қарсы әрекет етуге мәжбүр ететін ұждансыз, зұлым рухани тұлғалар енді болмайды. Неткен бостандық! (Аян 20:1—3).
8, 9. Жаңа өмірде уайым-қайғы, ауру және кәрілікпен не болады?
8 Мезгілі жеткенде адамдар барлық сырқаттарынан арылады (Ишая 33:24). Ақсақтар тұрып, жүре алатын, жүгіріп билей алатын болады. Ұзақ жылдар бойы үнсіздік әлемінде өмір сүрген саңыраулар тамаша күй сарынын естиді. Зағиптар сан алуан бояулар мен бейнелер әлемінің есігін ашады (Ишая 35:5, 6). Олар үшін жақын адамдарының жүздерін көретін күн де жетеді! Мүмкін, бастапқыда қуаныш жасына толы жанарлары бір сәтке бұлдырайтын болар.
9 Ойлап қарашы! Енді көзілдірік те, балдақ пен таяқ та, дәрі-дәрмек, тіс емдейтін бөлмелер де, тіпті ешқандай ауруханалар керек емес! Ешқашан жүйке ауруы мен жабығу адамдарды қуаныштан айырмайтын болады. Ешбір сырқат балалық шақты қамықтырмайды. Кәріліктің күйретуші әсері кері бұрылады (Әйүп 33:25). Денсаулығымыз әлдеқайда жақсарады, әрі қуатты боламыз. Әрбір таң атқан сайын тыныш өткен түнгі ұйқыдан тынығып, жаңа күнді өмірдің қызығына бататындай, қанағат беретін жұмысты бастауға құлшынып тұратын боламыз.
10. Һар-Магедоннан аман өткендер қандай жұмысқа қатысады?
10 Һар-Магедоннан аман өткендер үшін қанағат беретін іс көп болады. Олар жерді жұмаққа айналдырады. Ластанған ескі дүниенің барлық қалдықтары жойылады. Лас жерлер мен қу даланың орны жайқалған бақшалар мен саябақтарға айналады. Барлығының жайлы да жақсы үйлері болады (Ишая 65:21). Бастапқыда Едем бағында Құдай орнатқан әсемдік үлгісіне жеткенше, жер шары біртіндеп көркейген үстіне көркейе түсіп, жұмаққа айналады. Қалпына келтіру жұмысына қатысу қандай қанағат әкеледі десеңші!
11. Адамдар қоршаған ортаға қалай қарайтын болады және жануарлармен қандай қарым-қатынаста болады?
11 Мұның барлығы Құдайдың басшылығымен жүзеге асырылатындықтан, қоршаған ортаға еш зиян келмейді. Адамдар жан-жануарлармен тату болады. Олар жерге жауапкершілікпен билік етеді және жануарларды жауыздықпен өлтірудің орнына, оларға сүйіспеншілікпен қамқорлық көрсетеді. Көз алдыңа елестетіп көрші: қасқыр мен қозы, арыстан мен бұзау бірге қоректенеді, ал үй жануарлары үшін ешқандай қауіп болмайды. Тіпті кішкентай сәбилер де жыртқыш аңдардан үрейленбейтін болады, енді қайтып тас жүрек, мейірімсіз адамдар жаңа дүниенің тыныштығын бұзбайтын болады (Ишая 11:6—8). Жаңа дүниедегі тыныштық қандай керемет болады десеңші!
АДАМЗАТ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР
12. Ишая 11:9-ғы сөздер бүгінде қалай орындалуда және бұл сөздер Жұмақта қалай орындалады?
12 Жер бетінде неге зұлымдық болмайтындығы Ишая 11:9-да айтылған. Онда былай делінеді: “Теңіз суға қалай толы болса, жер де Жаратқан Иені жақыннан танып, қастерлеген адамдарға солай толы болады!” Жаратушы туралы білім адамдарды өзгертеді. Құдай туралы білімді өміріңде қолдана отырып, қазірдің өзінде қандай да бір өзгерістер жасаған боларсың. Миллиондаған адамдар осылай етуде. Міне, осылайша бұл пайғамбарлық Ехобаға қызмет ететіндерде орындала бастады. Алайда бұл пайғамбарлықта дүние жүзінің адамдары зұлымдыққа деген бейімділіктерінен не құмарлықтарынан босанып, мәңгі ынтымақта болатын уақытқа көңіл аударылады.
13. Жер бетінде қандай ағарту бағдарламасы жүреді?
13 Жер беті Құдай туралы білімге толғанда қандай ғажап болады десеңші! Сол кезде Патша Иса Мәсіх пен оның 144000 бірге патшалық етушілерінің басшылығымен кең көлемде ағарту бағдарламасы өткізіледі. Онда жаңа “кітаптар” қолданылады. Сірә, бұл жер тұрғындарына тәлім беруге негіз болатын Құдайдың жазбаша нұсқаулары болса керек (Аян 20:12). Адамдар соғысуға емес, бейбітшілікте тұруға үйренетін болады. Жойқын қарулардың барлығы мәңгілікке жойылады (Забур 45:10). Жаңа дүниенің тұрғындары бір-біріне сүйіспеншілікпен, ізет әрі құрметпен қарауды үйренеді.
14. Адамзат бір отбасы болып біріккенде дүние қалай өзгереді?
14 Сол кезде адамзат біріккен отбасына айналады. Бірлік пен бауырластыққа еш нәрсе кедергі болмайды (Забур 132:1—3). Бірде-бір үйді ұрылардан қауіптеніп құлыптаудың қажеті болмайды. Әрбір жүректе, әрбір үйде, жердің барлық түпкірлерінде бейбітшілік орнайды (Миха 4:4).
ҚУАНЫШТЫ ҚАЙТА ТІРІЛУ
15. Жер бетіне адамдардың қандай екі тобы тіріледі?
15 Мыңжылдық кезінде қайта тірілу болады. Құдайдың киелі рухына, яки әрекет етуші күшіне, біле тұра қарсы күнә жасап, өкінбей, Құдайдың айқын көрініп тұрған еркіне қарсы әрекет еткендер қайта тірілмейді (Матай 23:15, 33; Еврейлерге 6:4—6). Әрине, киелі рухқа қарсы күнәні кім жасап-жасамағанын Құдай өзі шешеді. Сөйтсе де, белгілі екі топ анық қайта тіріледі. Ол — ‘сенушілер де, күнәкарлар да’ (Елшілердің істері 24:15). Қайта тірілу кезінде қандай да бір тәртіп болу керек болғандықтан, жер бетіндегі өмірге алдымен сенушілер, яғни Ехобаға адал қызмет еткендер, қайта оралады деп ұйғару орынды (Еврейлерге 11:35—39).
16. а) Жер бетінде қайта тірілгендердің ішіндегі “сенушілер” арасында кімдер болады? ә) Ертедегі адал қызметшілердің қайсысымен жеке танысқың келеді және неге?
16 Ехобаның қызметшілері соғыстар, апаттар мен мерт болғандар туралы жаңалықтардың орнына, қайта тірілу туралы қуанышты хабар еститін болады. Әбіл, Енох, Нұх, Ыбырайым, Сара, Әйүп, Мұса, Рахаб, Рут, Дәуіт, Ілияс, Естер сияқты адал ерлер мен әйелдердің қайта тірілуі туралы есту қандай ғажап! Олар жан толқытатын Киелі кітап оқиғаларының көбісін егжей-тегжейлі әңгімелеп беретін болады. Оларға да, жақында ғана өмірден өткендерге де, Шайтанның дәурені аяқталғанын, Ехобаның қасиетті атын киелі еткенін және өз билігін ақтап шыққанын білу бақыт әкелетіндігінде еш күмән жоқ.
17. Құдайдың адал қызметшілері басқа да қайта тірілгендерге қандай көмек береді?
17 Бұл адал қызметшілер қайта тірілудің келесі сатысында миллиардтаған “күнәкарлар” өлім бұғауынан босанған кезде, теңдесі жоқ қолғабыс бере алады! Көп адамның Ехоба туралы білуге мүмкіндіктері болмаған. Шайтан олардың “саналарын соқыр қылып қойған” (Қорынттықтарға 2-хат 4:4). Бірақ Ібілістің істері бос әурешілік болып шығады. Әділетсіздер жердегі әсем әрі бейбіт өмірге қайта оралады. Ехоба туралы және оның билік етіп отырған Ұлы Иса Мәсіх туралы білім беру үшін оларды жақсы ұйымдасқан халық қарсы алатын болады. Миллиардтаған қайта тірілгендер өз Жаратушыларымен танысып, оны сүйген кезде Ехоба туралы білім бұрын-соңды болмағандай жер бетін толтырады.
18. Қайта тірілгендерді қарсы алғанда қандай сезімде болам деп ойлайсың?
18 Қайта тірілу жүрегімізді қаншалықты бақытқа толтыратындығын айтсаңшы! Қас жауымыз өлімнен қайсымыз қайғы шекпедік дейсің? Өлім мен аурудың, кәрілік пен қайғылы оқиғаның немесе зорлық-зомбылықтың кесірінен сүйіспеншілік пен достық бұғауы үзіліп, яки жақын адамын жоғалтып, кім қайғырмады дейсің? Жұмақта солармен кездесудің қаншалықты қуаныш әкелетіндігін елестетіп көрші. Көздеріндегі қуаныш жасын тыя алмай тұрған әкелер мен аналар, ұлдар мен қыздар, достар мен туыстар бір-бірін құшырлана құшаққа алатын болады.
КӨПТЕН КҮТКЕН КЕМЕЛДІЛІККЕ ЖЕТТІК!
19. Мыңжылдық кезінде қандай ғажайып оқиға болады?
19 Мәсіхтің мыңжылдық билігі кезінде көз көрмеген ғажайып болады. Адамдар үшін бұл әсіресе толғантатын кезең болса керек. Ехобаның басшылығымен оның Ұлы әрбір адал бойсұнғыш адамның игілігі үшін өзінің құтқарылу құрбандығының құнын қолданады. Осылайша күнә жойылып, адамдар кемелділікке жетеді (Жоханның 1-хаты 2:2; Аян 21:1—4).
20. а) Кемелді болу деген қандай мағына береді? ә) Һар-Магедоннан аман өткендер мен қайта тірілгендер “тірілу” сөзінің толық мағынасына сай қашан өмір сүре бастайды?
20 Кемелділік! Бұл сөз нені білдіреді? Бұл Адам мен Хауаның Ехоба Құдайға қарсы күнә жасамас бұрын ие болған өмірді қайта иеленуді білдіреді. Тәндік, ой-сана, түйсік, құлықтылық, рухани және барлық басқа да жақтарынан кемелді болған адамдар Құдайдың нормаларына толығымен сай болады. Бірақ бұл барлық адамдар бірдей болады дегенді білдіре ме? Жоқ! Ехобаның жаратылыстары: ағаштар, гүлдер, жан-жануарлардың барлығы Құдайдың әр түрлілікті жақсы көретіндігіне куәлік етеді. Кемелді адамдардың барлығының өзінше қайталанбас мінез-құлқы мен қабілеттері болады. Олардың бәрі де Құдай даярлаған өмірдің рақатын көреді. Аян 20:5-те былай делінеді: “Өлгендердің қалғандары мың жыл өтіп кеткенше тірілген жоқ”. Қайта тірілгендер де Һар-Магедоннан аман өткен өте үлкен тобыр іспетті кемелділікке жеткенде, “тірілу” сөзінің толық мағынасына сай болады.
21. а) Мәсіхтің мыңжылдық билігі соңында не болады? ә) Ақырында, Шайтан мен оны қолдайтындармен не болады?
21 Кемелділікке жеткен адамдардың алдында соңғы сынақ бар. Мыңжылдықтың соңында Шайтан мен оның жындары аз мерзімге зынданнан босатылады да, оларға соңғы рет адамдарды Ехобадан шеттетуге мүмкіндік беріледі. Көпшілігі Құдайға деген сүйіспеншіліктерін ұмытып, өз құмарлықтарына беріледі, бірақ олардың бүлігі ұзаққа созылмайды. Ехоба өзімшіл адамдарды, сондай-ақ Шайтан мен оның барлық жын-перілерін жазаға тартады. Зұлымдық жасаушылардың барлығы мәңгіге жойылады (Аян 20:7—10).
СЕН НЕ ІСТЕЙСІҢ?
22. Жұмақта немен айналысқанды қалар едің?
22 Ехоба Құдайды сүйіп, жердегі Жұмақта өмір сүрушілерге мәңгіліктің есігі кеңінен ашылады. Ол жақта болатын қуанышты біз көз алдымызға әзер елестете аламыз. Дегенмен сен де сол адамдардың арасында бола аласың. Кемелді адамдардың ән-күйлері, көркемөнерлері және басқа да қолөнер туындылары осы ескі дүниенің әйгілі шеберлерінің жақсы деген туындысынан әлдеқайда асып түседі. Өйткені адамдар кемелді болып, олардың уақытында шек болмайды ғой. Кемелді адам болғанда не істей алатындығыңды елестетіп көрші. Сондай-ақ Ехобаның жаратылыстары жөнінде әлеміміздің миллиардтаған галактикаларынан бастап, ұсақ субатом бөлшектеріне дейін сенің де, басқа адамдардың да біле алатындығын ойланшы. Адам баласының жеткен жетістіктерінің барлығы көктегі сүюші Әкеміз Ехобаның жүрегін қуантатын болады (Забур 150:1—6).
23. Неге Жұмақтағы өмір ешқашан жалықтырмайды?
23 Өмір жалықтырмайтын болады. Уақыт өткен сайын өмір қызықты бола түседі. Сонымен өзің көріп тұрғандай, Құдай туралы білімнің шегі жоқ (Римдіктерге 11:33). Мәңгілік бойы зерттеулердің шексіз мүмкіндігі ашыла береді (Екклесиаст 3:11). Ехоба Құдай туралы біліміңді одан әрі жалғастыра отырып, өміріңді аз ғана жылдарға емес мәңгілікке ұзартасың! (Забур 21:27).
24, 25. Неге қазірдің өзінде Құдай туралы біліміңді басшылыққа алып өмір сүруің керек?
24 Жұмақтағы ғажап болашақ қандай болмасын, күш салуыңа не құрбандығыңа тұрады емес пе? Бұған еш күмән жоқ! Ехоба саған ғажап болашақтың кілтін ұсынып тұр. Бұл кілт — Құдай туралы білім. Сен оны пайдаланасың ба?
25 Егер Ехобаны сүйетін болсаң, онда оның еркін орындай отырып нағыз қуаныш табасың (Жоханның 1-хаты 5:3). Бұл жолда таңғажайып баталар аласың! Құдай туралы біліміңді қолдана отырып, тіпті құлдырап бара жатқан осы дүниеде де бақыттырақ боласың. Ал болашақтағы сыйлықтың тіптен теңдесі жоқ, өйткені бұл білім мәңгілік өмірге алып барады емес пе! Қазір нағыз әрекет ететін уақыт. Құдай туралы білімге сәйкес өмір сүруге беліңді бекем бу. Ехобаға деген сүйіспеншілігіңді көрсет. Оның киелі атын дәріпте және Шайтанның өтірікші екендігін дәлелде. Ал шынайы даналық пен білімнің Бастауы Ехоба Құдай сен үшін шын жүректен қуанады (Еремия 31:3; Софония 3:17). Сондай-ақ ол сені мәңгілік сүйетін болады!
БІЛІМІҢДІ ТЕКСЕР
“Шынайы өмір” деген не?
Һар-Магедоннан кейін жер бетінде не болады?
Жер бетіне кімдер қайта тіріледі?
Адамзат кемелділікке қалай жетеді және ақырында ол қалай сыналады?
Жұмақ туралы ойланғанда, сен не жайында армандайсың?
[188, 189-беттегі сурет]
Жер беті Құдай туралы білімге толған Жұмақта өмір сүруге үміттенесің бе?