Өміріңді табысты ет!
«Құдайсыздар кеңесіне бармайтын... адам қандай бақытты! Ондай кісі... не істесе де, ісі табысты болады» (ЗАБУР 1:1—3).
1. а) Табысты болу дегенді осы дүниенің жастары қалай түсінеді? ә) Киелі кітапта ісі табысты болған адам қалай суреттеледі?
ТАБЫС — бұл сөз сен үшін нені білдіреді? «Менің басты мақсатым — сауда-саттықта табысты болу»,— деді бір жас жігіт. «Мен бәрінен бұрын бақытты отау құруды армандаймын»,— деп өз ойымен бөлісті бір жас қыз. Ал басқа бір жас қыз болса былай деді: «Мен жақсы пәтерім мен жақсы машинамның... болғанын ғана армандаймын. Мен өз басымның игілігін ойлаймын». Бірақ, өмірде шынайы табысқа жету ақшаға да, отбасына да, тіпті атақ-мансапқа да байланысты емес. Забур 1:1—3-те біз мынадай сөздерді оқимыз: «Құдайсыздар кеңесіне бармайтын... бірақ Тәңірдің заңына қуанатын... адам қандай бақытты! Ондай кісі... не істесе де, ісі табысты болады».
2. Нағыз табысқа қалай жетуге болады және бұндай табысқа жеткізетін бірден-бір жол қандай?
2 Осылайша Киелі кітап ешбір адам бере алмайтын нәрсені, яғни ісімізде шынайы табысқа жеткізуді уәде етеді! Бірақ, әңгіме қаржы-қаражатқа байланысты істерде табысты болуда емес. Керісінше, Киелі кітап: «Ақшақұмарлық — әр түрлі жамандықтың түп тамыры»,— деп ескертеді (1 Тімотеге 6:10). Құдайға ұнамды іс-әрекеттер істеу, демек, Ехобаның заңын орындау ғана нағыз табысқа жеткізеді. Тек осылай ғана толық қанағаттануға, әрі нағыз бақытқа жетуге болады! Бәлкім, Ехобаның заңдарына мойынсұнып, әлдекімнің нұсқауымен жүруде тұрған онша қызықтыратын еш нәрсе жоқ болып көрінер. Алайда Иса былай деген: «Рухани мұқтаждықтарын сезінгендер бақытты» (Матай 5:3, ЖД). Мойындайсың ба, жоқ па, бірақ сен рухани нәрсеге мұқтаж болып, яғни Құдайды білуге және оның ниетін түсінуге деген зор талпыныспен жаратылғансың. Сондықтан, адам осы мұқтаждығын қанағантандырып, әрі «Тәңірдің заңын» орындайтын болса ғана нағыз бақытқа жетеді.
Неге біз Тәңірдің заңына мұқтажбыз
3. Ехобаның «қадамымызға бағыт беруін» неге қуанышпен қабылдауымыз керек?
3 Еремия пайғамбар былай деп жазған: «Уа, Тәңір, білемін өзінің қадамына бағыт беру жүрушінің билігінде емес» (Еремия 10:23). Бұл сөздер жас-кәрі демей бәріне қатысты айтылған. Қадамымызға бағыт беру үшін бізге даналық және тәжірибе мен білім ғана жетіспейді емес, олай етуге тіпті құқығымыз да жоқ. Аян 4:11-де былай делінген: «Құдай Иеміз! Сен даңққа, құрметке, билікке лайықсың. Өйткені бүкіл әлемді жаратқан Өзіңсің; Сенің еркіңмен ол жаратылып, бола береді». Ехоба біздің Жаратушымыз, ол «өмірдің қайнар көзі» (Забур 36:9). Сондықтан, біздің қалай өмір сүру керек екенімізді ол бәрінен де жақсы біледі. Оның заңдарының мақсаты бізді қуаныштан айыру емес, керісінше біздің мүддемізді көздейді (Ишая 48:17). Құдайдың заңдарын елеусіз қалдыратын болсақ, өзімізді сәтсіздікке ұшыратамыз.
4. Неге жастардың көпшілігі өз өмірін өздері құртады?
4 Мысалы, қаншама жастардың есірткі қабылдап, азғындыққа салынып, тағы сол сияқты жағымсыз істер істеп, өз өмірін өздері құртып жүргені туралы ойланғансыңдар ма? Забур 35:2, 3-те былай деп түсіндіріледі: «Заңсыздың арсыздығы менің жүрегімде былай деп тұр: оның көзінде Құдайдан қорқу жоқ, өйткені өзінің заңсыздығын жек көргісі келгендей оны іздегенсіп, өзін-өзі мадақ тұтады». «Құдайдан қорқуды» білмегендіктен жастардың көпшілігі өзін-өзі алдап, қауіпті іс-әрекеттің соңы насырға шабатынын ұмытып кетеді. Ал ақыр аяғында: «Адам не ексе, соны орады. Өзінің ескі күнәкар болмысын қанағаттандырушы сол болмысқа тән рухани өлімді орады. Ал Киелі Рухқа қызмет етуші осы Рухқа тән мәңгілік өмірді орады»,— деген өзгермейтін принциптің рас екендігіне көздері жетеді (Ғалаттықтарға 6:7, 8).
«Күндерімізді санау»
5, 6. а) Жастар неге «күндерін санау» керек және ол нені білдіреді? ә) «Жаратушымызды ұмытпау» дегенді қалай түсінуге болады?
5 Өміріңді табысты етіп, қалай «мәңгілік өмірді ора аласың»? Мұса былай деп жазған: «Тіршілік етер күніміз жетпіс жас, бақуат болсаң сексен жасқа жетеді... өміріміз зымырап өтеді де, біз ұшып кетеміз» (Забур 89:10). Сен өлім жайлы ойлаған күнде де, анда-санда ойлайтын боларсың. Ал кейбір жастар тіпті ешқашан өлмейтіндей іс-әрекет жасайды. Бірақ, Мұса өмірдің қысқа екендігінің ащы шындығына тура қарауға мәжбүр етеді. Жетпіс-сексен жас өмір сүретінімізге де кепілдік бере алмайсың. Болар жағдайдың «уақыты мен сәті» тіпті албырт жастарды да аяп жатқан жоқ (Екклесиаст 9:11). Қазір қолда бар қымбат нәрсені, яғни өміріңді бағалайсың ба? Қандай өмір кешудесің? Мұса былай дұға еткен: «Жүрегімізге даналық ұялата алуымыз үшін, күндерімізді санай білуге үйретші» (Забур 89:12).
6 «Күндерімізді санай» білу деген нені білдіреді? Бұл — жатсаң да, тұрсаң да қанша өмір сүретініңді ойлап сары уайымға салыну емес. Мұса Ехобаға дұға еткенде, өздерінің Құдайының даңқын шығаратындай етіп, өмірлерінің қалған күндерін дұрыс қолдануды исраил халқына үйретуді сұраған болатын. Әрбір күнді Ехобаның даңқын шығарудың мүмкіндігі ретінде қарастырып, күндеріңді санайсың ба? Киелі кітап жастарды: «Жүрегіңдегі мұңнан, тәніңдегі зұлымдықтан арыл, өйткені балалықтың да, жастық шақтың да мәні жоқ... „Бұл күндерден еш қуаныш жоқ маған!“ деп налитын кәріліктің ауыр күндері келмес бұрын, жастық шағыңда Жаратушыңды ұмытпа»,— деп шақырады (Екклесиаст 11:10—12:1). Жаратушымызды ұмытпау, оның бар екенін жадымызда ұстау ғана емес. Бір қылмыскер, Исаға: «Патшалығыңызға кіргенде мені есіңізге ала көріңіз»,— деп жалбарынғанда, ол есімін Исаның есіне алғанын ғана қалаған жоқ. Қылмыскер Исаның қандай да бір әркет жасағанын, яғни оны қайта тірілткенін қалады! (Лұқа 23:42; салыстырыңдар: Жаратылыс 40:14, 23; Аюп 14:13). Тап осылай, Ехобаны ұмытпау да әрекет етуді немесе оған ұнамды нәрсені істеуді білдіреді. Сен туралы да, Ехобаны ұмытқан жоқ деуге болады ма?
Заңсыздарға сұқтанба
7. Неге кейбір жастар Жаратушыны ұмытуға бел буады? Мысал келтір.
7 Кейбір ұл мен қыздар Куәгер болу еркіндікке шек қою деген оймен, Ехобаны ұмытуға бел буады. Испанияда тұратын бір Куәгер, жасөспірім шағындағы сезімін былай деп еске алды: «Ақиқат ауыр әрі қатаң болып көрінгендіктен, мені осы дүние қызықтыратын. Ақиқат деген — отыру, зерттеу, жиналысқа бару, галстук тағу; бұның бәрі маған ұнамайтын». Кейде сен өзіңді, Құдайға қызмет еткендіктен бір нәрседен құр қалғандай есептейсің бе? Онда, Киелі кітапты жазған кісілердің бірі тап осындай сезімде болғанын білгенде таңғалатын боларсың. Киелі кітабыңды ашып Забурдің 72-жырын оқышы.
8. Неге Асаф «мақтаншақтарға сұқтанды»?
8 Забурдың осы жырын тереңірек қарастырып көрелік. Екінші және үшінші тармақтарда былай делінеді: «Ал мен болсам — аяғым шайқалып, табаным тайып кете жаздады. Мен әділетсіздердің берекелігін көріп, ақымақтарға [«мақтаншақтарға», ЖД] сұқтандым». Забурдің бірінші тармағында бұл жырды Асаф жазғаны нұсқалған. Ол Леуі ұрпағынан шыққан музыкант, әрі Дәуіттің замандасы болған (1 Шежіре 25:1, 2; 2 Шежіре 29:30). Асаф ғибадатханада қызмет ету мәртебесіне ие болғанымен, заңсыздықтарын мақтан тұтатын адамдарға «сұқтанған». Бұл адамдар еш қайғысыз, бейбіт әрі қауіпсіз өмір кешіуде деген ой туатын. Олардың табыссымақтары «жүректерінің қалауынан да көп» еді! (Забур 73:5, 7, «Танах», Д. Йосифон [72:5,7]). Өздерінің ерліктері туралы «асқақтап» сөйлейтін (8-тармақ). «Ауыздарын көкке көтереді, ал тілдері жерде жүретін», олар көкте де, жерде де ешкіммен санаспайтын (9-тармақ).
9. Асафтың сезінгенін бүгінгі күнгі жас мәсіхшілердің де сезінуі мүмкін екендігінің себебі неде?
9 Бәлкім, сенің кластастарың жайында да осылай деуге болатын шығар. Олардың азғындық жасап жүргенін, отырыстарда сотқарлық жасағанын және ішімдікті қанша ішкені мен есірткіден қандай ләззатқа батқанын айтып, беті бүлк етпей мақтанғанын естіген боларсың. Осындай жастардың ләззатқа толы болып көрінетін өмірін, мәсіхші ретінде өзің таңдаған тар жолмен салыстыратын болсаң, «мақтаншақтарға сұқтана» қарайтын боласың (Матай 7:13, 14). Асафтың күйзелгені соншалық, ол былай деді: «Онда мен жүрегімді бекер тазалап, күнәсіздікте қолымды бекер жудым ба, әрбір күні бекер жарақат алдым ба?» (14, 15-тармақтар). Иә, ол Құдайға қызмет етіп, әділ өмір сүргеннің пайдалы екеніне күмәндана бастады.
10, 11. а) Асафтың өз ойын өзгертуіне себеп болған не? ә) Неге заңсыздар «тайғақ жолда» тұр деуге болады? Мысал келтір.
10 Бақытқа орай, Асаф бұндай қапалы күйде ұзақ уақыт болмады. Көп ұзамай ол күнәкарлардың игілікке жеткендей болып көрінгені шын мәнінде жай ғана өткінші сағым екенін түсінді! Ол былай деп дауыстады: «Иә! Сен оларды тайғақ жолға қойғансың, ақырында тұңғиыққа құлатасың. Олар лезде жұтайды, ғайып болады, зәре құты ұшып жоқ болады!» (18, 19-тармақтар). Сенің құрдастарыңның да көбісі «тайғақ жолда тұр». Ерте ме, кеш пе олар еріксіз жүкті болып қалады, жыныстық қатынас арқылы жұғатын ауруларға шалдығады, тіпті түрмеге түседі немесе өледі, осылайша шімірікпестен жасаған қылықтарынан опық жейді! Ал ең сорақысы, олар Құдайға жат (Жақып 4:4).
11 Испанияда тұратын Куәгер, басы тасқа тигенде Асафтың сөздерінің рас екеніне көз жеткізді. Жас кезінде ол Құдайға сенбейтін бір топ жасөспірімдермен айнымас дос болып, екі жақты өмір сүреді. Көп ұзамай солардың біріне ғашық болып қалады, ал ғашық болған жігіті нашақор болатын. Қыздың өзі есірткі қабылдамағанымен, жігітіне арнап сатып алып жүреді. «Мен оған ине салуға да көмектесетінмін»,— деп мойындады ол. Бақытқа орай, Куәгер қыздың ес жиуына көмек көрсетілді де, оның рухани денсаулығы қайта қалпына келді. Сөйтсе де, нашақор жігітінің СПИД-тен өлгенін есту ол үшін үлкен соққы болды. Иә, Забур жыршысының айтқанындай-ақ, шынында да, құдайсыздар «тайғақ жолда» тұрады. Олардың кейбіреулері азғындық өмір кешкендіктен аяқ астынан өліп кетеді. Ал қалғандарын, егер өмірлеріне өзгеріс енгізбесе, «Иеміз Иса Мәсіхтің Ізгі хабарына құлақ аспай, Құдайды танымай жүргендерді жазалау үшін Иеміз Иса Өзінің құдіретті періштелерімен жалындаған отпен көктен түсіп келетін» уақыты күтіп тұр (2 Салониқалықтарға 1:7, 8).
12. Жапонияда тұратын жігіт заңсыздарға сұқтанғанның ақымақтық екенін қалай түсінді?
12 Сондықтан, «Құдайды танымай жүргендерге» сұқтану қандай ақымақтық десеңші! Керісінше, Құдайды танитындарға және мәңгі өмір сүруге үміті барларға сұқтану керек. Жапонияда тұратын бір жас мәсіхші тап осындай шешімге келді. Жастық шағында ол да өз қалауы бойынша «еркін» өмір сүргісі келген. Ол былай деп түсіндірді: «Мен өзімді бірдемеден құр қалғандай сезінетінмін. Бірақ ақиқатсыз өмірімнің қандай боларын түсіндім. Мен 70 немесе 80 жас өмір сүріп, сосын өліп қалатынымды елестетіп көрдім. Ал Ехоба болса мәңгі өмір сүру үмітін беріп отыр! Осыны түсінген соң, қолда бардың қадірін түсіне бастадым». Бірақ, қалай болған күнде де, айналаңның бәрі Құдайдың заңын орындамайтын адамдарға толы болғандықтан, сеніміңді сақтап қалу оңайға соқпайды. Сен қысымға қалай төтеп бере аласың?
Кіммен араласып жүргеніңе көңіл бөл!
13, 14. Кіммен араласып жүргеніңе көңіл бөлудің неге маңызы зор?
13 Забур 1:1—3-тегі ісі табысты болған адамның суреттемесіне қайта оралайықшы: «Құдайсыздар кеңесіне бармайтын, күнәкарлар жолыменен жүрмейтін, қасиеттіні мазақтаушылармен отырмайтын, бірақ Тәңірдің заңына қуанатын, сол туралы күні-түні ойлайтын адам қандай бақытты! Ондай кісі дер кезінде жемісін беретін, жапырақтары ешқашан солмайтын, су жағасына еккен ағашқа ұқсайды: не істесе де, ісі табысты болады» (Забур 1:1—3).
14 Ең алдымен кіммен араласып жүргеніңе көңіл аударғанның маңызы зор екенін есіңде ұста. Нақыл сөздер 13:20-да былай делінген: «Ақылдымен араласқан ақылды болады, ал кім ақымақпен дос болса — азғындық жолға түседі». Бұл — Куәгер емес құрбыларымызға жылы шырай танытпай суық қарап немесе дөрекілік таныту керек деген сөз емес. Киелі кітап жақынымызды жақсы көруге және «барлық адамдармен тату-тәтті тұруға» шақырады (Римдіктерге 12:18; Матай 22:39). Бірақ, Киелі кітаптың талаптарына сай өмір сүрмейтіндермен тым жақын араласатын болсаң, бұл олардың «кеңесіне барып» жүргенмен тең.
Киелі кітапты оқығанның пайдасы
15. Жастар Киелі кітапты оқуға деген «құштарлығын» қалай арттыра алады?
15 Забур жыршысы, ісі табысты болатын адам Құдайдың заңын «күні-түні баяу үнмен» оқитынын да атап өткен (Забур 1:1, 2, ЖД). Әрине, Киелі кітап — күрделі кітап, әрі онда «бірқатар түсінуге қиын жерлер бар» (2 Петір 3:16). Әйткенмен, Киелі кітапты оқу іш пыстырып зеріктіретін нәрсе деген ойда болмауымыз керек. Құдай Сөзінің «„таза сүтіне“ құштар болуға» болады (1 Петір 2:2). Күнделікті аз-аздан оқуға тырысып көр. Түсінуге қиын жерлер кездессе, зерттеу жаса. Сосын оқыған нәрсеңе ой жүгірт (Забур 76:12, 13). Егер бөгде нәрселерге алаңдамай оқу қиын болса, «баяу үнмен» оқып көр. Уақыт өте келе Киелі кітапты оқуға деген құштарлығыңның арта түсетіні сөзсіз. Бразилияда тұратын жас мәсіхші бауырласымыз былай деп есіне алды: «Ехоба маған әрқашан өзімнен қашық болып көрінетін. Бірақ, міне бірнеше ай болды, өзімнің жеке зерттеулерім мен Киелі кітапты оқуымды жақсартуды қолға алдым. Енді, Ехобамен қарым-қатынасымның нығая түскенін сезініп жүрмін. Мен оның шын мәнінде бар екеніне көз жеткізе бастадым».
16. Қауым жиналысы әлдеқайда пайдалырақ болу үшін не істеуіміз керек?
16 Сонымен қатар, рухани өсу үшін қауым жиналысына барудың да маңызы өте зор. Егер «қалай тыңдайтыныңа көңіл бөлетін» болсаң, жиналыстан күшті жігер алып қайтасың (Лұқа 8:18). Кейде саған қауым жиналысы онша қызық өтпейтіндей болып көрінеді ме? Онда өзіңе мынадай сауал қой: жиналыс қызықты өту үшін мен қандай үлес қосып жүрмін? Мен зер салып тыңдаймын ба? Жиналысқа дайындалып барамын ба? Түсінік беремін бе? Оның үстіне Киелі кітап бізді: «Өзара сүйіспеншілік көрсетіп, игілік істеуге қозғау салудың қамын ойлауға... бір-бірімізді жігерлендіруге»,— шақырады (Еврейлерге 10:24, 25). Бұл — жиналысқа қатысу керек деген сөз! Ал қатысу үшін, алдын-ала берілген мағлұматты зерттеу керек екендігі сөзсіз. Бір жас бауырласымыз былай деп мойындады: «Дайындалып барсаң жиналысқа қатысу оңай екені рас».
Құдайдың жолымен жүр, сонда табысқа жетесің
17. Неге Киелі кітапты ықыласпен оқитын адамды «су жағасына еккен ағашқа» теңеуге болады?
17 Сонымен қатар Забур жыршысы, ісі табысты болатын адамды «су жағасына еккен ағашқа» теңейді. Бұл жерде мәуе ағаштары бар бақты суаруға арналған арықтар жөнінде айтылған болса керек (Ишая 44:4, ЖД). Киелі кітапты күнделікті оқу — сарқылмас бұлақтан үздіксіз күш пен жігер алғанмен барабар (Еремия 17:8). Сынақтар мен қиындықтарға төтеп беруге қажетті күнделікті күш-қуат алып отыратын боласың. Ехобаның көзқарасын жете түсінген кезде сенің байымды шешімдер қабылдауға қажетті даналығың болады.
18. Ехобаға деген қызметте жастарды табысқа жеткізетін не?
18 Кейде Ехобаға қызмет ету ауыр болып көрінуі мүмкін. Бірақ, бұл қызметті атқара алмайтындай тым ауыр деп ойлаушы болма (Заңды қайталау 30:11). Ехобаға ұнайтын істер істеп, оның жүрегін қуанту сенің басты мақсатың болса, «не істесең де, ісің табысты болатынына» Киелі кітап сөз береді! (Нақыл сөздер 27:11). Ұмытпа, сен жалғыз емессің. Ехоба мен Иса Мәсіх сені қолдайды (Матай 28:20; Еврейлерге 13:5). Олар қандай қиындықтарға кездесіп жүргеніңді біледі және сені ешқашан жалғыз қалдырмайды (Забур 54:23). Сонымен қатар «бауырластарың» және Құдайды қастерлейтін ата-анаң саған демеу болады (1 Петір 2:17). Осындай демеу, сондай-ақ сенің қайсарлығың мен ыждағатың қазір ғана емес, өмірде мәңгі-бақи табысты болуыңа мүмкіндік береді!
Қайталауға арналған сұрақтар
◻ Істеген ісімізде нағыз табысқа жету дегеніміз не?
◻ Неге біз Ехобаның қадамымызға бағыт бергеніне мұқтажбыз?
◻ Жастар қалай «күндерін санай» алады?
◻ Заңсыздарға сұқтануды неге ақылсыздық деуге болады?
◻ Киелі кітапты күнделікті оқу және жиналысқа үздіксіз бару жастардың өмірде табысқа жетуіне қалай көмектеседі?
[30-беттегі сурет]
Жастардың көпшілігі істеген істерінің нәтижесі қандай болатынын ескермейді.
[31-беттегі сурет]
Киелі кітапты оқуға құштарлығыңды арттыр.
[31-беттегі сурет]
Талқылауға қатысып отыратын болсаң, кездесулерге деген құштарлығың арта түседі.