Еремия сияқты сергек бол!
“Айтқан сөзімді жүзеге асыру үшін мен [Ехоба] ояу жүремін” (ЕРМ. 1:12 ЖД).
1, 2. Неге Ехобаның “ояу жүргені” бадам ағашына теңеледі?
ЛИВАН таулары мен Исраилде ең алғаш гүлдейтін ағаштардың бірі — бадам ағашы. Қаңтардың аяғында не ақпанның басында оның нәп-нәзік, қызғылт не ақ гүлдері шешек ата бастайды. Бадамның еврейше атауының сөзбе-сөз мағынасы “оянып жатқан” ағаш дегенді білдіреді.
2 Еремияны пайғамбары етіп тағайындағанда, Ехоба маңызды шындықты сипаттау үшін бадам ағашының осы ерекшелігін өте орынды қолданған. Қызметінің басында Еремия бадам ағашының бұтасы жөнінде аян алады. Оның мағынасы неде болды екен? Ехоба: “Айтқан сөзімді жүзеге асыру үшін мен ояу жүремін”,— деп түсіндірді (Ерм. 1:11, 12 ЖД). Бадамның ерте “оянатыны” іспетті, Ехоба да пайғамбарларын жіберіп, халқына мойынсұнбаушылықтарының арты насырға шабатынын ескерту үшін, бейнелі мағынада ерте тұрған (Ерм. 7:25). Сосын, айтқан сөздері орындалмайынша, тыным көрмеген, былайша айтқанда, “ояу жүрген”. Ал б. з. б. 607 жылы, тура белгіленген уақытта, жолдан тайған Яһуда елі Ехобаның үкіміне ұшырады.
3. Ехобаға қатысты не нәрсеге сенімді бола аламыз?
3 Өз еркінің орындалуын қадағалау үшін Ехоба бүгінгі күні де “ояу”. Оның өз сөзінің орындалуына салғырт қарауы мүмкін емес. Бұл саған қалай әсер етеді? Үстіміздегі 2011 жылы да өз уәделерін орындау үшін Ехобаның “ояу” екеніне сенесің бе? Оның берік уәделеріне қатысты күмәніміз болса, онда рухани мағынада қалғыған күйімізден қазір оянатын уақыт (Рим. 13:11). Еремия Ехобаның пайғамбары ретінде әрдайым сергек болған. Құдайдан алған тапсырмасын орындағанда, оның қалай және неге сергек болғанын қарастырғанымыз бізге де өз тапсырмамызды орындай алуымызға көмектеседі.
Қауырт жариялануы тиіс хабар
4. Құдайдың хабарын жеткізгенде, Еремия қандай қиындықтарға кезікті және неге оның хабары қауырт болды?
4 Ехоба Еремияны күзетші ретінде тағайындағанда, ол жиырма беске таяп қалған болатын (Ерм. 1:1, 2). Бірақ ол өзін өз елінің жасы келген, беделді ақсақалдарына арнап сөз айтуға мүлдем жарамсыз жас баладай сезінген (Ерм. 1:5—7). Оның хабары, бірінші кезекте, діни қызметкерлер, жалған пайғамбарлар мен басшыларға, сондай-ақ үйреншікті жолдарынан қайтпай, барған сайын әділетсіз істерін көбейтіп жатқандарға арналды (Ерм. 6:13; 8:5, 6). Ал хабарының төркіні оларды ашық айыптау және оларға шығарылған қорқынышты үкімді жариялау болды: Сүлеймен патшаның төрт ғасырға жуық уақыт бойы шынайы ғибадаттың орталығы болып келген зәулім ғибадатханасы жойылмақ; Иерусалим мен Яһуда қаңырап бос қалмақ, себебі халқы тұтқынға әкетілмек. Иә, Еремияның хабары қауырт хабар еді!
5, 6. а) Ехоба Еремия табын қалай қолдануда? ә) Бұл мақалада не қарастырылады?
5 Бүгінгі күні Ехоба адамзатқа сүйіспеншілік танытып, осы дүниеге шығарған үкімі жайлы ескерту үшін, бірқатар майланған мәсіхшілерді күзетші ретінде тағайындаған. Осы Еремия табы ондаған жылдар бойы адамдарды қандай уақытта өмір сүріп жатқандарына ден қоюға шақыруда (Ерм. 6:17). Киелі кітапта Ехобаның өз сөзін орындауды еш кешіктірмейтініне ерекше назар аударылады. Оның белгілеген уақыты тура өз мезгілінде, адам баласы күтпеген кезде келеді (Соф. 3:8; Мар. 13:33; Пет. 2-х. 3:9, 10).
6 Еремия табы да, олардың адал серіктері де Ехобаның ояу екенін және көп ұзамай әділ жаңа дүниесін орнататынын біледі. Бұл — уағыздауға берілген уақыт аз қалды деген сөз. Сондықтан адамдарға Ехобаның хабарын қазір қауырт түрде жеткізу керек. Бұл саған қалай әсер етеді? Иса барлық адамдардың Ехобаға қызмет ету-етпеуге қатысты шешім қабылдау керек екендерін айтқан. Еремияға өз тапсырмасын орындағанда сергек болуға көмектескен және бізге де көмектесетін үш қасиетті қарастырайық.
Адамдарға деген сүйіспеншілік
7. Еремияны қиындықтарға қарамай уағыздауға не талпындырғанын түсіндір.
7 Еремияны қиыншылықтарға қарамай, уағыздай беруге не талпындырған? Адамдарға деген сүйіспеншілігі. Ол бағушысымақтардың кесірінен халықтың жағдайы адам аярлық күйде екенін білетін (Ерм. 23:1, 2). Бұл оның бойында сүйіспеншілік пен жанашырлық оятқан. Ол жерлестерінің Құдайдың хабарын естіп, аман қалғандарын қалады. Оның мұны қатты қалағаны сонша — халықтың басына түсетін апатты ойлап, зар илеген (Еремия 8:21; 9:1 оқыa). Еремияның зары кітабында оның Ехобаның есімі мен халқын ойлап, қатты уайымдағаны және зор сүйіспеншілігі жақсы суреттеледі. Бүгінде “бағушысы жоқ қойлардай азып-тозған, бейшара күйде” жүрген адамдарды көргенде, сен де оларға Құдай Патшалығы туралы жұбанышты хабарды айтқың келеді емес пе? (Мат. 9:36).
8. Жапа шеккені Еремияны қатуландырып жібермегені неден көрінеді?
8 Еремия өзі көмектескісі келген халықтың қолынан жапа шеккен, сөйтсе де оларға кек сақтап не қатуланып кеткен жоқ. Ол тіпті арамза патша Седекияға да шыдамдылық пен мейірімділік танытқан! Седекия оның өлімге кесілуіне қарсы болмаған, тіпті осыдан кейін де Еремия одан Ехобаның сөзіне құлақ асуды өтінген (Ерм. 38:4, 5, 19, 20). Біз де адамдарды Еремия сияқты қатты сүйеміз бе?
Құдайдан келетін батылдық
9. Неге Еремияның батылдығы Құдайдан келген деуге болады?
9 Ехоба алғаш рет тапсырма бергенде, Еремия ат-тонын ала қашқан. Бұдан батылдық пен қайсарлық оның туа біткен қасиеттері емес екенін көреміз. Иә, пайғамбар ретінде қызмет етіп жүгенде көрсеткен ерекше батылдыққа ол Құдайға арқа сүйегенінің арқасында ие болған. Расында да, Ехоба күшті де қаһарлы жауынгер іспетті Еремиямен бірге болып, тапсырмасын батыл орындауы үшін оны қолдап жүрген (Ерм. 20:11). Еремияның батыл да қайсар болғаны сонша — Иса жер бетінде қызмет еткенде, кейбіреулер оны қайта тірілген Еремия деп қалған! (Мат. 16:13, 14).
10. Қай мағынада майланған тамтық “халықтар мен патшалықтардың үстінен қарайды”?
10 “Халықтардың Патшасы” ретінде Ехоба халықтар мен патшалықтарға шығарған үкімін жариялауды Еремияға тапсырған (Ерм. 10:6, 7). Бірақ қай мағынада майланған тамтық “халықтар мен патшалықтардың үстінен қарайды”? (Ерм. 1:10). Еремия сияқты, Еремия табы да тапсырмасын Әлемнің Әміршісінен алғандықтан дүниежүзіндегі халықтар мен патшалықтарға Құдайдың үкімін жариялауға өкілетті. Сондықтан олар Құдай Сөзіндегі таза тілді қолданып, бүгіндегі халықтар мен патшалықтарға Құдай белгілеген уақытта әрі сол қалаған жолмен жойылатындарын жариялауда (Ерм. 18:7—10; Аян 11:18). Жержүзіне осы хабарды жариялауда Еремия табы алған бетінен қайтпақ емес.
11. Қиындықтарға тап болғанда, қайтпай уағыздай беруімізге не көмектеседі?
11 Қуғын-сүргін, қарсылықтар мен қиындықтарға кезіккенде, ұнжырғаның түсуі — таңғаларлық нәрсе емес (Қор. 2-х. 1:8). Бірақ Еремия сияқты, біз де уағыздауды доғармайық. Еш қаймықпайық! Әрқайсымыз ұдайы Құдайға жалбарынып, соған арқа сүйеп, батыл болайық (Сал. 1-х. 2:2). Шынайы мәсіхшілер ретінде Құдай берген тапсырмамызды орындау үшін, үнемі сергек болуымыз керек. Біз адалдығын сақтамаған Иерусалимнің бейнесі болып табылатын мәсіхшілер әлемінің жойылатынын қайтпай уағыздай беруге бел бууымыз қажет. Еремия табы Ехобаның “кешірім беретін мейірімділік жылын” ғана емес, оның “жауларынан кек алатын кезін” де жариялауда (Ишая 61:1, 2; Қор. 2-х. 6:2).
Шынайы қуаныш
12. Неге Еремия әрқашан қуанышты болған деуге болады және бұған, ең алдымен, не көмектескен?
12 Еремия қызметін қуанышпен атқарған. Ол Ехобаға былай деген: “Сен сөз айтсаң болғаны, мен оларды зердеме тоқыдым; және де Сенің айтқандарың маған қуаныш әкелді әрі жүрегіме шаттық ұялатты; өйткені Жаратушы Ием [Ехоба], Сенің есімің менің ұстанар туыма айналды” (Ерм. 15:16). Шынайы Құдайдың атынан сөйлеп, оның сөзін уағыздауды Еремия мәртебе санаған. Бір ескеретін жайт — адамдардың келемеждеуіне көңіл аударса, ол қуанышынан айырылатын. Ал назарын айтып жүрген хабарының әсемдігі мен маңыздылығына аударса, қуанышы қайта жанданатын (Ерм. 20:8, 9).
13. Қуаныштан айырылмау үшін неге рухани шындықтарға терең бойлағанымыз маңызды?
13 Бүгінде уағыздау қызметінде қуаныштан айырылмау үшін, біз “қатты тағам” қабылдауымыз, яғни Құдай Сөзіндегі шындыққа терең бойлауымыз керек (Евр. 5:14). Терең зерттеу жүргізгеніміз сенімімізді нығайтады (Қол. 2:6, 7). Сондай-ақ іс-әрекетіміздің Ехобаға қалай әсер ететінін жақсырақ түсінуімізге көмектеседі. Егер Киелі кітапты оқуға және зерттеуге уақыт табу қиын болса, күн тәртібімізді қайта қарастырған дұрыс. Зерттеу мен ой жүгіртуге күніне бірнеше минут бөлгеннің өзінде Ехобаға жақындай түсеміз, әрі бұл Еремияның жағдайындағыдай, жүрегімізге қуаныш пен шаттық ұялатады.
14, 15. а) Еремияның тапсырмасын адал орындағанының жемісі қандай болды? ә) Бүгінде Құдай халқы уағыздау қызметіне қатысты нені түсінеді?
14 Еремия Ехобаның ескертулері мен үкімін жариялаудан талмаған. Сөйтсе де өзіне берілген тапсырманың “бүтіндеу және гүлдендіруге” қатысты тұсы жанына жақын болған (Ерм. 1:10). Ал оның бүтіндеуі мен гүлдендіруі жеміссіз болмады. Мысалы, яһудилер мен яһуди еместердің кейбірі, олардың ішінде рехавтар әулеті, Авдемелех және Варух бар, б. з. б. 607 жылы Иерусалим күйрегенде аман қалды (Ерм. 35:19; 39:15—18; 43:5—7). Еремияның Құдайдан қорқатын осы адал достары бүгіндегі Еремия табының жерде өмір сүруге үміттенетін серіктерін жақсы бейнелейді. Осы “ұлы жамағатты” рухани нығайту майланғандарға зор қанағат сыйлайды (Аян 7:9). Олардың адал серіктеріне де ақжүректі адамдарға шындықты білуге көмектесу зор қуаныш әкеледі.
15 Құдай халқы ізгі хабарды уағыздау тек ел алдында атқарылатын қызмет емес, Құдайға деген ғибадаттарының бір бөлігі екенін түсінеді. Адамдар тыңдасын-тыңдамасын, уағыздау арқылы Ехобаға арнап атқарып жүрген қасиетті қызметіміз бізді қуанышқа бөлейді (Заб. 70:23; Римдіктерге 1:9 оқы).
Тапсырмаңды орындау үшін әрдайым сергек бол!
16, 17. Аян 17:10 мен Аббақұқ 2:3 қауырт әрекет ететін уақытта өмір сүріп жатқанымызды қалай көрсетеді?
16 Аян 17:10-дағы пайғамбарлықтан біздің қауырт әрекет ететін уақытта өмір сүріп жатқанымыз айқын көрінеді. Жетінші патша, яғни Англо-Америка ірі мемлекеті, бүгінде пайда болып қойған. Аян кітабында “[жетінші ірі мемлекет] келгенде аз уақыт қана болуы тиіс” екені айтылған. Бүгінде сол “аз уақыт” бітуге таяп қалған болу керек. Ал Аббақұқ пайғамбар зұлым дүниенің жойылатыны туралы көрген аянның белгілі бір уақытқа қатысты берілгеніне, міндетті түрде орындалатынына және еш кешікпейтініне сендірген (Абб. 2:3).
17 Өзіңнен былай деп сұрап көр: “Менің өмірімнен қауырт әрекет ететін уақытта өмір сүріп жатқанымды түсінетінім көріне ме? Дүниенің көп ұзамай жойылатынын күтіп жүргенім байқала ма? Жоқ әлде шешімдерімнен және нені маңызды санайтынымнан мұны жақында болады деп күтпейтінім немесе бұған тіпті күмәнданатыным байқала ма?”
18, 19. Неліктен қазір салғырттыққа салынатын уақыт емес?
18 Күзетші таптың қызметі әлі аяқталған жоқ (Еремия 1:17 оқыb). Майланған тамтықтың “темір діңгек” және “қамалды қала” іспетті мызғымай тұрғаны неткен қуаныш десеңші! (Ерм. 1:18). Өздеріне тапсырылған іс аяқталғанша Құдай Сөзінен күш алып отыру үшін олар “шындықпен белдерін бекем буған” (Ефес. 6:14). Еремия табына Құдайдан алған тапсырмасын орындауға көмектесуге ұлы жамағат та мықтап бел буған.
19 Қазір Патшалық ісіне салғырт қарайтын емес, қайта, Еремия 12:5-ке (оқыc) сай әрекет ететін уақыт. Бәріміз де төзімділікті талап ететін қиындықтарға кезігудеміз. Сеніміміз сыналатын бұл қиындықтарды “жаяу адамдармен” бірге жүгірумен салыстыруға болады. Ал “зор алапат” жақындаған сайын қиындықтар көбейе түседі (Мат. 24:21). Алда кездесетін сол анағұрлым қиын жағдайларды “аттармен” бірге жүгіруге теңеуге болады. Ал шауып бара жатқан атпен қатар жүгіру адамнан зор төзімділікті талап етеді. Сондықтан алдағы қиындықтарға төтеп беруге дайын болу үшін қазіргілеріне төзе білген дұрыс.
20. Сен не істеуге бел будың?
20 Барлығымыз да Еремияға еліктеп, қызметімізді жемісті атқара аламыз. Сүйіспеншілік, батылдық және қуаныш сияқты қасиеттер Еремияны 67 жыл бойы адал қызмет етуге талпындырған. Әдемі бадам ағашы Ехобаның өз сөзін орындау үшін “ояу жүргенін” есімізге салады. Олай болса, бізге де солай етуге келелі себеп бар. Еремия әрдайым сергек болған, демек, біз де солай ете аламыз!
[Сілтемелер]
a Еремия 8:21: “Өз жұртымның қыздарының ауыр халін ойлап мен де күйзелемін, түнерулімін, бойымнан үрей арылар емес”.
Еремия 9:1: “О, басыма менің [салқын] су құяр және көз жасымды көлдетуге ерік берер пенде табылса етті! Өз халқымның дертке шалдыққан қыздарын ойлап, мен сонда күндіз де, түнде де жылар едім”.
b Еремия 1:17: “Ал сен өз беліңді буын да, орныңнан тұр, сөйтіп, Мен саған қандай бұйрық берсем, бұларға соны жеткіз; осылардың көз алдында саған Мен ажал құштырмасын десең, бұлардың алдында жігерсіздік танытпа”.
c Еремия 12:5 ЖД: “Жаяу адамдармен жүгіргенде қалжырап қалдың, онда қалай аттармен жүгірмексің? Бейбіт елде көңілің тыныш па? Онда Иордан бойындағы қалың жыңғыл арасында не істемексің?”
Естеріңде ме?
• Еремияның сергек болуына сүйіспеншілік қалай көмектескен?
• Неге біз Құдайдан келетін батылдыққа мұқтажбыз?
• Еремияға қуанышынан айырылмауға не көмектескен?
• Неге сен әрдайым сергек болғың келеді?
[31-беттегі суреттер]
Қарсылықтарға қарамастан, уағыздауды жалғастыра бересің бе?