«Бейбітшілік уақыт» жақын!
«Әр нәрсе өз уақытында... соғысатын уақыт және бейбітшілік уақыт» (ЕККЛЕСИАСТ 3:1, 8).
1. Соғыс пен бейбітшілікке байланысты XX ғасырдағы қандай жағдайды түсіну қиын?
КӨПТЕГЕН ізгі ниетті адамдар бейбітшілікті аңсайды. Адамзат тарихындағы өзге ғасырларға қарағанда, XX ғасырда адамдардың бейбіт өмір сүрген кезі аз болды. Бейбітшілікті сақтау үшін өзге ғасырларға қарағанда әлдеқайда көп шара қолданылғанын ескеретін болсақ, бұл жағдайды түсіну қиын. 1920 жылы Ұлттар Лигасы құрылды. 1928 жылы Келлог-Бриана пакті (шарты) жасалды. Бір анықтамада бұл пакті «бейбітшілікке қол жеткізу мақсатымен бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін жасалған көптеген әрекеттердің ішіндегі ең орасан күрделісі» деп аталған. Бұл пактіге «ұлттық саясаттың құралы болып отырған соғыстан бас тарту керек деген пікірді қолдаған дүние жүзінің барлық елдері дерлік» қол қойды. Ал 1945 жылы, жойылып кеткен Ұлттар Лигасының орнына Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылды.
2. Біріккен Ұлттар Ұйымының ресми түрде жариялаған мақсаты қандай және ол бұл мақсатқа қаншалықты қол жеткізіп отыр?
2 Ұлттар Лигасы сияқты, Біріккен Ұлттар Ұйымының да ресми түрде жариялаған мақсаты — бейбітшілікті сақтау. Бірақ бұл ұйымның қол жеткізген табыстары шамалы ғана. Қазір шынында да жер бетінде көлемі жағынан I және II дүниежүзілік соғыстарға тең келетіндей соғыс болып жатқан жоқ. Бірақ, көптеген ұсақ қақтығыстар жүздеген мың адамның тынышын алып, дүние-мүлкінен айырып, жиі өмірлерін де алып кетіп жатыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының XXI ғасырды «бейбітшілік уақыт» ете алатындығына үміттенуге бола ма?
Нағыз бейбітшіліктің негізі
3. Неліктен жек көрушілік бар жерде нағыз бейбітшіліктің болуы мүмкін емес?
3 Адамдардың және халықтардың арасында бейбітшілік болуы үшін, жалғыз ғана төзімділік аз. Біреуді жек көре тұрып, онымен бейбіт қарым-қатынаста болу мүмкін бе? 1 Жохан 3:15-ке қарасақ, бұлай болу мүмкін емес: «Бауырласын жек көрген әркім — кісі өлтіруші». Біреуге деген шексіз өшпенділіктің зорлық-зомбылыққа оп-оңай ұласып кететіндігін қазіргі заман тарихы дәлелдеп отыр.
4. Тек кімдердің арасында бейбітшілік болуы мүмкін және неліктен?
4 Ехоба «тыныштық сыйлайтын Құдай» болғандықтан, Құдайды сүйіп, оның әділ принциптерін жоғары бағалайтын адамдардың арасында ғана бейбітшілік болуы мүмкін. Ехобаның тыныштықты барлығына бірдей сыйлай бермейтіндігі түсінікті. «„Құдайсыздар үшін бейбітшілік жоқ“,— дейді менің Құдайым». Өйткені құдайсыздар өздерін «жемісі» тыныштық болып табылатын Құдайдың киелі рухының басқарғанын қаламайды ғой (Римдіктерге 15:33; Ишая 57:21; Ғалаттықтарға 5:22).
5. Шынайы мәсіхшілердің қандай іс-әрекет істеуі мүмкін емес?
5 Өздерін христиан деп атайтындар жиі адамдарға қарсы соғыс жүргізіп келеді. Бұндай жағдайды әсіресе XX ғасырда байқауға болады. Ал, шынайы мәсіхшілердің бұлай істеуі мүмкін емес (Жақып 4:1—4). Шынайы мәсіхшілер Құдайды жалған тұрғыдан көрсететін ілімдермен күрес жүргізуде. Бірақ, бұл күрес адамдарға зиян келтіру үшін емес, көмектесу үшін жүргізілуде. Діни көзқарасының өзгешелігіне бола адамдарды қудалау немесе ұлтына бола біреуге зиян келтіру шынайы мәсіхшілер ұстанатын принциптерге тікелей қайшы келеді. Елші Пауыл Римдегі мәсіхшілерге: «Қолдарыңнан келгенше, барлық адамдармен тату-тәтті тұрыңдар»,— деп кеңес берген (Римдіктерге 12:17—19; 2 Тімотеге 2:24, 25).
6. Бүгін нағыз бейбітшілікті тек қайдан табуға болады?
6 Құдай тарту еткен бейбітшілікті, бүгінгі күні тек Ехоба Құдайға шынайы мінажат ететіндердің арасынан ғана кездестіруге болады (Забур 118:165; Ишая 48:18). Ешқандай да саяси өзгешеліктер олардың бірлігін бұзбайды, өйткені мәсіхшілер барлық жерде саяси бейтараптық сақтайды (Жохан 15:19; 17:14). Олар «бірдей мақсат пен пікірде болып, бірлікте тұрғандықтан», олардың бейбіт қарым-қатынаста болуына ешқандай діни өзгешеліктер қауіп төндірмейді (1 Қорынттықтарға 1:10). Ехоба Куәгерлерінің өзара татулығын қазіргі заманның кереметі деп атауға болады; бұл — Құдайдың: «сенің басқарушың етіп бейбітшілікті және бақылаушыларың етіп шындықты қоямын»,— деген уәдесінің арқасында мүмкін болды (Ишая 60:17; Еврейлерге 8:10).
Неліктен «соғысатын уақыт»?
7, 8. а) Ехоба Куәгерлері өздері бейбітшілікті сүйсе де, қазіргі уақытты қандай уақыт деп қарастырады? ә) Мәсіхшілердің басты қолданып жүрген қарулары не?
7 Өздері бейбітшілікті жақтаса да, Ехоба Куәгерлері қазіргі уақытты негізінен «соғысатын уақыт» деп санайды. Әрине, сөздің тура мағынасындағы соғыс емес, өйткені өзгелерге Киелі кітаптың хабарын қабыл алдыру мақсатымен қару қолдану, «Өмір суын қалаған тегін алсын» деген шақыруға қайшы келер еді (Аян 22:17). Бұл жерде сенімге күштеп кіргізу туралы айтылып тұрған жоқ. Ехоба Куәгерлерінің жүргізіп отырған соғысы тек рухани соғыс! Пауыл былай деп жазды: «Қолданып жүрген қаруларымыз тәндік емес, Құдайдың құдіретінің арқасында бекіністерді талқандайтындай күшіміз бар: солардың көмегімен ниеттерді... жоямыз» (2 Қорынттықтарға 10:4; 1 Тімотеге 1:18).
8 Басты «қолданып жүрген қаруымыз» — «рухани семсер — Құдай сөзі» (Ефестіктерге 6:17). Бұл — қуатты қару. «Құдайдың сөзі тірі, әсері де күшті. Ол екі жүзі өткір семсердің қайсысынан да өткір, бойымызға терең еніп, жан мен рухты айырып, буын мен жұлынға жеткендей, ішкі дүниеміздегі ой-ниетімізді әшкерелеп, бағалайды» (Еврейлерге 4:12). Осы семсердің көмегімен мәсіхшілер «Құдайды тануларына бөгет болатын барлық тәкаппарлық атаулыны» жоя алады (2 Қорынттықтарға 10:5). Бұл Сөздің арқасында олар Құдайдың емес, адамның даналығынан шыққан жалған ілімдерді, зиянды дәстүрлерді және пәлсапаларды әшкерелейді (1 Қорынттықтарға 2:6—8; Ефестіктерге 6:11—13).
9. Күнәкар тәнімізге қарсы күресте неліктен босаңсымауымыз керек?
9 Рухани күрестің басқа түрі — күнәкар тәнмен күресу. Мәсіхшілер, «Басқаларды рухани күреске шақырған мен „жүлде“ бөліскенде құр алақан қалмау үшін тәнімді ауыртпалықтарға душар еткізіп, өзіме бағындырып жатырмын»,— деп мойындаған Пауылға ұқсайды (1 Қорынттықтарға 9:27). Пауыл Қолостағы мәсіхшілерге: «Күнәкар дүниеге жататын қылықтарыңнан арылыңдар: неке адалдығын бұзу, әр қилы азғындық, нәпсіқұмарлық пен арам пиғылдан аулақ жүріңдер; ашкөздікке де салынбаңдар, ол жалған тәңірлерге табынумен бірдей!» — деп ескерткен болатын (Қолостықтарға 3:5). Ал, Иуда болса, өзінің хатында мәсіхшілерді «бір кездері қасиеттілерге берілген сенімдері үшін күресуге» шақырды (Иуда 3) Неге біз бұлай істеуіміз керек? Пауыл былай деп жауап береді: «Тәннің еркіне сай өмір сүрсеңдер, өлесіңдер, ал егер рухтың күшімен тәннің істерін жансыздандыратын болсаңдар, өмір сүресіңдер» (Римдіктерге 8:13). Бұл сөздер жаман нәрселерге бейімділігімізбен күресте босаңсымауымыз керек екенін анық көрсетеді.
10. 1914 жылы қандай оқиға болды және бұның нәтижесінде жақын болашақта не болады?
10 Қазіргі уақытты соғысатын уақыт деуге тағы бір себеп — «біздің Құдайымыздың кек алатын күнінің» жақын екендігі (Ишая 61:1, 2). 1914 жылы Ехобаның Мәсіх басқарған Патшалықты орнатып, оған Шайтанның дүниесімен соғысуға билік беретін уақыты келді. Сол кезде Құдайдың қатысынсыз өздерінің басқару әдістерін тәжірибеден өткізуі үшін адамдарға берілген уақыт бітті. Көп адамдар, Құдай басшы етіп тағайындаған Мәсіхті қабылдаудың орнына, одан бас тартуда. I ғасырда да адамдардың көпшілігі солай еткен еді (Елшілердің істері 28:27). Осылайша Патшалыққа қарсылық көрсетіліп жатқандықтан, Мәсіх «[өзінің] жауларының арасында үстемдік етуге» мәжбүр болды (Забур 109:2). Аян 6:2-де жазылған «жеңіске жету үшін шықты» деген сөздерді білген қандай қуанышты. Еврей тілінде Армагеддон деп аталатын «Құдіреті шексіз Құдайдың ұлы (соты) күні» Мәсіх жеңіске жетеді (Аян 16:14, 16).
Қазір «сөйлейтін уақыт»
11. Неліктен Ехоба асқан шыдамдылық танытып отыр, бірақ ақыр аяғында не болады?
11 Адамзат тарихында бетбұрыс кезеңі басталған 1914 жылдан бері 85 жыл өтті. Ехоба адамдарға асқан шыдамдылықпен қарайды. Ол, өзінің Куәгерлері қазір әрекет етудің қаншалықты маңызды екенін толық сезінулері үшін шара қолданды. Миллиондаған адамдардың өміріне қауіп төніп тұр. Олардың бәрі де бұл туралы алдын ала ескертілуге лайық, өйткені Ехоба «ешкімнің өлгенін емес, керісінше бәрінің де тәубе еткенін қалайды» (2 Петір 3:9). Сөйткенмен де жақында, «Иеміз Иса Мәсіхтің Ізгі хабарына құлақ аспай, Құдайды танымай жүргендерді жазалау үшін Иеміз Иса Өзінің құдіретті періштелерімен жалындаған отпен көктен түсіп келгенде», Құдай Патшалығы туралы хабардан өз еркімен бас тартқан адамдардың бәрі «жазаланады» (2 Салониқалықтарға 1:6—9).
12. а) Үлкен апаттың қашан басталатынын анықтауға тырысу неліктен бос әурешілік? ә) Бұған байланысты Иса ненің қауіпті екенін ескертті?
12 Ехобаның шыдамының шегі қашан келер екен? «Үлкен апаттың» қашан басталатынын анықтауға тырысу бос әурешілік. Иса: «Ал ол күннің, сол сағаттың қашан болатынын ешкім де білмейді»,— деп анық айтты. Сөйтсе де ол: «Қалғымаңдар! Өйткені Қожаларыңның қай сәтте келетінін білмейсіңдер ғой... Дайын болыңдар! Өйткені Адам Ұлы сендер ойламаған сәтте келеді»,— деп шақырды (Матай 24:21, 36, 42, 44). Бұл, анығырақ айтқанда, бізге күн сайын дүние жүзінде болып жатқан оқиғаларды бақылап, үлкен апаттың кенеттен басталып кетуі мүмкін екенін ұмытпау керек екендігін білдіреді (1 Салониқалықтарға 5:1—5). Өзіңді-өзің қинамай-ақ, әдеттегідей өмір сүріп, оқиғалардың ары қарай даму барысын күтіп жүре беруге болады деп ойлаған қандай қауіпті! Иса былай деді: «Алайда өздеріңе сақ болыңдар: той-думан жасап, мас болып немесе күнделікті тұрмысты уайымдап, жүректерің шеменденіп кетпесін! Әйтпесе Мен қайтып оралатын күн сендерге қапылыста келеді» (Лұқа 21:34, 35). Біз мынаған сенімді бола аламыз: зақым келтіретін «төрт желді» «төрт періште» мәңгі ұстап тұра бермейді (Аян 7:1—3).
13. Алты миллионға жуық адам нені түсінеді?
13 Егер, жазасын беретін күннің тез жақындап келе жатқанын ескеретін болсақ, онда Сүлейменнің «сөйлейтін уақыт» деген сөздері қазіргі уақытта өте маңызды (Екклесиаст 3:7). Қазір шын мәнінде сөйлейтін уақыт екенін түсінген алты миллионға жуық Ехоба Куәгерлері, бар ынталарымен Құдай Патшалығының салтанатты ұлылығын уағыздап, Құдайдың жазалайтын күні туралы ескертуде. Олар Мәсіх күшіне енетін күнді қарсы алуға дайын (Забур 109:3; 144:10—12).
«Бейбітшілік жоқ кезде „бейбітшілік“» дейтіндер
14. Б. д. д. VII ғасырда қандай жалған пайғамбарлар болды?
14 Б. д. д. VII ғасырда Еремия мен Езекиел пайғамбарлар Құдайдың хабарын жариялады. Олар Құдайды тыңдаудан бас тартқан Иерусалимнің сотталатыны туралы айтқан еді. Көпке танымал, беделді дін басылары бұл хабарға қарсы сөйлегенімен, алдын ала айтылғандай, б. д. д. 607 жылы Иерусалим қаласы қиратылды. Дін басылары «Бейбітшілік жоқ кезде „бейбітшілік“ деп... [Құдай] халқын адастырып жүрген» «ақылсыз пайғамбарлар» болып шықты (Езекиел 13:1—16; Еремия 6:14, 15; 8:8—12).
15. Жалған пайғамбарлар бүгін де бар ма? Түсіндіріңдер.
15 Сол кездегі «ақылсыз пайғамбарлар» сияқты, бүгінгі күнгі дін басыларының да көбісі адамдарды Құдайдың сот жүргізетін күні туралы ескертіп жатқан жоқ. Оның орнына олар, саяси топтар ақыр аяғында бейбітшілік пен қауіпсіздікке қалай қол жеткізетіні туралы қуанышты жайды суреттейді. Құдайдан гөрі адамдарға көбірек жағуға тырысқан олар, Құдай Патшалығының орнағанын және жақында патша Мәсіхтің жеңетінін түсіндірудің орнына, өз дініндегілердің құлағына жағымды нәрселерді айтады (Даниел 2:44; 2 Тімотеге 4:3, 4; Аян 6:2). Жалған пайғамбарлар сияқты, олар да «бейбітшілік жоқ кезде „бейбітшілік“» туралы айтады. Бірақ, жуық арада оларды сенімділіктің орнына үрей билейді. Өйткені, олар жақында өздері бұрыс тұрғыдан көрсетіп, атын әбден масқаралаған Құдайдың қаһарына ұшырайды. Киелі кітапта бұзылған әйелге теңелетін дүниежүзілік жалған діндерді басқарып отырған басшылар өздерінің елдерді адастыратын бейбітшілік туралы үндеулері үшін өмірлерінен айырылады (Аян 18:7, 8).
16. а) Ехоба Куәгерлері қандай ісімен танымал? ә) Олардың «бейбітшілік жоқ кезде „бейбітшілік“» деп айқайлайтындардан ерекшеліктері неде?
16 Көпке танымал және беделді дін басыларының көбісі екіжүзділікпен бейбітшілік уәде етіп жатса да, Құдайдың нағыз бейбітшілік туралы уәдесіне сенетін адамдардың сенімі еш шайқалмайды. Жүз жылдан астам уақыттан бері Ехоба Куәгерлері Құдайдың сөзін адалдықпен қорғайтындықтарымен, батылдықпен жалған дінге қарсы тұрып, Құдай Патшалығын тайсалмай жақтайтындықтарымен белгілі. Олар адамдарды құлаққа жағымды тиетін бейбітшілік туралы уәделермен жұбатудан аулақ, олар қазір соғысатын уақыт екенін көруі үшін, адамдарды рухани ұйқыдан оятуға тырысады (Ишая 56:10—12; Римдіктерге 13:11, 12; 1 Салониқалықтарға 5:6).
Ехоба үнсіздігін бұзды
17. «Ехоба жақында үнсіздігін бұзады» дегенді қалай түсінуге болады?
17 Сүлеймен тағы былай деді: «Әділеттіні де, құдайсызды да Құдай соттайды; өйткені әр нәрсенің уақыты... сонда» (Екклесиаст 3:17). Иә, Ехоба жалған діндерге және «Жаратқан Иеге және Оның Майланғанына қарсы одақтасып жатқан [жер жүзінің патшаларына]» шығарған үкімін іске асыратын уақытын белгіледі (Забур 2:1—6; Аян 16:13—16). Осы уақыт келген кезде Ехоба өзінің «тыныштық күйін» бұзады (Забур 82:2; Ишая 62:1; Еремия 47:6, 7). Ол таққа отырған патша Иса Мәсіх арқылы тек қана өзінің жауларына түсінікті тілде «сөйлейді»: «Тәңір алып сияқты шығады, майдангер батыр сияқты қызғанышын оятады; әскери дабыл қағып, үндеу тастайды, сөйтіп дұшпандарынан күшті екенін көрсетеді. Мен көп уақыт үндемедім, шыдадым, өзімді-өзім ұстап тұрдым; енді босанып жатқан әйел сияқты айқайлаймын, бәрін талқандап, шақ келтірмеймін. Таулар мен төбелерді тып-тықыр етіп, олардың барлық шөптерін қуратамын; өзендерді аралға айналдырып, көлдерді құрғатамын. Сөйтіп, зағиптарды олар білмейтін жолмен алып өтемін, оларды белгісіз жолдармен алып жүремін; олардың алдында түнекті — жарық, қисық жолдарды — түзу етемін: міне Мен олар үшін не істеймін, тастамаймын оларды (Ишая 42:13—16).
18. Құдай халқы жақында «үндемейтін» болады дегенді қалай түсінуге болады?
18 Ехоба өзінің құдіретін дәлелдеу үшін «сөйлей бастаған» кезде, оның халқына өзін ақтау үшін сөйлеудің қажеті болмайды. Ол кезде олар үшін «үндемейтін» кез келеді. Келесі сөздер тура бұрынғы уақыттағыдай, Құдайдың қазіргі қызметшілеріне де қатысты: «Бұл жолы сендер соғыспайсыңдар; сендер тұрыңдар, орындарыңнан қозғалмаңдар, Тәңірдің сендерді қалай құтқаратынына қараңдар» (2 Шежіре 20:17).
19. Исаның рухани бауырлары жақында қандай батаға ие болады?
19 Шайтан мен оның ұйымы қалай ойсырай жеңіледі десеңші! «Тыныштық сыйлайтын Құдай жуық арада шайтанды табанымен таптамақ. Иеміз Иса Мәсіх сендерге жар болып, рақымын жаудырсын!» деген уәдеге сай, Исаның әділдікті қорғаған даңқты бауырлары жеңіске жетеді (Римдіктерге 16:20). Ақырында көптен күткен бейбітшілік орнайды.
20. Жақында ненің уақыты келеді?
20 Ехоба өзінің ұлы күшін көрсеткен кезде аман қалып, жерде өмір сүретін адамдардың өмірі қандай батаға толы болады десеңші! Ехобаның ұлы күнінен кейін, көп ұзамай оларға ертеде өмір сүрген әділ ерлер мен әйелдер қосылады, өйткені олар үшін қайта тірілетін уақыт келеді. Исаның мыңжылдық басқаруы шынында да «егетін уақыт... сауықтыратын уақыт... соғатын уақыт... күлетін уақыт... [секіретін уақыт, ЖД]... құшақтайтын уақыт... сүйетін уақыт» болады. Иә, бұл «бейбітшілік мәңгі болатын уақыт» болады! (Екклесиаст 3:1—8; Забур 28:11; 36:11; 71:7).
Қалай жауап берер едіңдер?
◻ Берік бейбітшіліктің негізі неде?
◻ Неліктен Ехоба Куәгерлері қазіргі уақытты «соғысатын уақыт» деп есептейді?
◻ Құдай халқы қай уақытта «сөйлеп», қай уақытта «үндемейді»?
◻ Ехоба үнсіздігін қашан және қалай бұзады?
[23-беттегі қоршау/суреттер]
Ехоба келесі оқиғалардың уақытын белгіледі:
□ Гог Құдай халқына тап бермекші болады (Езекиел 38:3, 4, 10—12).
□ Ол, Ұлы Бабылды жою үшін, адамзат басшыларының жүрегіне ой салады (Аян 17:15—17; 19:2).
□ Тоқтының некесі қиылатын уақыт келеді (Аян 19:6, 7).
□ Армагеддон соғысы басталады (Аян 19:11—16, 19—21).
□ Шайтанға бұғау салынып, Мәсіхтің мыңжылдық патшалығы басталады (Аян 20:1—3).
Бұл оқиғалар Жазбаларда баяндалу тәртібі бойынша келтірілген. Біз барлық бес оқиғаның да Ехоба белгілеген кезегінде және дәл өз уақытында болатынына күмәнданбауымызға болады.
[25-беттегі суреттер]
Исаның мыңжылдық билігі орнаған кезде шынында да
күлетін...
құшақтайтын...
сүйетін...
егетін...
секіретін...
соғатын... уақыт болады.