Ехобаның сөзі тірі
Езекиел кітабындағы көңіл бұрарлық ойлар (І-бөлім)
БҰЛ б. з. б. 613 жыл еді. Еремия пайғамбар Яһудада Иерусалимнің жақында жойылатыны мен Яһуда елінің қаңырап бос қалатыны жайлы батылдықпен уағыздап жүр. Бабыл патшасы Набуходоносор көптеген яһудиді құлдыққа алып кеткен болатын. Олардың арасында халдейлердің патша сарайында қызмет етіп жатқан Даниял мен оның үш жолдасы бар-тын. Яһудилердің көбісі ‘Халдей жеріндегі’ Ховар өзенінің жағалауына жер аударылады (Езекиел 1:1—3). Ехоба бұл тұтқындарды хабаршысыз қалдырмайды. Ол 30-дағы Езекиелді пайғамбар етіп тағайындайды.
Б. з. б. 591 жылы жазылып біткен Езекиел кітабы 22 жылды қамтиды. Ол жазбаларын аса ұқыптылықпен жазған: пайғамбарлықтарының күні, айы мен жылына дейін көрсетіп қойған. Езекиел айтқан хабардың бірінші бөлігінде Иерусалимнің құлауы мен жойылуына назар аударылады. Екінші бөлігінде айналадағы халықтарға қарсы айтылған сөздер жазылған. Ал соңғы бөлігінде Ехобаға деген ғибадаттың қалпына келтірілетіні жайлы айтылады. Бұл мақалада Езекиел 1:1—24:27 дейінгі тармақтардағы көңіл бұрарлық ойлар талқыланады. Осы тармақтарда аяндар, пайғамбарлықтар мен Иерусалимнің қандай күйге ұшырайтынын көрсететін көріністер бар.
‘МЕН СЕНІ КҮЗЕТШІ ЕТІП ТАҒАЙЫНДАДЫМ’
Ехобаның тағы көрсетілген жан тебірентерлік аян көрген соң, Езекиел өз тапсырмасын алады. Ехоба оған былай дейді: “Мен сені Исраил әулетінің күзетшісі етіп тағайындадым, сөйтіп, енді сен Менің аузымнан шыққан сөздерді тыңдайтын боласың және оларға Менің атымнан ақыл [“ескерту”, ЖД] айтасың” (Езекиел 3:17). Иерусалимнің қоршауға алынуы мен оның немен бітетіні жайлы пайғамбарлық айту үшін Езекиелге екі көрініс көрсету бұйырылады. Ехоба Езекиел арқылы Яһуда жеріне қатысты: “Міне, Мен сендерге семсер жолдаймын да сендердің биік шыңдарыңды ойрандаймын”,— дейді (Езекиел 6:3). Ал сол жердің тұрғындарына: “Қырсық саған да жетті!”— дейді (Езекиел 7:7).
Б. з. б. 612 жылы Езекиел аянда Иерусалимге апарылады. Ол Құдайдың ғибадатханасында небір жексұрын нәрселер істеліп жатқанын көреді. Ехоба үкімін жүзеге асырушы көктегі күштерін (бейнелі ‘алты адамды’) жолдан тайғандарға қаһарын төгу үшін жібергенде, ‘маңдайына таңба салынғандар’ ғана құтқарылмақ (Езекиел 9:2—6). Бірақ, алдымен, қалаға ‘жанып жатқан шоқ’, немесе Құдайдың жою туралы от іспетті хабары, шашылу керек (Езекиел 10:2). Ехоба зұлымдардың ‘қылықтарын өз бастарына келтіруді’ айтумен қатар, Исраилдің бытырап кеткен халқын қайта жинайтынын да уәде етеді (Езекиел 11:17—21).
Құдай рухы Езекиелді қайтадан Халдей жеріне әкеледі. Ол Седекия патша мен халықтың Иерусалимнен қашуын бейнелейтін көрініс көрсетеді. Жалған пайғамбарлық еткен ерлер мен әйелдер айыпталады. Жалған тәңірге табынушылардан Құдай бас тартады. Яһуда жарамсыз жүзім бұтағына теңеледі. Бүркіт пен жүзім сабағы туралы жұмбақ арқылы Иерусалимнің Мысырдан көмек іздегені үшін қасірет шегетіні көрсетіледі. Бұл жұмбақ Ехобаның ‘нәзік өркенді биік тауға отырғызамын’ деген уәдесімен аяқталады (Езекиел 17:22). Алайда бұдан былай Яһудада ‘әміршінің аса таяғы’ болмайды (Езекиел 19:14).
Жазба орындарына қатысты сұрақтардың жауаптары:
1:4—28. Көктегі күйме нені бейнелейді? Күйме адал рухани тұлғалардан тұратын Ехобаның ұйымының көктегі бөлігін бейнелейді. Ол күшті Ехобаның киелі рухынан алады. Ехобаны бейнелейтін күйме Айдаушының ұлылығы орасан зор. Оның сабырлылығы ғажайып кемпірқосақпен бейнеленген.
1:5—11. Төрт жануарға ұқсаған бейнелер кімдер? Күйме жайлы екінші аянында Езекиел бұл төрт жаратылысты керубтер ретінде сипаттаған (Езекиел 10:1—11; 11:22). Осы аянда ол бұқаның жүзін “херувимнің әлпеті” деп атаған (Езекиел 10:14). Бұл орынды да, өйткені бұқа — күш-қуаттың бейнесі, ал керубтер болса құдіретті рухани жаратылыстар.
2:6. Неге Езекиел қайта-қайта “адамзаттың ұлы” деп аталған? Ехоба Езекиелді осылай атауымен оның ет пен сүйектен жаратылған пенде екенін есіне салған, әрі осылайша хабарды жеткізуші адам мен осы хабарды айтушы Құдайдың арасындағы зор айырмашылыққа баса назар аударған. Інжілде Иса да шамамен 80 рет осылай аталған. Бұл оның адами тәнге енген рухани тұлға емес, адам боп жерге келген Құдай Ұлы екендігін анық көрсеткен.
2:9—3:3. Неліктен “жылау, ыңырсыған үн” жазылған шиыршықтың дәмі Езекиелдің аузында тәтті болды? Шиыршықты тәтті еткен Езекиелдің өз тапсырмасына деген көзқарасы еді. Ол Ехобаға пайғамбары ретінде қызмет етуге риза болған.
4:1—17. Езекиел Иерусалимнің жақында қоршауға алынатыны жайлы шынымен де көрініс көрсетіп берді ме? Езекиелдің отынды басқасымен ауыстыруды өтінгені және Ехобаның бұған келісуі пайғамбардың шынымен көрініс қойып бергеніне нұсқайды. Ол он рулы патшалықтың 390 жыл бойы — б. з. б. 997 жылдан бастап, б. з. б. 607 жылы Иерусалим жойылғанға дейінгі — жасаған заңсыздықтары үшін сол жақ қырымен жатқан еді. Ал Яһуданың 40 жылдық — Еремияның б. з. б. 647 жылы пайғамбар болып тағайындалуынан б. з. б. 607 жылға дейінгі — күнәсі үшін оң жақ қырымен жатқан болатын. Езекиел 430 күн бойы аз мөлшерде тамақ жеп, су ішуімен Иерусалим қоршауға алынған кезде аштық болатынын бейнелеп көрсетті.
5:1—3. Езекиелдің желге ұшыруы керек шаштың аздаған мөлшерін етегіне түйіп қойғаны нені білдіреді? Бұл тамтықтың 70 жыл қаңырап бос жатқан Яһудаға оралып, олардың таза ғибадатты қайта қалпына келтіретінін көрсеткен (Езекиел 11:17—20).
17:1—24. Екі үлкен бүркіт кімді бейнелейді, қалай самырсыннан жас бұтақтар жұлып алынады және Ехоба отырғызған ‘нәзік өркен’ кімді білдіреді? Екі бүркіт Бабыл мен Мысырдың билеушілерін білдіреді. Бірінші бүркіт самырсынның ұшар басына, дәлірек айтқанда, Дәуіттің патша әулетінен шыққан ел билеушісіне, келеді. Сөйтіп, ол Яһуда патшасы Ехонияхтың орнына Седекияны қоюымен жас бұтақтардың ең жоғарғысын жұлып алады. Седекия Бабыл патшасына адал болуды ант еткенімен, басқа бір бүркіттен, Мысыр билеушісінен, көмек іздейді. Бірақ мұнысы сәтсіз болады. Ол Бабылға тұтқынға алынып, сонда өлуі керек еді. Ехоба да ‘нәзік өркенді’, яғни Мәсіх Патшаны, жұлып алады. Бұл өркен “биік және еңселі тауға”, көктегі Сион тауының төбесіне, отырғызылады. Ол “еңселі самырсынға” айналып, жер бетіне төгілетін баталардың көзі болмақ (Аян 14:1).
Біз үшін сабақ:
2:6—8; 3:8, 9, 18—21. Біз зұлымдардан қорықпауымыз және оларға Құдай хабарын, соның ішінде ескертуін, жариялауды тоқтатпауымыз керек. Сондай-ақ немқұрайдылыққа не қарсылыққа кезіккенде, алмас сияқты берік болуымыз қажет. Алайда тасжүрек те қатыгез болып кетуден сақтануымыз керек. Исаның уағыз айтқан адамдарына жаны ашыған, бізді де өзгелерге уағыздауға жанашырлық талпындыру керек (Матай 9:36).
3:15. Езекиел тапсырмасын алған соң, Тел-Авивте тұрды. Ол ‘таң-тамаша қалған күйі жеті күн’ сонда болып, жариялауы керек хабарын ой елегінен өткізді. Біз де мәні терең рухани шындықтарды түсіну үшін бар ынтамызбен зерттеуге және ой жүгіртуге уақыт табуымыз керек емес пе?
4:1—5:4. Екі пайғамбарлық көріністі көрсету үшін Езекиел кішіпейіл де батыл болу керек еді. Құдай берген кез келген тапсырманы орындау үшін біз де кішіпейіл әрі батыл болуымыз қажет.
7:4, 9, 8:18; 9:5, 10. Құдайдың қатал жазасына ұшырағандарды аяп не оларға жанымыз ашымауы керек.
7:19. Ехоба осы дүниеге қатысты үкімін жүзеге асырғанда, ақшаның еш пайдасы болмайды.
8:5—18. Жолдан таюшылық рухани өлімге апарып соғады. “Арсыз [“жолдан тайған”, ЖД] сөзімен жақынын жояр” (Нақыл сөздер 11:9). Жолдан тайғандардың айтқанын тыңдау тіпті ойымызға кіріп те шықпаған жөн.
9:3—6. Таңба біздің Құдайға бағышталып, шомылдыру рәсімінен өткен және мәсіхшілерге тән қасиеттер дамытқан қызметшілер екеніміздің дәлелі болып табылады. Оны алғанымыз ‘ауыр азаптан’ аман өтуіміз үшін маңызды (Матай 24:21, сілтеме). Хат түзушінің аспабы бар кісі ретінде бейнеленген майланған мәсіхшілер таңба салу ісінде, яғни Патшалық туралы хабарды уағыздау мен шәкірт дайындау ісінде, басшылықты қолға алуда. Егер таңбамызды сақтағымыз келсе, оларға осы істе құлшыныспен көмектесуіміз керек.
12:26—28. Езекиел тіпті хабарын келеке-мазақ еткендерге де: ‘[Ехобаның] бірде-бір сөзі бұдан былай кейінге қалдырылмайды’,— деп айтуы керек еді. Біз де осы дүние жойылмас бұрын, адамдардың Ехобаға сенім артуларына көмектесу үшін қолымыздан келгеннің бәрін істеуіміз керек.
14:12—23. Құтқарылуымыз өзімізге байланысты. Біз үшін мұны ешкім де істемейді (Римдіктерге 14:12).
18:1—29. Өз ісіміз үшін өзіміз жауаптымыз.
“ТАҒЫҢНАН ТҮСІРЕМІН, ТҮСІРЕМІН, ТҮСІРЕМІН”
Тұтқында болған жетінші жылы, яғни б. з. б. 611 жылы, Исраилдің қариялары “Жаратушы Иеге жалбарынуға” Езекиелге келеді. Олар Исраилдің ұзақ уақыттан бері бүлік шығарып келгені жайлы және Ехобаның оларға қарсы ‘семсерін алатынын’ естиді (Езекиел 20:1; 21:3). Ехоба Исраилдің басшысына (Седекияға) қатысты былай дейді: “Өңіріңдегі айырым таңбаны ағыт та басыңдағы шірді ал; мұның енді қажеті жоқ; кемсіту көкке көтеріледі де биіктегілер қорлыққа ұшырайды. Тағыңнан түсіремін, түсіремін, түсіремін, бұл Кімге тиесілі [Иса Мәсіх] болса, Сол келгенше ол еңсесін көтере алмайды, сөйтіп, Мен соған табыстаймын” (Езекиел 21:26, 27).
Иерусалим жауапқа тартылады. Огола (Исраил) мен Оголиваның (Яһуда) күнәсі әшкере етіледі. Огола ‘өзінің нақсүйерлерінің қолына, Ассур ұрпақтарының қолына беріліп’ қойған еді (Езекиел 23:9). Ал Оголиваның қаңырап бос қалуы жақындап келеді. Б. з. б. 609 жылы Иерусалимнің 18 ай қоршауда болатын уақыты басталады. Ал қала құлағанда, бұл яһудилердің төбесіне жай түскендей болады. Езекиел ‘құтылып келген адамнан’ қаланың жойылғаны жайлы хабар алмайынша, Құдайдың хабарын тұтқындарға айтпауы керек (Езекиел 24:26, 27).
Жазба орындарына қатысты сұрақтардың жауаптары:
21:3. Ехобаның қынынан алған ‘семсері’ нені білдіреді? Ехобаның Иерусалим мен Яһудаға шығарған үкімін жүзеге асыру үшін қолданған ‘семсері’ Бабыл патшасы Набуходоносор мен оның әскері еді. Бұл сондай-ақ құдіретті рухани тұлғалардан тұратын Құдайдың ұйымының көктегі бөлігін де білдіруі мүмкін.
24:6—14. Қазанның қаспағы нені бейнелейді? Қоршаудағы Иерусалим үлкен қазанға теңеледі. Оның қаспағы қаланың құлықтылық жағынан ластануын — оның арам, азғын істерін және жазықсыз қан төккені үшін жауапты екенін — бейнелейді. Оның арамданғаны сонша — бос қазанды шоққа қойып, оны қанша қыздырса да қаспағы кетпейді.
Біз үшін сабақ:
20:1, 49, ЖД. Исраилдің қариялары Езекиелдің айтқандарына күдікпен қараған. Құдайдың ескертулеріне біз ешқашан бұлай қарамайық.
21:18—22. Набуходоносор бал аштырса да, басқа ұлт билеушісінің Иерусалимге қарсы шығатынын анық көрсеткен Ехоба болды. Бұл Ехобаның өз үкімін жүзеге асыру үшін қолданатын өкілдеріне тіпті жын-перілердің тосқауыл бола алмайтынын көрсетеді.
22:6—16. Ехоба жалақорлықты, азғындықты, күшті теріс қолдану мен пара алуды жек көреді. Осындай күнәлардан аулақ болу шешімімізге берік болайық.
23:5—49. Исраил мен Яһуда басқа елдермен саяси одақ құруының нәтижесінде олардың жалған тәңірлеріне табына бастады. Сенімімізден айыруы мүмкін осы дүниеліктермен тығыз қарым-қатынаста болудан аулақ болайық (Жақып 4:4).
Тірі, әсері де күшті хабар
Езекиел кітабының алғашқы 24 тарауында біздер үшін қандай құнды сабақтар бар десеңші! Ондағы принциптер Құдайдың шапағатынан не айыратынын, оның мейірімі түсу үшін не істеуіміз керектігін және неліктен зұлымдарды ескертуіміз қажеттігін көрсетеді. Иерусалимнің жойылуына қатысты пайғамбарлық Ехобаны халқына ‘жаңа жайттарды жариялап, алдын ала хабарлайтын’ Құдай ретінде айқын сипаттайды (Ишая 42:9).
Езекиел 17:22—24, 21:26, 27 тармақтарда айтылған пайғамбарлықтар көкте Мәсіхтің Патшалығының орнауын көрсетеді. Өте жақында осы үкімет Құдайдың жерге қатысты еркін орындайды (Матай 6:9, 10). Біз осы Патшалықтың баталарын нық сеніммен күте аламыз. Шындығында да, “Құдайдың сөзі тірі, әсері де күшті” (Еврейлерге 4:12).
[18-беттегі сурет]
Көктегі күйме нені бейнелейді?
[20-беттегі сурет]
Уағыздау ісіне құлшына атсалысқанымыз ‘таңбамызды’ сақтауға көмектеседі