ОҚЫРМАН САУАЛДАРЫ
Езекиел кітабында айтылған Магог жеріндегі Гог деген кім?
Біздің әдебиеттерімізде жылдар бойы Магог жеріндегі Гог деген Шайтан Ібілістің көктен қуылғаннан кейінгі есімі деп түсіндіріліп келді. Мұндай тұжырым жасалуының себебі — Аян кітабында дүниежүзі бойынша Құдай халқына жасалатын шабуылдың басшысы Шайтан Ібіліс екені айтылған (Аян 12:1—17). Осылай біз Гог деген Шайтанның пайғамбарлық мәні бар тағы бір есімі деп түсініп келдік.
Бірақ бұған қатысты біраз маңызды сұрақтар туындап отыр. Мына жайлы ойлап көрейікші: Гог жеңілгенде онымен не болатынына қатысты Ехоба: “Сені алуан түрлі құстар мен жабайы аңдарға жем қыламын”,— деген (Езек. 39:4). Сосын: “Сол күні мен Гогқа Исраил елінен... қабір болатын жер беремін... Гог пен оның бүкіл шулы тобыры сонда жерленеді”,— деп қосты (Езек. 39:11). Бірақ қалай рухани жаратылыс “құстар мен жабайы аңдарға жем” болады? Шайтанға “қабір болатын жер” берілуі мүмкін бе? Киелі кітапта Шайтанның ит пен құсқа жем болатыны немесе жерленетіні емес, 1000 жылға түпсіз тұңғиыққа тасталатыны айтылған ғой (Аян 20:1, 2).
Сонымен қатар Жазбаларда 1000 жылдың соңына таман Шайтанның тұңғиықтан босатылып, “жердің төрт бұрышындағы халықтарды, яғни Гог пен Магогты, адастырып, соғысқа жинап әкелуге шығатыны” айтылған (Аян 20:8). Алайда Шайтанның өзі Гог болса, қалайша ол Гогты адастырмақ? Көріп отырғанымыздай, Езекиелдің пайғамбарлығы мен Аян кітабындағы Гог Шайтанға нұсқамайды.
Олай болса, Магог жеріндегі Гог деген кім? Бұл сұрақтың жауабын табу үшін Жазбаларды зерттеп, Құдай халқына кім шабуыл жасайтынын анықтауымыз керек. Киелі кітапта “Магог жеріндегі Гогтың” ғана емес, “солтүстік патшасының”, сондай-ақ “жержүзі патшаларының” шабуыл жасайтыны жөнінде де айтылған (Езек. 38:2, 10—13; Дан. 11:40, 44, 45; Аян 17:14; 19:19). Мұнда әртүрлі шабуылдар жөнінде айтылып тұр ма? Олай болмаса керек. Бұның барлығы түрлі атаумен берілген бір шабуыл екені анық. Неге мұндай түйін жасауға болады? Себебі Киелі кітапта Армагеддонға ұласатын шешуші шабуылға жержүзінің халықтары қатысатыны айтылған (Аян 16:14, 16).
Құдай халқына жасалатын шешуші шабуыл жөніндегі осы тармақтардың бәрін салыстырғанда, Магог жеріндегі Гогтың Шайтан емес, одақтасқан халықтарды білдіретіні анық байқалады. Одақтасқан халықтарды “солтүстік патша” басқара ма? Кесіп айту қиын. Әйтсе де бұл ой Ехобаның Гогқа қатысты айтқан келесі сөздеріне сай келеді: “Сен шетінен атқа мінген күллі халқыңмен — бүкіл әскеріңмен, жер қайыстырған қолмен — өз жеріңнен, солтүстіктің қиыр түкпірінен аттанасың” (Езек. 38:6, 15).
Езекиелдің замандасы Даниял пайғамбар да солтүстік патша жөнінде айтқан. Ол былай деді: “Шығыс пен солтүстіктен келген хабарлар оның мазасын алады. Сонда ол зор қаһарына мініп, көптің көзін құртып, жою үшін аттанады. Ол өзінің патша шатырларын ұлы теңіз бен Көрікті жердегі киелі таудың арасына тігеді. Оның соңы жетіп, оған көмектесетін ешкім болмайды” (Дан. 11:44, 45). Бұл Гогтың не істейтіні туралы Езекиел кітабында айтылған сөздерге сай келеді (Езек. 38:8—12, 16).
Бұдан кейін не болады? Даниял кітабында былай делінген: “Сол уақытта Микайл [Иса Мәсіх], [1914 жылдан бастап] халқыңның мүддесін қорғап тұрған ұлы әмірші, [Армагеддонда] әрекет ететін болады. Сонда халық пайда болғалы бері, бұрын-соңды басқа түспеген қиын-қыстау уақыт [зор алапат] болады. Сол уақытта сенің халқың, кітапта жазылған әркім, аман қалады” (Дан. 12:1). Құдайдың атынан әрекет ететін Исаның осылай ететіні Аян 19:11—21 тармақтарда да суреттелген.
Бірақ Аян 20:8-де айтылған “Гог пен Магог” кім? Зор алапатта Құдай халқына қарсы шыққан “Магог жеріндегі Гог” қаншалықты қаныпезер болса, 1000 жылдың соңына таман болатын соңғы сынақ кезінде Ехобаға қарсы шығатындар да соншалықты қаныпезер болады. Сондықтан мыңжылдық кезінде бүлік шығаратындардың бәрін “Гог пен Магог” деп атау орынды болса керек. Осы екі топтың да ақыры бірдей — мәңгілікке жойылу (Аян 19:20, 21; 20:9).
Киелі кітапты мұқият зерттейтін біздер жақын болашақта “солтүстік патшаның” кім болып шығатынын білуге асықпыз. Сөйтсе де одақтасқан халықтарды кім бастап шықпасын, біз мына екі жайтқа сенімдіміз: 1) Магог жеріндегі Гог жеңіліп, көзі құртылады; 2) Қазір тақта отырған Патшамыз Иса Мәсіх Құдай халқын тыныштық орнаған қауіпсіз жаңа дүниеге алып кіреді (Аян 7:14—17).