Құдаймен бірге жүр де, жақсылық ор
“Олар жел еккендіктен, дауыл орады” (ОШИЯ 8:7).
1. Қалай Құдаймен бірге жүре аламыз?
ҚАУІПТІ жермен жүргенде, жаныңда тәжірибелі жол көрсетушінің болғаны әлдеқайда қауіпсіздеу. Осындай жол көрсетушімен бірге жолға шыққанымыз, жалғыз жүргеннен гөрі ақылдылық болар еді. Біздің қазіргі жағдайымызды да осылай суреттеуге болады. Ехоба бізге осы зұлым дүниенің “шөл даласымен” алып өтуді ұсынып отыр. Сондықтан өз бетімізбен жүргенше, Құдаймен бірге жүргеніміз даналыққа жатады. Ал Құдаймен бірге қалай жүре аламыз? Оның өз Сөзінде беріп отырған басшылығын ұстану арқылы.
2. Осы мақалада не қарастырылады?
2 Алдыңғы мақалада Ошия кітабының 1—5 дейінгі тарауларында жазылған бейнелі мағынасы бар оқиға қарастырылған еді. Өзіміз көргендей, ол жерден Құдаймен бірге жүруімізге көмектесетін сабақтар алуға болады. Ал енді сол кітаптың 6—9 дейінгі тарауларындағы кейбір көңіл бұрарлық ойларды қарастырайық. Алдымен, осы төрт тарауды шолып шыққан пайдалы.
Қысқаша шолу
3. Ошия кітабының 6—9 дейінгі тарауларының мазмұнын қысқаша айтып беріңдер.
3 Ехоба Ошияны бірінші кезекте он рулы солтүстік Исраил патшалығына пайғамбарлық етуге жіберді. Ықпалы басым болған Ефрем руының атымен де аталатын бұл халық Құдайдан бас тартқан еді. Ошия кітабының 6—9 дейінгі тараулары халықтың Ехобамен жасасқан келісімді бұзып және зұлым істер жасап, адалдық танытпағанын көрсетеді (Ошия 6:7). Олар Ехобаға жүгінудің орнына, басқа халықтармен одақтасады. Олар жамандық егуді тоқтатпады, сондықтан жамандық орулары керек болатын. Басқаша айтқанда, олардың жазаға тартылатын уақыты жақындап келе жатқан еді. Бірақ Ошияның пайғамбарлығында жақсы, қуанышты хабар да бар. Ондағы сөздер, егер халық Ехобаға қайта бет бұрып, шын жүректен өкінетінін дәлелдесе, оның мейірімін көре алатындарына сендіреді.
4. Ошияның пайғамбарлығындағы іс-жүзінде пайдалы болатын қандай сабақтарды қарастырамыз?
4 Ошия пайғамбарлығының осы төрт тарауынан Құдаймен бірге жүруімізге көмектесетін тағы да басшылықтар аламыз. Қазір іс-жүзінде пайдалы болатын мынадай төрт сабақты қарастырып көрейік: 1) Шын жүректен өкіну сөздерден ғана емес, іс-әрекеттерден көрінеді; 2) Тек құрбандықтармен Құдайға ұнау мүмкін емес; 3) Қызметшілерінің бас тартқаны Ехобаның жанына қатты батады; 4) Жақсылық ору үшін, жақсылық егуіміз керек.
Шын жүректен өкіну неден көрінеді?
5. Ошия 6:1—3 дейінгі тармақтардың түйіні неде?
5 Ошияның пайғамбарлығынан өкініш білдіру мен мейірімділік жайлы көп нәрсе білеміз. Ошия 6:1—3 дейінгі тармақтардан былай деп оқимыз: “Жүріңдер, Тәңір Иеге қайта оралайық! Өйткені Ол бізді жаралады, өзі жазады, зақым келтірді, жарақатымызды өзі таңады; екі күннен соң тірілтіп, үшінші күні аяққа тұрғызады, сөйтіп, оның көз алдында өмір сүреміз. Сонымен, Тәңірді танып білеміз, оны танып білуге ұмтыламыз; Оның келуі таң шапағындай, Ол бізге жауын сияқты, жерді суаратын кеш жауған [көктемгі] жауын сияқты, келеді”.
6—8. Исраилдің өкініш білдірулерінде қандай мін бар еді?
6 Осы тармақтағы сөздерді кім айтқан? Кейбіреулер мұны адалдық танытпаған исраилдіктер айтқан: тілазар халық өкінгенсіп, әрі Құдайдың мейірімін пайдаланып қалмақшы болып тұр дейді. Ал басқа біреулер мұны айтып тұрған Ошия пайғамбар, ол халықтан Ехобаға бет бұруды жалынып тұр дейді. Бұл сөздерді кім айтса да, туындайтын маңызды сұрақ: он рулы Исраил халқы шынымен өкінетінін көрсете отырып, жалпы алғанда, Ехобаға бет бұрды ма? Жоқ, бұлай болмады. Ехоба Ошия пайғамбар арқылы былай деді: “Саған не істейін, Ефрем? Саған не істейін, Яһуда? Сендердің тақуалықтарың [“сүйіспеншілікке толы мейірімділіктерің”, ЖД] таңғы тұмандай және тез ғайып болып кететін таңғы шықтай” (Ошия 6:4). Бұл сөздер Құдай халқының рухани мүшкіл күйін қалай дәл көрсетіп тұр десеңші! Күн көтеріле бере, әп-сәтте сейіліп кететін таңғы тұман сияқты, халықтың сүйіспеншілікке толы мейірімділігі, не айнымас сүйіспеншілігі, жоғалып кетті деуге болады. Халық өкінгенсіп тұрғандай болғанмен, Ехоба оларға мейірімділік көрсететіндей негіз көріп тұрған жоқ. Неліктен?
7 Исраил шын жүректен өкініш білдірмеген еді. Ехобаның өз халқына деген наразылығы жөнінде Ошия 7:14-те былай делінген: “Төсектерінде зар еңіреп жатқанда, Мені шын жүректен шақырған жоқ”. Ал 16-тармақта тағы былай дейді: “Олар қайта бет бұрды, бірақ Ең жоғарғыға емес”. Халық Құдаймен қарым-қатынастарын қалпына келтіру үшін қажетті өзгерістер жасай отырып, Ең жоғары Ехобаға деген бәрінен биік тұрған ғибадатқа қайта оралғылары келмеді. Олар Құдаймен жүруге еш талпынбады.
8 Исраилдің өкініш білдіруінің Құдайға ұнамды болмауының тағы бір себебі бар еді. Олар алаяқтық, кісі өлтіру, ұрлық, жалған тәңірге табыну және өзге халықтармен одақтасу сияқты көптеген күнәларды жасай берді. Іштерінде арам құмарлықтары от боп лаулап жатқандықтан болу керек, Ошия 7:4-те халық наубайшының ‘пешімен’ салыстырылған. Халықтың осындай рухани мүшкіл күйін ескерсек, олар мейірім-шапағат көруге лайық па еді? Әрине, жоқ! Ошия бүлікші халыққа Ехоба олардың ‘арам істерін есіне түсіріп, күнәлары үшін жазалайтынын’ айтады (Ошия 9:9). Оларға ешқандай да мейірімділік көрсетілмейді!
9. Ошияның сөздерінен өкіну мен мейірімділік жайлы не білеміз?
9 Ошияның сөздерін оқи отырып, өкініш білдіру мен мейірімділік жайлы не білеміз? Адалдық танытпаған исраилдіктердің бізге ескерту болып табылатын мысалынан Ехобаның мейірімін көру үшін шын жүректен өкінуге тиіс екенімізді көреміз. Ал осындай өкінішті қалай көрсетуге болады? Ехобаны көз жаспен не құр сөздермен алдау мүмкін емес. Шын жүректен өкіну іс-әрекеттен көрінеді. Құдайдың мейірім-шапағатына ие болу үшін, заңсыздық жасаушы өзінің теріс жолынан толық бас тартып, Ехобаға деген бәрінен биік тұрған ғибадаттың жоғары талаптарына сай өмір сүру керек.
Тек құрбандықтармен Құдайға ұнау мүмкін емес
10, 11. Исраилдің жағдайынан көрініп тұрғандай, неге тек құрбандықтармен Құдайға ұнамды болу мүмкін емес?
10 Енді Ехобамен бірге жүруімізге көмектесетін екінші сабақты қарастырып көрейік: Тек құрбандықтармен Құдайға ұнау мүмкін емес. Ошия 6:6-да былай делінген: “Құрбандық шалғандарыңнан гөрі мейірімділік [“сүйіспеншілікке толы мейірімділік”, ЖД] көрсеткендеріңді қалаймын, Құдай жолын білгендерің түгелдей өртелетін құрбандықтан артық”. Ехоба жүректен шығатын қасиет сүйіспеншілікке толы мейірімділікті, не айнымас сүйіспеншілікті, сондай-ақ Құдай туралы білім алғанды қалайтынын байқашы. Бірақ сен: “Неге бұл тармақта Ехоба “құрбандық” пен ‘түгелдей өртелетін құрбандықтарды’ қаламайды делінген? Мұса заңында осыларды әкелу талап етілген емес пе еді?”— деп сұрайтын шығарсың.
11 Рас, Заңда құрбандықтар әкелу талап етілген болатын. Бірақ Ошияның замандастарының ниеті дұрыс емес еді. Борыштарын сезініп, бірақ өздерін сырт көзге Құдайға адал етіп көрсету үшін құрбандықтар әкелген исраилдіктер де болғанға ұқсайды. Сөйте тұра, олар күнә істеуін қоймаған. Мұнысымен айнымас сүйіспеншіліктен жұрдай екендерін көрсетті. Сонымен қатар Құдай туралы білімнен бас тартқандары да көрініп тұрды, өйткені оған сай өмір сүрмейтін. Егер халықтың ниеті түзу болмаған болса, әрі дұрыс өмір сүрмесе, құрбандықтарынан не пайда? Олардың мұндай құрбандықтары Ехоба Құдайға ұнамаған.
12. Ошия 6:6-да бүгінгі таңдағы адамдарға қандай ескерту бар?
12 Ошияның сөзі бүгінде шіркеуге баратындардың көбісіне ескерту болып табылады. Олар діни салт-жораларды ұстануларымен Құдайға құрбандықтар әкеледі. Бірақ олардың ғибадаты күнделікті жүріс-тұрыстарына әсер етеді деу қиын. Егер жүректері Құдай туралы білім алып, күнәкар істерінен бас тартуға талпындырмаса, мұндай адамдар шын мәнінде Құдайға ұнамды бола ала ма? Құр діни істермен Құдайға ұнамды болуға болады деп ешкім де ойламасын. Шапағатына ие болу үшін құр ғибадат етіп, ал Сөзіндегі талаптарына сай өмір сүрмейтін адамдар Ехобаға ұнамды емес (Тімотеге 2-хат 3:5).
13. Біз қандай құрбандықтар әкелеміз, бірақ олардың қай кезде құны болады?
13 Біз, шынайы мәсіхшілер, Құдайға тек құрбандықтармен ұнамды болу мүмкін емес екенін естен шығармауымыз керек. Рас, біз Ехобаға құрбандық ретінде мал ұсынбаймыз. Дегенмен де, ‘Құдайды үнемі мадақтап сый-тартуымызды ұсынамыз: Оның “Жаратқан Ие” деген атағын ауызбен де мойындап, дәріптеуіміз біздің Тәңірге арнаған құрбандығымыз болады’ (Еврейлерге 13:15). Ошияның күндеріндегі күнәкар исраилдіктер сияқты Құдайға осындай рухани құрбандықтар әкелуімізбен күнәларымызды жаба аламыз деп ойламауымыз керек. Мысалы, жасырын түрде жыныстық қатынасқа барған бір жас қыз кейінірек былай деп мойындады: “Мен күнәмды жабатын шығар деп ойлап, көбірек уағыздай бастадым”. Жолдан адасқан исраилдіктер де дәл осылай істеуге тырысқан. Алайда Ехоба мадақтау құрбандығымызды тек ниетіміз дұрыс болып, әрі Құдайға ұнамды жүріп-тұратын болсақ қана қабылдайды.
Қызметшілерінің бас тартқаны Ехобаның жанына қатты батады
14. Ошияның пайғамбарлығынан Құдайдың сезімдері жайлы не білеміз?
14 Ошия кітабының 6—9 дейінгі тарауларынан алатын үшінші сабақ қызметшілері өзінен бас тартқандағы Ехобаның сезіміне қатысты. Ехобаның бойында жұмсақтық та қаталдық та бар. Ол адамдар күнәларына өкінгенде қуанады, әрі жан ашырлық көрсетеді. Алайда халқы тәубеге келмесе, қатаң шарасын қолданады. Құдай бар көңілімен біздің игілігімізді ойлайтындықтан, өзімен бірге адал жүргенімізге қуанады. Забур 149:4-те: ‘Жаратқан Ие халқына риза болады’,— делінген. Ал қызметшілері адал болмаса, Құдай өзін қалай сезінеді?
15. Ошия 6:7-ге сай, кейбір исраилдіктердің әрекеті қандай болған?
15 Адал болмаған исраилдіктер жайлы Ехоба былай дейді: “Олар болса, Адамға ұқсап, келісім шартын бұзды; сол жерде маған опасыздық жасады” (Ошия 6:7). ‘Опасыздық жасау’ деген еврей тілінде “сатып кету, адалдықты бұзу” дегенді де білдіреді. Малахи 2:10—16 дейінгі тармақтарда дәл осы еврей сөзі жұбайларына адал болмаған исраилдіктердің арсыз әрекетін сипаттау үшін қолданылған. Ошия 6:7-гі осы сөздің қолданылуына байланысты бір анықтамалық еңбекте оның ‘некеге қатысты қолданылатын метафора’ екені әрі ‘сүйіспеншілік аяққа тапталған жайтты’ көрсететіні айтылған.
16, 17. Исраил Құдаймен жасасқан келісімге қалай қарады? ә) Іс-әрекеттерімізге қатысты нені естен шығармауымыз керек?
16 Ехоба Исраилмен келісім жасасқандықтан, ол халықты бейнелі түрде әйелім деп есептеген. Сондықтан халықтың сол келісімнің шарттарын бұзғаны азғындық жасағанмен бірдей болған. Ехобаның өзі адал күйеу іспетті болған, ал халқы оны тастап кетті.
17 Ал біз туралы не деуге болады? Құдаймен бірге жүреміз бе, жоқ па, оған бәрібір емес. “Құдай — сүйіспеншілік” екенін және іс-әрекетіміз оған әсер ететінін ұмытпайық (Жоханның 1-хаты 4:16). Егер теріс жолға түсіп кетсек, Ехобаның жүрегін ауыртамыз және оған ұнамсыз болып қаламыз. Осыны есте ұстағанымыз азғыруларға беріліп қалмау үшін мықты қорғаныш бола алады.
Қай кезде жақсылық ора аламыз?
18, 19. Ошия 8:7-ден қандай принципті көреміз және исраилдіктердің жағдайында ол қалай рас болып шықты?
18 Ошия пайғамбарлығынан алатын төртінші сабағымызды қарастырайық: қай кезде жақсылық ора аламыз? Исраилдіктер мен олардың опасыз өмір жолдарының соншалықты ақымақтық әрі бекер екені жайлы Ошия былай деп жазды: “Олар жел еккендіктен, дауыл орады” (Ошия 8:7). Бұл жерден есте ұстауымыз керек принципті көреміз: кез келген әрекетіміздің қандай да бір салдары болады. Бұл принцип адалдықтарын сақтамаған исраилдіктердің жағдайында қалай рас болып шықты?
19 Исраилдіктер күнә жасауларымен жамандық екті. Олар мұның ешбір жазасын тартпай, осылай жалғастыра бере алар ма еді? Жоқ, әрине. Ошия 8:13-те: “Ол [Ехоба] олардың арам істерін есіне алып, күнәлары үшін жазалайды”,— делінген. Ал Ошия 9:17-ден былай деп оқимыз: “Менің Құдайым олардан бас тартады, өйткені Оған құлақ аспады, сондықтан халықтардың арасында тентіреп жүретін болады”. Иә, Ехоба исраилдіктерді күнәлары үшін жауапқа тартады. Өйткені олар жаман нәрсе екті, енді соның жаман өнімін оратын болады. Құдайдың оларға шығарған үкімі б. з. б. 740 жылы ассириялықтар он рулы Исраил патшалығын жаулап алып, тұрғындарын тұтқынға әкеткенде жүзеге асты.
20. Исраилдің бастан кешкендері бізге нені үйретеді?
20 Сол исраилдіктердің бастарынан кешкендері бізге мынадай маңызды шындықты үйретеді: біз не ексек, міндетті түрде соны орамыз. Құдай Сөзі: “Алданбаңдар: Құдай адамның Оны елемей, өз бетімен жүруіне жол бермейді. “Адам не ексе, соны орады”,— деп ескертеді (Ғалаттықтарға 6:7). Сондықтан егер жамандық ексек, жамандық орамыз. Мысалы, азғын өмір кешетіндер ертелі-кеш мұның ауыр зардабын тартады. Күнәсына өкінбейтін заңсыздық жасаушы түбінде жамандыққа ұрынады.
21. Қалай жақсылық оруымызға болады?
21 Онда қалай жақсылық оруымызға болады? Мұны қарапайым көрнекі мысалмен түсіндіруге болады. Егер диқан күріш жинап алғысы келсе, бидай егер ме еді? Әрине, жоқ! Ол не орғысы келсе, соны егу керек. Сол сияқты біз де жақсылық орғымыз келсе, жақсылық егуге тиіспіз. Үнемі жақсылық оруды, яғни қазірдің өзінде қанағат әкелетін өмір кешіп, әрі Құдайдың жаңа дүниесінде мәңгі өмір сүру үмітіне ие болуды, қалайсыңдар ма? Егер осылай болса, Құдаймен бірге жүріп және оның әділ нормаларына сай өмір сүре отырып, үнемі жақсылық егулерің керек.
22. Ошия кітабының 6—9 дейінгі тарауларынан қандай сабақтар алдық?
22 Сонымен, Ошия кітабының 6—9 дейінгі тармақтарынан Құдаймен бірге жүруімізге көмектесетін төрт сабақ алдық: 1) Шын жүректен өкіну іс-әрекеттерден көрінеді; 2) Тек құрбандықтармен Құдайға ұнау мүмкін емес; 3) Қызметшілерінің бас тартқаны Ехобаның жанына қатты батады; 4) Жақсылық ору үшін, жақсылық егуіміз керек. Ал осы кітаптың соңғы бес тарауы Құдаймен бірге жүруімізге қалай көмектесе алады?
Қалай жауап берер едіңдер?
• Шын жүректен өкініш білдіру неден көрінеді?
• Неге тек құрбандықтармен көктегі Әкемізге ұнамды болу мүмкін емес?
• Қызметшілерінің өзінен бас тартқаны Құдайға қалай әсер етеді?
• Жақсылық ору үшін, не егуіміз керек?
[15-беттегі сурет]
Исраилдіктердің айнымас сүйіспеншілігі таңғы тұмандай сейіліп кетті
[15-беттегі сурет]
Исраилдің арам құмарлықтары іштерінде пеш сияқты жанып жатты
[16-беттегі сурет]
Ехоба халқының әкелген құрбандықтарынан неге бас тартты?
[17-беттегі сурет]
Жақсылық ору үшін, жақсылық егуіміз керек