Ехобаның даналығы жаратылыстарынан көрініс табады
‘Тәңірдің көзге көрінбейтін қасиеттері жаратқан нәрселерінен байқалады’ (РИМ. 1:20).
1. Бүгінде осы дүниенің даналығы көп адамға қалай әсер етуде?
БҮГІНДЕ “даналық” сөзі оңды-солды қолданыла береді. Кейбіреулер білімдар болғаны үшін ғана адамды дана дейді. Бірақ осы дүниенің “білімпаздары” өмірдің шын мәнін түсінуге көмектесе алмайды. Керісінше, олардың жетегіне ергендер ‘әрбір ой толқынына тәлкек болған жас баладай кез келген ағымдағы ілімге ілеседі’ (Ефес. 4:14).
2, 3. а) Неге Ехоба “даналықтың бірден-бір Иесі” деп аталады? ә) Құдайдың даналығы осы дүниелік даналықтан қалай ерекшеленеді?
2 Ехоба Құдайдан келетін шынайы даналыққа ие болғандар олардан қаншалықты ерекшеленеді десеңші! Киелі кітапта ‘даналықтың бірден-бір Иесі — Құдай’ екені айтылған (Рим. 16:27). Ол ғалам туралы бәрін, тіпті оның қалай жаратылғанын да біледі. Ғалымдар зерттеу жүргізгенде жүгінетін физикалық заңдарды да Ехоба орнатқан. Сол себепті оны адамдардың ойлап тапқандары еш таңғалдырмайды және адам пәлсапасының “асқақ” ойтолғаулары да қызықтырмайды. “Күнәкар дүние нені даналық деп есептесе, сол Құдай алдында ақымақтық” (Қор. 1-х. 3:19).
3 Киелі кітапта Ехобаның өзінің қызметшілеріне ‘даналық сыйлайтыны’ айтылған (Нақ. с. 2:6). Құдайдың даналығы адам пәлсапасы сияқты көмескі емес. Керісінше, ол тура білім мен түсініктің негізінде байыппен пайымдаудан туындайды (Жақып 3:17 оқы). Елші Пауыл Ехобаның даналығына тамсанып, былай деген: “О, неткен бай Құдайдың даналығы, Неткен терең Оның білік-парасаты! Шешімдеріне адам ақылы жетпес, Жолдарын Оның ешкім зерттеп бітпес!” (Рим. 11:33). Ехоба даналықтың бірден-бір иесі болғандықтан, оның заңдары бізді ең жақсы өмір жолымен жетелейтініне сенімдіміз. Бақытты болуымыз үшін не қажет екенін Ехоба бәрінен де жақсы біледі (Нақ. с. 3:5, 6).
Иса — “шебер жұмысшы”
4. Ехобаның даналығын танып білудің бір жолы қандай?
4 Ехобаның даналығы мен өзге де теңдесіз қасиеттері жаратылыстарынан көрініс табады (Римдіктерге 1:20 оқы). Үлкенді-кішілі жаратылыстарының қай-қайсысы да Ехобаның болмысының әртүрлі қырларын аша түседі. Қайда қарасақ та, ең дана және сүйіспеншілігі мол Жаратушының бар екендігінің көптеген дәлелдерін көруге болады. Жасаған істерін қарастыру арқылы ол туралы көп нәрсе біле аламыз (Заб. 18:1; Ишая 40:26).
5, 6. а) Жарату ісіне Ехобадан басқа тағы кім атсалысты? ә) Қазір біз нені қарастырамыз және неге?
5 ‘Құдай аспан мен жерді жаратқанда’ бір өзі еңбектенген жоқ (Жар. 1:1). Киелі кітапта Құдайдың ең алдымен рухани тұлғаны, ал содан кейін оның көмегімен қалған нәрселердің барлығын жаратқаны айтылған. Бұл рухани жаратылыс кейінірек жерде адам кейпінде өмір сүрген Құдайдың жалғыз рухани Ұлы Иса еді (Қол. 1:15—17). Ехоба сияқты Иса да даналыққа ие. Нақыл сөздер кітабының 8-тарауында ол даналықтың бейнесі ретінде суреттелген. Осы тарауда ол Құдайдың “шебер жұмысшысы” деп те аталады (Нақ. с. 8:12, 22—31 ЖД).
6 Осылайша жаратылыстар Ехобаның және оның шебер жұмысшысы Исаның даналығын паш етеді. Біз олардан көп нәрсеге үйрене аламыз. Қазір Нақыл сөздер 30:24—28 тармақтарда суреттелген “түйсікті даналығы бар” (ЖД) жаратылыстардың төртеуін қарастырайықa.
Еңбекқор болудың үлгісі
7, 8. Құмырсқаларға қатысты нендей нәрселер сен үшін қызықты болды?
7 Құрылымы мен әрекеттерін қарастырар болсақ, тіпті “жердегі кішкенесі” деп есептелетін жаратылыстардың өзінен көп нәрсеге үйренуге болады. Мысалы, құмырсқаның “түйсікті даналығын” (ЖД) қарастырайық (Нақыл сөздер 30:24, 25 оқы).
8 Кейбір зерттеушілердің айтуынша, дүниежүзіндегі құмырсқалардың саны адамдардан 200 000 есе көп; олардың барлығы жердің бетінде не астында тынымсыз еңбектенеді. Құмырсқалар көбіне топтанып, арнайы илеу жасап, тіршілік етеді. Әдетте илеуде аналық, аталық және жұмысшы құмырсқалар болады. Әр топ илеудегі қажеттілікке қарай, өзіне тиесілі шаруасын атқарады. Кейбір құмырсқаларды нағыз бағбан деп атауға болады. Бақшасында саңырауқұлақтар көбірек өсу үшін осы бір кішкентай жәндіктер оны тыңайтып, қайта отырғызып, қажет болған жерлерді кесіп отырады. Зерттеушілер осы “бағбандардың” илеуге қанша азық қажет болса, сонша күш жұмсайтынын анықтағанb.
9, 10. Біз қалай құмырсқа сияқты еңбекқор бола аламыз?
9 Құмырсқалардан не нәрсеге үйренуге болады? Мысалы, жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін бар ынта-ықыласымызбен күш салуымыз керек. Киелі кітапта былай делінген: “Жалқау неме, құмырсқадан үлгі ал, Ісіне қарап оның, парасатқа ие бол! Бастық, бақылаушы, билеушісі болмайды, Жазда қысқы азығын дайындайды, Орақ кезінде тамағын жинайды” (Нақ. с. 6:6—8). Ехоба да, оның шебер жұмысшысы Иса да еңбексүйгіш. Иса: “Әкем еңбектен қол үзбейді, сондықтан Мен де үздіксіз еңбек етемін”,— деген (Жох. 5:17).
10 Құдай мен Мәсіх сияқты біз де еңбекқор болуымыз қажет. Құдайдың ұйымында қандай қызмет атқармайық, біз “Иеміздің ісін әрдайым молынан істеуіміз” керек (Қор. 1-х. 15:58). Сол себепті елші Пауылдың Римдегі мәсіхшілерге жазған келесі сөздеріне құлақ асқанымыз абзал: “Лайым жақсылыққа деген талпыныстарың бәсеңдемесін, Иеміздің қызметінде жүріп, рухтарың жалындай берсін!” (Рим. 12:11). Ехобаның еркін орындауда атқарып жүрген еңбегіміз бекер емес. Киелі кітап бізді мынаған сендіреді: ‘Құдай әділетсіз емес. Ол жасаған игі істеріңді, Өзіне көрсеткен сүйіспеншіліктеріңді ешқашан есінен шығармайды’ (Евр. 6:10).
Рухани қорғаныш
11. Тау даманының кейбір ерекшеліктерін ата.
11 Тағы бір кішкене жануар — тау даманынан да көп нәрсеге үйренуге болады (Нақыл сөздер 30:26 оқыc). Ол үлкен қоянға ұқсайды, бірақ оған қарағанда құлақтары кішкентай әрі дөңгеленіп келеді және аяқтары қысқа болады. Осы бір кішкентай жаратылыс таулы аймақтарды мекендейді. Өткір көздерінің және індері мен жартастың қуыстарына жасырынып үлгергеннің арқасында олар жыртқыш аңдардан қорғана алады. Дамандар үшін топ болып өмір сүрудің маңызы зор: бұл оларға қорғаныш болады әрі қыстың суығында жылу сақтауға көмектеседіd.
12, 13. Тау даманынан не нәрсеге үйренеміз?
12 Тау даманынан не нәрсеге үйренуге болады? Біріншіден, ол қаперсіз, бейқам жүрмейді. Өткір көздерінің арқасында тау даманы жыртқыш аңдарды алыстан көреді және тез тығылып үлгеру үшін індері мен жартастың қуыстарына жақын жүреді. Сол сияқты біз де Шайтанның дүниесіндегі қауіп-қатерді бірден байқай алуымыз үшін қырағы болуымыз қажет. Елші Петір мәсіхшілерді былай деп ескерткен: “Салауатты да сергек болыңдар! Сендердің қас жауларың, шайтан, ақырған арыстандай қауымды айнала шарлап, кімді жалмасам деп торуылдап жүр” (Пет. 1-х. 5:8). Иса жерде болған кезінде мінсіздігінен айырмақ болған Шайтанның барлық азғыруларына төтеп беру үшін қырағы болған (Мат. 4:1—11). Біз үшін неткен керемет үлгі!
13 Сергек болудың бір жолы — Ехобаның қорғаныш ретінде беріп отырған рухани шараларын қолдану. Біз Құдай Сөзін оқу мен қауым кездесулеріне баруға немкетті қарамауымыз керек (Лұқа 4:4; Евр. 10:24, 25). Сондай-ақ тау дамандарының топ болып өмір сүретіндері сияқты, біздің де бауырластармен тығыз қарым-қатынаста болғанымыз маңызды. Осылай еткеніміздің арқасында ‘бір-бірімізді жігерлендіре’ аламыз (Рим. 1:12). Ехобаның бізді қорғау үшін қарастырған шараларын пайдаланар болсақ, Дәуіттің келесі сөздеріне қосылатынымызды көрсетеміз: “Жаратушы Ие — менің берік тірегім мен менің сүйенішім, менің Құтқарушым, менің Құдайым — жартасым менің; мен Оған үміт артамын” (Заб. 17:3).
Қарсылықтарға қарамастан, табанды бол
14. Бір ғана шегіртке еш қауіп тудырмағанымен, қаптап келген шегірткелер жөнінде не деуге болады?
14 Біздің шегірткелерден де үйренеріміз көп. Бес-ақ сантиметр келетін бұл жәндік еш қауіп тудыра қоймас, алайда лек-легімен ағылып келген шегірткелер жайлы бұлай дей алмаймыз (Нақыл сөздер 30:27 оқы). Осы бір қомағай жәндіктер пісіп тұрған егісті әп-сәтте жапырып тастай алады. Киелі кітапта жәндіктердің, соның ішінде шегірткелердің, қаптап келуі арбалардың дүрсілі мен бытырлап жанып жатқан сабанның дыбысына теңеледі (Жоел 2:3, 5). Екпіндеп келе жатқан шегірткелерді тоқтату үшін адамдар от та қойып жатады, бірақ бұлары жиі нәтижесіз болады. Неге? Өлген шегірткелердің денесі өртті өшіріп тастайды, ал қалғандары еш кедергісіз әрі қарай кете береді. Патшасы не басшысы болмаса да, жақсы ұйымдасқан әскер сияқты әрекет ететін шегірткелерге кедергі болатын нәрсе жоқтың қасы деуге болады (Жоел 2:25)e.
15, 16. Бүгінгі Патшалықтың жариялаушылары қай жағынан қаптаған шегірткелерге ұқсайды?
15 Жоел пайғамбар Құдай халқының атқарып жүрген ісін шегірткелердің әрекетіне теңеген. Ол былай деп жазды: “Олар қайратты адамдар сияқты жүгіреді. Жауынгерлерше қабырғаға өрмелейді. Әрқайсысы өз жолымен жүреді және одан ауытқымайды. Бірін-бірі итермейді. Мықты адам сияқты өз жолымен жүреді; кейбірі садақ оғынан құласа да, өзгелері тоқтамастан жүре береді” (Жоел 2:7, 8 ЖД).
16 Бұл пайғамбарлық бүгінгі күнгі Құдай Патшалығының жариялаушыларын қалай жақсы суреттейді десеңші! “Қабырға” сияқты қарсылықтың ешқайсысы да олардың уағыз ісін тоқтата алмады. Олар Құдайдың еркін көп адамның жеккөрінішіне қарамай, табандылықпен атқарған Исаға еліктейді (Ишая 53:3). Рас, “садақ оғынан құлағандар”, яғни сенімдері үшін өлтірілгендер де, жоқ емес. Сөйтсе де уағыз ісі тоқтаған жоқ және Патшалықтың жариялаушыларының саны өсуде. Тіпті қудалаудың арқасында басқа жағдайда ізгі хабарды естуі мүмкін емес адамдарға куәлік берілді (Ел. іс. 8:1, 4). Сен де шегіртке сияқты табандылық танытып, тіпті немқұрайдылық пен қарсылықтарға кезіксең де, қызметіңді берілмей атқарып жүрсің бе? (Евр. 10:39).
“Жақсылықтан ажырамаңдар”
17. Қалайша жармасқы тегіс жермен өрмелей алады?
17 Жармасқы кесірткеге тартылыс заңы әсер етпейтін көрінеді (Нақыл сөздер 30:28 ЖД оқыf). Осы бір кішкене жаратылыстың қабырғаға шапшаң өрмелеп шығып, тіпті теп-тегіс төбеде құлап қалмастан жорғалап жүретіні зерттеушілерді таңғалдырады. Оның аяқтары жабысқақ қақпақша не желім сияқты емес. Олай болса, оның құлап қалмауының сыры неде? Оның әрбір башпайында жастықшалар орналасқан. Жолақтары бар осы жастықшаларда талшықтарға ұқсайтын мыңдаған мүйізшелер орналасқан, ал әрбір мүйізшеде ұштарында дөңгеленіп келген қалпақшалары бар жүздеген талшықтар бар. Осы талшықтардағы молекулааралық күштің арқасында жармасқы өз салмағын оп-оңай көтеріп, тіпті тегіс әйнектің жерге қараған бетімен де жорғалай береді! Жармасқының осы қабілетіне қызыққан зерттеушілер оның башпайларына ұқсастырып синтетикалық материалдар жасап, оларды мықты жабысқы ретінде қолдануға болатынын айтадыg.
18. ‘Жақсылықтан ажырамайтынымызды’ қалай көрсетеміз?
18 Жармасқыдан не нәрсеге үйренуімізге болады? Киелі кітап бізді мынаған шақырады: “Жамандықтан аулақ жүріп, жақсылықтан ажырамаңдар” (Рим. 12:9). Осы дүниенің зиянды ықпалына беріліп, Құдайдың принциптеріне немкетті қарай бастауымыз мүмкін. Мысалы, мектепте, жұмыста немесе Құдайға ұнамсыз көңіл көтеру түрлері арқылы Киелі кітап принциптерін ұстанбайтындармен араласқанымыз дұрыс нәрсені істеуге деген шешімімізді әлсіретуі мүмкін. Осылай болуына ешқашан жол берме! Құдай Сөзі: “Өзіңді “данышпанмын” деп ойлама”,— деп ескертеді (Нақ. с. 3:7). Қайта, мұның орнына Мұсаның ертедегі Құдай халқына берген кеңесіне құлақ ас: “Жаратушы Иеңнен, өз Құдайыңнан қорық және жалғыз соған ғана қызмет ет, әрі соған еріп, айырылма” (Заң. қ. 10:20). Ехобадан ажырамайтын болсақ, Исаға еліктейтінімізді көрсетеміз. Ол туралы былай делінген: “Әділетсіздікті жек көріп, сүйесің Сен әділдік” (Евр. 1:9).
Жаратылыстардан үйренеріміз
19. а) Ехобаның жаратылыстарынан оның қандай қасиеттерін көре алдың? ә) Құдай даналығының әкелетін игіліктері қандай?
19 Сонымен, өзіміз көргендей, Ехобаның қасиеттері оның жасампаз істерінен анық көрінеді әрі оның жаратылыстарынан көп нәрсеге үйренеміз. Ехобаның істерін танып білген сайын, оның даналығы бізді таңғалдыра түсетін болады. Құдайдың даналығына ден қойсақ, бақытымыз арта түседі және ол бізге болашақта қорғаныш болады (Екк. 7:12). Иә, біз Нақыл сөздер 3:13, 18-дегі: “Қандай бақытты даналықты тапқан адам, Ақыл-парасатты иемденген әрбір жан! Ие болғанға даналық — өмірдің ағашы, Оны мықтап ұстанған әркім қандай бақытты!”— деген сөздердің растығына көз жеткіземіз (Нақ. с. 3:13, 18).
[Сілтемелер]
a Әсіресе балалар сілтемелерде келтірілген мақалаларды зерттеп, талқылау барысында ойларымен бөлісулеріне болады.
b Бағбан құмырсқалар жайлы қосымша мәліметті келесі әдебиеттерден табуға болады: “Ояныңдар!” (ор.) 1997 жыл 22 наурыз, 31-бет; 2002 жыл 22 мамыр, 31-бет.
c Қазақ тіліндегі Киелі кітапта бұл жануар “тау тышқаны” деп аударылған.
d Қосымша мәліметті “Ояныңдар!” (ағ.) журналының 1990 жылғы 8 қыркүйектегі санының 15, 16-беттерінен табуға болады.
e Шегірткелер туралы қосымша мәліметті “Күзет мұнарасының” (ор.) 1996 жылғы 15 шілдедегі санының 23-бетінен табуға болады.
f Нақыл сөздер 30:28: “Жармасқы кесіртке башпайларымен жармасады және ол патшаның салтанатты сарайында да жүреді”.
g Жармасқы жайлы қосымша мәліметті “Ояныңдар!” (ор.) журналының 2008 жылғы сәуір айындағы санының 26-бетінен табуға болады.
Естеріңде ме?
Мына жаратылыстардан не нәрсеге үйренеміз:
• Құмырсқадан?
• Тау даманынан?
• Шегірткеден?
• Жармасқыдан?
[16-беттегі сурет]
Құмырсқа сияқты еңбекқорсың ба?
[17-беттегі суреттер]
Тау дамандары бір-біріне жақын жүргендерінің арқасында қорғаныш табады. Сен де солай етесің бе?
[18-беттегі суреттер]
Мәсіхшілер шегірткелер сияқты табандылық танытады
[18-беттегі сурет]
Жармасқының қабырғаға жабысып алатыны сияқты, мәсіхшілер жақсылықтан ажырамайды
[Түпдерек]
Stockbyte/Getty Images