«Қалғымаңдар!»
«Қалғымаңдар! Өйткені Қожаларыңның қай сәтте келетінін білмейсіңдер ғой» (МАТАЙ 24:42).
1. Бұрыннан бері Ехобаға қызмет етіп келе жатқан адал қызметшілер өздерінің қызмет еткеніне көп жыл болғанына қалай қарайды? Мысал келтіріңдер.
ЕХОБАҒА адал қызмет етіп жүрген көптеген бауырластарымыз шындықты жас кезінде естіген. Киелі кітапты бар ынтасымен зерттеген олар, аса қымбат бір інжуді тауып алып, сол інжуді сатып алу үшін өзінің барлық мал-мүлкін сатып жіберген саудагер секілді, өз еркі бойынша өмір сүруді қойып, өмірлерін Ехобаға арнаған болатын (Матай 13:45, 46; Марқа 8:34). Құдайдың жерге қатысты айтылған уәделерінің орындалуын өздері ойлаған уақыттан да ұзақ күтіп жүргеніне олардың көзқарасы қандай? Олар бұл үшін өкінбейді! Олар А. Х. Макмиллан бауырласымыз сияқты көзқараста. Алпыс жылдан аса уақыт бойы Құдайға қызмет еткен ол былай деген болатын: «Сеніміме сай өмір сүруге деген ынта-жігерім бұрынғыдан да күшті. Сенімнің арқасында менің өмірім мән-мағынаға толы болып отыр. Сондай-ақ сенім менің болашаққа қорықпай қарауыма әлі күнге дейін көмектесуде».
2. а) Иса ізбасарларына дер кезінде қажеті боларлық қандай кеңес берді? ә) Бұл мақалада біз қандай мәселелерді талқылаймыз?
2 Ал сен туралы не айтуға болады? Жасың қаншада болса да, Исаның мына сөздері жайында ойланып көрші: «...қалғымаңдар! Өйткені Қожаларыңның қай сәтте келетінін білмейсіңдер ғой» (Матай 24:42). Осы қарапайым сөздердің астарында маңызы зор шындық жатыр. Зұлым заманға шығарылған үкімді орындау үшін Иеміздің қай күні келетіні бізге белгісіз, әрі білудің қажеті де жоқ. Дегенмен Иеміз келгенде біз еш өкінбейтіндей өмір кешуіміз керек. Киелі кітаптағы қандай мысалдар біздің сергек болуымызға көмектеседі? Сергек болу керектігін Иса қалай көрсетті? Біздің осы құдайсыз дүниенің соңғы дәуірінде өмір сүріп отырғанымызды көрсететін қандай дәлелдер бар?
Сақтандыратын мысал
3. Бүгінгі адамдар Нұхтың замандастарына қай жағынан ұқсайды?
3 Қазіргі адамдар көп жағынан Нұхтың күндерінде өмір сүрген ерлер мен әйелдерге ұқсайды. Ол кезде дүниені қатыгездік жайлаған болатын, әрі адамдардың жүрек қалауы «зұлымдыққа толы еді» (Жаратылыс 6:5). Көпшілігі күнделікті күйбең тірліктен бас көтермейтін. Сөйтсе де Топан суды жерге жібермес бұрын, Ехоба адамдардың тәубеге келіп, алған бетінен қайтуына мүмкіндік берді. Ол Нұхқа уағыздау жұмысын тапсырды. Ал ол, қырық-елу жыл бойы, мүмкін одан да көп шығар, «ақиқатты уағыздаушы» болып қызмет ету арқылы, Ехобаның айтқанын орындады (2 Петір 2:5). Бірақ адамдар Нұхтың ескертулеріне мән бермеді. Олар қалғыған күйінде жүре берді. Бұны Ехоба өзінің үкімін жүзеге асырған кезде Нұх пен оның отбасының ғана аман қалғанынан көруге болады (Матай 24:37—39).
4. Не себепті Нұхтың қызметі бекер болған жоқ деуге болады және неліктен сенің уағыздау қызметің жайында да осыны айтуға болады?
4 Нұхтың қызметі нәтижелі болды деуге бола ма? Азғантай адамның құлақ асқанына сүйеніп қорытынды жасауға асықпаңдар. Шын мәнінде, қанша адамның құлақ асқанына қарамастан, Нұхтың уағыздау жұмысы көзделген нәрсені орындады. Неге бұлай айта аламыз? Себебі Ехобаға қызмет етуге байланысты адамдардың талғам жасауына мүмкіндік берілді. Сен уағыздап жүрген аймақтағы жағдай қалай? Бірен-саран адам ғана құлақ асып жатқанымен, сен бекер қызмет етіп жүрген жоқсың. Неге? Өйткені сен уағыздау арқылы Ехобаның ескертуін жариялап, Исаның ізбасарларына берген тапсырмасын орындап жүрсің (Матай 24:14; 28:19, 20).
Құдайдың пайғамбарларына немқұрайды қарау
5. а) Аввакумның күндерінде Иудеяның жағдайы қандай еді және оның айтқан пайғамбарлығын адамдар қалай қабылдады? ә) Құдайдың пайғамбарларына Иудей халқы қаншалықты дәрежеде өшпенділікпен қараушы еді?
5 Топан судан кейін ғасырлар өткен кезде, Иудея патшалығында қиын жағдай туған болатын. Бұтқа табыну, әділетсіздік, қанау, тіпті кісі өлтіру таңғалдырмайтындай дәрежеге жеткен-ді. Егер тәубесіне келмейтін болса, халдейлерден, яғни бабылдықтардан, қиянат көретінін Аввакумға айтқызу арқылы Ехоба халыққа ескерту жасаған болатын (Аввакум 1:5—7). Бірақ халық құлақ аспады. Мүмкін олар былай ойлаған болар: «Осыдан жүз жыл бұрын Ишая пайғамбар осындай ескерту жасаған болатын, бірақ әлі ештеңе болған жоқ!» (Ишая 39:6, 7). Иудеядағы көптеген лауазымды адамдар ескертулерге немқұрайды қарап қана қойған жоқ, сонымен қатар пайғамбарларға өшпенділікпен қараушы еді. Бір жолы олар Еремия пайғамбарды өлтірмекші болған. Егер Ахикам араша түспегенде, олар бұл ойларын жүзеге асырған болар еді. Жоақим патша болса, тағы бір пайғамбарлық хабарға ашуланып, Ұрия пайғамбарды өлтіртті (Еремия 26:21—24).
6. Ехоба Аввакумға қалай күш берді?
6 Аввакумның айтқан әшкерелейтін және көпшілікке ұнамайтын хабары Иудеяның 70 жылға қаңырап қалатынын айтқан Еремияның пайғамбарлығынан кем түскен жоқ (Еремия 25:8—11). Сондықтан Құдайға: «Уа, Тәңірім, қашанғы мен жалбарынамын, ал Сен естімейсің, зорлық-зомбылықты айтып қашанғы зар илеймін, ал Сен құтқармайсың?» — деп жалбарынған Аввакумның басындағы қайғы бізге түсінікті (Аввакум 1:2). Ехобаның мейірімі түсіп, Аввакумға сенімін күшейтетін мынадай сөздермен жауап берді: «Бұл белгілі бір уақытқа қатысы бар көрініс әрі соңғы кез туралы айтады, алдамайды; кешіксе де күт, себебі міндетті түрде орындалады, өзгертілмейді» (Аввакум 2:3). Сонымен, Ехоба әділетсіздік пен қанаушылықты жоятын «белгілі бір уақытты» бекіткен. Бұл күн кешігіп жатқан сияқты көрінсе де, Аввакум абыржып, тапсырылған істі орындауға деген ынтасын төмендетпеуі керек еді. Аввакум сол күнді «күтіп», өмірінің әрбір күнін уақыттың тығыз екенін ескеріп өткізуі керек болатын. Ехобаның күні өзгертілмейді!
7. Б. з. І ғасырында Иерусалим не себепті тағы да күйреуі керек еді?
7 Ехобаның Аввакуммен сөйлескеніне шамамен жиырма жылдай уақыт өткеннен кейін, Иудеяның астанасы Иерусалим күйреді. Кейінірек қала қалпына келтіріліп, Аввакумның жанына батқан көп нәрселер дұрыс жолға қойылды. Бірақ тұрғындарының теріс қылықтарының кесірінен Иерусалим І ғасырда тағы да күйреуі керек еді. Ехоба Құдай мейірімге толы болғандықтан, адал адамдардың құтқарылуына жағдай жасады. Бұл жолы хабарды жеткізу ең көрнекті пайғамбар — Иса Мәсіхке тапсырылды. Б. з. 33 жылы Иса өзінің ізбасарларына былай деген болатын: «Иерусалим қаласын әскерлер қоршап алғанын көрсеңдер, оның ойрандалатын кезінің жақындап қалғанын білесіңдер. Сол уақытта Иудея аймағында тұрғандар тауларға қашып құтылсын» (Лұқа 21:20, 21).
8. а) Иса өлгеннен соң кейбір мәсіхшілердің жағдайы қандай болуы мүмкін еді? ә) Исаның Иерусалимге қатысты айтылған пайғамбарлығы қалай орындалды?
8 Жылдар өтіп жатты. Исаның айтқан пайғамбарлығы қашан орындалатынын Иерусалимде тұрып жатқан адал мәсіхшілердің білгісі келген болса керек. Өйткені олардың кейбіреулері талай нәрседен бас тартты ғой. Сергек жүруді көздеп, олардың кейбірі түсімі мол іскерлік ұсыныстан бас тартқан шығар. Уақыт өте келе олар шаршады ма? Әлде уақытты бекер өткізіп жүр екенбіз немесе Исаның пайғамбарлықтары бізге емес, келешек ұрпаққа қатысты айтылған екен деген тұжырымға келді ме? Б. з. 66 жылы Рим әскері Иерусалимді қоршап алған кезде, Исаның айтып кеткен пайғамбарлығы орындала бастады. Сергек жүргендер белгіні көріп, қаладан қашып кетті де, аман қалды.
Қалғымау керектігін көрсететін мысал
9, 10. а) Қожасының тойдан қайтуын күтіп тұрған қызметшілер туралы Исаның айтқан мысалының мағынасын қалай жеткізген болар едіңдер? ә) Қызметшілеріне қожайынын күту не себепті қиын болар еді? б) Шыдамдылық таныту неліктен қызметшілердің өздері үшін пайдалы болған болар еді?
9 Қалғымау керек екеніне ерекше көңіл бөле отырып, Иса өзінің шәкірттерін қожасының тойдан қайтуын күтіп тұрған қызметшілермен салыстырды. Қожасының күн батқаннан кейін келетінін олар білетін, бірақ дәл қай сәтте келетіні белгісіз. Бірінші күзетте ме? Екіншіде ме? Әлде үшіншіде ме? Иса былай деген болатын: «Қожайыны тіпті түн ортасында немесе таң алдында қайтып келгенде олардың ояу отырғанын көрсе, сол қызметшілер бақытты!» (Лұқа 12:35—38, сілтемені қара). Қызметшілердің қалай қобалжығанын көз алдарыңа елестетіп көріңдерші! «Осы қожайын емес пе екен?» — деген оймен, тысыр еткен дыбысқа құлақ түріп, әрбір көлеңкені аңдумен болды.
10 Қожайын екінші күзетте, яғни кешкі тоғыз бен түнгі он екінің аралығында, келсе ше? Оның қызметшілерінің бәрі, тіпті таң атқаннан бастап көп еңбектенгендеріне қарамай, қожайынын қарсы алуға дайын болар ма еді, әлде кейбіреулері ұйықтап қалар ма еді? Ал егер ол түнгі он екі мен үштің аралығында, яғни үшінші күзетте, келсе ше? Қызметшілердің кейбіреулері күте-күте шаршап, қожайыны кешігіп жатыр деген оймен наразылық танытқан болар ма еді?a Қожайын келген кезде ояу отырған қызметшілер ғана бақытты делінген. Нақыл сөздер 13:12-дегі сөздерді соларға қатысты қолдану орынды болған болар еді: «Көп күттірген үміт жүректі сыздатады, ал орындалған тілек өмір ағашы секілді» (Нақыл сөздер 13:12).
11. Біздің қалғымауымызға дұға қалай көмектеседі?
11 Қожайыны кешігіп жатқан сияқты көрінгенде, Исаның ізбасарларының қалғымауына не көмек болған болар еді? Гетсимани бағында, тұтқынға алынар алдында, үш елшіге Иса былай деген болатын: «Теріс жолға азғырылмауларың үшін, ұйықтамай отырып дұға етіңдер!» (Матай 26:41). Біраз жыл өткеннен соң, осы сөздер айтылған кезде сол жерде болған Петір, бір сенімдегі бауырластарына дәл сондай кеңес берді: «Барлық нәрсенің ақыры жақын. Сондықтан парасатты болыңдар және дұға айтқанда сергек болыңдар» (1 Петір 4:7). Иә, жан-тәнімен дұға ету біздің мәсіх жолындағы өміріміздің ажырамас бөлігі болуы керек. Қалғып кетпеу үшін, біз үнемі Ехобадан күш сұрап отыруымыз керек (Римдіктерге 12:12; 1 Салониқалықтарға 5:17).
12. Есептеп шығаруға шамадан тыс берілу мен қалғымай жүрудің арасында қандай айырмашылық бар?
12 Петірдің тағы да не айтқанына назар аударыңдаршы: «Барлық нәрсенің ақыры жақын». Қаншалықты жақын? Дәл сол күн мен сағатты есептеп шығаруға тырысқаннан пайда жоқ (Матай 24:36). Дегенмен Киелі кітап құптамайтын шамадан тыс есепке берілу мен Киелі кітап шақырып отырған осы заманның ақырын күтудің арасында айырмашылық бар. (Салыстырыңдар 2 Тімотеге 4:3, 4; Титке 3:9.) Заманның ақырын қалай күтуімізге болады? Ақыры жақын екенін білдіретін дәлелдерге назар аудару арқылы күтуге болады. Әділетсіз дүниенің ақырғы дәуірінде өмір сүріп отырғанымызды білдіретін алты дәлелді есімізге түсірейікші.
Айқын алты дәлел
13. 2 Тімоте кітабының 3-тарауындағы сөздер «соңғы дәуірде» өмір сүріп отырғанымызға көзіңді қалай жеткізіп отыр?
13 Бірінші. Елші Пауылдың «соңғы дәуір» туралы сөздерінің орындалып жатқанын біз анық көріп отырмыз. Пауыл былай жазған болатын: «Есіңде болсын: соңғы дәуірде қиын-қыстау күндер туады: адамдар өзімшіл, ақшақұмар, мақтаншақ, тәкәппар, өсекшіл, ата-аналарына бағынбайтын, алғысты білмейтін, қасиеттіні танымайтын, ешкімді сүймейтін, ымыраға келмейтін, жалақор, ұстамсыз, қатыгез, жақсылықты жек көретін, опасыз сатқын, ақылсыз қызба, кеуде көтерген, Құдайдан гөрі ләззат-ермекті артық көретін болады. Олар сырт көзге Құдайға ұнайтындай болып көрінгенімен, Оның күшінен бас тартады. Мұндай адамдардан аулақ жүр! Қара ниеттілер мен алаяқтар бұрынғыдан бетер жамандық жасап, өздері де алданып, өзгелерді де алдай бермек» (2 Тімотеге 3:1—5, 13). Осы пайғамбарлықтардың бүгінгі күні орындалып жатқанын көріп отырмыз емес пе? Бұнымен дәлелдерді көргісі келмей көзін жұмған адам ғана келіспейді!b
14. Аян 12:9-дағы Ібіліс туралы сөздер бүгін қалай орындалуда және жақында оған не болады?
14 Екінші. Аян 12:9-ға сәйкес, Шайтан Ібіліс пен оның жын-перілерінің көктен жерге тасталғандығының нәтижесін көріп отырмыз. Онда былай делінген: «Шайтан және Ібіліс деп аталатын, бүкіл әлемді азғырушы, үлкен айдаһар, ежелгі жылан жерге тасталды, онымен бірге оның періштелері де тасталды». Бұл жерге үлкен қайғы-қасірет әкелді. Расында да адамзат 1914 жылдан бері қайғыдан бас көтермей жатыр. Оның үстіне, Аянда жазылған пайғамбарлықта жерге тасталған Шайтан «өзіне аз уақыт қалғанын біледі» делінген (Аян 12:12). Шайтан осы уақыт аралығында Мәсіхтің майланған ізбасарларымен шайқасуда (Аян 12:17). Оның бүгінде қандай шабуыл жасап жатқанын біз анық көріп отырмызc. Дегенмен Шайтан, «халықтарды енді алдай алмауы үшін», жақында түпсіз тұңғиыққа тасталады (Аян 20:1—3).
15. Аян 17:9—11 тармақтардағы сөздер ақырғы кезеңде өмір сүріп отырғандығымызды қалай дәлелдейді?
15 Үшінші. Біз Аян 17:9—11 тармақтарда пайғамбарлық етілген сегізінші және соңғы «патшаның» кезеңінде өмір сүріп отырмыз. Бұл пайғамбарлықта елші Жохан дүниежүзілік жеті державаны бейнелейтін жеті патша жайында айтады: Мысыр, Ассирия, Бабыл, Мидо-Парсы, Греция, Рим және қос мемлекеттен тұратын Англо-Американдық держава. Сонымен қатар Жохан «әлгі жетеудің қатарынан шыққан» сегізінші патшаны көреді. Көріністегі соңғы сегізінші патша Біріккен Ұлттар Ұйымын білдіреді. Жохан сегізінші патшаның «құрып кететіндігін» айтып отыр, ал одан кейін ешқандай патша туралы айтылмайдыd.
16. Набуходоносор көрген көріністің орындалғаны жөніндегі айғақтар біздің соңғы кезеңде өмір сүріп отырғанымызға қалай нұсқайды?
16 Төртінші. Набуходоносор көрген көріністе мүсіннің аяғымен бейнеленген кезеңде өмір сүріп отырмыз. Адам кейпінде көрінген алып мүсін туралы түстің нені білдіретінін Даниел пайғамбар түсіндірген болатын (Даниел 2:36—43). Мүсіннің металдан тұратын төрт бөлігі, басынан бастап (Бабыл империясы) аяғы мен аяғының бақайына дейін (қазіргі таңда басшылық етіп отырған үкіметтер), әр түрлі дүниежүзілік державаларға нұсқайды. Мүсінмен бейнеленген дүниежүзілік державалардың барлығы өздерін көрсетті. Біз қазір мүсіннің аяғымен бейнеленген кезеңде өмір сүріп отырмыз. Осы пайғамбарлыққа сәйкес, басқа дүниежүзілік державалар болмауы керекe.
17. Патшалық туралы уағыздау ісіміз зұлым дүниенің ақырында өмір сүріп отырғанымызды қалай дәлелдейді?
17 Бесінші. Исаның сөздеріне сәйкес, осы зұлым дүниенің ақырын білдіретін уағыздау жұмысының дүние жүзі бойынша жүріп жатқанын көріп отырмыз. Иса: «Патшалық туралы осы Ізгі хабар бүкіл жер бетінде жарияланып, барлық халықтарға куәлік болады; содан кейін [осы заманның] ақыры болады»,— деген болатын (Матай 24:14). Осы пайғамбарлықтың орындалып жатқаны бұрынғыға қарағанда бүгін тайға таңба басқандай анық болып отыр. Хабар таратылмаған жерлер әлі де бар болғанымен, Ехобаның белгілеген уақыты келген кезде бұл іс кең өріс алатын болса керек (1 Қорынттықтарға 16:9). Сөйтсе де Киелі кітап әрбір адам жеке құлақтандырылғанға дейін Ехоба күтеді деп отырған жоқ. Ехобаның еркі осындай болып тұрған кезде ізгі хабар жариялануы керек. Содан соң ақыры болады (Матай 10:23).
18. «Үлкен апат» басталғанда кейбір майланған мәсіхшілердің қайда болуы ықтимал және не себепті бұлай деуге болады?
18 Алтыншы. Исаның майланған адал ізбасарларының саны азаюда, сөйтсе де үлкен апат басталған кезде олар әлі де жерде болатын болса керек, сірә. Майланған мәсіхшілердің көпшілігі қазір егде тартқан және қалдықтың құрамына шын мәнінде кіретіндердің саны жылдан-жылға азаюда. Дегенмен, үлкен апат жөнінде айта келе, Иса мынаны ескерген: «Егер Құдай сол күндердің санын қысқартпаса, онда ешбір адам құтқарылмас еді, бірақ Оның таңдап алғандары үшін сол күндердің санын қысқартады» (Матай 24:21, 22). Сірә, Мәсіхтің «таңдап алынғандарының» кейбіреулері үлкен апат басталған кезде әлі жерде болатын болса керекf.
Алда не күтіп тұр?
19, 20. Неге біз бұрынғыдан да сергек болуымыз керек?
19 Бізді болашақта не күтіп тұр? Алда толғандыратын уақыт күтіп тұр. Пауыл «Иеміздің қайта оралатын күні ұрының түнде түсетініндей кенеттен келетінін» ескерткен болатын. Осы дүниеге тән даналығы бар адамдар туралы айта келе, ол былай деген еді: «Жұрт „Бәрі тыныш, қауіпсіз“ деп жүргенде-ақ, апат... аяқ астынан болады». Сондықтан Пауыл өзінің оқырмандарын: «Басқаларға ұқсап ұйықтап қалмай, сергек және салауатты жүрейік!» — деп шақырып отыр (1 Салониқалықтарға 5:2, 3, 6). Адамдардың ұйымдары бейбітшілік пен қауіпсіздік орнатады деген пікірдегі адамдар болып жатқан жағдайды жоққа шығаруда. Мұндай адамдар шынында да ұйықтап жатыр.
20 Осы зұлым дүниенің жойылуы аяқ астынан басталады. Сондықтан Ехобаның күнін күтуден жалықпаңдар. Құдайдың өзі Аввакумға: «Өзгертілмейді»,— деген болатын. Қазір біз үшін шынында да қалғуға болмайтын уақыт.
[Сілтемелер]
a Кездесу жайында қожайын қызметшілерімен келіскен жоқ. Сондықтан ол қашан келіп, қашан кететіні жөнінде есеп беруге міндетті емес, сондай-ақ өзінің не себепті келмей жатқанын түсіндіруге де міндетті емес.
b Күзет мұнарасы қоғамы басып шығарған «Мәңгілік өмірге алып баратын білім» кітабында осы пайғамбарлық толық талқыланған.
c Күзет мұнарасы қоғамы басып шығарған «Аян. Оның салтанатты шарықтау шегі жақын!» кітабынан көбірек мәлімет табуға болады, 180—186 беттер, ағ.
d «Аян. Оның салтанатты шарықтау шегі жақын!», 251—254 беттерін қараңдар, ағ.
e Күзет мұнарасы қоғамы басып шығарған «Даниелдің пайғамбарлығына құлақ салыңдар!» кітабының 4-тарауын қараңдар, ор.
f Қойлар мен серкелер туралы мысалда, Адам Ұлы үлкен апаттың кезінде өз салтанаттылығымен келіп, үкім шығару үшін салтанатты тағына отырады. Ол адамдарға өзінің майланған бауырластарына көмектескен-көмектеспегеніне қарай үкім шығарады. Егер соттың басталуына әлі бірталай уақыт бар кезде жер бетінде бірде-бір майланған мәсіхші қалмайтын болса, мұндай соттың қисыны болмаған болар еді (Матай 25:31—46).
Естеріңде ме?
• Киелі кітаптағы қандай мысалдар қалғымауымызға көмектеседі?
• Қалғымау керектігін Иса қалай көрсетті?
• Біздің соңғы дәуірде өмір сүріп жатқандығымызға көзімізді жеткізіп отырған қандай алты дәлел бар?
[4-беттегі суреттер]
А.Х. Макмиллан алпыс жылдан аса уақыт бойы Ехобаға адал қызмет еткен.
[7-беттегі сурет]
Иса өзінің шәкірттерін күтуден жалықпайтын қызметшілермен салыстырды.