Ехобаның сөзі тірі.
Нағұм, Аббақұқ және Софония кітаптарындағы көңіл бұрарлық ойлар
ІРІ мемлекетке айналған Ассур патшалығы он рулы Исраил патшалығының астанасы Самарияны талқандады. Ол бірталай уақыттан бері Яһудаға да қауіп төндіріп тұр. Яһудадан шыққан Нағұм пайғамбар Ассур патшалығының астанасы Ниневиге қатысты хабар алды. Бұл хабарды б. з. б. 632 жылға дейін жазылған Нағұм кітабынан оқуға болады.
Ара-тұра халдей патшалары басқарып тұрған Бабыл патшалығы келесі дүниежүзілік ірі мемлекетке айналмақ. Аббақұқ кітабында Ехобаның өз үкімін жүзеге асыру үшін осы патшалықты өзінің құралы ретінде пайдаланатыны және кейіннен Бабылдың қандай күйге ұшырайтыны айтылады. Бұл кітап б. з. б. 628 жылы жазылып біткен болу керек.
Яһудадан шыққан Софония пайғамбар Нағұм мен Аббақұқтан бұрын қызмет еткен. Ол б. з. б. 607 жылы Иерусалимнің күйреуінен 40 жылдан астам уақыт бұрын Яһуда үшін әрі үрейлі, әрі үміт сыйлайтын хабарды жариялаған. Софония кітабында сонымен қатар басқа халықтарға шығарылған үкім туралы айтылады.
“ҚАН САСЫҒАН ҚАЛАНЫҢ АТЫ ӨШСІН!”
“Аса төзімді де айбынды” Ехоба Құдайдың Ниневиге қарсы айтар сөзі бар. Ол өзінен пана іздегендерге “қайғы-қасірет күнінде қорған”, дегенмен Ниневи жойылуға тиіс (Нағұм 1:1, 3, 7).
‘Жаратушы Ие Жақыптың айбынын асырады’. Алайда Ассур патшалығы ‘алып-жұлған арыстандай’ Құдай халқының үрейін алуда. Ехоба Ниневиді ‘түтінге орап жауарбаларын өртейді, [оның] ызақорларын семсер жалмайды’ (Нағұм 2:2, 12, 13). “Қан сасыған қаланың [Ниневидің] аты өшсін!” Ол “туралы естіген жұрттың бәрі қуана қол соғады” (Нағұм 3:1, 19).
Жазба орындарына қатысты сұрақтардың жауаптары:
1:9. Ниневидің ‘тұқымының құруы’ Яһуда үшін нені білдіреді? Бұл Яһуда Ассур патшалығының бұғауынан біржола құтылады, енді “апат қайталанбайды” дегенді білдіреді. Нағұм: “Міне, тау жақтан тыныштықтың лебізін әкеле жатқан ізгі хабаршының аяқ басысы естілді: өзіңнің мерекелеріңді тойла, Иудея”,— деп Ниневи жойылып қойғандай сөйлейді (Нғм. 1:15).
2:6. Мұнда қандай ‘су қақпаларының ашылғаны’ жайлы айтылып тұр? Мұнда Тигр өзені Ниневи қаласының дуалдарын бұзып кеткені туралы айтылады. Б. з. б. 632 жылы бабылдықтар мен мидиялықтардың біріккен әскері Ниневиге келгенде, қаладағылар аса үрейлене қойған жоқ. Олар биік дуал қоршаған қалаларын ешбір жау ала алмайды деп ойлаған. Алайда қатты жауынның әсерінен Тигр өзені арнасынан асып кетеді. Диодор есімді тарихшы су “қаланың біраз жерін алып кеткенін және дуалдың едәуір бөлігін бұзып кеткенін” жазған. Осылайша су қақпалары ашылып қалды және алдын ала айтылғандай, Ниневиді кепкен сабанның лап етіп бір-ақ жанып кеткені сияқты тез арада жаулап алды (Нағұм 1:8—10).
3:4. Неге Ниневи азғын әйелмен салыстырылған? Ниневи халықтарға дос болып, көмек көрсетуді уәде еткенімен, оларға қысымшылық көрсететін. Мысалы, ол Яһуданың Ахаз патшасына Сирия мен Исраилдің біріккен күшіне қарсы тұруға біраз көмектескен. Алайда соңында “Ассур патшасы... Яһудаға аттанып, көмек орнына зорлық-зомбылық көрсетті” (Шежірелер 2-жазба 28:20).
Біз үшін сабақ:
1:10. Ниневидің биік қабырғалары мен жүздеген мұнаралары Ехобаның үкімінің орындалуына кедергі бола алмады. Ехобаның бүгінгі жаулары да оның сотынан қашып құтыла алмайды (Нақыл сөздер 2:22; Даниял 2:44).
‘ІЗГІ ЖАН ӨЛМЕЙДІ’
Аббақұқ кітабының алғашқы екі тарауы пайғамбар мен Ехоба Құдайдың арасындағы әңгіме ретінде жазылған. Яһудадағы жағдай мазасын алған Аббақұқ Құдайдан неге өзіне зұлымдықты көрсетіп отырғанын және неге Өзінің де ауыртпалыққа куә болып отырғанын сұрайды. Ехоба оған: “Жүгенсіз кеткен қатігез халық Халдейлерді көтеремін”,— деп жауап қатады. Аббақұқ Құдайдың Яһуданы жазалау үшін “зұлымдарды” қолданатынына таңғалатынын айтады (Аббақұқ 1:3, 6, 13). Ехоба оған ізгі жанның өлмейтінін, ал жаулардың жазадан қашып кете алмайтынын айтып, сенімін нығайтады. Сонымен қатар Аббақұқ Яһуданың жауы халдейлерге айтылған бес қарғысты жазған (Аббақұқ 2:4).
Аббақұқ Құдайдан рақым тілеп айтқан зарлы дұғасында оның Қызыл теңізде, шөл далада және Иерихонның жанында көрсеткен зор құдіреті туралы айтады. Сондай-ақ ол Ехобаның Һар-Магедондағы қаһарлы жойқын күшін суреттейді. Аббақұқ дұғасын: “Жаратушы Ием — менің күш-құдіретім: Ол маған бұғының ұшқырлығын береді де өзімнің биігіме шығарады!”— деген сөздермен аяқтайды (Аббақұқ 3:1, 19).
Жазба орындарына қатысты сұрақтардың жауаптары:
1:5, 6. Неге халдейлердің Иерусалимге қарсы аттануы яһудилер үшін айтса сенгісіз нәрсе болып көрінуі мүмкін еді? Аббақұқ пайғамбарлық ете бастағанда, Яһуда елі Мысырға бағынышты болатын (Патшалықтар 4-жазба 23:29, 30, 34). Бабыл патшалығы күннен-күнге күшейіп келе жатқанымен, перғауын Нехаоның әскерін әлі талқандаған жоқ еді (Еремия 46:2). Оның үстіне, Ехобаның ғибадатханасы Иерусалимде болатын әрі билікті ұстап отырған Дәуіттің ұрпақтары осында басқаратын. Сол уақыттағы яһудилер үшін Құдайдың халдейлерге Иерусалимді жоюға жол беруі адам нанғысыз іс болып көрінсе керек. Бірақ соған қарамастан, бабылдықтардың Иерусалимді қиратуы туралы аян б. з. б. 607 жылы ‘міндетті түрде’ орындалды (Аббақұқ 2:3).
2:5. “Тәкаппар адам” кім және неліктен ол “өз мақсатына жете алмайды” (ЖД)? “Тәкаппар адам” соғыс жүргізу шеберлігін қолданып, халықтарды жаулап алған бабылдықтарды бейнелеген. Ол жеңістің дәмін татқан соң, өзін шарапқа мас болған адамдай ұстаған. Ол барлық халықтарды жинап алу мақсатына жете алмайды, себебі Ехоба мидиялықтар мен парсыларды қолданып, оны күйретіп түсіреді. Бүгінгі “тәкаппар адам” саяси күштерді бейнелейді. Ол да өзіне деген сенімділік пен өзі туралы асқақ ойдан мастанған және билігін кеңейтуден ешқашан қанағат таппайды. Алайда ол өзінің ‘барша жұртты бауырына басу’ мақсатына жете алмайды. Адамзатты Құдай Патшалығы ғана біріктіре алады (Матай 6:9, 10).
Біз үшін сабақ:
1:1—4; 1:12—2:1. Аббақұқтың шын жүректен қойған сұрақтарына Ехоба жауап берді. Шынайы Құдай өзінің адал қызметшілерінің дұғасын тыңдайды.
2:1. Біз де Аббақұқ сияқты рухани сергектігіміз бен құлшынысымызды сақтауымыз керек.
2:3. Ехобаның келер күнін сеніммен күтейік және қай уақытта өмір сүріп жатқанымызды ұмытпайық.
2:4. Ехобаның жуырда болатын сотында аман қалу үшін табандылық танытып, сенімімізді сақтауымыз керек (Еврейлерге 10:36—38).
2:6, 7, 9, 12, 15, 19. Заңсыз жолмен пайдакүнемдік көздейтін, зұлымдықты ұнататын, азғын немесе жалған тәңірлерге табынатын адамдар қарғысқа ұшырайтыны сөзсіз. Мұндай істерден аулақ жүру үшін сақ болуымыз керек.
2:11. Осы дүниедегі зұлымдықты айтып әшкерелемейтін болсақ, ‘тастар бебеу қағады’. Құдай Патшалығы туралы хабарды батыл уағыздай бергеніміз маңызды.
3:6. Ехобаның үкімінің іске асуына ештеңе, тіпті таулар мен қыраттар секілді мызғымастай көрінетін адамдардың ұйымдары да, кедергі бола алмайды.
3:13. Біз Һар-Магедонда ешкімнің байқаусызда өліп кетпейтініне сенімдіміз. Ехоба өзінің адал қызметшілерін сақтап қалады.
3:17—19. Һар-Магедон кезінде немесе оның алдында біз жақтан қандай да бір шығын болуы мүмкін, бірақ Ехоба өзіне қуана қызмет етіп жүрген біздерге ‘күш-құдірет’ береді.
“ЖАРАТУШЫ ИЕНІҢ КҮНІ ЖАҚЫН”
Яһудада Бағалға табыну әбден етек алған. Ехоба өзінің пайғамбары Софония арқылы: “Иудеяға және Иерусалимнің барша тұрғындарына қолымды созамын”,— дейді. Ал Софония: “Жаратушы Иенің күні жақын”,— деп ескертеді (Софония 1:4, 7, 14). Ол күні Ехобаның талаптарын орындайтындар ғана ‘бас сауғаламақ’ (Софония 2:3).
“Өктемшіл қала [Иерусалим] оңбасын!” ‘Енді менің ойран салатын күнімді күтіңдер, деді Жаратушы Ие, өйткені Мен халықтарды жинап, оларға ашу-ызамды төкпекші болдым’. Бірақ кейін Құдай былай деп уәде етеді: “Жер бетіндегі барлық халықтардың ішінде сендерді әйгілі әрі құрметті етемін, өз көздеріңше сендердің азаттықтарыңды өздеріңе қайтарамын” (Софония 3:1, 8, 20).
Жазба орындарына қатысты сұрақтардың жауаптары:
3:9. ‘Таза ауыз’, немесе таза тіл, деген не және бұл тілде қалай сөйлейді? Бұл — Киелі кітапта жазылған Құдайдың шындығы. Бұған барлық Киелі кітап ілімдері жатады. Біз шындыққа сеніп, оны басқаларға дұрыс үйретіп, Құдай еркіне сай өмір сүру арқылы осы тілде сөйлейміз.
Біз үшін сабақ:
1:8. Софонияның кейбір замандастары ‘жат жұрттың киімін киіп’, айналасындағы халықтарға жағымпазданған болса керек. Ехобаның бүгінгі қызметшілерінің де осы дүниеге бейімделуге тырысқаны ақымақтық болар еді.
1:12; 3:5, 16. Ехоба өз халқын жазалайтынын айтып, ескертіп отырған. Ол тіпті жайлы өмір кешіп жүрген яһудилер хабарға құлақ асқылары келмесе де, пайғамбарларын жібере берген. Ехобаның ұлы күні жақын қалғандықтан, адамдардың хабарға немқұрайды қарағанына бола ‘қолымыздан күш кетпесін’, қайта, Патшалық туралы хабарды үзбей жариялай берейік.
2:3, ЖД. Өзінің қаһарлы күні келгенде, бізді Ехоба ғана құтқарып қала алады. Оның ықыласынан айырылып қалмау үшін, Киелі кітапты мұқият зерттеу арқылы, дұға айтып, басшылығын сұрау арқылы және өзіне жақындау арқылы “Ехобаны іздеуіміз” керек. Құлықтылық тазалықты сақтау арқылы “әділдікті іздеуіміз” керек. Сондай-ақ момындық пен мойынсұнушылықты дамыта отырып “момындықты іздеуіміз” керек.
2:4—15; 3:1—5. Ехобаның сот күні келгенде, мәсіхшілер әлемі мен Құдай халқына қысымшылық көрсеткен халықтардың бәрі ежелгі Иерусалим тұрғындары мен оны қоршаған халықтардың кебін киеді (Аян 16:14, 16; 18:4—8). Біз Құдайдың үкімін батыл жариялай беруіміз керек.
3:8, 9. Біз Ехобаның күнін күте жүріп, ‘таза ауызға’ ие болуды, не таза тілде сөйлеуді, үйрену арқылы және Құдайға бағышталып, ‘Жаратушы Иенің атын атау’ арқылы сол күні құтқарылып қалуға дайындалудамыз. Сондай-ақ Ехобаға оның халқымен бірге ‘бірауыздан құлшылық етеміз’ әрі оны ‘мадақтап сый-тартуымызды ұсынамыз’ (Еврейлерге 13:15).
“Қатты асығып келеді”
Забур жыршысы: “Шамалы шыда сонда ұждансыздар жоғалады; оның жоғалғанын көресің”,— деп жырлаған (Забур 36:10). Нағұм кітабындағы Ниневиге қатысты және Аббақұқ кітабындағы Бабыл мен жолдан тайған яһудилерге қатысты айтылған сөздер жайында ой жүгірткенде, забур жыршысының сөздері де дәл орындалатынына күмәніміз қалмайды. Алайда оған дейін қанша күтуіміз керек?
Софония 1:14-те: “Жаратушы Иенің ұлы күні жақындап қалды”,— деп айтылған.— “Жақын қалды, қатты асығып келеді”. Сондай-ақ Софония кітабында сол күні қалай аман қалуға болатыны және ол үшін бүгіннен бастап не істей беру керек екені айтылады. Шынында да, “Құдайдың сөзі тірі, әсері де күшті” (Еврейлерге 4:12).
[8-беттегі сурет]
Ниневидің биік қабырғалары Нағұм пайғамбар айтқан сөздердің орындалуына кедергі бола алмады
[Түпдерек]
Randy Olson/National Geographic Image Collection