Ризашылықтарың үнемі артып отырсын
“Сенің ойларың маған тым жоғары [“аса бағалы”, ЖД], Уа, Құдай, қанша көп олардың саны!” (ЗАБУР 138:17)
1, 2. Құдай Сөзін неге бағалауымыз керек және забур жыршысы оған деген ризашылығын қалай білдірді?
БҰЛ күтпеген жерден табылған керемет дүние еді. Иерусалимдегі Ехобаның ғибадатханасы жөнделіп жатқанда, бас діни қызметкер Хелкия “Жаратқан Иенің Мұса арқылы берген Таурат заңының жазбасын тауып алды”. Бұның шамамен 800 жыл бұрын жазылып біткен түпнұсқа көшірме болғаны шүбәсіз! Осы кітап Құдайды қастерлейтін Жосия патшаның алдына әкелінгенде, оның не сезінгенін елестете аласыңдар ма? Ол кітапты өте бағалап, дереу хатшысы Шафанға дауыстап оқытады (Шежірелер 2-жазба 34:14—18).
2 Бүгінде Құдай Сөзін, толықтай не кейбір бөліктерін, миллиардтаған адамдар оқи алады. Бұл Жазбалардың құндылығын не маңыздылығын төмендете ме? Әрине, жоқ! Өйткені онда біздің игілігіміз үшін жазылған Құдіретті Құдайдың ойлары бар (Тімотеге 2-хат 3:16). Забур жыршысы Дәуіт Құдай Сөзіне деген сезімін білдіріп: “Сенің ойларың маған тым жоғары [“аса бағалы”, ЖД], Уа, Құдай, қанша көп олардың саны!”— деп жазды (Забур 138:17).
3. Дәуіт рухани түсінігі терең адам болғаны неден көрінеді?
3 Дәуіттің Ехобаға және оның Сөзі мен орнатқан шынайы ғибадаты үшін ризашылығы ешқашан сөнбеген. Дәуіт сезімін өзі шығарған көптеген әдемі забур жырларында білдірген. Мысалы, Забур 26:4-те: “Мен Жаратушы Иеден бір ғана нәрсе сұрадым, өз өмірімнің соңына дейін Жаратушының шаңырағы астында болуды, Жаратушының сұлулығына қызыға қарауды және Оның храмына кіріп жүруді [“оның ғибадатханасына ризашылықпен қарауды”, ЖД], міне, осыларды ғана тіледім”,— деп жазған. Еврей тіліндегі түпнұсқада “ризашылықпен қарау” деген тіркес ойға шомып қарап тұру, мұқият үңілу, тамсанып, сүйсініп, қызығып қарау дегенді білдіреді. Дәуіт Ехобаның рухани шараларын шын бағалайтын, Құдайдың ашқан әрбір шындығынан рақат алатын рухани түсінігі терең адам болғаны анық. Оның ризашылық білдіруге қатысты көрсеткен үлгісі еліктеуімізге тұрарлық (Забур 18:8—12).
Киелі кітаптағы шындықты білу мәртебесін бағалайық
4. Исаның ‘Киелі рухтың қуанышына кенелуіне’ не себеп болды?
4 Құдай Сөзін терең түсіну адамды өркөкірек етіп жіберетін білгіштікке немесе осы дүниенің біліміне байланысты емес. Керісінше, ол рухани мұқтаждықтарын мойындайтын кішіпейіл де ақ жүректі адамдарға көрсететін Ехобаның сүйіспеншілікке толы мейірімділігіне байланысты (Матай 5:3, ЖД; Жоханның 1-хаты 5:20). Иса кейбір кемелсіз адамдардың есімдері көктегі кітапқа тіркеліп жатқанына ой жібергенде, “Киелі рухтың қуанышына кенеліп: — Көк пен жердің Иесі — Әке! Осы жайларды данышпандар мен білгіштерден жасырып қалып, оларды білімсіздерге ашып көрсеткенің үшін Сені дәріптеймін,— деп мақтау айтты” (Лұқа 10:17—21).
5. Исаның шәкірттері өздеріне ашылған Патшалықтың шындықтарын неге бағалап жүрулері керек еді?
5 Шын жүректен айтқан сол дұғадан соң, Иса шәкірттеріне бұрылып: “Сендер көріп жүрген керемет нәрселерді көргендерің үшін бақыттысыңдар. Сендерге айтамын: көптеген пайғамбарлар мен патшалар сендердің көріп жүргендеріңді көргілері келді, бірақ көре алмады, сендер естіп жүрген сөздерді естігілері келді, бірақ ести алмады”,— деді. Иә, Иса адал ізбасарларын өздеріне ашылып жатқан Патшалықтың құнды шындықтарын бағалап жүруге шақырды. Бұл шындықтар Құдайдың ертеректегі қызметшілеріне ашылмаған еді. Сондай-ақ олар, сөз жоқ, Исаның күніндегі ‘данышпандар мен білгіштерге’ де ашылған жоқ (Лұқа 10:23, 24).
6, 7. а) Құдайдың шындығын бағалап, оған риза болуға бізде қандай себептер бар? ә) Бүгінде шынайы дін мен жалған діннің арасындағы қандай айырмашылықты көруге болады?
6 Бүгінгі күні Құдайдың шындығын бағалап, сол үшін риза болуға бізде одан да көп себеп бар. Өйткені Ехоба өз халқына “адал да ақылды құл” арқылы өз Сөзі жайлы тереңірек түсінік беріп отыр (Матай 24:45; Даниял 12:10). Соңғы уақыт жайлы Даниял пайғамбар: “Оны көп адам оқиды да мәнісін білетіндер көбейеді [“шынайы білім молаяды”, ЖД]”,— деп жазды (Даниял 12:4). Бүгінде Құдай жайлы білім ‘молайып’, Ехобаның қызметшілері рухани тоқ жүргендерімен келісерсіңдер.
7 Құдай халқының рухани гүлденуі мен Ұлы Бабыл діндеріндегі былықтың арасында қандай үлкен айырмашылық бар екенін көреміз десеңші! Нәтижеде, жалған діннен көңілі қалған немесе оны жек көріп кеткен көп адамдар таза ғибадатқа бет бұруда. Олар ‘оның [Ұлы Бабылдың] күнәларына араласқысы’ немесе ‘басына түсетін пәлелерімен бөліскісі’ келмейтін қой тәрізді адамдар. Ехоба мен оның қызметшілері осындай адамдардың бәрін шынайы мәсіхшілер қауымына шақыруда (Аян 18:2—4; 22:17).
Ризашылық сезінгендер Құдайға ағылып келуде
8, 9. Нағай 2:7-гі сөздер бүгінде қалай орындалуда?
8 Өзінің рухани ғибадатханасы жайлы Ехоба: “Барлық халықтарды шайқаймын, сонда барша халықтардың Аңсаулысы келеді, сөйтіп осы үйді даңққа бөлеймін”,— деп алдын ала айтқан (Нағай 2:7). Бұл керемет пайғамбарлық Нағайдың күнінде Құдай халқының аман қалған тамтығы Иерусалимдегі ғибадатхананы қайта қалпына келтіргенде орындалды. Бүгінде Нағайдың сөздері Ехобаның ұлы рухани ғибадатханасына қатысты тағы да орындалуда.
9 Миллиондаған адамдар Құдайға “Рухына кенеліп, шындықпен сиынуға” бейнелі ғибадатханаға келді, әрі барша халықтан жыл сайын жүздеген мың аңсаулылары әлі де ағылып келуде (Жохан 4:23, 24). Мысалы, 2006 қызмет жылының дүниежүзілік есебі 248 327 адам өздерін Ехобаға бағыштағандарының белгісі ретінде шомылдыру рәсімінен өткенін көрсетеді. Бұл күн сайын орта есеппен 680 жаңа адам қосылды деген сөз! Олардың шындыққа деген сүйіспеншіліктері мен Ехобаға Патшалықтың жариялаушылары ретінде қызмет етуге деген ықыластары оларды шын мәнінде Құдай жақындатып тартқанын растайды (Жохан 6:44, 65).
10, 11. Адамдар Киелі кітаптағы шындықты қалай бағалап жатқанын көрсететін мысал айтып беріңдер.
10 Осы ақ жүректі адамдардың көбісі “тақуа мен күнәһардың арасында, Құдайға құлшылық етуші мен Оған құлшылық етпеушінің арасында қандай айырмашылық бар екенін” көріп, шындыққа келіп отыр (Малахи 3:18). Мысалы, Уэйн мен Виржиния атты ерлі-зайыптыларды алайық. Олар бұрын протестант шіркеуінің мүшелері болған, бірақ көп сұрақтарына жауап ала алмаған. Олар соғысты жек көретін, сондай-ақ дінбасыларының жауынгерлер мен қару-жарақтарға батасын беріп жатқанын көргенде, бұған еш түсінбей, ашуланатын. Жастары ұлғайған сайын, Виржиния тіпті жексенбілік діни мектепте бірнеше жыл сабақ берсе де, шіркеудегі ешкім өздерін керек етпейтінін сезінді. “Бізге ешкім келген де жоқ, рухани күйімізді білгісі келген жан болған да жоқ,— деді олар.— Шіркеудің бар қалағаны — ақшамыз еді. Біздің олардан көңіліміз қалды”. Шіркеулері гомосексуализмге төзімділік танытатын болғанда, олардың одан бетер салы суға кетті.
11 Сол кездері олардың немере қызы, кейіннен қызы да Ехоба Куәгері болады. Уэйн мен Виржиния бұған алғашқыда ашуланса да, кейін ойларын өзгертіп, Киелі кітапты зерттеуге келіседі. “Біз үш айдың ішінде Киелі кітап туралы 70 жылдам астам уақытта білгенімізден әлдеқайда көп нәрсе білдік! Құдайдың есімі Ехоба екенін ешқашан білген емеспіз, сондай-ақ не Патшалық, не жердегі Жұмақ туралы да ештеңе білмедік”,— дейді Уэйн. Көп ұзамай осы ақ жүректі екі жан мәсіхшілер қауымына келіп, қызметке қатыса бастайды. “Біз шындықты әрбір адамға айтқымыз келеді”,— дейді Виржиния. 2005 жылы 80-ге қараған жастарында екеуі де шомылдыру рәсімінен өтеді. “Біз нағыз мәсіхшілерді таптық”,— дейді олар.
Құдайдың ‘барша игі іске дайындап’ отырғанын бағалайық
12. Ехоба өз қызметшілерін әрдайым немен қамтамасыз етеді және оның пайдасын көру үшін не істеуіміз керек?
12 Ехоба өз қызметшілеріне еркін орындауға әрдайым көмектеседі. Мысалы, Нұх кемені тұрғызуға қатысты анық та нақты нұсқаулар алды, әрі ол бірден дұрыс соғылуы керек еді. Бұл солай болды да. Неге? Өйткені Нұх “барлығын Құдай оған қалай бұйырса, солай істеді” (Жаратылыс 6:14—22). Бүгінгі күні де Ехоба өз қызметшілерін еркін орындауға толықтай даярлауда. Әрине, біздің басты ісіміз — Құдайдың көкте орнаған Патшалығы туралы ізгі хабарды уағыздау мен лайықты болған адамдарға Иса Мәсіхтің шәкірттері болуға көмектесу. Тап Нұхтың жағдайындағыдай, біздің де бұл істе табысты болуымыз мойынсұнғанымызға байланысты. Бізге Ехобаның өз Сөзі және ұйымы арқылы беріп отырған нұсқауларына құлақ асу керек (Матай 24:14; 28:19, 20).
13. Ехоба бізге қалай білім беруде?
13 Бұл істі атқару үшін негізгі құралымыз — Құдай Сөзін дұрыс қолданып үйренуіміз керек. Ол “тәлім беру, әшкерелеу, түзету әрі әділдікке тәрбиелеу үшін тиімді; осылай Құдайдың адамы барша игі іске дайындалып, толықтай даяр болмақ” (Тімотеге 2-хат 2:15; 3:16, 17). Бірінші ғасырдағыдай, Ехоба мәсіхшілер қауымы арқылы құнды білім беруде. Бүгінде дүние жүзі бойынша 99 770 қауым бар. Қызметімізге көмектесу үшін апта сайын Теократиялық қызмет мектебі мен қызмет кездесуі өткізіледі. Осы маңызды кездесулерге үнемі келуіңмен, онда білгеніңді қолдануыңмен оларды бағалайтыныңды көрсетесің бе? (Еврейлерге 10:24, 25)
14. Ехобаның қызметшілері Құдайға қызмет ету мәртебесін бағалайтындарын қалай көрсетуде? (27—30 дейінгі беттердегі кестеге түсініктеме беріңдер.)
14 Жер жүзі бойынша Құдайдың миллиондаған қызметшілері қызметке көп күш сала отырып, алып жатқан білімдерін бағалайтындарын көрсетуде. Мысалы, 2006 қызмет жылы Патшалықтың 6 741 444 жариялаушысы осы іске, жалпы алғанда, 1 333 966 199 сағат жұмсады. Мұның ішінде 6 286 618 Киелі кітап зерттеу сабағы бар. Бұл — дүниежүзілік есепте келтірілген жігерлендіретін жайттардың кейбірі ғана. Бірінші ғасырдағы бауырластарымыз сол уақыттағы уағыздау ісінің ұлғайып жатқандығы жайлы есептен сөзсіз көп жігер алғаны сияқты, біз де сені осындай есепке мұқият қарап, одан жігер алуға шақырамыз (Елшілердің істері 1:15; 2:5—11, 41, 47; 4:4; 6:7).
15. Неге Ехобаға бар жан-тәнімен қызмет етіп жатқан ешбір адамның ұнжырғасы түспеуі керек?
15 Жыл сайынғы Ехоба Куәгерлерінің Құдайға айтқан ғаламат мадақтаулары олардың Құдайды білуге және ол жайлы куәлік ету мәртебесін жоғары бағалайтындарын көрсетеді (Ишая 43:10). Қарт, сырқат не дәрменсіз бауырластардың ұсынған мадақтау құрбандықтарын жесір әйелдің екі бақырымен салыстыруға болады. Алайда Ехоба мен оның Ұлы қолдарынан келгенді істеп, бар жан-тәндерімен қызмет ететіндерді өте бағалайтынын ұмытпалық (Лұқа 21:1—4; Ғалаттықтарға 6:4).
16. Соңғы уақыттарда Құдай бізді тәлім беруге арналған қандай құралдармен қамтамасыз етті?
16 Қызметке қатысты берілетін білімнен басқа, Ехоба өз ұйымы арқылы бізді адамдарға тәлім беруге арналған керемет құралдармен қамтамасыз етіп келеді. Соңғы онжылдықта мынадай кітаптар жарық көрді: “Мәңгілік өмірге алып баратын шындық”, “Сен жер бетінде жұмақта мәңгі өмір сүре аласың”, “Мәңгілік өмірге алып баратын білім” және жақында шыққан “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабы. Осы құралдарды шындап бағалайтындар оларды қызметте тиімді қолдануға тырысады.
“Киелі кітап үйретеді” кітабын тиімді қолданайық
17, 18. а) Қызметте “Киелі кітап үйретеді” кітабының қай тақырыбына назар аударғыларың келеді? ә) Осы кітап жайлы бір аудандық бақылаушы не дейді?
17 Ішінде 19 тарауы, егжей-тегжейлі қосымшасы бар, анық әрі қарапайым тілде жазылған “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабы қызмет үшін керемет жәрдем болып отыр. Мысалы, 12-тарауда “Құдайға ұнамды болатындай өмір сүр” деген тақырып талқыланады. Ол жерде Киелі кітапты зерттеп жүрген адамға қалай Құдаймен дос бола алатыны түсіндіріледі. Ал көп адамдар әдетте мұны мүмкін еместей көреді (Жақып 2:23). Киелі кітапты зерттеуге арналған осы құралға білдірілген лебіздер қандай?
18 Австралиядағы бір аудандық бақылаушы “Киелі кітап үйретеді” кітабы “үй иесін дереу әңгімеге тартып, бірден қызықтырып ала кететінін” айтады. Сондай-ақ оның айтуынша, бұл кітапты қолданудың жеңілдігі сонша — ол “көп жариялаушыларға қызметте қайтадан сенімді болуға және қуаныш алуға көмектескен. Сондықтан кейбіреулердің кітапты кесек алтын атап кеткені де таңғалдырмайды!”.
19—21. “Киелі кітап үйретеді” кітабының құндылығын көрсететін кейбір оқиғаларды айтып беріңдер.
19 “Сені Құдай жіберген шығар”,— деді Гайанадағы бір әйел есік алдында тұрған ізашар ер бауырласқа. Жақында ғана некесіз бірге тұрып жатқан жолдасы оны екі кішкене баласымен тастап кеткен екен. Ізашар оған “Киелі кітап үйретеді” кітабының 1-тарауын ашып, “Құдай әділетсіздікке қалай қарайды?” деген тақырыпшаның астындағы 11-абзацты дауыстап оқып береді. “Ондағы ойлар әйелге қатты әсер етті. Ол орнынан тұрып, дүкенінің артына барды да, екі көзіне ерік берді”,— деді ізашар. Ол әйел бір жергілікті әйел бауырласпен Киелі кітапты зерттеуге келіседі. Қазір рухани өсуде.
20 Испанияда тұратын Хосе жол апатынан әйелін жоғалтқан еді. Ол қайғысын ішімдікпен басуға тырысады және психолог мамандардың көмегіне жүгінеді. Алайда олар Хосені қатты мазалайтын “Неге Құдай әйелімнің өлуіне жол берді?” деген сұраққа жауап бере алмайды. Бірде ол сол компанияда істейтін Франческпен танысады. Франческ оған “Киелі кітап үйретеді” кітабының “Неге Құдай қайғы-қасіретке жол беріп отыр?” деп аталатын 11-тарауын бірге қарастыруды ұсынады. Жазбалардың түсіндірмесі және мұғалім мен оқушының мысалы Хосеге қатты әсер етеді. Ол Киелі кітапты зерттеуге шындап кірісіп, аудандық конгреске де келеді. Қазір жергілікті Патшалық сарайындағы кездесулерге барып тұрады.
21 Польшадағы Роман атты 40 жастағы іскер Құдай Сөзін әрқашан құрметтейтін. Алайда жұмыстан қолы еш тимейтіндіктен, Киелі кітапты зерттеу сабағында шамалы-ақ алға басқан болатын. Десе де ол бірде облыстық конгреске барып, сол жерден “Киелі кітап үйретеді” кітабының бір данасын алады. Осыдан кейін ол айтарлықтай өзгерістер жасайды. “Осы кітаптың көмегімен Киелі кітаптың негізгі ілімдерін өзара біріктіре келе, толық бір “суретті” көреді екенсің”,— дейді ол. Роман қазір Киелі кітапты жүйелі түрде оқып жүр, әрі рухани жақсы өсіп жатыр.
Ризашылығымыз әрі қарай да арта берсін
22, 23. Болашақтағы үмітімізді бағалайтынымызды әрі қарай да қалай көрсете аламыз?
22 “Құтқарылу жақын” деп аталатын керемет облыстық конгресте түсіндірілгендей, шынайы мәсіхшілер Құдай уәде еткен және Иса Мәсіхтің төгілген қанының арқасында мүмкін болып отырған ‘мәңгілік азат етілуді’ аңсайды. Осы асыл үмітті шын бағалайтынымызды көрсетудің ең жақсы жолы — ‘мәңгі тірі Құдайға шынымен ғибадат ете алуымыз’ үшін ‘өлімге бастап әкететін қылықтардан’ арылуды жалғастыра беру (Еврейлерге 9:12, 14).
23 Бірінші кезекте тек қара бастың қамын ойлауға қысым жасалып жатқан уақытта Патшалықтың алты миллионнан астам жариялаушысының Құдайға қызмет етулерін адал жалғастыруы, шын мәнінде, керемет жайт. Бұл сондай-ақ Ехобаның қызметшілері ‘Иемізбен жүріп атқарған еңбектерінің бекер еместігін’ біле отырып, Құдайға қызмет ету мәртебесін жоғары бағалайтындығының дәлелі. Осы ризашылықтарың ешқашан сөнбесін! (Қорынттықтарға 1-хат 15:58; Забур 109:3)
Қалай жауап берер едіңдер?
• Забур жыршысының Құдайға және оның рухани шаралары үшін ризашылық білдіргенінен неге үйренеміз?
• Нағай 2:7-дегі сөздер бүгінде қалай орындалуда?
• Ехоба қызметшілерін тиімді қызмет етуге қалай даярлап отыр?
• Ехобаға ізгілігі үшін ризашылығыңды қалай білдіре аласың?
[27-30-беттердегі қоршау]
ЕХОБА КУӘГЕРЛЕРІНІҢ 2006 ҚЫЗМЕТ ЖЫЛЫНЫҢ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ЕСЕБІ
(Толық мәтінді басылымнан қара)
[25-беттегі суреттер]
Ехоба өз еркін орындауға бізді толығымен дайындап отыр