“Бірде-бір адам ол сияқты сөйлеген емес!”
‘Бәрі Оған ризашылық білдіріп, аузынан шыққан ұнамды сөздеріне таңғалды’ (ЛҰҚА 4:22).
1, 2. а) Неге Исаны тұтқындауға жіберілген сақшылар құр қол келді? ә) Исаның тәлім бергені сақшыларды ғана қайран қалдырмағаны неден көрінеді?
САҚШЫЛАР өздеріне тапсырылған істі орындамады. Оларға Иса Мәсіхті тұтқындап әкелу тапсырылған еді, олар болса құр қол қайтып келеді. Бас діни қызметкерлер мен парызшылдар: “Неге Оны алып келмедіңдер?” — деп, сақшылардың жауап беруін талап етеді. Расында да, неге ешқандай қарсыласпаған адамды ұстап әкелмеді екен? Олар: “Бірде-бір адам Ол сияқты сөйлеген емес!” — деп түсіндірді. Оның тәлім бергеніне қайран қалған сақшылар Иса сияқты бейбітшіл адамды тұтқындауға қолдары бармадыa (Жохан 7:32, 45, 46).
2 Исаның тәлім беру әдісі сақшыларды ғана қайран қалдырмаған. Киелі кітапта оның сөздерін тыңдауға халықтың көптеп келетіні де айтылған. Жерлестері Исаның ‘аузынан шыққан ұнамды сөздеріне таңғалған’ (Лұқа 4:22). Ол көп рет Ғалилея көлінің жағасында тұрып, қисапсыз халыққа арнап сөз айтқан (Марқа 3:9; 4:1; Лұқа 5:1—3). Бірде “халық көп жиналып” жерге асы қалмағанына қармастан, бірнеше күн бойы Исамен бірге болған (Марқа 8:1, 2).
3. Исаны атақты тәлімгер еткен ең алдымен не?
3 Исаны атақты тәлімгер еткен не? Ең алдымен — сүйіспеншілік. Иса шындықты және сол шындық жөнінде халыққа тәлім беруді жақсы көрген. Сонымен қатар ол тәлім берудің керемет әдістерін қолданған. Біз осы және келесі мақалаларда Исаның қолданған тәсілдерінің бірнешеуін, сондай-ақ қалай оған еліктей алатынымызды қарастырамыз.
Қарапайымдылық пен айқындылық
4, 5. а) Неге Иса қарапайым сөздермен тәлім берген және мұнда таңқаларлықтай не бар? ә) Исаның қарапайым тілмен тәлім беретіні Таудағы уағыздан қалай көрінеді?
4 Жоғары білімді адамдар көбінесе тыңдаушылары түсінбейтін сөздерді қолданады. Алайда өзгелер айтқан сөзімізді түсінбесе, біздің біліктілігімізден оларға не пайда? Иса тәлім бергенде ешқашан тыңдаушыларына түсініксіз сөздерді қолданбаған. Оның сөз қорының қандай болғанын ойлап көріңдерші. Ол соншалықты білімді бола тұра, өзінің емес тыңдаушыларының қамын ойлаған. Иса олардың көбісінің ‘оқымаған, қарапайым’ адамдар екендігін білген (Елшілердің істері 4:13, ЖД). Ол ойын анық жеткізгісі келген, сондықтан қарапайым адамдарға түсінікті болатын сөздерді қолданған. Оның қолданған сөздері қарапайым болғанмен, шындықтың терең мәнін түсіндірген.
5 Мысалы, Матай 5:3—7:27-тармақтарда жазылған Таудағы уағызды қарастырып көрейікші. Иса аталмыш уағызды жиырма-ақ минутте айтып шықса керек. Бірақ онда зинақорлық, ажырасу, дүниеқоңыздық сияқты нәрселер терең қарастырылады (Матай 5:27—32; 6:19—34). Сөйте тұра, онда түсінуге ауыр сөздер жоқ. Міне, сондықтан сол уағызда қолданылған күрделі сөздер балаларға да түсінікті! Сол себепті ол сөзін аяқтағанда жиылған халықтың, олардың арасында диқандар, бақташылар мен балықшылар да бар, ‘қатты қайран қалғанын’ түсінуге болады (Матай 7:28).
6. Исаның сөздерінің қарапайым бола тұра, мағынасының терең екендігіне мысал келтіріңдерші.
6 Иса жиі анық, қысқа да нұсқа сөйлей отырып, қарапайым сөздермен терең мағыналы нәрселерді түсіндіретін. Баспа атаулы болмаған сол заманда ол өзінің хабарын тыңдаушыларының миы мен жүректерінде ұмытылмастай етіп қалдырды. Солардың кейбіреуіне көңіл бөліп көрелік: “Ешкім екі қожайынға бірдей қызмет ете алмайды... Құдайға және байлыққа бірдей бағышталып қызмет ете алмайсыңдар!” “Құдай өздеріңе үкім шығармас үшін сендер басқаларға үкім айтпаңдар!” “Адамдарды да “жемістерінен” танып білесіңдер”. “Дәрігер дені сауға емес, ауру адамға қажет”. “Семсеріне сенген семсерден өлер”. “Патшаға тиістісін патшаға, ал Құдайға тиістісін Құдайға беріңдер!” “Алғаннан гөрі берген бақытты”b (Матай 6:24; 7:1, 20; 9:12; 26:52; Марқа 12:17; Елшілердің істері 20:35). Осы сөздер айтылғаннан бері 2 000 жылдай уақыт өтсе де, Исаның осындай әсерлі сөздерін оп-оңай ойда сақтауға болады.
Сұрақтарды қолдану
7. Неге Иса сұрақ қоятын болған?
7 Иса сұрақтарды керемет түрде қолданған. Жиі ол нақты ойды айта салмай ұзағырақ уақытты талап ететін болса да сұрақтарды қолданатын. Не үшін? Кейде Иса қарсыластарының пиғылын аян етіп, әшкерелейтін сұрақтар қою арқылы оларды сөйлетпей тастайтын (Матай 12:24—30; 21:23—27; 22:41—46). Бірақ көп жағдайда сұрақты шындықты жеткізу үшін, тыңдаушыларының жүректерінде не барын білу үшін, сондай-ақ шәкірттерін ойландыру және ойлау қабілетін дамыту үшін қоятын. Елші Петірге қатысты болған екі оқиғаны қарастырып көрейік.
8, 9. Иса ғибадатхана үшін садақа төлеуге қатысты Петірдің дұрыс тұжырым жасауына көмектескенде, сұрақты қалай қолданған?
8 Алдымен, садақа жинаушылардың Петірден Исаның ғибадатхана үшін садақа төлейтін-төлемейтінін сұрағанын еске түсірейікшіc. Кейде шалыс әрекет ететін Петір: “Иә”,— деп жауап береді. Алайда біраздан кейін Иса онымен бірге ой жүгірте бастайды: “Шимон, қалай ойлайсың: осы дүниелік патшалар алым-салықты кімнен жинайды — өз халқынан ба [“ұлдарынан ба”, ЖД], әлде бөтендерден бе?” Ол: “Бөтендерден”,— дегенде, Иса: “Сонымен өз халқы [“ұлдары”, ЖД] салықтан босатылған”,— дейді (Матай 17:24—27). Исаның сұрағының мәні Петірге түсінікті еді. Неге?
9 Исаның заманында монархтардың балалары салықтан босатылатын. Сол сияқты яһудилер ғибадат етіп жүрген Көктегі Патша Ехобаның жалғыз Ұлы ретінде Исаның да салық төлемеуіне болар еді. Мынаны ескеріңдер: Иса Петірді түзетіп қана қоя салмаған, қайта, Петірдің дұрыс тұжырым жасауына көмектесетін сұрақ қойған, әрі жұмсақ түрде сұраған. Сондай-ақ Петірдің бірдеңе айтпас бұрын, жақсылап ойланып алу керек екендігін түсінуіне де көмектессе керек.
10, 11. Б. з. 33 жылының Құтқарылу мейрамында Петір бір кісінің құлағын шауып түсірген кезде, Иса не істеді және бұдан оның сұрақ қоюдың әсері күшті екенін түсінетіндігі қалай көрінеді?
10 Екінші мысал б. з. 33 жылының Құтқарылу мейрамы болған түні, бір топ адам Исаны тұтқындауға келгенде болған оқиғаға қатысты. Шәкірттері Исадан оған болысып шайқасайық па деп сұрайды (Лұқа 22:49). Петір қойылған сұрақтың жауабын тыңдап жатпай-ақ, семсерін сілтеп қалып бір кісінің құлағын шауып түсіреді (Петір ол кісіні одан да ауыр жарақаттағысы келген болуы да мүмкін). Петірдің әрекеті қожайынының еркіне сай болған жоқ, өйткені Иса тұтқындалуға даяр еді. Ол не істеді екен? Әдеттегі ұстамдылығымен Петірге үш сұрақ қойды: “Әкем Маған белгілеп қойған азапты тартуым керек екендігін білмеуші ме едің?” “Әкемнен сұрасам, Ол Маған дереу он екі әскери бөлімнен астам періштелерін жібереді! Әлде солай болмайды деп ойлайсың ба? Бірақ олай істемесем, Киелі жазбалардағы осы оқиғалар болуға тиіс деп алдын ала айтылғандар қалай жүзеге асар еді?!” (Жохан 18:11; Матай 26:52—54).
11 Бір сәтке сол оқиғаны көз алдарыңа елестетіп көріңдерші. Иса ашулы тобырдың қоршауында тұр, ол Әкесінің есімін ақтау және адамзаттың күнәсін мойнына алу үшін өлер шағы таяп қалғанын біледі. Осыған қарамастан, сондай қарбаласта Иса сұрақтар арқылы Петірдің санасына маңызды шындықты ұялатты. Бұдан Исаның сұрақ қоюдың әсері күшті екенін түсінетіндігі көрінеді емес пе?
Айқын гиперболалар
12, 13. а) Гипербола деген не? ә) Иса бауырластарымыздың болмашы кемшілігін сынау ақымақтыққа жататынын көрсету үшін қандай гиперболаны қолданған?
12 Иса қызметінің барысында тәлім берудің тағы бір тиімді тәсілін жиі қолданған. Ол — гиперболалар. Гипербола дегеніміз — айтылған нәрсенің мәнін арттыру үшін әдейі әсірелеу. Гиперболалар арқылы Иса ұмытылмастай мысалдар ойлап тапқан. Солардың бірнешеуін қарастырып көрейік.
13 Таудағы уағызында Иса ‘басқаларға үкім айтпауға’ ерекше көңіл аударып, былай деді: “Неге бауырыңның көзіндегі тікенді көре тұра, өз көзіңдегі бөренені байқамайсың?” (Матай 7:1—3). Осы жағдайды көз алдарыңа елестете аласыңдар ма? Өзгелерді сынап-мінеуге бейім әлдебіреу бауырласының “көзіндегі” тікенді алып беруді ұсынады. Сынап-мінеуші дұрыс пен бұрысты бауырласы анық көре алмайды дегенге саяды. Алайда оның өзінің дұрыс пен бұрысты ажырата алу қабілетіне ‘бөрене’ кедергі етіп тұр. Өзіміздің үлкен кемшілігіміз бола тұра бауырласымыздың болмашы кемшілігін сынаудың қандай ақымақтық екенін көрсететін қандай ұмытылмас мысал десеңші!
14. Неге Исаның масаны сүзіп, түйені түгімен жұтуға қатысты келтірген гиперболасы керемет әсерлі болды?
14 Өзге бір жағдайда Иса парызшылдарды “масаны сүзіп тастап, түйені түгімен жұтып қоятын соқыр жетекшілер-ай” деп айыптайды (Матай 23:24). Исаның осы гиперболаны қолданғаны ерекше әсерлі болған. Неге? Өйткені кішкентай маса мен Исаның сол уақыттағы тыңдаушыларына белгілі ең ірі жануарлардың бірі түйенің арасындағы айырмашылық өте үлкен еді. Орташа есеппен түйенің салмағы шамамен 70 миллион масаның салмағына тең деген болжам бар. Сондай-ақ Иса парызшылардың шарапты шүберектен сүзетінін білетін. Таурат заңын қатаң ұстанатын сол кісілер абайсызда масаны жұтып қойып, арамдалып қалмау үшін солай ететін. Бірақ олар арам болып есептелетін түйені бейнелі сөздермен айтқанда түгімен жұтатын (Леуіліктер 11:4, 21—24). Исаның не айтқысы келгені анық көрініп тұр. Парызшылдар Таурат заңының ең болмашы ұсақ-түйегіне дейін орындайтын, бірақ “әділдік, мейірімділік және адалдық” сияқты маңызды нәрселеріне немқұрайды қарайтын (Матай 23:23). Иса олардың нағыз болмысын қалайша әшкерелеген десеңші!
15. Исаның гиперболаларды қолданып тәлім бергенінен қандай сабақ алуға болады?
15 Қызметінің барысында Иса гиперболаларды жиі қолданатын. Келесі мысалдар осының дәлелі. ‘Тарының түйіріндей ғана сенім болса’, тауды орнынан жылжытуға болады. Иса азғана сенімнің өзі көп нәрсе істей алатынын көрсету үшін бұдан артық тәсіл таппас еді (Матай 17:20). Дәп-дәу түйе иненің көзінен өтуге тырысады. Бұл гипербола дүниеқоңыздыққа мықтап берілген кісінің Құдайға қызмет етуге тырысуын қалай керемет суреттейді десеңші! (Матай 19:24). Исаның ойлап тапқан керемет бейнелері мен азғана сөз қолданып үлкен нәтижелерге жететіндігі таңқалдырады емес пе?
Бұлтартпайтын қисындылық
16. Иса өзінің ой-санасын тек қандай мақсатта қолданған?
16 Ой-санасы кемелді болған Иса қисынды түрде ой түзуге шебер болған. Бірақ ол ешқашан өзінің осындай қабілетін теріс мақсатта қолданбаған. Тәлім бергенде ол өзінің ой-санасын тек өзгелерді шындыққа үйрету үшін қолданатын. Кейде ол қисынды түрде ой түзу арқылы діни қарсыластардың айыптарын жоққа шығаратын. Алайда көбінесе ол мұндай тәсілді шәкірттеріне маңызды тәлім беру үшін қолданған. Исаның аталмыш тәсілді қалай шебер қолданғанын қарастырып көрелік.
17, 18. Қалай Иса парызшылдардың таққан айыптарын жоққа шығару үшін бұлтартпайтын қисынды түрде ой түзу тәсілін қолданған?
17 Иса жын соққан, соқыр да мылқау адамды сауықтырған кездегі болған оқиғаны қарастырып көрейік. Мұны естігенде парызшылдар: “Анау жындарды тек солардың әміршісі белзебүлдің (яғни әзәзіл шайтанның) күшімен қуып шығарады!” — дейді. Парызшылдардың Шайтанның перілерін қуу үшін табиғаттан жоғары тұрған күш қажет екенін мойындағандары ескере кетерлік жайт. Бірақ халықты Исаға сендірмеу үшін парызшылдар оның бойындағы күшті Шайтандікі дейді. Иса олардың жалаларының негізсіз екендігін көрсетіп, былай дейді: “Жікке бөлініп, өзара соғысып жатқан әрбір патшалық жойылып, бос қалады. Өзара ұрыс-керісте тұрып жатқан әр қала не үй де құрып кетеді... Сол сияқты егер шайтан өзін қуып шығарса, оның өзіне-өзі қарсы соғысқаны! Олай болса, оның патшалығы қалай жойылмай тұра алар еді?” (Матай 12:22—26). Басқаша айтқанда Иса былай деген: “Егер мен сендер айтып тұрғандай, Шайтанның өкілі болсам, тап соның істерін талқандап жатырмын, демек, Шайтан өзіне-өзі қарсы әрекет етуде, сондықтан жақында құрып жоқ болады”. Бұлтартпайтын қисындылық, солай емес пе?
18 Иса осы туралы ой түзуін әрі қарай жалғастырды. Иса кейбір парызшылдардың да жындарды қуып жататынын білетін. Сондықтан ол қарапайым, бірақ олардың ісін әшкерелейтін сұрақ қояды: “Егер Мен жындарды белзебүлдің күшімен шығаратын болсам, онда сендердің шәкірттерің оларды кімнің күшімен қуып шығарады?!” (Матай 12:27). Исаның келтірген дәлелін басқаша сөздермен былай жеткізуге болады: “Егер мен жындарды Шайтанның күшімен шығаратын болсам, сендердің шәкірттерің де соның күшімен шығарып жүр”. Бұған қарсы парызшылдар не айта алады? Олар шәкірттері Шайтанның күшін пайдаланды дегенді ешқашан мойындамас еді. Осылайша бұлтартпайтын қисынды ой түзу арқылы Иса олардың келтірген дәлелдерінің қисынсыз екендігін көрсеткен.
19, 20. а) Иса қисынды ой түзуді тағы да қалай қолданған? ә) Иса шәкірттері дұға етуді үйретуін өтінгенде қалай “одан бетер” деген тіркесті қолданып ой түзеген?
19 Иса мұндай тәсілді қарсыластарын сөйлетпей тастау үшін ғана емес, халыққа жігер беретін әрі жүрекке жылы тиетін Ехоба туралы шындықты үйрету үшін де қолданатын. Иса бірнеше жағдайда тыңдаушыларының өздері білетін шындықтан жаңа ойға көшулеріне көмектесу үшін “одан бетер” деген тіркесті қолданған. Осындай мысалдардың екеуін ғана қарастырып көрейікші.
20 Шәкірттері дұға етуді үйретуін өтінгенде, Иса оларға жауап беріп жатып, ‘қадалып сұрап тұрып алғанының’ арқасында досын өзінің өтінішін орындауға мәжбүр еткен бір адам туралы мысал айтып береді. Сондай-ақ Иса ата-аналарының әрқашан ‘балаларына жақсылық жасауға’ даяр екендігіне көңіл аударды. Сосын ол мынадай қорытынды жасады: “Сонымен өздерің күнәкар бола тұра балаларыңа жақсылық жасауды білесіңдер, [“олай болса, одан бетер”, ЖД] көктегі Әкенің Өзінен сұрағандарға Киелі Рухын сыйлайтыны ешбір шүбәсыз!” (Лұқа 11:1—13). Мұнда Иса өзінің ойын салыстыру емес, қарама-қарсы қою арқылы жеткізген. Егер бастапқыда досы жақынына көмектескісі келмей, бірақ артынан оның мұқтаждығын қанағаттандырған болса, сондай-ақ кемелсіз ата-аналар балаларына қамқорлық етер болса, онда, әрине, көктегі Әкеміз кішіпейілділікпен өзіне дұға еткен адал қызметшілеріне сөзсіз киелі рухын береді.
21, 22. а) Дүниеқоңыздыққа қатысты кеңес бергенде Иса қалай ой түзеген? ә) Исаның тәлім беру тәсілінің бірнешеуін қарастырғаннан кейін, біз қандай пікірге келеміз?
21 Иса дүниеқоңыздыққа салынбауға қатысты кеңес бергенде де осы тіркесті қолданып ой түзеген. Ол былай деді: “Қарғаларға назар салыңдаршы: олар егін екпейді де, ормайды да, ешқандай қоймалары мен қамбалары да жоқ, бірақ Құдай оларды асырайды. Ал сендер құстардан қаншама артықсыңдар! Қызғалдақтардың қалай өсіп тұрғанына көңіл бөліңдерші: олар еңбек те етпейді, жіп те иірмейді... Егер бүгін далада өсіп тұрған, ертең отқа тасталатын шөпті Құдай солай киіндірсе, сендерді, әлбетте, одан бетер киіндіреді, сенімі аздар-ау!” (Лұқа 12:24, 27, 28). Расында да, егер Ехоба құстар мен гүлдердің қамын ойлап отырған болса, әрине, қызметшілерінің қамын одан бетер ойлайды! Осындай мейірімділікке толы әрі қисынды ойлар Исаны тыңдаған адамдардың жүректеріне әсер ететін.
22 Исаның тәлім бергенде қолданған бірнеше тәсілін қарастырғаннан кейін, оны тұтқындауға жіберілген сақшылар: “Бірде-бір адам Ол сияқты сөйлеген емес!” — дегенде, естіп-көргендерін ешбір әсірелемеген деген пікірге келуімізге болады. Сөйтсе де Исаның тәлім бергенде қолданатын ең белгілі тәсілі — мысалдар немесе астарлы әңгімелер болған. Неге ол мысалдарды қолданған? Оның мысалдарының әсерін күшейткен не? Келесі мақалада осы сұрақтар қарастырылады.
[Сілтемелер]
a Сақшылар жоғарғы кеңес пен беделді бас діни қызметкерлердің қол астындағы қызметшілері болса керек.
b Елшілердің істері 20:35-тармағында жазылған сөздерді елші Пауыл ғана келтірген, десе де, Ізгі хабарларда аталмыш сөздердің түпкі мәні жөнінде айтылған. Пауылға бұл сөздерді Исадан өз құлағымен естіген шәкірт жеткізген болар немесе ол оны қайта тірілген Исаның өзінен естісе керек. Я болмаса Пауыл оны көктен келген аян ретінде де алған болуы мүмкін (Елшілердің істері 22:6—15; 1 Қорынттықтарға 15:6, 8).
c Яһудилер жыл сайын ғибадатхана үшін екі драхма (шамамен жай жұмысшының екі күндік жалақысына тең) төлеуге тиіс еді. Жиналған салық ғибадатхана мен сондағы қызметшілердің қажеттіліктеріне және халық үшін күнделікті шалынатын құрбандықтарға жұмсалатын.
Естеріңде ме?
• Исаның қарапайым әрі түсінікті етіп үйреткені қандай мысалдардан көрінеді?
• Неге Иса өзгелерге тәлім бергенде сұрақтарды қолданған?
• Гипербола деген не және тәлім берудің осы тәсілін Иса қалай қолданған?
• Шәкірттеріне Ехоба туралы жүректі жылытатын шындықты үйрету үшін Иса қисынды ой түзу тәсілін қалай қолданған?
[18-беттегі сурет]
Парызшылдар “Масаны сүзіп тастап, түйені түгімен жұтып қоятын”