Бауырласыңды теріс жолдан қайтаруға мүмкіндік бар
«Оған барып, оңаша сөйлесіп айыбын аш; егер ол сөзіңді тыңдаса, онда бауырыңды [теріс жолдан қайтарып] алғаның» (МАТАЙ 18:15).
1, 2. Иса күнә жасалған кезде қолдануға болатын қандай кеңес берді?
Қызметінің бітуіне бір жыл қалғанда, Иса шәкірттеріне аса маңызды нәрселерді үйретті. Бұл жайлы Матай жазған ізгі хабардың 18-тарауынан оқуға болады. Бала сияқты кіші пейіл болғанның маңызы зор екенін Иса айрықша атап айтты. Содан кейін ол, «кішкенелердің біреуінің де» біздің кесірімізден сенімінен тайып кетуіне жол бермеуіміз керектігін атап көрсеткен еді. Сонымен қатар адасып қалған «кішкенелердің» өліп кетпеуі үшін, оларды алған бетінен кейін қайтарып алуға тырысуымыз керек екенін атап айтқан болатын. Осыдан кейін Иса, мәсіхшілердің ара-қатынасындағы келіспеушілікті қалай шешуге болатынына байланысты пайдалы кеңес берді.
2 Мүмкін, оның сөздері есіңде болар: «Егер бауырың саған қарсы күнә жасаса, оған барып, оңаша сөйлесіп айыбын аш; егер ол сөзіңді тыңдаса, онда бауырыңды [теріс жолдан қайтарып] алғаның. Егер ол сөзіңді тыңдамаса сен бір немесе екі кісіні ертіп оған бар, өйткені айтылған барлық сөздеріңе екі яки үш куәгер болу тиісті. Егер олардың сөзін де тыңдамаса, онда мұны [Маған сенушілердің] қауымына айт. Ал қауымды да тыңдамаса, оны бұтқа табынушы [«басқа халықтың адамы», ЖД] және салықшы сияқты деп сана» (Матай 18:15—17). Бұл кеңесті қандай жағдайда және қандай ықылас-ниетпен орындауымыз керек?
3. Өзгелердің қателіктеріне деген біздің көзқарасымыз қандай болуы керек?
3 Бәріміз де кемелсіз әрі қателік жасауға бейім болғандықтан, кешіре білуді үйренуіміз керек екендігіне алдыңғы мақалада ерекше көңіл бөлінген болатын. Әсіресе бір сенімдегі бауырласыңның айтқан сөзі не істеген ісі қатты жаныңа батқан кезде бұл өте қажет (1 Петір 4:8). Көбінесе, ең дұрысы — реніштің «жанынан өту», яғни кешіріп, болған жайды ұмыту. Осылай ете отырып біз қауым жиналысындағы татулықты сақтауға септігімізді тигіземіз (Забур 132:1; Нақыл сөздер 19:11). Алайда көңіліңе тиген бауырласыңмен тіл табысқаның дұрыс болып көрінуі мүмкін. Бұндай жағдайда жоғарыда келтірілген Исаның сөздеріне сәйкес әрекет жасауыңа болады.
4. Матай 18:15-тегі кеңесті өзгелердің жіберген қателіктеріне байланысты қалай қолдануға болады?
4 Иса: «Оңаша сөйлесіп айыбын аш»,— деген кеңес берген болатын. Және бұл ақылға қонымды нәрсе. Әңгіменің тек қана екі адамның арасында болуы керек екенін жеткізу үшін, бір аудармашы «көзбе-көз» деген сөздерді қолданыпты. Әдетте, достық көңілмен оңаша сөйлесу арқылы проблеманы оңай шешуге болады. Егер әңгімелеріңе бөтен біреу араласпаса, сені ренжіткен, болмаса көңіліңді қалдырған немесе қатты сөз айтқан бауырласыңның өз қателігін мойындауы әбден мүмкін. Ал егер әңгімелеріңді басқалар еститін болса, кемелсіздіктің әсерінен бауырласыңның өзінің айыбын мойындағысы келмеуі немесе өзін ақтауға тырысуы мүмкін. Бірақ қиындықты «көзбе-көз» отырып талқылайтын болсаңдар, бұл әдейілеп істелген теріс қылық немесе күнә емес, жай әншейін түсініспеушілік деген шешімге келулерің мүмкін. Түсініспеушілік екенін анықтап алғаннан кейін, болмашы нәрсенің қиын мәселеге айналып кетпеуі және сендердің қарым-қатынастарыңды бұзбауы үшін, бұны екеуіңнің бірігіп шешулеріңе болады. Демек, Матай 18:15-тегі принциптің көмегімен күнделікті өмірде болып тұратын кішігірім реніштерді де шешуге болады.
Исаның не айтқысы келіп еді?
5, 6. Егер контексіне қарайтын болсақ, Матай 18:15-те қандай күнә жайында айтылған және бұл неден көрінеді?
5 Турасын айтқанда, Исаның кеңесі әлдеқайда күрделі мәселеге қатысты айтылған. Иса: «Егер бауырың... күнә жасаса»,— деген болатын. Сөздің жалпы мағынасы бойынша, кез келген қателікті немесе теріс қылықты «күнә» деуге болады (Аюп 2:10; Нақыл сөздер 21:4; Жақып 4:17). Дегенмен Исаның ауыр күнә жайлы айтқаны контекстен көрінеді. Осындай ауыр күнә жасаған адам «бұтқа табынушы [«басқа халықтың адамы», ЖД] және салықшы» деп есептелген болар еді. Бұл сөйлемді қалай түсінуге болады?
6 Исаның бұл сөздерін естіген шәкірттері отандастарының басқа халықтардың адамдарымен араласпайтынын білетін (Жохан 4:9; 18:28; Елшілердің істері 10:28). Сондай-ақ еврей бола тұра өз халқын сорған салықшылардан немесе салық жинайтын адамдардан олардың аулақ жүргенінде сөз жоқ. Сондықтан Матай 18:15—17-де кешіріп, болған жайды ұмытуға болатын реніш туралы емес, ауыр күнәлар жайлы сөз қозғалады деген дәлірек болар еді (Матай 18:21, 22)a.
7, 8. а) Қандай күнәларды қариялар талқылауы керек? ә) Матай 18:15—17-ге сәйкес қандай мәселелерді мәсіхшілердің өзара шешуіне болады?
7 Заң бойынша, кейбір күнәларды жапа шеккен адамның кешіріп қана қоя салғаны жеткіліксіз еді. Құдайға тіл тигізу, жолдан таюшылық, пұтқа табынушылық және азғындық, неке адалдығын бұзу және гомосексуализм сияқты жыныстық қатынасқа байланысты күнәлар жайында қарияларға хабарлау керек болатын. Бұндай істі олардың (немесе дін қызметкерлерінің) қарастыруы керек еді. Мәсіхшілер қауымында да осындай тәртіп бар (Леуі 5:1; 20:10—13; Санақ 5:30; 35:12; Заңды қайталау 17:9; 19:16—19; Нақыл сөздер 29:24). Дегенмен естеріңде болсын, Исаның қозғап отырғанындай мәселені екі адамның өзара шешуіне болады. Мысалы: ашу үстінде немесе қызғаныштан біреу әлдекімге жала жапты. Мәсіхші, өзара жасасқан шарт бойынша, белгілі бір құрылыс материалдарын пайдаланып, жұмысты белгіленген мерзімде бітіруге тиісті еді. Тағы бір мәсіхшінің ақшаны бөліп-бөліп немесе мезгілінде қайтаруы керек болатын. Енді біреуі, жұмыс беріп отырған адамы оған өзінің кәсібін үйрететін болса, келісілген мерзім біткенге дейін немесе белгілі бір аймақта (тіпті жұмыс орнын ауыстырса да) онымен бәсекелеспеуге немесе оның клиентін өзіне тартып алмауға сөз берген болатынb. Егер мәсіхші сөзінде тұрмаса, сондай-ақ өзінің шартты бұзғанына өкінбейтін болса, бұның үлкен айып екені сөзсіз (Аян 21:8). Бірақ бұны, осындай қиындықтарға тап болғандардың өзара ретке келтіруіне болады.
8 Сонымен, мәселені шешу үшін қандай қимыл-әрекет жасаған дұрыс? Исаның сөздерінен көбінесе үш қадамды байқауға болады. Солардың әрқайсысын жеке-жеке талқылайықшы. Бірақ бұл сөздерді қатаң ереже ретінде қарастырма. Одан да өзіңнің игі ниетіңді есіңнен шығармай, Исаның сөздерінің рухын түсінуге тырыс.
Бауырласыңды теріс жолдан қайтаруға тырыс
9. Матай 18:15-тегі кеңеске жүгінген кезде нені естен шығармауымыз керек?
9 Иса: «Егер бауырың саған қарсы күнә жасаса, оған барып, оңаша сөйлесіп айыбын аш; егер ол сөзіңді тыңдаса, онда бауырыңды [теріс жолдан қайтарып] алғаның»,— деп бастаған болатын. Әрине, бұл қадамды тек қана болжамға сүйеніп жасауға болмайды. Жасаған қылығы дұрыс емес екенін көріп, оның белгілі бір әрекет жасауы керектігін бауырласыңның түсінуіне көмектесу үшін, сенің дәлелдерің немесе нақты мәліметтерің болуы керек. Істің қиындап кетпеуі үшін немесе бауырласыңның кеңесті қабылдамай қасарыспауы үшін, бұндай іске тез арада кіріскен дұрыс. Осындай жағдайдың кесірінен ұзаққа созылған уайымның саған да зиян екенін есіңнен шығарма. Мәселе жайында бауырласыңмен оңаша сөйлесу керек болғандықтан, сенің пікіріңді мақұлдайтын адамды іздеп немесе өзіңнің дұрыс екеніңе көз жеткізуді көздеп, бауырласыңмен сөйлескенге дейін өзгелермен бұл жайында сөйлеспе (Нақыл сөздер 12:25; 17:9). Неге? Себебі, сен өзіңнің мақсатыңды ұмытпауың керек.
10. Бауырласымызды теріс жолдан қайтаруға не көмектеседі?
10 Сенің мақсатың — бауырласыңды жазалау, оның намысына тию немесе көзін құрту емес, қайта оны теріс жолдан қайтару. Егер ол шынымен теріс қылық жасаған болса, оның Ехобамен қарым-қатынасы бұзылғалы тұр. Оның әрі қарай да сенің бауырласың болып қалғанын қалайтыныңда күмән жоқ. Сондай-ақ, онымен оңаша сөйлескен кезде байсалдылық сақтап, қатты айтпайтын болсаң, әрі сенің даусың оны кінәлап отырған сияқты естілмейтін болса, қиындықтың жақсы шешілуі әбден мүмкін. Жақсылық ойлауға дайын бол және екеуіңнің де кемелсіз, күнәкар екендеріңді есіңнен шығарма (Римдіктерге 3:23, 24). Сенің қауесет таратпағаныңды және шынымен оған көмектескің келіп жатқанын бауырласың көретін болса, мәселені тез арада-ақ шешуге болады. Проблеманы шешуге деген көзқарас осындай болуы керек. Мұның ақылға қонымды екені әсіресе екеуіңнің де белгілі бір дәрежеде кінәларың бар екендігі немесе мәселенің түп-төркіні түсініспеушілікте жатқаны анықталған кезде байқалады (Нақыл сөздер 25:9, 10; 26:20; Жақып 3:5, 6).
11. Өкпелеткен адам бізді тіпті тыңдамаған жағдайда біздің не істеуімізге болады?
11 Қылығының теріс екенін және іс-әрекетінің жауапқа тартылатын айып екенін бауырласыңа көрсете білсең, істеген ісіне оның өкінуі мүмкін. Бірақ шындыққа тура қараған дұрыс. Өкінуге көкіректік кедергі болуы мүмкін (Нақыл сөздер 16:18; 17:19). Сондықтан бастапқы кезде ол кінәсын мойындамай, өкіну туралы ойлағысы келмейтін болса, келесі қадамға көшуге асықпай қоя тұруыңа болады. Иса: «оған бір-ақ рет барып айыбын аш»,— деген жоқ. Бұл мәселені өзге адамның қатысуынсыз шешуге болатын болғандықтан, Ғалаттықтарға 6:1-де айтылған рухты таныта отырып, «көзбе-көз» отырып сөйлесу үшін бауырласыңа тағы да барып көр. Әрекетің жемісті болуы мүмкін. (Иуда 22, 23, салыстыр.) Ал егер, күнәның жасалғанына және айтқан ақылыңа бауырласыңның бет бұрмайтынына көзің жетіп тұрса ше?
Рухани толысқандардың көмегі
12, 13. а) Мәселені шешу туралы айтқанда Иса қандай екінші қадамға нұсқады? ә) Бұл кеңесті қолданғанда не жайлы ұмытпауымыз керек?
12 Егер сен айыпқа тартылатын іс-әрекет жасаған болсаң, біреудің саған қолын бір-ақ сілтегенін қалар ма едің? Бұндайды қалауың екіталай. Бауырласыңның сенімен және басқалармен бірге әрі қарай да Құдайдың еркіне сай мінажат етуі үшін, теріс жолдан қайтарып алуды көздеген талпынысың бірінші қадаммен ғана шектеліп қоймауы керек. Исаның көрсеткісі келіп отырғаны, міне, осы. Ал екінші қадамның қандай болуы керек екенін Иса айтқан болатын: «Егер ол сөзіңді тыңдамаса сен бір немесе екі кісіні ертіп оған бар, өйткені айтылған барлық сөздеріңе екі яки үш куәгер болу тиісті».
13 Ол «бір немесе екі кісіні» ертіп баруды бұйырған болатын. Иса, бірінші қадамды жасағаннан кейін болған жағдайды көпшіліктің талқысына салуыңа, аралаушы бақылаушыға айтуыңа немесе бауырластарға жазып жіберуіңе болады деген жоқ. Күнәның жасалғаны айдан анық деген ойда болғаныңмен, бұл әлі дәлелденген жоқ. Ақыр аяғында қауесет болып шығуы мүмкін мәліметті таратпағаның абзал (Нақыл сөздер 16:28; 18:8). Бірақ Иса бір немесе екі кісіні ертіп баруды бұйырды ғой. Неге? Және ол кімдер туралы айтты?
14. Қиындықты шешу үшін екінші қадамды жасағанда кімді араластыруға болады?
14 Бауырласыңды теріс жолдан қайтарғың келгендіктен, сен оның үлкен қателік жасағанын және өзіңмен де, Құдаймен де ынтымақта болуы үшін өкінуі керек екенін көрсеткің келеді. Сондықтан, бәрінен де дұрысы — жасалған қателікті көрген бір немесе екі кісінің шақырылғаны. Мысал ретінде іскерлік қарым-қатынасқа байланысты болған мәселені алуға болады. Мүмкін олар болған жағдайды өз көздерімен көрген шығар немесе болған (немесе болмаған) нәрсе туралы маңызды мәліметтер айтар. Егер бұндай куәгерлер жоқ болса, болған жағдайды дұрыс бағалай алатын, осы саладағы істерді жетік білетін бауырластарды араластыруыңа болады. Оның үстіне, қажет болған жағдайда олардың айтылған сөздерді немесе келтірілген дәлелдерді растауына және жасалған қадамдар жайлы айтып куәгер ретінде сөз сөйлеуіне болады (Санақ 35:30; Заңды қайталау 17:6). Сондықтан олар бұл іске қатысы жоқ жай ғана адамдар емес, бауырласымызды теріс жолдан қайтаруға көмектесу үшін шақырылған адамдар.
15. Екінші қадамды жасау керек болған жағдайда неге қариялардың көмегі бізге пайдалы болуы мүмкін?
15 Мәселені шешу үшін іске араластырып жатқан адамыңның қауымның қариясы болуы міндетті түрде емес. Әйтсе де, өздерінің тәжірибесі мен рухани дайындығының арқасында, қауым қариясы болып қызмет етіп жүрген рухани толысқан ер адамдар көмек көрсете алады. Мұндай қариялардың «әрқайсысы желден қорған, жауын-шашынды дауылдан панадай, шөлді жерде су көзіндей, сусаған елде асқар тау саясындай болады» (Ишая 32:1, 2). Қателік жасағанына бауырластарымыздың көзін қалай жеткізіп, қалай түзету керек екенін олар біледі. Кінәлы болған бауырласымыздың «адам кейпіндегі тартуларға», яғни қарияларға сенім артуына негіз барc (Ефестіктерге 4:8, 11, 12, ЖД). Осындай рухани толысқан адамдардың қатысуымен болған талқылаулар мен оқылған дұғалардың арқасында шешілуі мүмкін емес болып көрінген қиындықтарды шешуге жақсы ықпалы тиетін жағдай жасауға болады. (Жақып 5:14, 15, салыстырыңдар.)
Бауырласыңды теріс жолдан қайтару үшін жасалатын ең соңғы әрекет
16. Иса қандай үшінші қадам жайлы айтты?
16 Егер екінші қадам жасалғанда да қиын мәселе шешілмесе, онда бұл іске қауым бақылаушыларының араласуына тура келеді. Бұл үшінші қадам. «Егер олардың [сол бір немесе екі кісінің] сөзін де тыңдамаса, онда мұны [Маған сенушілердің] қауымына айт. Ал қауымды да тыңдамаса, оны бұтқа табынушы және салықшы сияқты деп сана». Бұл нені білдіреді?
17, 18. а) «Қауымға айт» деген сөздерді түсінуге қандай мысал көмектеседі? ә) «Қауымға айт» деген сөздерді біз бүгін қалай жүзеге асырамыз?
17 Бұл — арнайы бір кездесуде, болмаса әдеттегідей жиналыс өтіп жатқанда күнә немесе айыпты іс жайында қауымдағылардың бәріне айту керек деген сөз емес. Қалай-қалай іс-әрекет жасауға болатынын Құдай сөзіне қарап анықтауға болады. Кімде-кім бүлікші, мешкей немесе маскүнем болса, көне Исраилде не істеу керек болғанын оқып шық: «Егер кімде-кімнің елірген, бағынбайтын, әкесі мен шешесінің сөзіне мойынсұнбайтын ұлы болса, және олар оның жазасын берген болып, бірақ ол олардың тілін алмаса, әкесі мен шешесі оны өздері тұрып жатқан қаланың қарияларына және өздері тұратын жердің қақпасына ертіп әкелсін де, өздерінің қаласының қарияларына: «Біздің мына ұлымыз елірген және бағынбайды, тілімізді алмайды, ысырапшыл және маскүнем»,— десін; сонда қаланың барлық тұрғыны оны өлгенше таспен атқыласын» (Заңды қайталау 21:18—21).
18 Адамның жасаған күнәсы жайлы бүкіл халыққа да, сол адам шыққан ұрпақтың өкілдеріне де айтылмаған. Мәселені қауымның өкілдері, яғни тағайындалған «қариялар» талқылайтын болған. (Заңды қайталау 19:16, 17-ні салыстырыңдар. Онда дін қызметкерлері мен қазылардың айтыс-тартысты шешкені жайында айтылады.) Бүгін де дәл солай. Үшінші қадамды жасау керек болғанда, істі қауымның өкілдері — қариялар талқылайды. Олардың да мақсаты дәл осындай — мүмкіндігінше бауырласымызды теріс жолдан қайтару. Бұл олардың күн ілгері кесіп-пішпей, істі әділ әрі дұрыс қарағанынан көрінеді.
19. Мәселені қарастыру үшін тағайындалған қариялар не істеуге тырысады?
19 Адамның күнә жасағанын (мүмкін әлі жасап жүрген шығар), не жасамағанын анықтау үшін, олар дәлелдер табуға, куәгерлерді тыңдауға тырысады. Олардың мақсаты — іріткі салатын әсерден және осы дүниелік рухтан қауымды қорғау (1 Қорынттықтарға 2:12; 5:7). Рухани толысқан қариялар «дұрыс ілімге үйретіп... Ізгі хабардың қарсыластарын теріске шығара алуы үшін» бар күшін салады (Титке 1:9). Күнәкар адамның исраилдіктер сияқты іс-әрекет жасамайтынына үміттену керек. Исраилдіктер жайында Ехобаның пайғамбары былай деген еді: «Мен шақырғанда сендер жауап бермедіңдер, Мен сөйлегенде сендер тыңдамадыңдар, қайта Менің көз алдымда зұлымдық істедіңдер және өздеріңе Мен қаламайтын нәрсені таңдап алдыңдар» (Ишая 65:12).
20. Исаның сөзіне сәйкес, айтылған сөзге құлақ аспай, күнәсын мойындамай жатқан адамға не істеу керек?
20 Исраилдіктер сияқты, күнә жасаған адам қыңырлық танытанын кездер болып тұрады. Бұл сирек кездесетін жағдай. Ендеше, бұндай жағдай үшін Исаның анық нұсқауы бар: «Оны бұтқа табынушы және салықшы сияқты деп сана». Ол ешкімді рақымсыз болуға немесе біреудің жанына тиюге шақырған жоқ. Дегенмен Пауыл өкінбейтін күнәкарларды қауымнан шығарып тастау керектігін ашып айтқан болатын (1 Қорынттықтарға 5:11—13). Тіпті ақыр аяғында жазаның осы түрінің өзі көздеген мақсатқа жетуге, яғни күнәкар адамды теріс жолдан қайтарып алуға көмектесуі мүмкін.
21. Қауымнан шығарылған адамның тағы қандай мүмкіндігі бар?
21 Осылай болуы мүмкін екендігін Исаның адасқан ұл туралы астарлы әңгімесінен көруімізге болады. Бұл әңгімеде ұлының қамқор әкесінің үйінен кетіп қалғаны, сол кезде барып оның «ақылға келгені» көрсетілген (Лұқа 15:11—18). Уақыт өте келе кейбір күнәкарлардың өкінетінін, «ақылға келіп... шайтанның тұзағынан босап, құтыла алатынын» Пауыл Тімотеге айтқан болатын (2 Тімотеге 2:24—26). Күнә жасағанына өкінбегендіктен қауымнан шығарылған бауырларымыз өздерінің жоғалтқан нәрселерін, яғни Құдайдың қолдауын, жылы жолдастық қарым-қатынасты, адал мәсіхшілермен пікір алмасуды бағалап ақылға келеді деп үміттенеміз.
22. Бауырласымызды теріс жолдан қайтаруға тағы қандай мүмкіндік бар?
22 Иса басқа халықтың адамдары мен салық жинайтындар бостандық төлеміне лайық емес деген көзқараста болған жоқ. Леуі ұрпағынан шыққан Матай деген салықшы өзінің жасаған күнәларына өкініп, «Оның [Исаның] соңынан ерген», тіпті елші болу үшін таңдап алынған (Марқа 2:15; Лұқа 15:1). Демек, егер күнәкар адам бүгін «қауымды да тыңдамаса» және қауымнан шығарылған болса, уақыт өте келе ол өкініп, түзу жолға қарай қадам жасар ма екен, соны күтуімізге болады. Егер осылай болып, ол қайтадан қауымның мүшесі болатын болса, бауырласымызды теріс жолдан қайтарғанымызға және оның бізбен бірге шынайы Құдайға мінажат ете алатынына қуанамыз.
[Сілтемелер]
a Макклинток пен Стронгтың энциклопедиясында былай делінген: «Киелі кітаптың Жаңа Ө[сиет] деген бөлігінде айтылған салықшыларды [салық жинайтындарды] пұтқа табынушылармен үнемі араласқандықтан былғанған және өздерін қанаушылардың қолындағы қаруы еткен сатқын және жолдан тайғандар деп қарастыратын. Оларды күнәкарларға теңейтін... Олардан аулақ жүретін, жібі түзу адамдар оларға жоламайтын. Сол себепті олар өздері сияқты қоғамнан аласталғандармен ғана достасатын».
b Өтірік, алаяқтық немесе айлакерлікпен істелген қулық араласқан іске және ақшаға байланысы бар мәселелерді Исаның айтқан күнәларымен бір қатарға қоюға болады. Бұл, Матай 18:15—17-де жазылған, ақша қарыз болып қалып, оны қайтармаған құлдарды (жұмысшыларды) Исаның тәлім берген кезде мысалға келтіргенінен көрінеді.
c Киелі кітапты зерттейтін бір маман былай деп айтты: «Күнә жасаған адам, кейде, араздасқан адамының сөздерінен гөрі, бөтен екі немесе үш адамның (әсіресе олар сый-құрметке ие адамдар болса) сөздеріне көбірек көңіл қояды».
Естеріңде ме?
• Матай 18:15—17-де айтылған кеңестер ең алдымен қандай күнәларға байланысты қолданылады?
• Бірінші қадамды жасау керек болған жағдайда нені ұмытпауымыз керек?
• Екінші қадамды жасау керек болғанда бізге кімнің көмектесуіне болады?
• Үшінші қадамды кім жасайды және бауырласымызды теріс жолдан қайтарудың тағы қандай мүмкіндігі бар?
[16-беттегі сурет]
Иудейлер салық жинайтындармен араласпайтын болған. Матай өмір жолын өзгертіп, Исаның соңынан ерген.
[18-беттегі сурет]
Қиындықты көбінесе «көзбе-көз» отырып сөйлесу арқылы шешуге болады.