95-тарау
Ажырасу және балаларға сүйіспеншілік көрсетуге байланысты тәлім беру
ИСА мен шәкірттері б. з. 33 жылының Құтқарылу мейрамын тойлау үшін Иерусалимге келе жатыр. Олар Иордан өзенін кесіп өтіп, Перей аймағы арқылы өтетін жолға түсті. Иса Перейде бірнеше апта бұрын болған еді, бірақ ол кезде оны Яһудеяға қатты науқастанған досы Елазарға шақыртып алған болатын. Сол жолы Перейде Иса парызшылдармен ажырасу туралы әңгімелескен еді, ал қазір олар тағы да сол туралы әңгіме қозғап отыр.
Парызшылдардың арасында ажырасу туралы әр түрлі пікір қалыптасқан. Мұса егер күйеуі әйелінен “жағымсыз бірдеңе” тапса, онда ажыраса алады деген болатын. Кейбіреулер бұл тек азғындық жүріс-тұрысқа ғана қатысты деп ойлайды. Ал басқалары болса, бұл ‘жағымсыз бірдеңеге’ болмашы қылықтарды да жатқызады. Исаны сынау үшін парызшылдар оған: “Кез келген себептен әйелінен ажырасуға бола ма?” — деген сұрақ қояды. Олар Исаның жауабы қандай болмасын, парызшылдардың ішінде әйтеуір біреуі оған қарсы болатынына сенімді.
Алайда Иса бұл сұраққа өте шеберлікпен жауап берді: ол ешкімнің пікіріне қосылмай, қайта, ең алғашқы некеге көңіл аударды.— Сендер Жаратқан Иенің әуел бастан-ақ “адамды бірін еркек, бірін әйел қылып” жаратқанын оқымап па едіңдер? Сол кезде ол былай деген: “Сондықтан еркек әке-шешесін тастап, әйеліне қосылады, сөйтіп екеуі біртұтас болады. Осылайша олар енді екеу емес, біртұтас. Сонымен Құдай қосқанды адам баласы ажыратпасын!” — деді.
Иса көрсеткендей, Құдайдың бастапқы ниеті бойынша ерлі-зайыптылар бірге болып, ажыраспаулары керек. Егер бұл осылай болса, онда “күйеуі арнайы куәлік қағазын жазып берсе, әйелінен ажырасуына болады деген ережені Мұса пайғамбар неге жазып қалдырған?” — деп парызшылдар қарсылық білдірді.
“Мұса жүректеріңнің Құдайдың еркіне мойынсұнбай қасарысқандығына бола әйелдеріңнен ажырасуға жол берген. Алайда әуел баста бұл бұлай болмаған еді”,— деп жауап берді Иса. Иә, Құдай Едем бағында нағыз некенің қандай болатынын көрсеткенде, ажырасуды мүлдем қарастырмаған болатын.
Сонан соң Иса парызшылдарға: “Сендерге айтамын: кім жеңіл жүріске [грек. порнея] түспеген әйелінен ажырасып, басқаны алса, сол неке адалдығын бұзады”,— деді. Бұл сөздерімен Иса Құдай ажырасуға жол беретін тек жалғыз себеп порнея, яғни әдепсіз жыныстық қатынас, екендігін көрсетті.
Некенің ұзақ уақытқа құрылған одақ екенін, ажырасуға тек жалғыз ғана себеп бар екенін түсінген шәкірттері: “Егер еркектің әйелінің алдындағы міндеті осындай болса, онда үйленбеген артық”,— деді. Әрбір неке құрғысы келген адамның ерлі-зайыптылар жұбының өмірлік екендігіне жауапкершілікпен қарау керек екендігі шүбәсіз.
Иса әрі қарай салт бастылық туралы айтты. Ол кейбір балалардың жыныс мүшелері дұрыс жетілмегендіктен үйлене алмайтын болып туылғандығын түсіндірді. Ал өзгелерін адамдар жыныс мүшелеріне қатыгездікпен зақым келтіріп некеге жарамайтын еткен. Алайда Құдай Патшалығына көбірек қызмет ету үшін некеге тұрмай, жыныстық құмарлығын қанағаттандырудан бас тартатындары да бар. “Мұны ұғына алатындар ұғынсын!” — деп Иса сөзін қорытындылады.
Осыдан кейін адамдар балаларын Исаға әкеле бастады. Ал шәкірттері балаларға ашуланып, оларды қуып жіберуге тырысты. Олардың Исаны босқа мазалай бергісі келмегендіктерінде күмән жоқ. Бірақ Иса: “Балалардың Маған келуіне жол беріңдер, оларға кедергі жасамаңдар! Құдай Патшалығы сондайлар үшін Сендерге шындығын айтайын: кім Құдай Патшалығын бала сияқты қабылдамаса, оған кіре алмайды”,— деді.
Қандай керемет сабақ! Құдай Патшалығына ие болу үшін біздер балалар сияқты кішіпейіл және үйренуге дайын болуымыз керек. Сонымен қатар Исаның көрсеткен үлгісінен балаларға көңіл бөлу керек екендігі көрінеді. Бұл әсіресе ата-аналарға қатысты. Иса балаларды бауырына басып, оларға батасын беруімен сүйіспеншілігін көрсетіп отыр. Матай 19:1—15; Заңды қайталау 24:1; Лұқа 16:18; Марқа 10:1—16; Лұқа 18:15—17.
▪ Парызшылдардың арасында ажырасу туралы қандай әр түрлі пікір қалыптасқан және осыған байланысты олар Исаны қалай сынады?
▪ Иса парызшылдардың сынау үшін қойған сұрағына қалай жауап берді, сондай-ақ ол ажырасудың қандай жалғыз себебін көрсетті?
▪ Неліктен Исаның шәкірттері үйленбеген артық деді және Иса оларға қандай кеңес берді?
▪ Исаның балаларға көрсеткен сүйіспеншілігінен не нәрсеге үйренеміз?