96-тарау
Иса және бай жас басшы
ИСА Перей арқылы өтіп, Иерусалимге беттегенде, бір жас жігіт алдынан жүгіріп шығып, оған тізе бүгіп тағзым етті. Бұл жас жігітті басшы дегеніне қарағанда, сірә, ол жергілікті мәжілісханада беделі бар немесе тіпті Жоғарғы кеңестің мүшесі болса керек. Сондай-ақ ол өте бай. Ол Исадан: “Ізгі Ұстаз! Мәңгілік өмірге ие болу үшін не істеуім керек?” — деп сұрады.
— Мені неге ізгі дейсің? Құдайдан басқа ешкім де ізгі емес,— деп жауап қатты Иса. Шамасы, жас жігіт “ізгі” деген сөзді лауазым ретінде қолданған болу керек. Сондықтан да Иса оған бұл лауазымды тек Құдайға ғана қолдану керектігіне нұсқады.
— Мәңгілік өмірге ие болу үшін,— деп жалғастырды Иса,— Оның өсиеттерін орындайтын бол!
— Қайсыларын? — деп сұрады жас жігіт.
Он парыздың бесеуін келтіріп Иса: “Кісі өлтірме, неке адалдығын бұзба, ұрлық жасама, өтірік айтпа, ата-анаңды сыйла!” — деп жауап берді. Сонан соң ол тағы да: “Өзіңді қалай сүйсең, маңайыңдағы адамды да солай сүй!” — деп өте маңызды өсиетпен толықтырды.
“Бұлардың бәрін де (жастайымнан) орындап келемін,— деп жас жігіт шын ниетімен жауап қатты.— Маған тағы не нәрсе жетіспейді?”
Осындай табандылықпен, шын ниетпен айтылған өтінішті естіген Иса бұл кісіні ұнатып қалды. Алайда ол жас жігіттің байлыққа қатты үйір екендігін байқады, сондықтан да оған не жетпейтінін көрсетіп: “Саған бір нәрсе жетіспейді: барып, қолыңдағы мал-мүлкіңді сатып, түскен ақшаны мұқтаждарға үлестіріп бер, сонда сенің қазынаң көкте болады. Өзің қайтып келіп, шәкіртім болып соңымнан ер!” — деді.
Жігіттің еңсесі түсіп, орнынан тұрды да, ол жерден кетті. Оның бұндай күйіне Исаның өкінішпен қарағаны шүбәсіз. Байлықтың қызығына берілгендіктен, нағыз қазынаның құнын бағалауға шамасы жоқ. “Мал-мүлікке бай адамдардың Құдай Патшалығына кіруі қандай қиын!” — деді Иса қапаланып.
Исаның сөздері шәкірттерін таңғалдырды. Әсіресе оның: “Байдың Құдай Патшалығына кіруінен гөрі түйенің ине көзінен өтуі оңай”,— деген қорытынды сөздері одан бетер таңдандырды.
Олар: “Ендеше кім (Құдайдың қаһарынан) құтқарыла алады?” — деп сұрады.
Иса оларға тіке қарап: “Бұл адам қолынан келмегенімен, Құдайдың қолынан келеді. Оның қолынан бәрі де келеді”,— деп жауап берді.
Өздерінің бай жас жігітпен салыстырғанда тіптен басқаша таңдау жасағандарына нұсқап, Петір: “Міне, біз барлығын тастап, Сіздің соңыңыздан еріп жүрміз. Сол үшін бізді не күтіп тұр?” — деп сұрады.
“Сендерге шындығын айтайын: әлем жаңарып, Мен Билеуші ретінде көктен қайтып келіп, салтанатты тағымда отырған кезде, сендер де он екі тақта отырып, Исраилдің он екі руына билік жүргізетін боласыңдар”,— деп Иса уәде етті. Иә, ол жер бетінің жаңарып, Едем бағындағыдай болатындығын түсіндірді. Петір де, өзге шәкірттер де Исамен бірге осы жер бетіндегі жұмақтың үстінен билік ету құрметіне ие болды. Әрине, мұндай ғажайып сый сөзсіз кез келген нәрсені құрбан етуге тұрады!
Исаның келесі сөздерінен көретініміздей, оның шәкірттері қазірдің өзінде сый алуда: “Маған және Ізгі хабарға бола үй-жайын, туған бауырларын, әке-шешесін, әйелін, бала-шағасын не жер-суын тастап шыққан әркімге, сол үшін осы заманда қуғын-сүргін көргеннің өзінде де жүз есе артығымен үй-жай, аға-іні, апа-қарындас, әке-шеше, бала-шаға, жер-су қайтарылады, әрі келер заманда ол мәңгілік өмірге ие болады”.
Иса шәкірттеріне қай жерде жүрсе де, бір сенімдегілермен қарым-қатынасы туыстық қарым-қатынастан тығызырақ және қымбатырақ болатынын уәде етті. Бай жас басшы осы сыйдан, сондай-ақ Құдайдың көктегі Патшалығында мәңгі өмір сүру сыйынан құр қалып отыр.
Сонан соң Иса толықтырып: “Бірақ көптеген алдыңғы қатарлылар сол кезде соңғылар болады, ал соңғылар алдыңғы қатарға шығады”,— деді. Оның не айтқысы келді екен?
Иса бұл сөздермен дінде әр түрлі игілікті қолданып жүрген “алдыңғы қатардағылардың” көпшілігі, осы бай жас жігіт сияқтылар, Патшалыққа кірмейді деп айтқысы келіп отыр. Олар “соңғылар” болады. Бірақ та өзімшіл парызшылдар “соңғылар”, яғни жердің адамдары немесе ам-хаарец деп қарайтын адамдар мен Исаның шәкірттері, “алдыңғы қатарлылар” болады. Олар Мәсіхпен бірге Патшалықта билік ету құрметіне ие болады. Марқа 10:17—31; Матай 19:16—30; Лұқа 18:18—30.
▪ Неліктен бай жас жігітті басшы деп атайды?
▪ Неліктен Иса оның өзін ізгі деп атағанын қаламады?
▪ Байлықтың қауіпті екендігін жас басшының мысалы қалай көрсетеді?
▪ Иса өзінің ізбасарларына қандай сыйды уәде етті?
▪ Қалайша алдыңғылар соңғы, ал соңғылар алдыңғы болады?