98-тарау
Иса өлер алдындағы шәкірттерінің арасындағы айтыс
ИСА қазір шәкірттерімен бірге Иордан өзенінің бойында. Олар Перейден Яһудеяға бару үшін өзен арқылы өтті. Олармен бірге б. з. 33 жылының Құтқарылу мейрамын тойлауға көптеген адамдар да ілесіп келеді. Бұл мейрамға шамамен бір аптадай уақыт қалған.
Иса шәкірттерінің алдында келе жатыр. Олар оның батылдығына қатты таңданып келеді. Осыдан бірнеше апта бұрын, Елазар қайтыс болып, Иса Перейден Яһудеяға бармақшы болғанда, Томаның “Біз де барып, Онымен бірге өлейік” деген сөздерін есімізге түсірейікші. Сондай-ақ Иса Елазарды тірілткеннен кейін, Жоғарғы кеңестің мүшелері оны өлтіруді шешкендігін де есімізге алайық. Сондықтан да Яһудеяға келе жатқан шәкірттерді қорқыныш билегені таңғаларлық емес.
Елшілерін алда күтіп тұрған оқиғаларға дайындау үшін, Иса оларды шетке шығарып алып былай деді: “Енді Иерусалимге өрлеп бара жатырмыз. Сол жерде көктен келген Билеушіні басты діни қызметкерлер мен дін мұғалімдеріне сатып кетеді. Олар оны өлімге кесіп, Құдайға мойынсұнбайтын басқа ұлт адамдарына ұстап береді. Солар Оны мазақ етіп, қамшымен сабайды, ақырында айқышқа [“бағанаға”, ЖД] шегелеп өлтіреді. Алайда Ол үшінші күні қайта тіріледі!”
Соңғы айлардың ішінде Иса шәкірттеріне өзінің өлімі мен қайта тірілетіндігі жөнінде осымен үшінші рет айтып отыр. Олар оны тыңдағанымен, ештеңе ұқпайды. Сірә, олардың Исаны түсінбейтіндігі, Исраил патшалығы жер бетінде қайта орнайды деп сеніп, салтанат пен құрметті Исамен осы жердегі патшалықта бөлісуге үміттенетіндіктерінен шығар.
Құтқарылу мейрамына бара жатқандардың ішінде елші Жақып пен Жоханның шешелері Салома да бар еді. Иса бұл екі жігітті “жауар күндей күркіреген жігіттер” деп атайтын. Бұған себеп болған олардың қызба қанды мінездері екені сөзсіз. Біраз уақыттан бері бұл екі шәкірті Мәсіхтің Патшалығында жоғарғы орынға ие болуды армандап, бұл ойларын шешелерімен де бөліскен-ді. Міне, енді шешелері олардың өтінішін білдіру үшін Исаның қасына келіп, оған тізе бүгіп тағзым етті.
— Сіз не қалайсыз? — деп сұрады Иса одан.
— Патшалығыңызда осы екі ұлымның біреуіне оң, екіншісіне сол жағыңызда отыруды бұйырсаңыз екен,— деді әйел жауап қатып.
Бұл кімнің өтініші екенін түсінген Иса, Жақып пен Жоханға былай деді:
— Не сұрап тұрғандарыңды ұқпайсыңдар! Мен (Құдайдың қаһарына толы) “тостағаннан ішпекпін”. Ал сендер солай істей аласыңдар ма?
— Иә, істей аламыз,— деп жауап берді олар. Иса жаңа ғана оларға өзінің қатты қудалауға ұшырап, сондай-ақ өзін өлтіретіндігін айтса да, олар, шамасы, “тостағаннан ішпекпін” дегенде, оның осыларды меңзегенін түсінбеген болса керек.
Алайда Иса оларға: “Мен ішетін “тостағаннан” сендер де ішетін боласыңдар. Бірақ оң мен сол жағыма отыруға тағайындау Менің қолымда емес. Көктегі Әкем кімге дайындаған болса, солар отырады”,— деді.
Жақып пен Жоханның не жайлы сұрағанын естіген кезде, қалған он шәкірті қатты ашуланды. Сірә, Жақып пен Жохан бұрынырақтағы шәкірттердің арасындағы қайсысы үлкен деген айтыс болған кезде-ақ көзге түскен болса керек. Олардың бұл өтініші Исаның берген кеңестерін жете түсінбегендігін көрсетті. Өкінішке орай, олардың беделді орынға ие болуға деген талпыныстары әлі де зор.
Араларындағы келіспеушілікті және соның арқасында пайда болған араздықты жою үшін, Иса он екі шәкіртін шақырып алды. Сөйтіп сүйіспеншілікпен ол былай деп кеңес берді: “Билеушілерінің қол астындағы халықтарды билеп-төстеп, төрелерінің де соларға қатаң әмір жүргізетінін білесіңдер. Бірақ сендердің араларыңда ондай болмасын! Керісінше, қайсың ұлы болғысы келсе, сол өзгелеріңе қызмет ете берсін, қайсың ең бастыларың болғысы келсе, сол сендерге құл іспетті қызмет ете берсін!”
Иса шәкірттеріне үлгі көрсетіп, оны былай түсіндірді: “Осы сияқты Мен де Құдай тағайындаған Билеуші бола тұра Өзіме қызмет еткізуге емес, Өзім қызмет етіп, көптеген адамдардың азаттық төлемін өтеу үшін жанымды қиюға осы дүниеге келдім”. Иса тек қызмет етуге ғана емес, тіпті адамзат үшін өлуге де дайын! Шәкірттері де Иса сияқты рух танытулары, яғни өздеріне қызмет көрсетсін деп күтпей, басқаларға қызмет етуге дайын болып, сондай-ақ жоғары орынға ұмтылмай, кішіпейіл болулары керек. Матай 20:17—28; Марқа 3:17; 9:33—37; 10:32—45; Лұқа 18:31—34; Жохан 11:16.
▪ Неліктен шәкірттерді қорқыныш биледі?
▪ Иса алда болатын оқиғаларға шәкірттерін қалай дайындады?
▪ Исаға қандай өтініш айтылды және бұл елшілерге қалай әсер етті?
▪ Иса елшілердің арасында пайда болған мәселені қалай шешті?