103-тарау
Иса қайтадан ғибадатханаға барды
ИСА мен шәкірттері Иерихоннан келгелі Бетанияда осымен үшінші күні түнеді. Оныншы нисан, дүйсенбі күні таң сәріде Иса Иерусалимге бет алды. Оның қарны аш. Жолда ол жапырақ жайған інжір ағашын көріп, бірер жемісі бар ма екен деп қасына келді.
Әдетте інжірді маусым айынан ерте жинамайды. Ал қазір әлі наурыз айының соңы, ағаштың жапырақтары тым ерте шыққан екен. Иса інжір ағашының жапырақтары ерте шықса, жемісті де ерте беретін шығар деп ойлады. Бірақ ойлағанындай болмай шықты. Жапырақтары жайқалып тұрғанымен, бұл ағаштың жемісі жоқ екен. Сонда Иса ағашты қарғап: “Бұдан былай мәңгі ешкім де жемісіңнен дәм татпасын!” — деді. Мұның нәтижесі мен бейнелі түрдегі мағынасы ертесіне айқын болды.
Көп кешікпей Иса мен шәкірттері Иерусалимге жетті. Иса өзі күндіз қарап шыққан ғибадатханаға барды. Алайда ол бүгін осыдан үш жыл бұрын, яғни б. з. 30 жылының Құтқарылу мейрамында жасағанындай іс-әрекет жасады. Ол ғибадатханадан сатушылар мен сатып алушыларды қуып шығып, ақша айырбастаушылардың үстелдері мен көгершін сатушылардың орындықтарын аударып тастады. Ол тіпті ешкімнің де ғибадатхана арқылы бір нәрсе алып өтуіне рұқсат етпеді.
Иса ақша айырбастаушылар мен жан-жануарларды сатушыларды айыптап, оларға: — Киелі жазбада: “Менің киелі үйім барлық ұлттардың Өзіме сиынатын үйі деп аталатын болады!” делінген емес пе? Бірақ сендер оны “қарақшылар ордасына” айналдырғансыңдар! — деді. Олардың қарақшы аталу себебі — өздерінен құрбандық шалу үшін жануарларды сатып алуға мәжбүр болғандардан шамадан тыс баға сұрайды. Сондықтан да Иса мұндай сауданы зорлап алу немесе қарақшылық деп есептейді.
Мұны басты діни қызметкерлер, дін мұғалімдері және рубасылары естігенде, тағы да оны өлтірудің жолын іздестіре бастады. Осылайша олар өздерінің еш түзелмейтіндіктерін дәлелдеді. Бірақ олар Исаның көзін қалай құртуды білмеді, себебі жұрттың бәрі Исаны тыңдау үшін қыр соңынан қалмай еріп жүр.
Құтқарылу мейрамына яһудилерден басқа яһуди еместер де, яғни яһуди дініне кіргендер де, келді. Кейбір гректер, яһуди дініне кіргендер болса керек, Філіпке келіп, Исаны көргілері келетіндігін айтты. Бәлкім, осындай кездесудің орынды-орынсыз екендігін білу үшін шығар, Філіп Әндірге барды. Иса әлі ғибадатханада. Гректер оны сол жерден таба алады.
Иса өзінің өлетін күнінің таяу қалғанын біледі, сондықтан ол оны көрнекі мысалдың көмегімен былай көрсетті: “Көктен келген Менің ұлылыққа жететін уақытым келді. Сендерге өте маңызды шындықты айтайын: егер бидайдың дәні жерге егіліп, жойылмаса, онда ол жалғыз дән болып қалады. Ал егер ол жерге егіліп, көктеп, өзі жойылса, сонда ғана одан көп өнім өсіп шығады”.
Жалғыз бидай дәнінің құны өте аз. Ал егер ол жерге түсіп, “жойылса”, онда не болады? Ол дән көктеп шығып, уақыт өте сабақтанып, одан көптеген дәндер пісіп жетілер еді. Сол сияқты Иса да — жалғыз кемелді адам. Егер де ол Құдайға адалдығын сақтап өлетін болса, онда сол сияқты жанқиярлық танытушылар да соның арқасында мәңгілік өмірге ие болады. Сондықтан да Иса: “Кім өз өмірін бәрінен артық көрсе, сол шынайы өмірден құр қалады. Ал осы күнәкар дүниеде өмірін Құдай үшін қиған әркім оны мәңгілік өмір үшін сақтайды”.
Исаның тек өзі туралы айтпағаны анық, өйткені ол былай деді: “Кім Маған қызмет еткісі келсе, сол Маған ерсін. Мен қайда болсам, қызметшім де сонда болады. Ал Маған қызмет етіп жүрген әркімді Әкем құрметтейді”. Исаның соңынан еріп, оған қызмет ететіндер үшін қандай керемет сый! Әкесі оларға Мәсіхпен бірге Патшалықта болу құрметін сыйлайды.
Өзін күтіп тұрған азап пен өлімі туралы ойланып, Иса: “Қазір көңілім қатты толқу үстінде. Мен не айтайын? Әке, Мені осы күннен құтқара гөр”,— деді. Иса алдында тұрған азаптан құтыла алса ғой! Алайда бұл мүмкін емес. Исаның өзі бұл туралы: “Алайда Мен бұл күнге осыны бастан кешіру үшін жеттім ғой”,— деді. Иса Құдайдың ойластырып қойғандарының барлығымен, соның ішінде өзінің өмірін құрбандыққа беру керектігімен де, келіседі. Матай 21:12, 13, 18, 19; Марқа 11:12—18; Лұқа 19:45—48; Жохан 12:20—27.
▪ Інжір ағашының әлі пісіп жетілетін уақыты болмаса да, Иса неліктен одан жеміс іздеді?
▪ Ғибадатханадағы сатушыларды Иса неліктен “қарақшылар” деп атады?
▪ Иса қандай мағынада ‘жойылатын’ бидай дәніне ұқсайды?
▪ Иса өзін күтіп тұрған азап пен өлім туралы қандай ойда?