Исаның сөздері бақытты болуға қалай көмектеседі?
‘Иса тауға көтерілді. Сол кезде шәкірттері қасына келді. Иса оларға тәлім берді’ (МАТ. 5:1, 2).
1, 2. а) Таудағы уағызын Иса қандай жағдайда айтты? ә) Иса баяндамасын неден бастады?
БІЗДІҢ ЗАМАНЫМЫЗДЫҢ 31 жылы. Иса Иерусалимде Құтқарылу мейрамын тойлау үшін Ғалилеядағы уағызын қысқа уақытқа тоқтатады (Жох. 5:1). Ал Ғалилеяға қайта оралған соң, ол 12 елшісін таңдау үшін Құдайдан басшылық сұрап түні бойы дұға етеді. Ертесіне ауруларды сауықтырып жатқан Исаның жанына қалың жұрт жиналады. Сонда ол таудың етегіне отырып, шәкірттеріне және жиналған жұртқа тәлім бере бастайды (Мат. 4:23—5:2; Лұқа 6:12—19).
2 Иса баяндамасын — Таудағы уағызын — бақытқа Құдаймен жақсы қарым-қатынастың арқасында қол жеткізуге болатынын айтып бастайды (Матай 5:1—12 оқы). Бақыт дегеніміз — “адамның толық қанағаттанушылығы, зор қуаныш, шаттық”. Иса мәсіхшілердің неліктен бақытты екенін көрсететін тоғыз себеп келтірген, әрі олар шамамен 2 000 жыл бұрын қалай тиімді болса, бүгінгі күні де солай тиімді. Қазір осы себептердің әрқайсысына тоқталып өтейік.
“Рухани мұқтаждықтарын мойындайтындар”
3. Рухани мұқтаждығымызды мойындау нені білдіреді?
3 “Рухани мұқтаждықтарын мойындайтындар бақытты, өйткені аспан патшалығы солардікі” (Мат. 5:3 ЖД). “Рухани мұқтаждықтарын мойындайтындар” Құдайдың басшылығы мен мейіріміне мұқтаж екендерін түсінеді.
4, 5. а) Неліктен рухани мұқтаждығын мойындайтындар бақытты? ә) Рухани мұқтаждығымызды қалай қанағаттандыруға болады?
4 Рухани мұқтаждықтарын мойындайтындар бақытты, “өйткені аспан патшалығы солардікі”. Ертедегі шәкірттеріне Исаны Мәсіх ретінде мойындағаны көктегі Құдай Патшалығында онымен бірге билік етуге жол ашты (Лұқа 22:28—30). Көкте Мәсіхпен бірге билік етуге немесе жердегі жұмақта мәңгі өмір сүруге үміттенсек те, рухани мұқтаждығымыз бен Құдайға тәуелді екенімізді шынымен мойындасақ, бақытты бола аламыз.
5 Адамдардың барлығы бірдей рухани мұқтаждықтарын мойындай бермейді, өйткені көбісінің сенімі жоқ және қасиетті атаулыны бағаламайды (Сал. 2-х. 3:1, 2; Евр. 12:16). Рухани мұқтаждығымызды қанағаттандыруға Киелі кітапты бар ынтамен зерттеу, шәкірт дайындау ісіне құлшына атсалысу әрі мәсіхшілер кездесуіне үнемі қатысу жатады (Мат. 28:19, 20; Евр. 10:23—25).
“Қайғырғандар бақытты”
6. “Қайғырғандар” кімдер және неліктен олар “бақытты”?
6 “Күнәларына өкініп қайғырғандар бақытты: Құдай оларды жұбататын болады!” (Мат. 5:4). “Қайғырғандар” ‘рухани мұқтаждықтарын мойындайтын’ адамдарға ұқсайды. Олар күнәкарлығына ғана емес, адамзаттың кемелсіздігінің салдарынан орын алып отырған жағдайларды көріп те қайғырады. Бірақ олар неліктен “бақытты”? Өйткені Құдай мен Мәсіхке сенім білдіріп, Ехобамен жақсы қарым-қатынаста болғандықтан жұбаныш табады (Жох. 3:36).
7. Шайтанның дүниесіне қалай қарауымыз қажет?
7 Шайтанның дүниесінде әділетсіздік кең етек алып отырғанына жеке басымыз қайғырамыз ба? Осы дүниенің ұсынып отырғандарына, шындығында, қалай қараймыз? Елші Жохан: “Осы дүниеге тән нәрселердің бәрі: күнәкар адамның құмарлықтары, көзінің қомағайлығы, мал-мүлікке мастануы Әкеден емес”,— деп жазған (Жох. 1-х. 2:16). Алайда ‘осы дүниелік рух’ — құдайдан безген адамзат қоғамында үстем болып отырған қозғаушы күш — рухани күйімізді әлсіретіп жатқанын байқасақ ше? Онда шын жүректен дұға айтып, Құдай Сөзін зерттеп, ақсақалдардың көмегіне жүгінейік. Ехобаға жақындай түсетін болсақ, уайым-қайғымыздың себебі қандай болмасын, өзімізге ‘жұбаныш’ табамыз (Қор. 1-х. 2:12; Заб. 118:52; Жақ. 5:14, 15).
“Момындар бақытты!”
8, 9. Момын болу деген нені білдіреді және неге момындар бақытты?
8 “Кіші пейілділер [“момындар” Тт] бақытты: Олар жерді иемденетін болады!” (Мат. 5:5). ‘Момындық’ әлсіздікті не сырт көзге жұмсақ болып көрінуді білдірмейді. Момын екенімізді Ехобаның еркін орындау және оның басшылығын қабылдау арқылы көрсетеміз. Сондай-ақ момындық бауырластармен және өзге адамдармен қандай қарым-қатынаста екенімізден де көрінеді. Момын адам елші Пауылдың кеңесіне сай әрекет етеді (Римдіктерге 12:17—19 оқы).
9 Неге момындар бақытты? Себебі, момын болған Исаның айтуынша, “олар жерді иемденетін болады”. Иса — жердің басты Иемденушісі (Заб. 2:8; Мат. 11:29; Евр. 2:8, 9). Алайда жерді Исамен бірге иемденетін момындар да бар (Рим. 8:16, 17). Ал Исаның Патшалығының жердегі бөлігінде көптеген момын адамдар мәңгі өмір сүретін болады (Заб. 36:10, 11).
10. Момындықтың жоқтығы артықшылықтарымызға және өзгелермен қарым-қатынасымызға қалай әсер етуі мүмкін?
10 Иса сияқты біз де момын болуымыз керек. Бірақ жанжалдасуға бейім болсақ ше? Онда адамдар бізден алшақ жүруі мүмкін. Сондай-ақ мұндай мінез ер бауырластарды қауымда жауапкершіліктер алуға лайықсыз етеді (Тім. 1-х. 3:1, 3). Пауыл Титке “жанжал туғызбай, жұрттың бәріне бірдей мейірімділік пен ілтипаттылық [“момындық” ЖД] танытуға тиіс” екенін Криттегі мәсіхшілердің есіне салып отыруды айтқан (Тит. 3:1, 2). Иә, мұндай момындық өзгелер үшін зор бата!
“Әділдікті аңсап зарыққандар”
11—13. а) Әділдікті аңсап зарығу деген нені білдіреді? ә) Әділдікті аңсап зарыққандар қалай қанағаттандырылады?
11 “Әділдікті аңсап зарыққандар бақытты: Олар қанағат табатын болады!” (Мат. 5:6). Иса айтқан “әділдік” Құдайдың еркі мен өсиеттерін орындау арқылы дұрыс нәрсені істеуді білдіреді. Забур жыршысы Құдайдың әділ шешімдерін ‘сағынып, зарыққанын’ айтқан (Заб. 118:20). Біз де әділдікті бағалайтынымыз сонша — оны аңсап зарығамыз ба?
12 Иса әділдікті аңсап зарыққандардың бақытты болатынын айтқан, өйткені олар ‘қанағат табатын’, не толықтай қанағаттандырылатын, болады. Бұл б. з. 33 жылғы Алғашқы өнім мейрамынан кейін мүмкін болды, өйткені сол кезде Ехобаның киелі рухы “дүниеге әділдік... жайлы сенімді дәлел келтіре” бастады (Жох. 16:8 ЖД). Киелі рухы арқылы Құдай адамдарға “әділдікке тәрбиелеу үшін” аса тиімді Мәсіхшілердің грек жазбаларын жаздырды (Тім. 2-х. 3:16). Сонымен қатар киелі рух бізге ‘Құдайға рухани жағынан ұқсас жаратылған жаңа, шынымен әділетті адам болуға’ көмектеседі (Ефес. 4:24). Өкініп, Исаның төлем құрбандығының негізінде күнәларының кешірілгенін қалайтындардың Құдай алдында әділ бола алатынын білу көңілге жұбаныш береді емес пе? (Римдіктерге 3:23, 24 оқы).
13 Ал жерде өмір сүруге үмітіміз болса, әділдікті аңсағанымыз әділдік орнаған жерде мәңгі өмір сүргенде толығымен қанағаттандырылады. Сол уақыт келгенше, Ехобаның әділ нормаларына сай өмір сүре беруге бел буалық. Иса: “Ең бастысы, Оның Патшалығының қамын ойлап, Оның әділ еркін орындауға ұмтылыңдар!”— деген (Мат. 6:33). Осылай ететін болсақ, қызметте атқаратын ісіміз мол болып, бақытқа кенелеміз (Қор. 1-х. 15:58).
Неге “мейірімділер” бақытты?
14, 15. Қалайша мейірімділік таныта аламыз және неліктен мейірімділер бақытты?
14 “Мейірімділер бақытты: Құдайдың мейірімі соларға түседі!” (Мат. 5:7). Адамды “мейірімді” болуға өзгелерге деген жанашырлық пен аяушылық сезімі талпындырады. Жаны ашығандықтан Иса көптеген адамдарды ауруларынан керемет түрде сауықтырған (Мат. 14:14). Заң тұрғысынан алғанда, адамның мейірімділігі өзіне қарсы заңсыздық жасағандарды кешіргенде танылады, бұл Ехобаның өкінгендерді мейіріммен кешіретіні іспетті (Мыс. ш. 34:6, 7; Заб. 102:10). Біз мейірімділікті осындай жолмен, сондай-ақ қиналғандардың қайғысын жеңілдететін жылы сөздерімізбен, әрекеттерімізбен көрсете аламыз. Ал оны көрсетудің ең жақсы жолы — өзгелерге Киелі кітаптағы шындықты айту. Үлкен тобырды аяған Иса “[оларға] көп тәлім берді” (Мар. 6:34).
15 Исаның: “Мейірімділер бақытты: Құдайдың мейірімі соларға түседі!”— деген сөздерімен келісуге бізде барлық негіз бар. Өзгелерге мейірімділік танытатын болсақ, олардың да осылай етуі әбден мүмкін. Құдай бізді соттағанда, басқаларға көрсеткен мейірімділігіміз үстем болып, бізді қатаң соттамауды шешуі мүмкін (Жақ. 2:13). Мейірімділердің ғана күнәлары кешіріліп, мәңгілік өмірге ие болады (Мат. 6:15).
Неге “жүректері пәк тазалар бақытты”?
16. Адамның “жүрегінің пәк таза” болуы нені білдіреді және ондай адам қалайша ‘Құдайды көре’ алады?
16 “Жүректері пәк тазалар бақытты: Олар Құдайды көретін болады!” (Мат. 5:8). Егер ‘жүрегіміз пәк таза’ болса, бұл жақсы көретін нәрселерімізден, қалауларымыз бен ниетімізден көрінеді. Сондай-ақ біз ‘пәк жүректен бастау алатын сүйіспеншілік’ танытатын боламыз (Тім. 1-х. 1:5). Жан дүниеміз таза болса, ‘Құдайды көреміз’. Әрине, бұл Құдайды тура мағынада көреміз дегенді білдірмейді, өйткені “оны көрген пенде тірі қалмайды” (Мыс. ш. 33:20). Алайда Иса Әкесінің болмысына кемелді түрде еліктегендіктен: “Кім Мені көрсе, соның Әкені де көргені”,— дей алған (Жох. 14:7—9). Біз Ехобаның жердегі қызметшілері ретінде оны біз үшін жасаған әрекеттерінен ‘көре’ аламыз (Әйүп 42:5). Майланған мәсіхшілер үшін ‘Құдайды көрудің’ шарықтау шегі рухани өмірге қайта тіріліп, тура мағынада көктегі Әкелерін көргенде болады (Жох. 1-х. 3:2).
17. Жүрегіміздің пәк таза болғаны бізге қалай әсер етеді?
17 Жүрегі пәк таза адам құлықтылық және рухани жағынан таза болғандықтан, Ехобаның көз алдында арам деп есептелетін нәрселер жайлы ойламайды (Шеж. 1-ж. 28:9; Ишая 52:11). Жүрегіміз пәк таза болса, сөзіміз де, ісіміз де таза болады және Ехобаға деген қызметімізде екіжүзділіктен аулақ боламыз.
“Татуластырушылар” Құдайдың балалары болады
18, 19. “Татуластырушылар” қалай әрекет етеді?
18 “Татуластырушылар бақытты: Олар Құдайдың рухани балалары деп аталмақ!” (Мат. 5:9). “Татуластырушылар” нені істеп, нені істемейтінінен танылады. Егер біз Иса айтқандай адамдар болсақ, татулыққа ұмтылып, ‘ешкімге жамандыққа жамандықпен қайтармаймыз’. Қайта, ‘басқаларға жақсылық жасауға ұмтыламыз’ (Сал. 1-х. 5:15).
19 Татуластырушылар қатарында болу үшін татулық орнатуға белсенді түрде атсалысуымыз керек. Мұндай адамдар ‘достарды айыратын’ әрекет жасамайды (Нақ. с. 16:28). Татуластырушылар ретінде ‘барлық адамдармен тату болуға’ арнайы күш саламыз (Евр. 12:14).
20. Қазір Құдайдың балалары кімдер және түбінде тағы кімдер Оның балалары болмақ?
20 Татуластырушылар бақытты, өйткені “олар Құдайдың рухани балалары деп аталмақ”. Майланған адал мәсіхшілерді Ехоба өзінің “балалары” еткен. Олар Мәсіхке сенім білдіріп және ‘сүйіспеншілік пен тыныштықтың Құдайына’ шын жүректен ғибадат ететіндіктен, Ехобамен балалары сияқты тығыз қарым-қатынас орнатқан (Қор. 2-х. 13:11; Жох. 1:12). Ал Исаның татуластырушы “басқа қойлары” жайлы не деуге болады? Иса мыңжылдық билігі кезінде оларға “Мәңгілік Әке” болады, ал мыңжылдықтың соңында ол өзін Әкесіне бағындырады, сонда “басқа қойлар” толық мағынада Құдайдың балалары болмақ (Жох. 10:16; Ишая 9:6; Рим. 8:21; Қор. 1-х. 15:27, 28).
21. ‘Рухтың жетекшілігімен өмір сүрсек’, қалай әрекет етеміз?
21 Егер ‘рухтың жетекшілігімен өмір сүрсек’, татулық жұрттың көзіне бірден түсетін бойымыздағы қасиеттердің біріне айналады. Біз ‘бір-бірімізді ашуландыруға’ түрткі болмаймыз (Ғал. 5:22—26). Қайта, ‘барлық адамдармен тату болуға’ ұмтыламыз (Рим. 12:18).
Қудаланғандар бақытты!
22—24. а) Әділдік үшін қудаланғандардың бақытты болуына қандай себептер бар? ә) Келесі екі мақалада нені қарастырамыз?
22 “Әділдік үшін қудаланғандар бақытты: Құдай Патшалығы сондайларға арналған!” (Мат. 5:10). Сосын, Иса бақыттың тағы бір себебін келтіріп, былай деді: “Адамдар сендерді Маған бола қорлап, қудалап, Әр түрлі жала жауып жамандаса, бақыттысыңдар! Қуана шаттаныңдар! Себебі көкте сендерді зор сыйларың күтіп тұр! Жұрт сендерден бұрынғы пайғамбарларды да солай қудалаған” (Мат. 5:11, 12).
23 Ежелгі Құдайдың пайғамбарлары сияқты, мәсіхшілер де өздерін адамдар “әділдік үшін” қорлап, қудалап, жала жауып жамандайды деп күтеді. Алайда мұндай сынақтарға төтеп беру арқылы Ехобаны мадақтаймыз әрі оған ұнамды болудан қанағат сезінеміз (Пет. 1-х. 2:19—21). Шеккен қасіретіміз қазір не болашақта да Құдайға қызмет етуден алатын қуанышымызды сөндіре алмайды. Сондай-ақ ол көктегі Патшалықта Мәсіхпен бірге қызмет етуден немесе оның жердегі азаматтарының бірі ретінде мәңгілік өмірге ие болудан келетін бақытты азайта алмайды. Мұндай баталар Құдайдың шапағаты, қайырымдылығы мен жомарттығының дәлелі болып табылады.
24 Таудағы уағыздан бұдан да көп сабақ алуға болады. Келесі екі мақалада солардың бірнешеуін қарастырамыз. Олай болса, Иса Мәсіхтің сөздерін қалай өмірде қолдана алатынымызды көрейік.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Неге “рухани мұқтаждықтарын мойындайтындар” бақытты?
• ‘Момындардың’ бақытты болуына қандай себептер бар?
• Неге мәсіхшілер тіпті қудаланғандарына қарамастан бақытты?
• Исаның бақытты болуға қатысты келтірген себептерінің саған әсіресе қайсысы әсер етті?
[7-беттегі сурет]
Исаның бақытты болуға қатысты айтқан тоғыз себебі бүгінгі күні де тиімді
[8-беттегі сурет]
Мейірімділік көрсетудің ең жақсы жолы — адамдарға Киелі кітаптағы шындықты айту