“Бәрің де бір-біріңе бауырсыңдар”
“Өздеріңді “ұстаз” деп ататпаңдар, өйткені сендердің жалғыз-ақ Ұстаздарың бар... Сендердің бәрің де бір-біріңе бауырсыңдар” (МАТАЙ 23:8).
1. Қандай сұрақты қарастырғанымыз маңызды?
ШЫҒЫС елдерінің бірінде мәсіхші әйел ақ көңілмен Австралиядан келген миссионерден: “Кімді ерекше қадірлеуіміз керек: миссионерді ме, әлде Бетелде қызмет атқаратын бауырласты ма?” — деп сұрады. Ол бауырласымыз өзге елден келген миссионер мен Күзет Мұнарасы Қоғамының филиалында қызмет ететін жергілікті бауырластың қайсысын көбірек сыйлау керек екенін білгісі келді. Адамдарды сатыға бөлетін мәдениеттің әсері көрінетін ақ көңілмен қойылған бұл сұрақты миссионер күтпеген болатын. Алайда “кім үлкен?” деген сұрақтың кімнің дәрежесі жоғарырақ және әсері күштірек екенін білу мақсатымен қойылғанын атап өткен дұрыс.
2. Бір сенімдегілерге деген көзқарасымыз қандай болуы керек?
2 Мұндай сұрақ ертеректе де көтерілген. Тіпті Исаның оқушыларының арасында да кім үлкен деген дау туып тұратын (Матай 20:20—24; Марқа 9:33—37; Лұқа 22:24—27). Олар шыққан бірінші ғасырдағы иудей қоғамының мәдениетінде де адамдарды сатыға бөлетін. Осыны ескерген Иса, шәкірттеріне мынадай кеңес берді: “Өздеріңді “ұстаз” [“раббы”, ЖД] деп ататпаңдар, өйткені сендердің жалғыз-ақ Ұстаздарың бар... Сендердің бәрің де бір-біріңе бауырсыңдар” (Матай 23:8). Киелі кітапты зерттеуші Альберт Барнздың айтуы бойынша, “Ұстаз” дегенді білдіретін “Раббы” деген лауазым, осы лауазымға ие болған адамның жүрегінде тәкаппарлық пен артықшылық сезімін оятып, ие болмағандарда керісінше қызғаныш тудырып, олар өздерін екінші дәрежедегі адам ретінде сезінетін еді; бұл атақтың рухы мен мәні ‘Мәсіхке тән қарапайымдылыққа’ қайшы. Шын мәнінде, мәсіхшілер өз араларындағы бақылаушыларды “Пәленше қария”,— деп атап, “қария” деген сөзді жарамсақтану үшін қолданбайды (Аюп 32:21, 22). Екінші жағынан, Исаның берген өсиетінің рухына сай өмір сүретін қариялар қауымдағы өзге бауырластарды құрметтейді. Олар, өзіне шын берілген қызметшілерін құрметтейтін Ехоба мен өзінің шын берілген шәкірттерін құрметтейтін Исаға еліктейді.
Ехоба мен Исаның үлгісі
3. Ехоба өзінің рухани жаратылыстарын қалай құрметтеді?
3 “Ең Жоғарғы” болса да, Ехоба өзімен еңбектес болуға шақыруымен бастапқы кезден бастап-ақ жаратылыстарына құрмет көрсетті (Забур 82:19). Ол “шебер жұмысшысы” болған жалғыз Ұлын алғашқы адамды жаратуға қатыстырды (Нақыл сөздер 8:27—30, ЖД; Жаратылыс 1:26). Ехоба зұлым патша Ахабты жоймақшы болғанда, оны қалай жүзеге асыру керек екендігі туралы өз ойларын айту үшін тіпті аспандағы періштелерін де шақырды (3 Патшалық 22:19—23).
4, 5. Ехоба өзі жаратқан адамдарды қалай құрметтейді?
4 Ехоба — бүкіл әлемнің Билеушісі (Заңды қайталау 3:24). Ол адамдардың кеңесіне мұқтаж емес. Сонда да ол оларға көңіл аудару үшін, былайша айтқанда, еңкейеді. Забур жыршысы былай деп шырқайды: “Кім біздің Құдайымыз Тәңір сияқты? Жоғарыда өмір сүретін Ол, көк пен жерді көру үшін, төмен қарайды; кедейді топырақтан тұрғызады, жарлыны пендешіліктен көтереді” (Забур 112:5—8).
5 Содом мен Ғомораны жоярдың алдында Ехоба, Ыбырайымның өтініштеріне құлақ салып, оның әділдік сезімімен санасты (Жаратылыс 18:23—33). Ехоба Ыбырайымның өтініші еш нәрсені өзгертпейтінін алдын ала білсе де, шыдамдылықпен тыңдап, оның келтірген дәлелдеріне көңіл қойды.
6. Ехобаның Аввакумның сұрағына жауап беріп құрмет көрсетуінің нәтижесі қандай болды?
6 Сондай-ақ Ехоба “уа, Тәңірім, қашанғы мен жалбарынамын, ал Сен естімейсің?” деп сұраған Аввакумға да құлақ салды. Ехоба бұл сұраққа өзінің билігіне қол сұғу деп қарады ма екен? Жоқ. Ехоба Аввакумның қойған сұрақтарын орынды деп есептеп, өзінің үкімін жүзеге асыру үшін халдейлерді көтеретінін жария етті. Ол пайғамбарға алдын ала айтылған үкімнің ‘міндетті түрде орындалатынын’ айтты (Аввакум 1:1, 2, 5, 6, 13, 14; 2:2, 3). Аввакумның мазасызданып отырғанын ескеріп, жауап беруі арқылы Ехоба оған құрмет көрсетті. Нәтижесінде, абыржыған пайғамбар жігерленіп, қуанышқа бөленіп, құтқарушы Құдайына деген сенімі нығая түсті. Бұны Құдайдың рухының жетелеуімен жазылған Аввакум кітабынан көруге болады және бұл оқиға бүгін біздің де Ехобаға деген сенімімізді нығайтады (Аввакум 3:18, 19).
7. Б. з. 33 жылындағы Сабантой мейрамында Петірдің сөз сөйлеуі неліктен айрықша жағдай болды?
7 Иса Мәсіх те өзгелерге құрмет көрсетудің керемет үлгісін қалдырды. Иса өзінің шәкірттеріне: “Кім Мені адамдар алдында таныса, Мен де оны аспандағы Әкемнің алдында танимын”,— деді (Матай 10:32, 33). Бірақ, Исаны ұстап берген түні барлық шәкірттері оны тастап кетті және елші Петір үш мәрте одан танды (Матай 26:34, 35, 69—75). Сөйтсе де, Иса Петірдің істеген ісін ғана көрмей, оның асыл сезімдеріне — қатты өкінгеніне көңіл аударды (Лұқа 22:61, 62). Бар болғаны 51 күн өткен соң, өкінген елшіні құрметтеп, Сабантой мейрамы күні 120 шәкіртінің атынан сөйлеп, ‘Аспан Патшалығының кілттерінің’ біріншісін қолдануға мүмкіндік берді (Матай 16:19; Елшілердің істері 2:14—40). Сонымен қатар, Петірге ‘Құдай жолына қайтадан түскен кезде бауырластарының сенімін нығайтуға’ мүмкіндік берілді (Лұқа 22:31—33).
Отбасы мүшелеріне құрмет көрсету
8, 9. Әйеліне құрмет көрсетуде отағасы Ехоба мен Исаға қалай еліктей алады?
8 Құдай берген биліктерін іске асырған кезде, отағалары мен ата-аналардың Ехоба мен Исаға еліктегендері дұрыс. Петір мынадай кеңес берген: “Сендер де, күйеулер... алған білімдеріңе сәйкес, бұдан былай оларды аса нәзік құтыдай әйел заты ретінде құрметтеңдер” (1 Петір 3:7, ЖД). Ағаштан жасалған ыдысқа қарағанда әлдеқайда нәзік фарфор ыдысты қалай қолданар едіңдер? Абайлап қолданбас па едіңдер? Отбасына байланысты мәселелерді шешкенде отағасы Ехобаға еліктеп, әйелінің ойын тыңдауы арқылы жарына құрмет көрсетуіне болады. Ехобаның Ыбырайыммен сөйлесуге уақыт бөлгенін есімізге түсірейікші. Кемелсіз болғандықтан отағасы мәселенің қандай да бір жағын қарастыруды ұмытып кетуі мүмкін. Сондықтан әйелінің ойына шын ниетпен көңіл қойғаны отағасы үшін ақылдылық болмас па еді?
9 Ер адамның әйел адамға үстемдік жасауы қалыптасып кеткен елдерде, әйелдері үшін өздерінің тереңде жатқан сезімдерін ашу оңайға соқпайтынын отағаларының ұмытпағандары жөн. Жерде өмір сүрген кезінде өзінің болашақ қалыңдық класының бөлігі болған шәкірттеріне ыстық ықылас көрсеткен Иса Мәсіхке еліктеңдер. Ол шәкірттерін бағалай білді, олардың тәндік және рухани шектеулерімен санасты және айтпай тұрып-ақ олардың мұқтаждықтарын қанағаттандырды (Марқа 6:31; Жохан 16:12, 13; Ефестіктерге 5:28—30). Сонымен қатар, жұбайларыңның сендер үшін, отбасы үшін атқарып жүрген істерін көре біліп, оларды бағалайтындарыңды сөздеріңмен және істеріңмен білдіріңдер. Ехоба мен Иса лайықтыларды әрқашан бағалаған, мақтаған және батасын берген (3 Патшалық 3:10—14; Аюп 42:12—15; Марқа 12:41—44; Жохан 12:3—8). Күйеуі Ехоба Куәгері Шығыстағы бір мәсіхші әйел былай дейді: “Бұған дейін күйеуім үш-төрт қадам алда жүретін де, барлық затты мен көтеріп жүретінмін. Ал қазір жүктің бәрін алып жүретін сол, әрі үйде атқарған тірлігім үшін ризалығын білдіреді!”. Шын ниетпен айтылған ризашылық сөздер әйеліңнің өзінің сыйлы екенін сезінуіне айтарлықтай септігін тигізеді (Нақыл сөздер 31:28).
10, 11. Ехобаның бүлікші Исраил халқына қалай қарағанынан ата-аналар не нәрсеге үйрене алады?
10 Балаларымен қарым-қатынасында, әсіресе сөгіс беру қажет болған кезде, ата-аналар Ехобаға еліктеулері керек. Ехоба зұлым жолдарынан қайту керектігін “Исраил мен Иудаға күні бұрын ескертті”, бірақ олар “мойындарын бұрмады” (4 Патшалық 17:13—15). Исраилдіктер тіпті “Оған жағымпазданып, Оның алдында жалған сөйледі”. Ата-аналардың көбісі балаларының кейде исраилдіктер сияқты іс істейтінін сезуі мүмкін. Исраилдіктер “Құдайды сынады” және оған тіл тигізіп, ашуына тиді. Бірақ Ехоба “рақымды, күнәны кешіріп, оларды жоймады” (Забур 77:36—41).
11 Ехоба тіпті исраилдіктерді былай деп шақырды: “Сонан соң келіңдер, талқыға салайық... Егер күнәларың қырмызыдай болса — қардай аппақ етемін” (Ишая 1:18). Кінәлы олар болса да, Ехоба бүлікші халықты өзіне келіп, дұрыс жолға түсуге шақырды. Балаларымен дұрыс қарым-қатынаста болғысы келген ата-аналар үшін қандай керемет үлгі десеңші! Қажет болған кезде өзінің көзқарасын білдіруіне мүмкіндік беріп, оларды тыңдаңдар және олардың неліктен өзгеруі керек екенін түсіндіріңдер, осылайша оларды сыйлайтындарыңды білдіресіңдер.
12. а) Неге Ехобадан гөрі балаларымызды артық көрмеуіміз керек? ә) Балаларға сөгіс жариялаған кезде олардың адамгершілік қасиеттерін сыйлайтынымызды қалай көрсете аламыз?
12 Әрине, кейде балаға қатаң ескерту қажет болады. Ата-аналар, Ехобадан ‘ұлдарын артық көрген’ Еліге ұқсағысы келмейді (1 Патшалық 2:29). Дегенмен балалары ата-аналары оларды жақсы көргендіктен жөнге салып жатқанын түсінуі керек. Олар ата-аналарының оларды сүйетіндігін сезулері керек. Пауыл әкелерге мынадай кеңес береді: “Балаларыңа шамасы келмейтін талап қойып, ашуландырмай, Иеміздің тәлімімен нұсқауын беріп, тәрбиелеңдер!” (Ефестіктерге 6:4, сілтемені қараңдар). Бұл жердегі негізгі мағына — әкесі билігін жүргізген кезде тым қатал болып, баланы ызаландырмай, оның адамгершілік қасиетін сыйлауы керек. Иә, баланың адамгершілік қасиетін ескере отырып әрекет ету үшін уақыт пен күш жұмсау керек, бірақ нәтижесі осыған тұрарлық.
13. Отбасының қарт мүшелеріне деген Киелі кітаптың көзқарасы қандай?
13 Отбасы мүшелеріне құрмет көрсету үшін, әйелің мен балаларыңның адамгершілік қасиетін сыйлау жеткіліксіз. Жапон халқының мақалы былай дейді: “Қартайған шағыңда балаларыңды тыңда”. Бұл мақалдың мағынасы мынау: ата-аналар қартайған шағында үстемдік етуге тырыспай, ер жеткен балаларының айтқандарымен санасулары керек. Балаларының сөздеріне құлақ асып, құрмет көрсету Киелі кітапқа сай, бірақ балалар да отбасының қартаң мүшелерін қадірлеулері керек. Нақыл сөздер 23:22-де: “Анаңды қартайған кезінде де елеусіз қалдырма”,— делінген. Сүлеймен патша өзінің нақыл сөзіне сай өмір сүрді. Ол өтініш етіп келген анасына құрмет көрсетті. Сүлеймен өзінің тағының оң жағына тағы бір тақ қойдырып, қартаң анасы Барсабияны отырғызды да, оның сөздеріне құлақ асты (3 Патшалық 2:19, 20).
14. Қауымдағы қарт бауырластарға қалай құрмет көрсете аламыз?
14 Ал рухани отбасымызда қауымдағы қарт бауырластарға “бірінші болып” құрмет көрсетуге мүмкіндігіміз бар (Римдіктерге 12:1, ЖД). Бұрынғыдай көп нәрсе істей алмайтын болғандықтан олар абыржуы мүмкін (Екклесиаст 12:1—7). Бір жолы төсек тартып емханада жатқан майланған қарт Куәгер былай деп өзінің сезімімен бөлісті: “Қашан қайтыс болып, қайта жұмысқа оралар екенмін”. Қарт бауырластарымыздың еңбегін бағалап, құрмет көрсету арқылы оларға көмектесе аламыз. Исраилдіктерге: “Ақ шаштының алдында түрегел және қарт кісіні құрметте”,— деп өсиет етілген болатын (Леуі 19:32). Олардың керекекендерін және бағалайтындарыңды сездіріп, қарт бауырластарға ықылас көрсетіңдер. “Түрегел” деген сөз олардың жанына отырып, көп жылдар бұрын істеген істері туралы әңгімелерін тыңдауды да білдіруі мүмкін. Осылайша оларға құрмет те көрсетеміз, өзіміз де рухани байып қаламыз.
“Бірінші болып... құрмет көрсетіңдер”
15. Қариялар қауым мүшелеріне қалай құрмет көрсете алады?
15 Қариялар жақсы үлгі көрсететін болса, қауым мүшелерінің рухани күйі жақсы болады (1 Петір 5:2, 3). Міндеттері көп болса да, қамқор қариялар өз ықыласымен жастармен, отағаларымен, жалғыз басты аналармен, үй шаруасындағы әйелдермен және қарттармен, олардың проблемалары болсын-болмасын, бірінші болып өздері сөйлесуге тырысады. Қариялар қауым мүшелерінің айтқандарына құлақ асып, оларды мүмкіндігінше істеген істері үшін мақтайды. Бауырластардың істеп жатқан істерін байқап, оларға ризашылығын білдіретін аңғарымпаз қариялар өзінің жердегі жаратылыстарын бағалайтын Ехобаға еліктейді.
16. Неліктен қариялар да қауымның өзге мүшелерімен бірдей құрметке лайық деп санауымыз керек?
16 Ехобаға еліктейтін қариялар Пауылдың: “Бір-біріңді бауырлардай сүйіп, өзара құрмет көрсетуде үлгі болыңдар [“бірінші болып бір-біріңе құрмет көрсетіңдер”, ЖД]”,— деген өсиетін орындауда жақсы үлгі көрсетеді (Римдіктерге 12:10). Адамдарды сатыға бөлетін елдерде тұратын қариялар үшін бұлай ету қиын болуы мүмкін. Мысалы, Шығыс елдерінің бірінде “бауыр” дегенді білдіретін екі сөз бар. Оның бірі құрмет көрсетіліп айтылады да, екіншісі қарапайым айтылатын сөз. Соңғы уақытқа дейін қауым мүшелері қариялар мен жасы үлкендерге құрмет көрсетіліп айтылатын сөзді қолданып, өзгелерге қарапайым түрін қолданып келді. Бірақ оларға барлық уақытта қарапайым айтылатын сөзді қолдануға кеңес берілді, өйткені Иса өзінің шәкірттеріне: “Сендердің бәрің де бауырсыңдар”,— деген болатын (Матай 23:8). Басқа елдерде мұндай өзгешеліктер айқын білінбеуі мүмкін болғанмен, адам баласының сатыға бөлуге бейім екендігін ұмытпағанымыз жөн (Жақып 2:4).
17. а) Қариялар неліктен өздеріне жақындау жеңіл болуын қадағалаулары керек? ә) Қауым мүшелерімен қарым-қатынасында қариялар Ехобаға қалай еліктей алады?
17 Пауылдың кейбір қарияларға “ерекше құрмет” көрсетуге кеңес бергені рас, сөйтсе де олардың барлығы да жай ғана бауыр болып қала бермек (1 Тімотеге 5:17). Егер біз “еркін сөйлеп” бүкіл әлемнің Билеушісінің ‘мейірімділік тағына жақындай’ алатын болсақ, Ехобаға еліктейтін қарияларға да жақындай алуымыз керек емес пе? (Еврейлерге 4:16; Ефестіктерге 5:1). Қариялар өздеріне жақындау қаншалықты жеңіл екенін қауымдағы өзге бауырластардың кеңес сұрау үшін немесе ұсыныс жасау үшін қаншалықты жиі келетініне қарап анықтай алады. Қариялар өзінің істерін жүзеге асыруға өзгелерді де араластыратын Ехобадан үлгі алыңдар. Жауапкершілік жүктеуімен ол өзгелерге құрмет көрсетеді. Тіпті екінші бір Куәгердің жасаған ұсынысы тиімді емес болып көрінсе де, қариялар оның ықыласына ризашылығын білдіруі қажет. Ыбырайымның талап ете қойған сұрақтары мен Аввакумның зарына Ехобаның қалай қарағанын естеріңе түсіріңдерші.
18. Рухани көмек қажет болғандарды жөнге салған кезде қариялар Ехобаға қалай еліктей алады?
18 Кей мәсіхшілерді жөнге салу керек болады (Ғалаттықтарға 6:1). Сөйткенмен де олар Ехобаның көзінде бағалы, адамгершілік қасиеттерін сыйлауға лайық. Бір Куәгер былай деді: “Ақыл берген кісі маған құрметпен қарайтын болса, мен оған оңай жақындай аламын”. Адамдардың көпшілігі құрметпен берілген кеңесті жақсы қабылдайды. Дұрыс емес нәрсе жасап қойған адамды тыңдайтын болса — ал ол үшін көп уақыт кетуі мүмкін — оған қажетті кеңесті қабылдау оңайырақ болады. Ехобаның жаны ашығандықтан исраилдіктермен қайта-қайта сөйлескенін ұмытпаңдар (2 Шежіре 36:15; Титке 3:2). Жанашырлықпен және жағдайын түсініп берілген кеңес көмекке мұқтаж адамның жүрегіне жетеді (Нақыл сөздер 17:17; Філіпіліктерге 2:2, 3; 1 Петір 3:8).
19. Мәсіхші емес адамдарға деген көзқарасымыз қандай болу керек?
19 Біз сонымен қатар болашақта рухани бауырласымыз болуы мүмкін адамдарға да құрмет көрсетуіміз керек. Бұл адамдар қазір біздің хабарымызға онша көңіл бұрмайтын шығар, бірақ сөйтсе де біз шыдамдылық танытып, олардың адамгершілік қасиеттерін сыйлай білуіміз керек. Ехоба ‘ешкімнің өлгенін емес, керісінше, бәрінің де тәубе еткенін қалайды’ (2 Петір 3:9). Біздің де Ехобаға тән көзқарас танытуымыз керек емес пе? Айналамыздағыларға әрқашан жылы шырай көрсетер болсақ, оларға куәлік етуге негіз қалаймыз. Әрине, рухани күйімізге қауіпті қарым-қатынастан абай болуымыз керек (1 Қорынттықтарға 15:33). Бірақ Куәгер емес адамдарды жек көрместен, барлық адамдарға ‘жақсы қарауға’ болады (Елшілердің істері 27:3).
20. Ехоба мен Иса Мәсіхтің үлгісі бізге қалай әсер етуі керек?
20 Иә, Ехоба мен Иса Мәсіх әрқайсымызды құрметтеуге лайық деп есептейді. Әрқашан олардың қалай әрекет ететінін естен шығармай, солар сияқты біз де бірінші болып бір-бірімізге құрмет көрсетейік. Сондай-ақ Иеміз Иса Мәсіхтің: “Бәрің де бауырсыңдар”,— деген сөзін естен шығармайық (Матай 23:8).
Қалай жауап берер едіңдер?
• Бір сенімдегілерге қалай қарауымыз керек?
• Өзгелерге құрмет көрсету үшін, Ехоба мен Исаның үлгісі бізге қалай әсер етеді?
• Отағалары мен ата-аналар өзгелерге қалай құрмет көрсете алады?
• Мәсіхшілердің барлығына да бауырластар ретінде қарауы қарияларға қалай әсер етеді?
[15-беттегі сурет]
Ризашылығыңды білдіріп, әйеліңе құрмет көрсет.
[15-беттегі сурет]
Айтқандарына құлақ салып, балаларыңды құрметте.
[15-беттегі сурет]
Қауым мүшелерінің адамгершілік қасиеттерін сыйлаңдар.