110-тарау
Исаның ғибадатханадағы қызметінің аяқталуы
ИСАНЫҢ ғибадатханаға соңғы рет келуі. Сотталуы мен өлтірілуіне қатысты келесі үш күндегі оқиғаларды қоспағанда, Исаның жердегі бүкіл халыққа қызметі осымен аяқталып отыр. Қазір ол дін мұғалімдері мен парызшылдарды ашық айыптауын жалғастыруда.
Ол тағы да үш рет дауыстап былай деді: “Дін мұғалімдері мен парызшылдар, екі жүзділер, сендер қасіретке қаласыңдар!” Бірінші рет “қасіретке қаласыңдар” дегенде, дін мұғалімдері мен парызшылдардың “ыдыс-аяққа сыртқы тазарту рәсімін” орындағанмен “олардың іші алдамшылықпен әрі дүниеқоңыздықпен тартып алған тағамдарға толы” екенін айтты. “Сыртының да таза болуы үшін алдымен ыдыс-аяқтың ішін тазартыңдар!” — деп кеңес берді Иса.
Екінші рет “қасіретке қаласыңдар!” дегенде, ол дін мұғалімдері мен парызшылдардың рухани жағынан іріп-шіріп кетсе де, сырт көзге құдайшыл болып көрінгілері келетінін әшкереледі. “Сыртынан әдемі болып көрініп, бірақ іші өліктердің сүйектері мен түрлі шірікке толы әктелген молаларға ұқсайсыңдар”,— деді ол.
Сондай-ақ олардың екіжүзділіктері өздерін мейірімді етіп көрсету үшін пайғамбарларға мазар салып, әшекейлейтіндіктерінен де көрінеді. Бірақ Иса олардың “пайғамбарларды өлтіргендердің үрім-бұтағы екендерін” көрсетті. Бұл шынында да солай, өйткені кім батылы барып олардың екіжүзділігін әшкерелейтін болса, соның өміріне қауіп төнуі мүмкін!
Иса оларды өткір сөздермен әшкерелей бастады: “Жыландар, улы жыланның ұрпағы! Сендер сотталып, тозаққа [“гееннаға”, ЖД] түсуден қалай құтылмақсыңдар?” “Геенна” деп отырғандары — Иерусалимнің тұрғындарының қоқыс тастайтын жері. Демек, Иса дін мұғалімдері мен парызшылдарды істеген арам, лас істері үшін мәңгілік өлім күтіп тұрғанын айтты.
Иса өзінің жіберген адамдарына олардың не істейтінін көрсетіп былай деді: “Сендер солардың біреулерінің көздерін құртып, кейбіреулерін айқышқа [“бағанаға”, ЖД] шегелетіп өлтіріп, тағы басқаларын мәжілісханаларыңда дүрелеп сабап, қаладан қалаға қудалайтын боласыңдар. Сол үшін де кінәсіз Әбілден бастап, өздерің киелі үй мен құрбандық үстелінің арасында өлтірген Барақияұлы Зәкәрияға дейін жер бетінде төгілген күллі әділдердің қандарының құны сендердің мойындарыңа жүктелетін болады! Сендерге шындықты айтамын: мұның барлығы да осы ұрпақтың мойнына жүктеледі!”
Зәкәрия Исраил басшыларының қылмыстарын бетіне басып айыптағандықтан, олар “оған қастандық жасауға келісіп, патшаның бұйрығымен Тәңірдің үйінің ішкі ауласында оны таспен ұрып өлтірді”. Бірақ Исаның алдын ала айтқанындай, Исраил барлық әділдердің төгілген қаны үшін жазасын тартады. Олар 37 жылдан соң, б. з. 70 жылы Рим әскері келіп, Иерусалимді қиратып және миллионнан аса яһудилерді өлтіргенде жазасын алды.
Осыны ойлап Иса қатты қынжылды. “Ей, Иерусалим, пайғамбарлардың көзін құртып, Тәңір жіберген хабаршыларды тас лақтырып өлтіретін Иерусалим-ай! Балапандарын қанатының астына алған құс сияқты, Мен де сенің халқыңды қанша рет жинамақшы болдым, бірақ сендер одан бас тарттыңдар! Сондықтан үйлерің қаңырап, бос қалдырылады”.
Ол былай деп қосты: “Бұдан былай, “Жаратқан Иенің атынан келе жатқан (Патша) жарылқанған!” деп шақырған уақыттарыңа дейін Мені қайтып көрмейсіңдер”. Бұл Мәсіх өзінің көктегі Патшалығына келгенде, адамдар оны сенім көзімен көрген уақытта болады.
Содан кейін Иса ғибадатханадағы құдайы сыйлықтарға арналған сандықтар мен оған жұрттың ақша салып жатқаны көрінетін жерге барып отырды. Байлар молынан ақша салып жатыр. Содан бір бейшара жесір әйел келді де, құны шамалы ғана екі бақырды салды.
Иса шәкірттерін қасына шақырып, былай деді: “Сендерге шындығын айтамын: ақша салғандардың барлығынан да мына бейшара жесір көп салды!” Шәкірттері таңғалған болса керек. Сонда Иса: “Себебі басқалардың бәрі өздерінен артылғанын ғана садақа етсе, бұл әйел өзі бейшара бола тұра, күнелтетін нәрсесінің бәрін аямастан берді”,— деп түсіндірді. Осыны айтқаннан кейін Иса ғибадатханадан шығып, бұл жерге қайта оралмады.
Исаның шәкірттері ғибадатхананың зәулім әрі әсем екендігіне таңғалып: “Ұстаз, қараңызшы: тастар қалай әшекейленген, ғимараттар қандай тамаша!” — деді. Иә, шынында да тастардың ұзындығы 11 метр, ені 5 метр және биіктігі 3 метрден астам болатын.
“Мына зәулім ғимараттарды көріп тұрсыңдар ғой?— деді Иса.— Бұлардың қаланған бірде-бір тасы қалмай бәрінің де күл-талқаны шығатын болады!”
Содан кейін Иса мен елшілері Қидрон сайынан өтіп, Зәйтүн тауына көтерілді. Осы жерден олар төменде жатқан әсем ғибадатхананы тамашалай алады. Матай 23:25—24:3; Марқа 12:41—13:3; Лұқа 21:1—6; 2 Шежірелер 24:20—22.
▪ Иса соңғы рет ғибадатханада болғанында не істеді?
▪ Дін мұғалімдері мен парызшылдардың екіжүзділігі неден көрінеді?
▪ “Гееннаға түсесіңдер” деген нені білдіреді?
▪ Неліктен Иса байларға қарағанда жесір әйел көп садақа берді деді?