Ата-аналар, отбасыларыңның қамын ойлаңдар
“Үй ішінің қамын ойламайтын адам сенімінен бас тартқан” (ТІМОТЕГЕ 1-ХАТ 5:8).
1, 2. а) Неге отбасыларының бірге мәсіхшілер кездесулеріне келіп жүргенін көру жігерлендіреді? ә) Кездесулерге уақтылы келу үшін отбасылары қандай қиындықтарға кезігеді?
ҚАУЫМ кездесуі басталмас бұрын жан-жағыңа көз салғанда, тап-тұйнақтай киінген, ата-аналарының жанынан орын алып жатқан балаларды көрерсің. Осындай отбасыларында байқалып тұрған Ехобаға және бір-біріне деген сүйіспеншілікті көру қуанышты емес пе?! Алайда олардың кездесуге уақтылы келу үшін қаншама күш салатыны тез-ақ ұмытылып кетеді.
2 Көбінесе ата-аналардың күні бойына қолы босамайды, ал кездесу болатын күні отбасының тірлігі тіптен көбейіп кетеді. Тамақ әзірлеп, үй тірлігін істеп, үйге берілген тапсырманы орындау керек болады. Ата-аналар әрқайсысының үсті таза, қарны тоқ және уақытында дайын болып тұрулары үшін көп күш жұмсайды. Оның үстіне, қажет емес сәтте балалармен күтпеген жайттар болуы мүмкін. Үлкені ойнап жатып шалбарын жыртып алса, ал кішісі тамағын төгіп алуы мүмкін. Я болмаса балалар ұрсысып-таласа бастайды (Нақыл сөздер 22:15). Мұның соңы не болады? Ата-аналардың тіпті тыңғылықты жоспарының өзі ойдағыдай болмай шығуы мүмкін. Сөйткенмен де, мұндай отбасылары барлық уақытта дерлік қауым кездесулері басталмай тұрып-ақ Патшалық Сарайына келіп үлгереді. Оларды апта сайын, жыл сайын сол жерде көру, балалардың көз алдыңда есейіп, Құдайға қызмет етуді таңдап жатқанын байқау қандай жігер береді десеңші!
3. Ехоба отбасыларын жоғары бағалайтынын қайдан білеміз?
3 Ата-аналық міндеттерің кейде қиын, тіпті қажытарлық болса да, Ехоба салып жатқан күштеріңді жоғары бағалайтынына сенімді болсаңдар болады. Ехоба — отбасының негізін Қалаушы. Сол себепті оның Сөзінде әрбір отбасы “өз аты” үшін, яғни тіршілік етіп жатқаны үшін, Ехобаға борышты екені айтылады (Ефестіктерге 3:14, 15 сілтемені қараңдар). Сондықтан, ата-аналар, отбасындағы өз міндеттеріңді дұрыс атқаруға тырыссаңдар, Әлемнің Әміршісін дәріптейсіңдер (Қорынттықтарға 1-хат 10:31). Бұл зор мәртебе емес пе?! Онда Ехобаның ата-аналарға жүктеген міндетін қарастырғанымыз орынды. Осы мақалада отбасының қамын ойлауға не жататынын көреміз. Құдай ата-аналардан талап ететін, отбасын қамтамасыз етудің үш жағын қарастырайық.
Материалдық жағынан қамтамасыз ету
4. Балаларының қамын ойлауда Ехоба отбасында қандай шаралар ұйымдастырды?
4 Елші Пауыл: “Туысқандарының, әсіресе үй ішінің қамын ойламайтын адам сенімінен бас тартқан, ол тіпті Құдайға сенбейтіннен де жаман”,— деп жазған (Тімотеге 1-хат 5:8). Бұл жерде Пауыл “адам” деп кімді айтқан? Бұл отағасын білдірген. Құдай әйелге де үлкен рөлді, яғни күйеуінің көмекшісі болуды тапсырған (Жаратылыс 2:18). Киелі кітап жазылып жатқан уақытта әйелдер отбасын қамтамасыз етуде көбінесе күйеулеріне көмектескен (Нақыл сөздер 31:13, 14, 16). Бүгінде не әкесі, не шешесі ғана бар отбасылары бұрынғыдан да көпa. Көптеген жалғыз басты мәсіхші ата-аналар үй ішінің қамын ойлауды өте жақсы атқарып жатыр. Әрине, отағасы басшылықты қолға алған толық отбасы болғанға не жетсін.
5, 6. а) Үй ішіндегілерді материалдық жағынан қамтамасыз етуде кезігетін қиындықтардың кейбірі қандай? ә) Осы дүниелік жұмысқа қалай қарағандары мәсіхшілерге отбасының қамын үнемі ойлап жүруге көмектеседі?
5 Тімотеге 1-хат 5:8-де Пауыл қай жағынан қамын ойлауды айтып отыр? Мәнмәтінінен отбасының материалдық қажеттілігі туралы айтып отырғаны көрінеді. Бүгінде отбасын асырауда отағалары көптеген қиыншылықтарға кезігуде. Дүние жүзінде жұмыссыздықтың көбеюі, күн көрістің қиындауы сияқты экономикалық жағдай кең өріс алған. Отбасы қамқоршысына осындай қиындықтарға бой бермеуге не көмектеседі?
6 Ол атқарып жатқан міндетін Ехобадан алғанын естен шығармағаны жөн. Рухтың жетелеуімен жазылған Пауылдың сөздері осы бұйрықты орындауға шамасы келетін, бірақ оны істеуден бас тартатын адамның “Құдайға сенбейтіннен де жаман” екенін айтады. Ал мәсіхші Құдайдың алдында осындай болып қалудан аулақ болу үшін барын салады. Өкінішке орай, бүгінде көп адамдар “бауырмалшылдығы жоқ” болып кетті (Тімотеге 2-хат 3:1, 3, ЖД). Шынында да, өте көп әке отбасыларын қараусыз қалдырып, өз міндеттерін атқарудан қашады. Мәсіхші отағалары үй ішін қамтамасыз етуге бұлай ат үсті қарамайды, тас бауырлық көрсетпейді. Отбасына қамқор мәсіхшілер басқалар ең төмен дейтін жұмыстың өзін қажет әрі маңызды санайды, себебі ол отбасын қамтамасыз етіп, Құдайға жағуға мүмкіндік береді.
7. Неліктен ата-аналар Исаның үлгісін қарастырғаны орынды?
7 Отағалары үшін Исаның кемелді үлгісін қарастырған да пайдалы. Киелі кітаптағы пайғамбарлықта Исаның “Мәңгілік Әке” деп аталғанын білесіңдер (Ишая 9:6, 7). “Соңғы Адам” және өзіне сенім білдіргендердің әкесі ретінде Иса “алғашқы Адамның” орнын басады (Қорынттықтарға 1-хат 15:45). Өзімшіл болып кеткен, тек қара басының қамын ойлайтын Адам әке сияқты емес, Иса — мінсіз әке. Киелі кітапта ол туралы: “Иса Мәсіхтің өз өмірін біз үшін қиғандығы арқылы нағыз сүйіспеншіліктің не екеніне көзіміз жетті”,— делінген (Жоханның 1-хаты 3:16). Иә, Иса өзгелер үшін өз өмірін дайындықпен қиды. Алайда ол күн сайын болмашы нәрселерде де өзгелердің қажеттілігін өзінікінен жоғары қойған. Ата-аналар, Исаның сол жанқиярлық рухына еліктер болсаңдар, көп пайдасын көресіңдер.
8, 9. а) Жан салмай балапандарының қамын ойлау жағынан ата-аналар құстардан неге үйрене алады? ә) Қалай көптеген мәсіхші ата-аналар жанқиярлық рухын танытуда?
8 Ата-аналар Құдайдың бірбеткей халқына айтқан Исаның: “Балапандарын қанатының астына алған құс сияқты, Мен де сенің халқыңды қанша рет жинамақшы болдым”,— деген сөздерінде көрініс тапқан риясыз сүйіспеншілігінен үйренсе болады (Матай 23:37). Иса бұл жерде балапандарын қанатымен қорғаштаған мекиенді әсерлі етіп суреттеген. Расында да, балапандарын қауіп-қатерден қорғау үшін өзін қатерге тігуге дайын құстың қорғаныс инстинктінен ата-аналар көп нәрсеге үйрене алады. Құстардың күнделікті әрекеттерін бақылау да бір ғанибет. Олар тынбастан тамақ іздеп, әрі-бері ұшады. Тіпті қалжырап қалса да, мойнын созған жас балапандарының аузына тамақ салады. Ал олар болса оны қылғытып салып, “тағы бер” деп шықылықтай түседі. Ехобаның жаратылыстарының көбісінде “инстинкті даналық” бар, олар балаларының қамын жейді (Нақыл сөздер 30:24, ЖД).
9 Осы іспеттес жер жүзіндегі мәсіхші ата-аналар да керемет жанқиярлық рух танытуда. Сендер перзенттеріңе бір қатердің төнуіне жол бергенше, өздерің жапа шегуді қалар едіңдер. Оның үстіне, үйдегілердің қамы үшін күнде құрбандыққа баруға дайынсыңдар. Көбің қажытарлық не зеріктірерлік жұмыс болса да, таңертең ерте тұрып барасыңдар. Дастарқанда нәрлі ас болсын деп, ауыр еңбектенесіңдер. Балаларыңның таза киімі, жөнді баспанасы мен тәуір білімі болсын деп, барынша күш саласыңдар. Әрі мұны күннен-күнге, жылдан-жылға істей бересіңдер. Мұндай жанқиярлық пен табандылыққа Ехобаның риза екенінде күмән жоқ (Еврейлерге 13:16). Сондай-ақ үй ішінің қамын ойлаудың бұдан да маңызды жақтары бар екенін ұмытпайсыңдар.
Рухани жағынан қамтамасыз ету
10, 11. Адамның қажеттіліктерінің ішіндегі ең маңыздысы не, сондай-ақ мәсіхші ата-аналар балаларының осы қажеттілігін қанағаттандыру үшін бірінші кезекте не істеуге тиіс?
10 Отбасын материалдық жағынан гөрі рухани жағынан қамтамасыз ету маңыздырақ. Иса: “Адам тек нанмен ғана емес, Құдайдың аузынан шыққан әрбір сөзімен өмір сүреді”,— деген болатын (Матай 4:4; 5:3). Ата-аналар, отбасын рухани жағынан қамтамасыз ету үшін не істей аласыңдар?
11 Бұған қатысты ең жиі келтірілетін Жазба орны Заңды қайталау 6:5—7 дейінгі тармақтар шығар. Киелі кітапты ашып, осы тармақтарды оқып көріңдерші. Онда ата-аналардың алдымен өздері Ехобаны сүйіп, оның сөздерін жүректерімен қабыл алып, рухани күйлерін жақсарту керектігі айтылғанын байқаңдаршы. Иә, сендер Құдай Сөзінің ынталы оқушысы болуларың керек. Ол үшін Киелі кітапты үнемі оқуларың және Ехобаның жолдарын, принциптері мен заңдарын сүйіп, оларды жете түсіну үшін үстінен ой жүгіртулерің керек. Осының арқасында жүректерің Киелі кітаптағы ғажайып шындыққа толып, ал бұл сендерді қуаныш пен қастерлі қорқыныш сезіміне бөлейді, сондай-ақ Ехобаны жақсы көруге талпындырады. Сонда балаларыңмен бөлісетін ізгілікті қазыналарың жетіп артылады (Лұқа 6:45).
12. Киелі кітаптағы шындықты балаларының құлағына құйғанда, ата-аналар Исаның үлгісіне қалай еліктей алады?
12 Рухани мықты ата-аналар Ехобаның сөздерін әрбір мүмкіндікті пайдаланып, балалардың “құлағына құй” деген Заңды қайталау 6:7-дегі кеңесті қолдануға дайын. “Құлағына құй” деген қайталау арқылы тәлім беру, көзін жеткізу дегенді білдіреді. Бәріміз де — әсіресе балалар — үйрену үшін қайталап отыруды қажет ететінімізді Ехоба жақсы біледі. Сондықтан да Иса қызметінде қайталауды қолданған. Мысалы, шәкірттерін менмен, бақталас болмай, кішіпейіл болуға үйреткен кезде, бір принциптің өзін түрліше жолмен қайталаған. Ол ой түзу, көрнекі мысал келтіру және өзі істеп көрсету арқылы үйреткен (Матай 18:1—4; 20:25—27; Жохан 13:12—15). Бір ғажабы, Иса ешқашан шыдамсыздық танытпаған. Сол сияқты, ата-аналар да балалары Ехобаның принциптерін ұғып, қолдана алғандарынша, шыдамдылықпен қайталай отырып, оларға негізгі ілімдерді үйретудің жолдарын таба білулері керек.
13, 14. Ата-аналарда Киелі кітаптағы шындықты балаларының құлағына құюдың қандай мүмкіндіктері бар және бұл үшін қандай құралдарды қолдануына болады?
13 Балаларға осылай тәлім берудің ең керемет мүмкіндігі — отбасылық зерттеу сабағы. Шынында да, Киелі кітапты көңілді әрі жігер беретіндей етіп үнемі отбасымен бірге зерттеу отбасының рухани күйі жақсы болу үшін ең бастысы болып табылады. Дүние жүзіндегі мәсіхші отбасылары осындай зерттеулерді Ехобаның ұйымы беріп отырған әдебиеттерді қолданып және балаларының қажеттіліктеріне бейімдеп, қуана-қуана өткізеді. Бұл жерде “Жастардың сауалдары. Пайдалы кеңестер”, “Ұлы Ұстаздан үйреніңдер” кітаптары күшті құрал болып табылудаb. Алайда балаларды үйрететін кез тек отбасылық зерттеу ғана емес.
14 Заңды қайталау 6:7-де көрсетілгендей, ата-аналар, балаларыңмен рухани нәрселерді талқылай алатын көптеген мүмкіндіктер бар. Жол жүргенде, үй тірлігін атқарғанда, яки бірге демалғанда, олардың рухани қажеттіліктерін қамтамасыз етудің жолдарын табуға болады. Әрине, Киелі кітаптағы шындықтар туралы тынбай “дәріс оқи” берудің қажеті жоқ. Қайта, отбасындағы әңгіменің жігерлендірерліктей, рухани деңгейде болуын қадағалаңдар. Мысалы, “Ояныңдар!” журналында әр түрлі тақырыптағы мақалалар бар. Оларды Ехоба жаратқан жануарлар, жер шарындағы табиғаты керемет жерлер, адамдардың түрлі мәдениеті мен өмір-салтының сан қилылығы туралы әңгімелерге арқау етуге болады. Мұндай әңгімелер жастарды “адал да ақылды құл” табының беріп отырған әдебиеттерін көбірек оқуға талпындыруы мүмкін (Матай 24:45, ЖД; 46, 47).
15. Балаларға мәсіхшілердің қызметін қызықты да пайдалы деп қарастыруына ата-аналар қалай көмектесе алады?
15 Балаларыңмен жігерлендіретін әңгіме айту олардың өзге бір рухани қажеттілігін қанағаттандыруға көмектеседі. Мәсіхшілердің балалары өз сенімдерімен жақсылап бөлісе білуді үйренулері керек. “Күзет мұнарасы” немесе “Ояныңдар!” журналындағы қызықты ойлар жайлы сөйлескенде, сол мәліметті қызметте қалай қолдануға болатынын көрсетудің мүмкіндіктерін іздестірсеңдер болады. Мысалы: “Ехоба туралы осы нәрсені көбірек адамның білгені қандай жақсы болар еді! Қалай ойлайсың, осы тақырыпқа адамды қалай қызықтыруға болады?”— деп сұрасаңдар болады. Бұл оларға біліп жатқандарын өзгелермен бөліссем деген ықыластарын арттыруға көмектесуі мүмкін. Ал сендермен бірге қызметке шыққанда, олар осындай әңгімелерді іс жүзінде қалай қолдануға болатынын өз көздерімен көреді. Сондай-ақ олар қызметтің қанағат пен қуанышқа бөлейтін қызықты да жағымды іс екенін көреді (Елшілердің істері 20:35).
16. Балалар ата-аналарының дұғасын тыңдағаннан неге үйренуі мүмкін?
16 Ата-аналар дұға айтқанда да балаларының рухани қажеттілігін қанағаттандырады. Иса шәкірттеріне қалай дұға айту керектігін үйреткен, әрі көп жағдайда олармен бірге дұға еткен (Лұқа 11:1—13). Олар Ехобаның Ұлымен бірге дұға ете отырып, қаншама нәрсеге үйренгенін ойланып көріңдерші! Сол сияқты балаларың да сендердің дұғаларыңнан көп нәрсеге үйрене алады. Мысалы, олар Ехобаның өзімен еркін, шын жүректен сөйлескенімізді, кез келген проблемамызды айтқанымызды қалайтынын көреді. Иә, дұғаларың балаларыңа маңызды рухани шындықты, яғни көктегі Әкелерімен жақсы қарым-қатынаста бола алатындарын, түсінуге көмектеседі (Петірдің 1-хаты 5:7).
Эмоциялық жағынан қамтамасыз ету
17, 18. а) Балаларға сүйіспеншілік көрсетудің маңызды екенін Киелі кітап қалай көрсетеді? ә) Әкелер балаларына сүйіспеншілігін білдіруде Ехобаға қалай еліктеулері керек?
17 Әрине, балалардың эмоциялық та қажеттіліктері бар. Құдай Сөзі ата-аналарға бұл жағынан балалардың қамын ойлау қаншалықты маңызды екенін айтады. Мысалы, жас келіншектер ‘балаларын сүюге’ шақырылады. Олардың бұлай еткені санамен ‘ұғынуларына’ байланысты (Титке 2:4, ЖД). Балаға сүйіспеншілікті көрсету, шынында да, ақылдылыққа жатады. Бұл баланы да сүюге үйретеді және ғұмырлық игіліктер әкеледі. Ал, керісінше, балаға деген сүйіспеншілікті көрсетпеу — ақылсыздық. Бұл жанды қатты жаралайды және кемелсіздігімізге қарамастан шексіз сүйіспеншілігін көрсетіп отырған Ехобаға еліктемейтінімізді көрсетеді (Забур 102:8—14).
18 Ехоба тіпті жердегі балаларына сүйіспеншілігін бірінші болып көрсетеді. Жоханның 1-хаты 4:19-да айтылғандай, “Ол бізді алдымен сүйді”. Әкелер, балаларыңмен араларыңдағы сүйіспеншілікті орнатуда бірінші болып әрекет ете отырып, Ехобаға еліктеулерің керек. Киелі кітап әкелерді ‘балалары ынжық болмау үшін’, оларды ызаландырудан сақ болуға шақырады (Қолостықтарға 3:21 сілтемені қараңдар). Өзін әке-шешесі сүймейтінін не бағаламайтынын білгені баланы ызаландыратын ең жаман нәрселердің бірі болып табылады. Өз сезімдерін білдіре бермейтін әкелер Ехобаның үлгісін естен шығармағандары жөн. Ехоба ұлына деген ризашылығы мен сүйіспеншілігін тіпті көктен білдірген (Матай 3:17; 17:5). Бұл Исаны қалай жігерлендірді десеңші! Сол сияқты ата-анасының шын жүректен білдірген сүйіспеншілігі мен қолдауынан балалары қаншама күш-жігер алып, әрі батылдыққа ие болады.
19. Неге жөнге салу маңызды және мәсіхші ата-аналар қалай байсалдылық танытуға тырысады?
19 Әрине, ата-анаға өз сүйіспеншілігін тек сөзбен айтып қоя салғаны жеткіліксіз. Сүйіспеншілікті бірінші кезекте іс-әрекетпен көрсетеді. Материалдық және рухани жағынан қамтамасыз еткені — әсіресе бұған түрткі болып отырған сүйіспеншілік екені көрінетіндей етіп істегені — ата-ананың балаларына сүйіспеншілігін білдіргені. Сонымен қатар жөнге салу да ата-ананың сүйіспеншілігін білдірудің маңызды жолы болып табылады. Расында, Ехоба өзі ‘сүйетін әркімді түзетіп тәрбиелейді’ (Еврейлерге 12:6). Керісінше, жөнге салмау ата-ананың балаларын жек көретінін білдіреді (Нақыл сөздер 13:24). Ехоба барлық уақытта байсалдылық сақтап, ‘жөнімен жазалайды’ (Еремия 46:28). Кемелсіз ата-аналар үшін бұлай байсалдылық таныту әрдайым оңай бола бермейді. Дегенмен бұған күш салғандарың далаға кетпейді. Табандылықпен әрі сүйіспеншілікпен тәрбиелеу баланың өмірде бақытты да табысты болуына көмектеседі (Нақыл сөздер 22:6). Әрбір мәсіхші ата-ананың баласына тілері де осы емес пе?!
20. Қалайша ата-аналар балаларына ‘өмірді таңдауға’ ең жақсы мүмкіндікті жасай алады?
20 Ата-аналар, Ехобаның өздеріңе тапсырған маңызды міндетін — балаларыңның материалдық, рухани және эмоциялық қажеттіліктерін қамтамасыз етуді — атқарсаңдар, мұның берер жемісі мол. Осылай балаларыңа ‘өмірді таңдап’, нәтижесінде “аман қалу үшін” ең жақсы мүмкіндікті жасайсыңдар (Заңды қайталау 30:19). Есейгенде Ехобаға қызмет етуді таңдап, өмір жолында қалатын балалар ата-анасын шексіз қуанышқа кенелтеді (Забур 126:3—5). Ал мұндай қуаныш мәңгілікке ұласады! Алайда жастар Ехобаны қазір қалай мадақтай алады? Бұл келесі мақалада қарастырылады.
[Сілтемелер]
a Бұл мақалада отбасының қамқоршысы ретінде әкені айтып отырғанмен, мұндағы принциптер отбасының қамқоршы болып отырған мәсіхші аналарға да қатысты.
b Ехоба Куәгерлері басып шығарған.
Қалай жауап берер едіңдер?
Ата-аналар балаларының... қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін не істей алады?
• ...материалдық
• ...рухани
• ...эмоциялық
[8-беттегі сурет]
Құстардың көбісі балапандарын асырау үшін талмай еңбектенеді
[10, 11-беттердегі суреттер]
Ата-аналар бірінші кезекте өздерінің рухани күйлерін жақсартуға тиіс
[11-беттегі сурет]
Ата-аналар балаларына Жаратушы туралы үйретудің көптеген мүмкіндіктерін таба алады
[12-беттегі сурет]
Балалар ата-анасының қолдауынан күш-жігер алып, батылдыққа ие болады