11-Тарау
Бұл — соңғы күндер!
1. Дүниедегі жағдайларды көргенде, неге көпшілігі абыржуда, бірақ оның себебін қайдан білуге болады?
ҚАЛАЙША біздің тынышсыз дүниеміз осындай жағдайға жетті? Бізді не күтіп тұр? Осындай сұрақтар сені де ойландырды ма? Көпшілігі дүниедегі бүгінгі жағдайды көріп, абыржуда. Шынында да, болашақтан не күтуге болады? Айнала соғыс, ауру мен қылмысқа толы. Үкімет басшыларынан күтер үміт аз. Дегенмен Құдай өзінің Сөзінде осы үрейлі күндердің нағыз мағынасын түсіндіреді. Сенімді мәліметтердің көзі Киелі кітап бізге қандай уақытта өмір сүріп жатқанымызды көруге көмек береді. Ол біздің “соңғы дәуірде” өмір сүріп жатқанымызды көрсетеді (Тімотеге 2-хат 3:1).
2. Исаға шәкірттері қандай сұрақ қойды және ол қалай жауап берді?
2 Мысалы, шәкірттерінің көтерген сауалдарына Исаның берген жауабын алайық. Исаның өлерінен үш күн бұрын, олар былай деп сұрады: “Сіздің қайта келуіңіз бен ақыр заманның жақындап қалғанын қандай белгі білдірмек” (Матай 24:3). Иса осы құдайдан безген дүниенің соңғы күндері келгенін айқын нұсқайтын нақты оқиғалар мен жағдайларды суреттей отырып жауап берді.
3. Неге Исаның билігі басталысымен жер бетіндегі жағдайлар нашарлай түсті?
3 Алдыңғы тарауда көрсетілгендей, Киелі кітап хронологиясына сәйкес Құдай Патшалығы билігін бастап қойған. Бірақ бұл мүмкін бе? Айналамыздағы барлық жағдай жақсарудың орнына, нашарлап бара жатыр ғой. Дәл осы жағдайлар Құдай Патшалығы билігін бастап қойғанына куәлік етеді. Қалайша? Забур 109:2-ден біз Иса біраз уақыт “жауларының арасында” (ЖД) билік ету керек екендігін білеміз. Шын мәнінде, ол аспан Патшасы ретінде бірінші кезекте Шайтан мен оның жын-перілерге айналған періштелерін жердің аймағына лақтырып тастады (Аян 12:9). Сонан соң не болды? “Жер мен теңізде тұратындарға қасірет! Себебі әзәзіл төменге, сендердің қастарыңа түсті. Ол өз уақытының аз қалғанын білгендіктен қатты ашулы”— деп Аян 12:12-де алдын ала айтылған пайғамбарлық орындалды. Біз қазір сол аз қалған уақытта өмір сүріп жатырмыз.
4. Соңғы күндердің кейбір ерекшеліктері қандай және бұл ерекшеліктер неге нұсқайды? (Қоршауды қара.)
4 Сондықтан Исадан оның патшалық билікке келгендігі мен осы заманның ақырының жақындап қалуының белгісі туралы сұрағанда, оның жауабы сергітерліктей болғаны таңғаларлық емес. Бұл белгіні құрайтын кейбір оқиғалар 102-беттегі қоршауда келтірілген. Өзің көріп тұрғандай, елшілер Пауыл, Петір мен Жохан соңғы күндер туралы кейбір ерекшеліктерді тағы да толықтырып атап өткен. Иә, соңғы күндердің белгісі жағдайдың нашар болатынын көрсетеді. Сөйтсе де, бұл пайғамбарлықтардың орындалуы осы зұлым дүниенің ақыры жақындап келе жатқанына адамдардың көзін жеткізу керек. Соңғы күндердің негізгі ерекшеліктерінің кейбіреулерімен жақынырақ танысып көрелік.
СОҢҒЫ КҮНДЕРДІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
5, 6. Соғыс пен аштыққа қатысты пайғамбарлықтар қалай орындалуда?
5 ‘Ұлт ұлтқа қарсы, мемлекет мемлекетке қарсы аттанады’ (Матай 24:7; Аян 6:4). Жазушы Эрнест Хемингуэй Бірінші дүниежүзілік соғысты “жер бетіндегі ең адам айтқысыз, қанқұйлы, ырыққа көнбеген кескілес” деп атады. “1914—1919 дағдарыс жылдарындағы Әлем” (The World in the Crucible — 1914—1919) кітабында айтылғандарға сәйкес “бұл бұрын-соңды болмаған көлемдегі, адамзат тарихындағы алғашқы жаппай соғыс болды. Ол өзінің ұзақтығы, шиеленісуі мен көлемі жағынан барлық мәлім болған соғыстардан және тіпті ойға келетіннен де асып түсті”. Оның ізінше қиратушы күші әлдеқайда жойқын Екінші дүниежүзілік соғыс келді. “Жиырмасыншы ғасырда,— дейді тарих профессоры Хью Томас,— автомат, танк, бомбалаушы Б-52, ядролық бомба және ақырында ракеталық снарядтар билік етуде. Бұл ғасыр басқа ғасырларға қарағанда анағұрлым қанқұйлы әрі жойқын соғыстарымен ерекшеленеді”. Иә, қарусыздандыру туралы көп айтылды, “қырғи-қабақ соғыс” бітті. Дегенмен бір есеп беруге сәйкес келісілген азайтудан кейін де, 10000-нан 20000-ға дейін ядролық оқтұмсықтар қалған, ал бұл Екінші дүниежүзілік соғыста қолданылған оқ-дәрінің қуатынан 900 есе күшті.
6 “Ашаршылық... болады” (Матай 24:7; Аян 6:5, 6, 8). 1914 жылдан бері, кем дегенде, 20 рет өте үлкен ашаршылық болған. Оған Бангладеш, Бурунди, Грекия, Үндістан, Камбоджа, Қытай, Нигерия, Ресей, Руанда, Сомали, Судан мен Эфиопия сияқты елдер ұшырады. Бірақ аштық азық-түліктің жетіспеушілігінен ғана тумайды. Агроғалымдар мен экономистер тобы: “Дүние жүзінде соңғы онжылдықтарда азық-түлік қоры халыққа қарағанда жылдамырақ өсуде”,— деген нәтижеге келді. “Бірақ, кем дегенде, 800 миллион адам қайыршылық күйде өмір сүруде... осы молшылыққа қарамастан, олар үнемі тоя тамақ жеу үшін ең қажет деген нәрселерді де сатып ала алмайды”. Басқа да жағдайларға саясат кінәлі. Торонто университетінің д-ры А. Элмекки өз елдерінің мыңдаған тұрғындары ашаршылыққа ұшырап отырғанда, азық-түлікті өте көп мөлшерде шетелге шығарған екі елді мысал ретінде келтірді. Үкімет басшылары өз елінің азаматтарын ауқаттандырудың орнына, шет мемлекет ақшасын алып, әскерлерін қаражаттандырудың қамын әлдеқайда көбірек ойлайтынға ұқсайды. Д-р Элмекки қандай тұжырымға келді? Көбінесе аштық “азық-түлікті үлестіру мен үкіметтің саясатына байланысты болады”.
7. Бүгінгі деректер індеттер туралы не айтады?
7 “Індеттер” (Лұқа 21:11; Аян 6:8). 1918—1919 жылдары “испанка” індеті кем дегенде 21 миллион адамның өмірін алып кетті. “Ұлы індет” (The Great Epidemic) кітабында А. А. Хоулинг: “Адамзат тарихында әлі ешқашан осыншама адамды соншалықты жылдам жоятын кісі өлтіруші дүниеге келген емес”,— деп жазды. Бүгінгі күні індеттер әлі де қаһарын төгіп тұр. Жыл сайын қатерлі ісіктен жеті миллионға жуық адам қаза болса, асқазан мен ішек ауруы бір жарым миллиондай нәресте мен балалардың өмірлерін алып кетіп отыр, ал өкпе құрт ауруынан бір жарым миллионнан астам кісі опат болуда. Тыныс жолдарының инфекциясы, негізгі орында өкпенің қабынуы жыл сайын бес жасқа дейінгі екі миллионға жуық бүлдіршіннің өмірін қияды. Таңғалдырарлық сан екі жарым миллиарды — жерді қоныстаушылардың жартысы — судың жетіспеушілігі немесе ластанудың, сонымен қатар нашар санитарлық жағдайлардың салдарынан пайда болған науқастардан азап шегуде. Медицинада анағұрлым жетістіктерге жеткенімен, ЖИТС — адамның індеттерді біржолата жоюға дәрменсіз екендігін еске салар тағы бір жайт.
8. Адамдардың “ақшақұмар” екендіктері неден көрінеді?
8 “Адамдар... ақшақұмар” болады (Тімотеге 2-хат 3:2). Әлемдегі алуан түрлі елдерде адамдар арандарын арыстанша ашып, баюды көздеуде екендігі көрінеді. “Сәттілік” жиі жалақымен, ал “жетістік” дүние-мүлікпен өлшенеді. Бір жарнама агенттігінің вице-президенті былай деді: “Дүние-мүліктің қамын ойлау әлі де Америка қауымының қозғаушы күштерінің бірі болып отыр және ол ірі базарларда да анағұрлым шешуші күшке айналуда”. Сенің тұратын жеріңде де жағдай осындай ма?
9. Балалардың ата-аналарына бағынбайтындығы туралы алдын ала не айтылған?
9 “Ата-аналарына бағынбайтын” (Тімотеге 2-хат 3:2). Бүгінде ата-аналар мен мұғалімдер, сондай-ақ басқа да адамдардың өз тәжірибелерінен балалардың көпшілігі тәртіпсіз әрі тілазар екендігіне көздері жетіп отыр. Бұндай қасиет балаларда жиі ата-аналарының өздерінің дұрыс емес істерінің немесе оларға еліктеудің нәтижесінде болады. Барған сайын балалардың көпшілігі сенімдерін жоғалтып, мектеп ережелеріне, заңға, дін мен ата-аналарына қарсылық көрсетуде. Орта мектептің бір тәжірибелі мұғалімі: “Олардың қадір тұтатын нәрселері өте аз”,— дейді. Бақытымызға орай, көптеген Құдайдан қорқатын балалар өздерін үлгілі етіп көрсетеді.
10, 11. Адамдардың қатыгез әрі бір-біріне табиғи бауырмалдықты сезінбейтіндіктерінің дәлелі не?
10 “Қатыгез” (Тімотеге 2-хат 3:3). “Қатыгез” деп аударылған грек сөзі “жуасытылмаған, жабайы, адам қайғысына ортақтығы мен жанашырлығы жоқ” дегенді білдіреді. Бұл бүгінгі күні озбырлық жасаушылардың көпшілігіне қалайша тауып айтылған десеңші! Бір баспаның мақаласында: “Өмірде күйзелістің, қан мен үрейдің көп болғаны соншалық, күнделікті жаңалықтарды оқу үшін жүйкең мықты болу керек”,— делінген еді. Ал бір учаскелік тәртіп қорғаушысы жасөспірімдердің көбісі іс-әрекеттерінің нәтижесі туралы ойланғылары келмейтіндігін ескеріп, былай деді: “Олар былай деп ойлайтын сияқты: Ертеңгі күнді білмеймін. Мен керегімді бүгін аламын”.
11 “Ешкімді сүймейтін” (Тімотеге 2-хат 3:2). “Тас бауыр, адамгершілігі жоқ” дегенді білдіретін грек сөзі “табиғи бауырмалдық сезімінің жетіспеушілігіне” де нұсқайды (“Жаңа өсиет теологиясының халықаралық жаңа сөздігі” [The New International Dictionary of New Testament Theology]). Иә, бауырмалдық, тіпті оның нағыз орны, отбасында да бола бермейді. Некелік серігіне, балаларына, тіпті қартаң ата-аналарына деген қатыгездік дағдыға айналғандығы алаңдатады. Бір зерттеу тобының пікірі мынадай: “Адамдар арасындағы озбырлық — ол қол жұмсау, тепкі, пышақтасу немесе атысу болсын — қоғамымыздың басқа жеріне қарағанда отбасында жиірек кездеседі”.
12. Неге адамдарды тек сырт көзге ғана Құдайға ұнайтындай болып көрінеді деп айтуға болады?
12 “Сырт көзге Құдайға ұнайтындай болып көрінгенмен, Оның күшінен бас тартады” (Тімотеге 2-хат 3:5). Киелі кітап — адам өмірін жақсы жаққа өзгерте алатын күшке ие (Ефестіктерге 4:22—24). Алайда адамдар дінді шымылдық ретінде қолданып, сол шымылдықтың артында әділетсіз, Құдайға ұнамайтын істермен айналысады. Өтірік, ұрлық пен әдепсіз жыныстық қатынастарды дінбасылары жиі ақтап отырады. Көптеген діндер сүйіспеншілікті уағыздағанымен, соғыстарды қолдап отыр. “Индиа тудей” журналының бір баспасында: “Құдіретті Жаратушының атынан адамдар өз бауырларына ең жексұрын зұлымдықтар істеуде”,— деп ескеріледі. Расында, біздің уақытымыздағы ең қанды екі қақтығыс — Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғыс — өздерін мәсіхші деп есептейтін ең басты елдерде бұрқ ете түсті.
13. Жердің бүлініп жатқандығына қандай дәлелдер бар?
13 ‘Жерді құртқандар’ (Аян 11:18). Бүкіл дүние жүзінің 1600-ден астам ғалымы, Нобель сыйлығының 104 лауреатын қоса алғанда, “Алаңдаушылық білдірген ғалымдар одағы” жарыққа шығарған ескертуге қол қойды. Ол ескертуде былай делінген еді: “Адам мен табиғат жақын арада соқтығысады... Тағы да болымсыз бірнеше онжылдықтан соң, үстімізге төнген қатердің бетін қайтару мүмкіндігінен айырыламыз”. Сондай-ақ онда адамдардың өмірге қауіпті іс-әрекеттері “әлемді өзгертетіндігі соншалықты, өзімізге мәлім әдістермен өмірімізді қолдау мүмкін емес болады” делінген. Озон қабатының жұқаруы, судың ластануы, орманның шабылуы, топырақтың құнарсыздануы, сонымен қатар жануарлар мен өсімдіктердің көптеген түрлерінің қырылып жоқ болуы тез арада шешілуге тиісті мәселелер ретінде келтірілді. Сол одақтың мәлімдемесінде: “Күрделі өмір жүйесіне араласуымыз жаппай зардабын әкелумен қатар, біз қозғалыс сырын әлі жеткілікті түсінбейтін биологиялық құрылымның ыдырауын туғызуы ықтимал”,— делінді.
14. Матай 24:14-тің біздің күндерімізде орындалып жатқанын қалай дәлелдер едің?
14 “Құдай Патшалығы туралы Ізгі хабар... күллі әлемге уағыздалатын болады” (Матай 24:14). Патшалық туралы ізгі хабардың бүкіл жер бетінде жарияланып, барлық халықтарға куәлік берілетінін Иса алдын ала айтқан. Құдайдың көмегі мен батасының арқасында миллиондаған Ехоба Куәгерлері осы уағыздау мен шәкірт дайындау ісіне миллиардтаған сағаттар арнауда (Матай 28:19, 20). Иә, Куәгерлер егер ізгі хабарды жарияламаса, төгілген қанға айыпты болатындарын жете түсінеді (Езекиел 3:18, 19). Жыл сайын мыңдаған адамдар Патшалық туралы хабарға ризашылықпен құлақ асып, шынайы мәсіхшілердің, Ехоба Куәгерлерінің, қатарына қосылып жатқандарына бақытты. Ехобаға қызмет етіп әрі осылайша Құдай туралы білімді жеткізу — теңдесі жоқ артықшылық. Ал бұл ізгі хабар күллі әлемге уағыздалып біткен соң, осы зұлым дүниенің ақыры келеді.
ДЕРЕКТЕРДІ БІЛ ДЕ, ӘРЕКЕТ ЕТ
15. Бүгінгі зұлым дүниенің соңы қалай келеді?
15 Осы дүниенің соңы қалай келеді? Киелі кітапта “ауыр азап” осы дүниенің саяси күштерінің “ұлы Бабылға”, яки үстемдік етіп отырған жалған дінге, бас салуымен басталады деп пайғамбарлық етілген (Матай 24:21, сілтемені қара; Аян 17:5, 16). Иса сол уақытта “күнді қараңғылық басып, ай да жарқырамайтын болады. Жұлдыздар аспаннан құлап, аспан күштері шайқалады!” деді (Матай 24:29). Бұл тура мағынадағы аспан құбылыстары болуы мүмкін. Қалай болғанда да, әлемдегі діндердің жанып тұрған жарықтары әшкереленеді де, жойылады. Сосын “Магог жеріндегі Гог” деп аталатын Шайтан Ехоба халқына жалпылай бас салу үшін азғын адамдарды қолданады. Бірақ Шайтанның ісі сәтсіз болады, өйткені Құдай өзінің халқына көмекке келеді (Езекиел 38:1, 2, 14—23). “Ауыр азап” өзінің шарықтау шегіне — Һар-Магедонда — ‘құдіреті шексіз Құдайдың ұлы соты күнінің шайқасында’ жетеді. Бұл соғыс Шайтанның жердегі ұйымының барлық ізін жойып, аман қалған адамзатқа мәңгілік батаның рақатын көруге мүмкіндік береді (Аян 7:9, 14; 11:15; 16:14, 16; 21:3, 4).
16. Алдын ала айтылған соңғы күндердің белгілері біздің уақытымызға қатысты екенін қайдан білеміз?
16 Ақырғы күндерді суреттейтін пайғамбарлықтардың кейбір ерекшеліктері тарихтың басқа мезгілдеріне де қолдануға болатындай болып көрінуі мүмкін. Бірақ, жалпы алғанда, пайғамбарлық етілген ерекшеліктер біздің күндерімізге көңіл аударады. Мысалы, адамның бармағының таңбасындағы сызықтар ешбір басқа адамдікіне ұқсамайды. Сол сияқты ақырғы күндердің де өзінің ерекше белгілері немесе оқиғалары бар. Олар ешбір басқа уақыт аралығына жатпайтын өзінше белгілі бір “бармақ таңбасын” құрайды. Егер Киелі кітаптың аспанда Құдай Патшалығы билігін орнатып қойғандығына нұсқайтындығын ескере отырып, бұл оқиғаларды мұқият қарастыратын болсақ, шын мәнінде, біз соңғы күндері өмір сүріп жатырмыз деген тұжырым жасауға толық негіз береді. Оның үстіне, Киелі кітаптағы айқын дәлелдер қазіргі зұлым дүниенің жақын арада жойылатынын көрсетеді.
17. Соңғы күндері өмір сүріп жатқанымызды білгендігіміз не нәрсеге талпындыру керек?
17 Соңғы күндері өмір сүріп жатырмыз дегенге сен қалай қарайсың? Ойлап қарашы: егер алапат дауыл төніп келе жатса, кідірместен сақтық шараларын қолданамыз. Бұл жерде де тап солай: бүгінгі дүниеге қатысты Киелі кітаптың пайғамбарлықтары бізді әрекет етуге талпындыру керек (Матай 16:1—3). Осы зұлым дүниенің соңғы күндерінде өмір сүріп жатқанымызды айқын көріп отырмыз. Бұл бізді Құдайдың батасына ие болу үшін керекті өзгерістер жасауға талпындыру керек (Петірдің 2-хаты 3:3, 10—12). Иса өзінің құтқарушы ретінде жіберілгендігін айтып, табандылықпен: “Алайда өздеріңе сақ болыңдар: той-думан жасап, мас болып немесе күнделікті тұрмысты уайымдап, жүректерің шеменденіп кетпесін! Әйтпесе Менің қайта оралатын күнім сендерге қапылыста келеді. Себебі сол күн жер бетінде тұрғандардың бәрінің басына түскен тор сияқты кенеттен туа қалады. Алдағы осы апаттардан құтылып, Билеуші ретінде көктен келген Менің алдымда тұра алу үшін әрқашан сергек болып, сиынып мінажат етіңдер!”— деп шақырады (Лұқа 21:34—36).
БІЛІМІҢДІ ТЕКСЕР
Киелі кітаптың алдын ала айтуына сәйкес, Мәсіхтің билігінің басында қандай дүниежүзілік оқиғалар болу керек?
Соңғы күндердің кейбір ерекшеліктері қандай?
Біздің соңғы күндері өмір сүріп жатқанымызға ненің арқасында көзің жетуде?
[102-беттегі қоршау]
СОҢҒЫ КҮНДЕРДІҢ КЕЙБІР ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
• Бұрын-соңды болмаған соғыстар (Матай 24:7; Аян 6:4).
• Аштық (Матай 24:7; Аян 6:5, 6, 8).
• Індеттер (Лұқа 21:11; Аян 6:8).
• Заңсыздықтың көбеюі (Матай 24:12).
• Жердің бүлінуі (Аян 11:18).
• Жер сілкіністер (Матай 24:7).
• Ымыраға келмейтін қиын-қыстау күндер (Тімотеге 2-хат 3:1).
• Ерекше ақшақұмарлық (Тімотеге 2-хат 3:2).
• Ата-анаға бағынбаушылық (Тімотеге 2-хат 3:2).
• Бауырмалдықтың жетіспеушілігі (Тімотеге 2-хат 3:2).
• Құдайдан гөрі ләззат-ермекті артық көру (Тімотеге 2-хат 3:4).
• Ұстамсыздық (Тімотеге 2-хат 3:3).
• Жақсылықты жек көрушілік (Тімотеге 2-хат 3:3).
• Төніп келе жатқан қауіпке немқұрайды қарау (Матай 24:39).
• Соңғы күндердің дәлелдерін қабылдамайтындардың болуы (Петірдің 2-хаты 3:3, 4).
• Құдай Патшалығының бүкіл әлемде уағыздалуы (Матай 24:14).
[Бүкіл бетке орналасқан 101-беттегі сурет]