НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП
Заманның соңы жақын ба?
Құдай адамдардың бір-бірінің үстінен билеп-төстеуіне және адамзат болашағына қауіп төндіруіне әрі қарай да жол бере ме? Жоқ. Алдында сөз етіп кеткеніміздей, ол ғасырлар бойы жалғасып келген қайғы-қасірет пен зорлық-зомбылықты тоқтатады. Жер мен адамзаттың Жаратушысы өзінің әрекет ететін уақытының жақындап келе жатқанын сіздің білгеніңізді қалайды. Ол бізге осы маңызды мәліметті қалайша білдіріп отыр?
Келесідей мысал келтірейік: көлікпен саяхатқа шығар алдында, сіз ғаламтордағы, картадағы не қандай да бір жазбаша басшылыққа жүгінетін шығарсыз. Кейін басшылықтан оқыған әртүрлі белгілерді жол-жөнекей кезіктіргенде, сіз жоспарлаған жеріңізге жақындап қалғаныңызға сенімді боласыз. Тура сол сияқты, Құдай өзінің Сөзінде дүниежүзі бойынша орын алатын айрықша оқиғаларды жазып қалдырған. Біз осы оқиғалардың орындалып жатқанын байқағанда, заманның соңы жақындап қалғанына сенімді боламыз.
Киелі кітапта адамзат тарихында ерекше әрі өте маңызды кезең болатынын, сондай-ақ заманның соңына қарай бұл кезең өзінің шарықтау шегіне жететіні жөнінде айтылған. Бұл уақытта адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған жағдайлар мен оқиғалар дүниежүзі бойынша орын алады. Құдай Сөзінде бұл жайында не делінгеніне назар аударайық.
1. ДҮНИЕЖҮЗІ БОЙЫНША ОРЫН АЛАТЫН ДҮРБЕЛЕҢ. Киелі кітаптағы Матай кітабының 24-тарауында жер бетінде орын алатын жайттар пайғамбарлық етілген. Осы жайттардың барлығы бірігіп бір белгіні құрайды. Ал бұл белгі “осы заманның аяқталып қалғанын” әрі жақында оның соңы болатынын көрсетеді (3 және 14-тармақтар). Орын алатын жағдайлардың құрамына үлкен соғыстардың, түрлі жерлерде ашаршылық пен жерсілкіністерінің болуы, заңсыздықтың көбеюі, көпшіліктің сүйіспеншілігінің сууы, сондай-ақ дінбасыларының адамдарды адастыруы кіреді (6—26 тармақтар). Әрине, мұндай нәрселер ғасырлар бойы қандай да бір шамада орын алып келген. Алайда заманның соңы жақындаған сайын, бұлардың бәрі бір аумақта орын алатын болады. Бұған қоса, аталмыш жайттар келесі үш жайтпен қатар жүретін болады.
2. АДАМДАРДЫҢ МІНЕЗ-ҚҰЛҚЫ. Киелі кітапта “соңғы күндері”, яғни заманның соңына таман, адамдардың мінез-құлқы мен көзқарасы айтарлықтай құлдырайтыны айтылған. Онда былай делінген: “Адамдар тек қара басын ойлайтын, ақшақұмар, мақтаншақ, тәкаппар, балағатшыл, ата-анасына мойынсұнбайтын, алғысты білмейтін, опасыз, бауырмалдықтан жұрдай, ымыраға келмейтін, жалақор, ұстамсыз, бұзақы, жақсылықты жек көретін, сатқын, қиқар, өркөкірек, Құдайдан гөрі ләззат-ермекті артық көретін болады” (Тімөтеге 2-хат 3:1—4). Әрине, адамдардың мұндай бұрыс мінез-құлқы — жаңа нәрсе емес. Алайда “соңғы күндері” адамдардың мінез-құлқы мен көзқарасының құлдырайтыны сонша — бұл шынымен “ерекше қиын уақыт” болады. Сіз адамдардың бойынан осындай нәрсені байқадыңыз ба?
3. ЖЕРДІҢ БҮЛІНУІ. Киелі кітапта Құдайдың “жерді бүлдіргендерді құртатыны” жазылған (Аян 11:18). Адамдар жерді қалайша бүлдіруде? Нұх пайғамбардың заманы сипатталғанда, осыған ұқсас ой айтылған: “Құдайдың көз алдында дүние бұзылған әрі зұлымдыққа толы еді. Иә, Құдай дүниенің әбден бүлінгенін көрді”. Содан Құдай бүлінген адамзат қоғамына қатысты: “Оларды құртамын”,— деді (Мұсаның 1-жазбасы 6:11—13). Жер бетінің зорлық-зомбылыққа толып бара жатқанын байқадыңыз ба? Бұған қоса, адамзат өз тарихының ерекше кезеңіне жетті: қазір ол жер бетінен адам атаулыны жойып жіберуге қауқары жетеді. Өйткені қолында жойқын қару-жарағы бар. Жер басқаша жолмен де бүлінуде. Жердегі тіршілікті қамтамасыз етіп тұрған жүйелердің — атап айтқанда, ауа, жан-жануарлар мен өсімдіктер экожүйесі, мұхиттар — адамдардың іс-әрекетінің кесірінен күн өткен сайын бүлінуде.
Келесі сұрақтың үстінен ой жүгіртіп көріңізші: “Небәрі бір ғасыр бұрын адамзат өз-өзін толығымен жойып жіберуге қауқары болған ба еді?” Ал қазір адамдардың қолынан бұл келеді, өйткені олар жойқын қару-жарақ жинап, әрі қоршаған ортаны бүлдіруде. Қазіргі уақытта технологияның зор қарқынмен дамып жатқаны сонша — адамдар оның зардаптарын анықтауға әрі алдын алуға үлгермей жатыр. Алайда жердің болашағын шешу адамның құзырында емес. Құдай жер бетіндегі тіршілік атаулының жойылуына жол бермейді, ол жерді бүлдіріп жатқандардың көзін құртады. Бұл — Құдайдың уәдесі!
4. ДҮНИЕЖҮЗІЛІК УАҒЫЗ. Заманның соңын білдіретін белгінің тағы бір құрамдас бөлігі — еш теңдесі жоқ уағыз ісі. Киелі кітапта: “Патшалық жайлы осы ізгі хабар барлық халықтар есту үшін бүкіл жер бетінде уағыздалады. Содан кейін осы заманның соңы келеді”,— делінген (Матай 24:14). Бұл уағыз ғасырлар бойы жүргізілген көптеген діни уағыздардан мүлдем өзгеше. Соңғы күндерде ерекше хабарға, яғни “Патшалық жайлы осы ізгі хабарға” назар аударылатын болады. Патшалық жайлы хабар таратып жүрген қандай да бір діни топты білесіз бе? Тіпті кейбіреулер осындай хабар таратып жүргендей болып көрінсе де, олар жергілікті топ па, әлде “барлық халықтар есту үшін бүкіл жер бетінде” уағыздап жүрген ұйым ба?
Ғаламтордағы www.jw.org сайты “Патшалық жайлы осы ізгі хабарға” назар аударады. Осы сайтта аталмыш ізгі хабар туралы 700-ден аса тілде әдебиеттер бар. Патшалық жайлы ізгі хабарды осылайша дүниежүзі бойынша уағыздап жүрген өзге біреулерді білесіз бе? Тіпті ғаламтордың пайда болуынан ұзақ уақыт бұрын, Ехоба куәгерлері Құдай Патшалығы жөнінде ізгі хабарды таратуымен танымал болған. 1939 жылдан бері “Күзет мұнарасы” журналының әр санының мұқабасында “Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды” деген жазу бар. Дін туралы бір кітапта Ехоба куәгерлерінің атқарып жатқан уағыз ісінің “қарқыны мен көлеміне басқа ешкім тең келе алмайды” деп жазылған. Бұл уағыз Құдай патшалығы арқылы заманның соңы келетініне назар аударуда.
АДАМЗАТ ТАРИХЫНДАҒЫ ӨТЕ МАҢЫЗДЫ КЕЗЕҢ
Осы мақалада Киелі кітапта ескерту ретінде берілген төрт жайтты қарастырдық. Бұлардың бәрі сіздің көз алдыңызда орындалып жатқанын байқадыңыз ба? Қолыңыздағы осы журнал жүз жылдан аса уақыттан бері адамдарға заманның соңы жақындап келе жатқанын түсінуге көмектесу үшін қажетті мәліметпен қамтамасыз етуде. Алайда кейбір сыншыл адамдар бұл дәлелдер мен көрсеткіштер нақты айғақтарға негізделмеген әрі бұрмаланған дейді. Олардың айтуынша, байланыс жүйелері дамыған сайын, дүниежүзіндегі жағдай тек сырт көзге ғана нашарлап бара жатқандай көрінуі мүмкін. Бірақ адамзат тарихындағы ерекше бір кезеңнің соңында өмір сүріп жатқанымызды көрсететін дәлелдер күн санап айқындалып келе жатыр.
Кейбір мамандар жер бетінде үлкен өзгерістер болады деген пікірде. Мысалы, 2014 жылы атом саласындағы ғалымдар Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне адамзатқа төніп тұрған қауіп туралы ескерту жасады (Science and Security Board of the “Bulletin of the Atomic Scientists”). Олар: “Төніп тұрған қауіп-қатерді зерттей келе, біз адамзаттың жойылуына әкелетін технологиялық апаттың табалдырығында тұрмыз деген тұжырымға келдік”,— деді. Көптеген адамдар да адамзат тарихының өте маңызды кезеңінде өмір сүріп жатқандарына барған сайын көз жеткізуде. Осы журналдың баспагерлері мен оқырмандары бұл ерекше кезеңнің, шын мәнінде, соңғы күндер екеніне әрі заманның соңы жақын екеніне берік сенімді. Алайда сізге болашақтан қорқудың қажеті жоқ, керісінше, оны қуанышпен күтіңіз. Неліктен? Өйткені сіз заманның соңынан аман-есен өте аласыз!