Ехоба өз халқын қалай құтқаруды біледі
“Ехоба өзіне шын берілгендерді сынақтан қалай құтқаруды біледі” (ПЕТ. 2-Х. 2:9).
НЕГЕ БІЗ МЫНА ЖАЙТТАРҒА СЕНІМДІ БОЛА АЛАМЫЗ?
Ниеті орындалу үшін Ехоба әр оқиғаның уақтылы болуын қадағалайды;
Ехоба өз халқын құтқару үшін құдіретін қолданады;
Ехоба зор алапаттың кезінде оқиғалар қалай өрбитінін біледі.
1. “Зор алапаттың” кезінде дүниенің күйі қандай болмақ?
ҚҰДАЙДЫҢ зұлым дүниені жоятын күні адамдар үшін күтпеген сәтте келеді (Сал. 1-х. 5:2, 3). “Жаратқан Иенің ұлы соты күні” келгенде, күллі дүние аласапыран болады (Соф. 1:14—17). Киелі кітапта “сол уақытта дүние жаратылғаннан бері осы уақытқа дейін болмаған және қайтып қайталанбайтын зор алапат” болады делінген. Иә, бұл нағыз қиын-қыстау кезең болмақ (Матай 24:21, 22 оқы).
2, 3. а) Зор алапат кезінде Шайтан Құдай халқына не істеуге тырысады? ә) Болашақтағы жайттарға дайын болуымызға не көмектеседі?
2 “Зор алапаттың” соңына таман Магог еліндегі Гог “жер бетін жабатын бұлт сияқты” қалың қолмен келеді де, Құдай халқына жапа-тармағай шабуылдайды (Езек. 38:2, 14—16). Ешбір адами ұйым Ехобаның халқына көмекке келмейді. Олардың жалғыз үміті Құдай болмақ. Жауларымен бетпе-бет келгенде, Құдайдың қызметшілері қандай күй кешпек?
3 Егер де сен Ехобаның қызметшісі болсаң, Ехоба өз халқын зор алапаттан құтқаруға күші мен ықыласы бар екеніне толық сенімдісің бе? Елші Петір былай деген: “Ехоба өзіне шын берілгендерді сынақтан қалай құтқаруды, ал әділетсіздерді жою үшін сот күніне қалай сақтауды, әрине, біледі” (Пет. 2-х. 2:9). Ехобаның ежелдегі қызметшілерін қалай құтқарғаны туралы ой жүгірткеніміз болашақтағы жайттарға дайын болуымызға көмектеседі. Сондай оқиғаның үшеуін қарастырайық. Бұл Ехобаның өз қызметшілерін қалай құтқаруды білетініне деген сенімімізді арттырады.
ТОПАН СУДАН ҚҰТҚАРДЫ
4. Топан суға дейін қандай істер уақтылы жасалу керек болды?
4 Алдымен, Нұхтың кезінде болған дүниежүзілік Топан суды қарастырайық. Ехобаның ниеті жүзеге асу үшін бәрінің уақтылы орын алуы маңызды еді. Топан су келмес бұрын біраз жайттар орын алуы тиіс еді. Үлкен кеме соғылып, ішіне жануарларды жайластыру керек болды. Жаратылыс кітабынан білетініміздей, Топан су болатын күнді белгілеу үшін Ехоба кеменің соғылып біткенін күткен жоқ. Оған бұлай етудің қажеті де болмады. Ол Топан су жіберетін уақытын күні бұрын, тіпті Нұхқа кеме соғуды тапсырмай тұрып белгілеп қойды. Біз мұны қайдан білеміз?
5. Жаратылыс 6:3-те жазылған Ехобаның жарлығы нені білдіреді және ол қашан шығарылды?
5 Киелі кітапта Ехобаның көкте жарлық шығарғаны айтылған. Жаратылыс 6:3-ке сай Ехоба: “Бұдан былай Менің Рухым адам үшін арпалысқа түспейді, себебі адам әбден бүлінген. Сондықтан ол жүз жиырма жылдан артық өмір сүрмесін”,— деген. Бұл жерде ол жалпы адамның өмір ұзақтығы жайлы емес, жер бетін зұлымдықтан тазартатын уақыты жайлы айтқан болатынa. Топан су б. з. б. 2370 жылы басталғанын ескерсек, бұл жарлықты Құдай б. з. б. 2490 жылы шығарған деп айтуға негіз бар. Ол кезде Нұхтың жасы 480-де болатын (Жар. 7:6). Жиырма жыл өткен соң, яғни б. з. б. 2470 жылы Нұхтың тұңғышы, ал кейін тағы екі ұлы дүниеге келді (Жар. 5:32). Ол кезде Топан судың басталуына жүз жылдай уақыт қалған болатын, алайда Ехоба Нұхқа адамзатты құтқарудағы рөлі туралы әлі ләм-мим демеді. Құдай қанша уақыт күтті екен?
6. Ехоба Нұхқа кеме соғуды қашан тапсырды?
6 Нұх бала сүйген уақыттан кеме соғу туралы тапсырма алғанға дейін көп жыл өткен көрінеді. Бұлай деуге қандай негіз бар? Киелі кітаптан білетініміздей, Нұх Құдайдан кеме соғуға қатысты тапсырма алғанда, оның ұлдары ер жетіп, үйленген адамдар болатын. Сондықтан да Ехоба Нұхқа: “Сенімен келісімімді жасамақпын. Өзің де, ұлдарың, әйелің және келіндерің де кемеге кіресіңдер”,— деді (Жар. 6:9—18). Ендеше, Құдай Нұхқа кеме соғуды тапсырғанда, Топан суға 40—50 жылдай уақыт қалған деп тұжырымдай аламыз.
7. а) Нұх пен оның отбасы қалай сенім танытты? ә) Құдай Нұхқа Топан судың болатын уақытын қашан айтты?
7 Нұх пен оның үй іші кеме соғып жатқанда, сірә, көкейлерінде Құдай Топан суды қалай және қашан жібереді деген сұрақтар болған шығар. Бәрін бүге-шігесіне дейін білмесе де, олар кеме соғуды доғармады. Жазбаларда: “Нұх барлығын Құдай оған қалай бұйырса, солай істеді”,— делінген (Жар. 6:22). Содан соң Құдай Нұхқа Топан судың жеті күннен кейін келетінін айтты. Бұл жануарларды кемеге кіргізу үшін жеткілікті уақыт болатын. Сол себепті “Нұх алты жүз жасқа келгенде, екінші айдың он жетісінде” аспан қақпалары айқара ашылғанда, барлығы ойдағыдай болды (Жар. 7:1—5, 11).
8. Топан су туралы білгендеріміз Ехобаның өз қызметшілерін қашан құтқаруды білетініне деген сенімімізді қалай нығайтады?
8 Топан су туралы білгендеріміз Ехобаның өз қызметшілерін қашан және қалай құтқаруды білетінін көрсетеді. Осы дүниенің соңғы күндері өмір сүріп жатқан біз Ехобаның бар ниеті өзі белгілеген “күні мен сағатында” орындалатынына сенімді болсақ болады (Мат. 24:36; Аббақұқ 2:3 оқы).
ҚЫЗЫЛ ТЕҢІЗДЕН ӨТКІЗДІ
9, 10. Ехоба Мысыр әскерін тұзаққа түсіру үшін халқын қалай қолданды?
9 Топан судың оқиғасынан білгеніміздей, ниеті орындалу үшін Ехоба белгілі бір жайттардың уақтылы орын алуын қадағалайды. Ал біз қарастыратын екінші мысал Ехобаның өз қызметшілерін құтқару үшін шексіз құдіретін пайдаланатынын көрсетеді. Сол себепті де оның ниеті сөзсіз жүзеге асып отырады. Ехоба халқын кез келген жаудан оңай құтқара алады. Сол себепті жауларын тұзаққа түсіру үшін кейде ол өз халқын оңай олжа етіп көрсеткен. Мысалы, Ехоба исраилдіктерді Мысыр құлдығынан азат еткенде осылай болды.
10 Мысырдан шыққан исраилдіктердің саны үш миллионға жуық болған. Перғауын исраилдіктер жол таба алмай, адасып жүр деген ойға келу үшін Ехоба қам жасады (Мысырдан шығу 14:1—4 оқы). Содан оңай олжаға жүгірген перғауын бүкіл әскерімен исраилдіктерді өкшелеп қуды. Ал Қызыл теңізге келген исраилдіктер тығырыққа тірелгендей болды (Мыс. ш. 14:5—10). Алайда, шындығына келгенде, исраилдіктерге еш қауіп төніп тұрмаған еді. Неге олай дейміз? Өйткені Ехоба араша түсіп оларды құтқаруға дайын еді.
11, 12. а) Ехоба халқы үшін қалай араша түсті? ә) Мұның нәтижесі қандай болды және бұл оқиғадан Ехоба туралы не білеміз?
11 Исраилдіктерді бастап алып жүрген “бағана тәрізді бұлт” олардың арттарына ығысып, мысырлықтардың жолын бөгеді. Сондай-ақ бұлт мысырлықтар жағына көзге түрткісіз қараңғылық орнатып, исраилдіктерге түнді жарық қылып тұрды (Мысырдан шығу 14:19, 20 оқы). Сосын Ехоба шығыстан қатты жел тұрғызып, суды қақ айырды да, “теңіз түбін құрғатты”. Бұған біраз уақыт кеткенге ұқсайды, өйткені Киелі кітапта: “Жел түні бойы соқты”,— делінген. Әрине, исраилдіктер перғауынның соғыс арбаларына қарағанда әлдеқайда жай жүрді. Сонда да мысырлықтар оларды ұстай алмас еді, өйткені Ехоба халқы үшін өзі шайқасты. Ол Мысыр әскерін “састырып, берекелерін кетірді. Күймелерінің дөңгелектерін шығарып тастап, олар әрең дегенде қозғалды” (Мыс. ш. 14:21—25).
12 Исраилдіктер теңіздің арғы жағына түгел шығып болған соң, Ехоба Мұсаға былай деп бұйырды: “Қолыңды теңізге қарай соз! Сонда су қайтадан орнына келіп, мысырлықтардың күймелері мен атты жауынгерлерін бассын”. Құтылудың жолын іздеп, арпалысқан жауынгерлерді “Жаратқан Ие теңіз ішінде суға батырды. Олардың бірде-біреуі тірі қалмады” (Мыс. ш. 14:26—28). Осылайша Ехоба өз халқын кез келген жағдайда құтқаруға күші жететінін паш етті.
ИЕРУСАЛИМ КҮЙРЕГЕНДЕ АМАН АЛЫП ҚАЛДЫ
13. Иса қандай нұсқаулар берді және шәкірттерінің көкейінде қандай сұрақ туындауы мүмкін еді?
13 Ехоба өз ниеті жүзеге асқанға дейін оқиғалардың қалай өрбитінін нақты біледі. Бұл бірінші ғасырда Рим әскерінің Иерусалимді қоршап алған оқиғадан анық көрінеді. Б. з. 70 жылы Иерусалим күйрегенде, аман қалулары үшін Ехоба Иса арқылы Иерусалим мен Яһудеяда тұратын мәсіхшілерге нақты нұсқаулар берді. Иса: “Даниял пайғамбардың айтқанына сай, қаңыратып бос қалдыратын жеркенішті нәрсенің қасиетті орында тұрғанын көргенде, Яһудеядағылар тауларға қашсын”,— деді (Мат. 24:15, 16). Бірақ Исаның шәкірттері осы пайғамбарлықтың орындала бастағанын қалай біле алар еді?
14. Иса берген нұсқаулардың мағынасы қандай оқиғалардан кейін айқын болды?
14 Уақыт өте келе Иса айтқан сөздердің мағынасы айқындала бастады. Б. з. 66 жылы Цестий Галл яһудилердің бүлігін басу үшін Иерусалимге келді. Зелоттар деп аталған яһуди бүлікшілері ғибадатханаға жасырынғанда, Рим әскері ғибадатхананы қоршап тұрған дуалдың астын қаза бастады. Сергек болған мәсіхшілер мұның мағынасын түсінді: жалған құдайларға бағышталған жалауын ұстаған Рим әскері (“жеркенішті нәрсе”) Иерусалим ғибадатханасының дуалына (“қасиетті орынға”) жақын тұрды. Міне, сонда Исаның ізбасарларына “тауларға қашатын” уақыт келді. Бірақ олар жау қоршаған қаладан қалай шықпақ? Тарихтан білетініміздей, оларды бір тосын жағдай күтіп тұрған болатын.
15, 16. а) Иса қандай нақты нұсқау берді және ізбасарларының оған құлақ асқаны неліктен маңызды болды? ә) Біздің аман қалуымыз неге байланысты болады?
15 Күтпеген жерден Цестий Галл мен оның жасағы Иерусалимнен шығып, артқа шегіне бастады. Ал зелоттар оларды қуа жөнелді. Жауласқан екі топ қаладан кеткен кезде Исаның ізбасарларына қашудың оңтайлы сәті туды. Ұстаздары оларға өздерімен бірге ештеңе алмай, кідірместен кетуді бұйырған болатын (Матай 24:17, 18 оқы). Неліктен жылдам әрекет ету сонша маңызды еді? Өйткені бірер күннен кейін зелоттар қалаға қайта оралып, Иерусалим мен Яһудея тұрғындарын көтеріліске қосылуға күштей бастады. Яһудилердің саяси топтары билікке таласа бастағанда, жағдай одан сайын ушығып кетті. Иерусалимнен кету қиындай түсті. Ал б. з. 70 жылы Рим әскері қайтып келгенде, қаладан шығу тіптен мүмкін емес-тін (Лұқа 19:43). Осы уақытқа дейін қалада қалып қойғандар тұзаққа түсті. Ал Исаның айтқанына құлақ асып, тауға қашқан мәсіхшілер аман қалды. Олар Ехобаның өз халқын құтқарудың жолын білетініне көз жеткізді. Біз бұдан не үйрене аламыз?
16 Зор алапаттың кезінде мәсіхшілерге Құдай Сөзі мен ұйымның басшылығына мойынсұну керек болады. Мәселен, Иса ізбасарларына “тауға қашуды” бұйырған. Бізге де зор алапат болғанда “қашуға” нұсқау беріледі. Бұл нақты қалай болатынын біз әлі білмеймізb. Алайда уақыты келгенде Ехоба берілген нұсқаулардың мәнісін ашатынына сенімді болсақ болады. Сол нұсқауларға мойынсұнсақ қана аман қаламыз. Ендеше өзімізден былай деп сұрайық: “Ехоба қазір беріп жатқан нұсқауларға дайындықпен мойынсұнып жүрмін бе? Берілген басшылыққа бірден құлақ асамын ба, әлде кешеуілдетіп жүремін бе?” (Жақ. 3:17).
БІЗ БОЛАШАҚТАҒЫ ЖАЙТТАРҒА ДАЙЫНБЫЗ
17. Аббақұқтың пайғамбарлығынан болашақта Құдай халқына жасалатын шабуыл туралы не білеміз?
17 Гог бастаған қалың қол жаппай шабуыл жасайтын уақытқа қайта оралайық. Сол кез туралы Аббақұқ пайғамбар да жазды. Ол былай деді: “Естігенде жүрегім дүрсілдей соқты, зор гүрілден еріндерім қалтырады, сүйектерім әлсіреп, күштен айырылды, аяқ астым қалш-қалш етіп шайқалды. Ал бізді тонап, талан-таражға салған елдің өзі апатқа ұшырап жатқан [Құдай өз халқына шабуылдаған халықтарды апатқа ұшырататын] күнді шыдамдылықпен тосатын болам” (Абқ. 3:16). Құдай халқына шабуыл жасалатыны туралы суық хабарды естігенде, Аббақұқтың жүрегі сыздады, ерні дірілдеді, бойынан әлі қашты. Гог пен оның нөкерлері шабуылдағанда, біздің де бойымызды қорқыныш билеуі мүмкін. Бірақ Аббақұқ Ехобаның ұлы күнін “сабырмен күтуге” бел буды. Біз де Ехоба өз халқын құтқаратынына сенімді бола аламыз (Абқ. 3:18, 19).
18. а) Неліктен біз жаулардың шабуылынан қорықпауымыз керек? ә) Келесі мақалада не қарастырылады?
18 Жоғарыдағы үш мысал көрсеткендей, Ехоба өз халқын қалай құтқаруды сөзсіз біледі. Ехобаның ниеті орындалмай қалуы мүмкін емес және ол жауларын жеңетіні хақ. Ехобаның ұлы жеңісін көргіміз келсе, ақырына шейін адал болып қалуымыз керек. Ал Ехоба мінсіздігімізді сақтауға қалай көмектесіп жатыр? Бұл сұрақ келесі мақалада қарастырылады.
[Сілтемелер]
b “Күзет мұнарасының” (ор.) 1999 жылғы 1 мамырдағы санының 18, 19-беттерін қара.
[24-беттегі сурет]
Перғауынның әскері исраилдіктерге сәл де болса қауіп төндірді ме?