111-тарау
Соңғы күндердің белгісі
БҮГІН сейсенбі, түс қайтқан мезгіл. Иса Зәйтүн тауынан төменде жатқан ғибадатханаға қарап отырғанда, оның қасына Петір, Әндір, Жақып және Жохан келді. Ғибадатхананың бірде-бір тасы қалмай күл-талқаны шығады деген Исаның сөзі оларға маза бермеді.
Бірақ олар Исаға келе жатып тағы да бір нәрсені естеріне алды. Осыдан бірнеше апта бұрын, ол өзінің Патшалық билікке келген кезеңі туралы айтқан болатын. ‘Адам Ұлының көрінуі’ сол кезеңде болмақ. Одан бұрын “осы заманның ақыры жақындаған” күндері туралы айтып берген болатын. Оның осы айтқандары жөнінде елшілердің көбірек білгісі келді.
“Бізге айтыңызшы, бұл [Иерусалим мен ғибадатхананың қирауы] қашан болады? Сіздің келгендігіңіз бен заманның ақыры жақындап қалғанын қандай белгі білдірмек?” — деп сұрады. Олардың қойған сұрағы негізінен үш бөліктен тұрады. Біріншісі — Иерусалим мен ғибадатхананың қирауы, екіншісі — Исаның патшалығына келгендігі, үшіншісі — заманның ақыры туралы.
Бұл сұрақтың үшеуіне де Иса толық жауап берді. Ол яһуди жүйесінің ақыры қашан келетінін қандай белгі арқылы анықтауға болатынын түсіндірді. Иса тек мұны емес, болашақ шәкірттеріне өзінің қайтып келіп, патшалық билікте отырған кезінде өмір сүріп жатқандарын және бүкіл зұлым заманның ақыры таянғанын білдіретін белгі туралы да әңгімелеп берді.
Содан кейінгі жылдары елшілері Исаның айтқан пайғамбарлығы қалай орындалғанын көрді. Иә, оның алдын ала айтқандары елшілердің күнінде орындала бастады. Сондықтан 37 жыл өткен соң, 70 жылы, яһуди жүйесінің жойылуы мен ғибадатхананың қирауы мәсіхшілерді таңғалдырған жоқ.
Бірақ Мәсіхтің патшалық билікте отыратын кезеңі 70 жылы емес, одан әлдеқайда кейінірек басталды. Қай кезде? Оны Исаның пайғамбарлығын зерттеу арқылы білуімізге болады.
Иса алдын ала “жақын маңдағы шайқастар мен алысырақтағы соғыс жаңалықтары туралы еститіндерін”; “ұлт ұлтқа қарсы, мемлекет мемлекетке қарсы аттанып”, түрлі жерлерде ашаршылық пен індеттер және жер сілкіністері болатынын; Исаның шәкірттерін жек көріп, ұстап алып өлтіретінін; жалған пайғамбарлар пайда болып, көптеген адамдарды алдап, азғыратынын; әділетсіздік тым көбейіп, көпшіліктің сүйіспеншілігі суып кететінін; сол кезде барлық ұлтқа куәлік ретінде Құдай Патшалығы туралы ізгі хабар күллі әлемге уағыздалатынын айтты.
Исаның пайғамбарлығы 70 жылы Иерусалим қирағанға дейін кішігірім көлемде орындалса, ал негізгісі Исаның патшалық билікте отырған кезеңінде, демек осы заманның ақырында орындалады. 1914 жылдан бастап әлемде болып жатқан оқиғаларды мұқият зерттейтін болсақ, Иса айтқан өте маңызды пайғамбарлықтың дәл сол жылдан бастап орындала бастағанын көруімізге болады.
Белгі туралы айта отырып, Иса “жексұрын нәрсенің” пайда болатынын ескертті. Б. з. 66 жылы бұл жексұрын нәрсе Иерусалимді қоршап, ғибадатхананың қабырғасының түбін қазған римдіктердің әскері болды. “Жексұрын нәрсе” тұрмауы тиіс жерде тұрды.
Негізгі орындалуында “жексұрын нәрсе” Ұлттар Лигасы және оның орнын басқан Біріккен Ұлттар Ұйымы болады. Христиан әлемі жер бетінде бейбітшілік орнататын Құдай Патшалығы емес, осы ұйым деп қабылдайды. Міне, нағыз жексұрын нәрсе! Сондықтан, қандай да бір уақыттан кейін Біріккен Ұлттар Ұйымымен байланысы бар саяси күштер христиан әлеміне (бейнелі түрдегі Иерусалимге) қарсы шығып, оларды жояды.
Иса: “Сол уақытта әлем жаратылғаннан бері күні бүгінге дейін еш болмаған және қайтып болмайтын қиын-қыстау кезең [“ауыр азап”, сілтемеге қара] бастарыңа түседі”,— деп пайғамбарлық етті. Мәліметтерге қарағанда, 70 жылы Иерусалим қирағанда, миллионнан астам адам қаза болған бұл кезең шынында да ауыр кезең болды. Исаның айтқан пайғамбарлығының осы бөлігінің негізгі орындалуы біріншісінен әлдеқайда асып түседі.
Соңғы күндері сенімділікті жоғалтпау керек
11 нисан, сейсенбі күн де аяқталуға таяп қалды. Иса елшілерімен өзінің патшалық билікте отырғанын және осы зұлым заманның ақырын білдіретін белгіні талқылауды әрі қарай жалғастыруда. Ол оларды жалған мәсіхтерден сақтандырып, олардың “мүмкін болса, Құдайдың таңдап алған адамдарын да адастыру үшін” әрекет жасайтынын айтты. Бірақ таңдап алынғандар қырағы бүркіт сияқты, шынайы рухани тамақ бар жерге ұшып барады, яғни патша тағында отырған шынайы Мәсіхке жиналады. Олар жалған мәсіхтердің айналасына жиналмайды, сондай-ақ өздерін алдауға жол бермейді.
Жалған мәсіхтердің көзге көрінбеуі мүмкін емес, ал Исаның патшалық билікте отырғандығы көзге көрінбейді. Ауыр азап басталғаннан кейін, Иса “күнді қараңғылық басып, ай да жарқырамайтын болады” деді. Иә, ол адамзат тарихында болмаған ең қайғылы уақыт болады, оны күндіз күннің, түнде айдың жарығы жоқ кезге теңеуге болады.
“Аспан күштері шайқалады”,— деп жалғастырды Иса. Бұнымен ол кәдімгі аспанның түсі сұмдық суық болатынына нұсқайды. Үрей мен зорлық-зомбылық бұрын-соңды болмағандай ұлғаяды.
Сондықтан Иса айтқандай, “жерде теңіздер шулап долданады. Содан халықтар зәрелері ұшып, не істерін білмей дал болады. Аспан денелері орындарынан қозғалғандықтан адамдар қорқып, әлемге төнетін апаттарды күтіп естерінен тана үрейленеді”. Иә, адамзат тарихындағы осы қайғылы кезең ақырына таянған уақытта Исаның ‘Билеуші ретінде қайтып келуінің ғажайып белгісі аспаннан көрінетін болады. Жер бетіндегі барлық ұлттар үрейленіп, еңіреп жылайды’.
Адам Ұлы “ғаламат құдіретпен” осы зұлым дүниені жою үшін келгенде, бәрі бірдей ‘еңіреп жыламайды’. Мәсіхпен бірге көктегі Патшалыққа кіретін 144 000 “таңдап алынғандар” мен Иса “басқа қойлар” деп атаған олардың серіктері қайғырып, қиналмайды. Адамзат тарихындағы ең сұрапыл кезеңде өмір сүріп отырғанмен, оларды Исаның: “Сендер бұл оқиғалар бола бастаған кезде бастарыңды көтеріп, жоғары қараңдар, себебі құтқарылуларың жақын!” — деген сөздері жігерлендіреді.
Соңғы күндері өмір сүретін ізбасарлары заманның ақырының жақындап қалғанын анық білулері үшін, Иса мынадай мысал келтірді: “Інжір ағашы мен барлық басқа ағаштарға қараңдар: жапырақтарының шыға бастағанын көргенде жаздың таяп қалғанын білесіңдер. Сол сияқты, сендер осы оқиғалардың болып жатқанын көргенде Құдай Патшалығының жер бетінде орнайтын кезінің таяп қалғанын білетін боласыңдар. Сендерге шындығын айтайын: осы ұрпақ өлмей тұрып-ақ мұның бәрі іске асады”.
Сонымен осы белгіні құрайтын оқиғалар орындала бастағанда, ізбасарлары осы заманның ақырының таяп қалғанын және жақын арада Құдайдың Патшалығы жер бетінен зұлымдықты жоятынын білулері керек. Бұл жойылу Исаның алдын ала айтқандарының барлығы орындалғанын көрген адамдардың тұсында болады. Соңғы күндері, осы ерекше уақытта, өмір сүретін ізбасарларына тәлім бере отырып, Иса былай деді:
“Алайда өздеріңе сақ болыңдар: той-думан жасап, мас болып немесе күнделікті тұрмысты уайымдап, жүректерің шеменденіп кетпесін! Әйтпесе Менің қайта оралатын күнім сендерге қапылыста келеді. Себебі ол күн жер бетінде тұрғандардың бәрінің басына түскен тор сияқты кенеттен туа қалады. Алдағы сол апаттардан құтылып, Билеуші ретінде көктен келген Менің алдымда тұра алу үшін әрқашан сергек болып, сиынып мінажат етіңдер!”
Ақылды және ақылсыз қыздар
Иса өзінің патшалық билікте отырғандығын көрсететін белгі жайлы елшілерінің сұрақтарына әлі жауап беруде. Енді ол белгінің құрамындағы оқиғаларды әрі қарай да аша түсетін үш көрнекі мысал айтып берді.
Бұл мысалдардың орындалуын Исаның патшалық билікте отырған уақытында өмір сүретіндер көреді. Бірінші мысалды Иса былай деп бастады: “Құдай Патшалығындағы жағдай мынаған ұқсас болады: он бойжеткен қолдарына шамдарын ұстап, күйеу жігітті қарсы алуға шығыпты. Олардың бесеуі ақылды, бесеуі ақылсыз екен”.
Құдай Патшалығын он бойжеткеннің оқиғасымен салыстырып, Иса Құдай Патшалығының мұрагерлерінің жартысы ақылсыз, жартысы ақылды деп тұрған жоқ. Ол бұл жерде Құдай Патшалығына байланысты кейбір жайттың осы айтылған мысалдағы жағдайға ұқсайтындығын айтты.
Он қыз көктегі Патшалыққа кіруге үміттері бар немесе үмітім бар деп есептейтін барлық мәсіхшілерді білдіреді. Б. з. 33 жылының Алғашқы өнім мейрамында мәсіхшілер қауымы қайта тіріліп, салтанатына кенелген Күйеу жігітке, яғни Иса Мәсіхке, әйел болатындығы уәде етілген. Бірақ көкте болатын үйлену тойының дәл уақыты айтылмаған болатын.
Он бойжеткен күйеу жігітті қарсы алып, үйлену тойын тойлайтындарға қосылу үшін алдынан шығады. Күйеу жігіт қалыңдықты дайындаған үйіне ертіп келгенде, бойжеткендер ізетпен қолдарына шамдарын ұстап, күйеу жігітті қарсы алмақ. Иса былай деп түсіндірді: “Ақылсыз қыздар шамдарын алғанмен, құятын артық май алмай шығады. Ал ақылдылары шамға қоса майға толы құмыраларын да ала жүреді. Күйеу жігіт ұзақ кешіккендіктен, барлығы қалғып, ұйықтап қалады”.
Күйеу жігіттің кешігуі, Мәсіхтің патшалық билікке келетін уақытының әлі алыста екендігін көрсетеді. Таққа ол 1914 жылы отырады. Осыған дейінгі ұзақ түн бойы бойжеткендер ұйқыда болады, бірақ бұл үшін оларға кінә тағылмайды. Әйтсе де ақылсыз қыздар артық майлары болмағандықтан кінәлі есептеледі. Иса күйеу жігіт келер алдында бойжеткендердің қалай оянғандығын былай деп түсіндірді: — Түн ортасында: “Күйеу жігіт келіп қалды! Қарсы алуға шығыңдар!” — деген дауыс естіледі. Сонда қыздардың бәрі де орындарынан тұрып, шамдарын жөндейді. Ақылсыздары ақылдыларына: “Майларыңнан беріңдерші, шамдарымыз сөнейін деп жатыр”,— дейді, ал олар: “Бізге де, сендерге де жетпей қалғанша, өздерің сатушыларға барып, май сатып алғандарың жөн”,— деп жауап береді.
Май шынайы мәсіхшілердің шам сияқты жарық шашуына мүмкіндік беретін нәрсені білдіреді. Бұл — мәсіхшілердің өз өмірлерінде берік ұстанатын Құдайдың рухының жетелеуімен жазылған Сөзі, сондай-ақ бұл Сөзді түсінулеріне жәрдем беретін оның киелі рухы. Рухани май ақылды қыздарға үйлену тойына салтанатпен келе жатқан күйеу жігітті қарсы алуға мүмкіндік береді. Ақылсыз қыздардың құтыларында рухани май жоқ. Одан әрі не болатынын Иса былай жалғастырды:
“Әлгілер майға кеткенде күйеу жігіт келіп, дайын тұрғандар онымен бірге тойға кіріп кетеді де, есіктер жабылып қалады. Кейін майға кеткендер де келіп: — Тақсыр мырза! Есікті аша көріңіз! — деп өтінеді. Ал күйеу жігіт оларға: — Шын айтамын: Мен сендерді білмеймін!” — деп жауап береді.
Мәсіх өзінің көктегі Патшалығына келген соң, ақылды қыздар, яғни рухпен майланған шынайы мәсіхшілер, осы қараңғылық басқан дүниеге жарықтарын шашу үшін оянады, сол арқылы қайта оралған Күйеу жігітке сый-құрмет көрсетіледі. Ақылсыз қыздарды бейнелейтіндер бұған дайын емес, сондықтан көктегі үйлену тойы басталған кезде Мәсіх оларға есікті ашпайды. Ол оларды заңсыздық істегендермен бірге жойылулары үшін осы өмірдің қара түнегіне қалдырады. Соңында Иса: “Сондықтан сергек болыңдар! Себебі сендер Мен Билеуші ретінде көктен келетін күнді де, сәтті де білмейсіңдер”,— деп аяқтады.
Күміс туралы астарлы әңгіме
Зәйтүн тауының басындағы әңгіме әрі қарай жалғасуда, Иса елшілеріне үш мысалдың екіншісін айта бастады. Ол осыдан бірнеше күн бұрын Иерихонда Патшалықтың орнауына әлі ұзақ уақыт бар екенін көрсету үшін күміс қадақ туралы мысал айтқан еді. Елшілердің қазір тыңдайтын мысалы күміс қадақ туралы мысалға көп ұқсас, алайда бұл Мәсіхтің патшалық билігінде отырған кезінде қандай оқиғалар болатынын көрсетеді. Мысалдың мақсаты Исаның ізбасарлары жерде жүрген кезінде “оның меншігін” көбейтумен айналысулары керек екенін көрсету еді.
Сонымен Иса әңгімесін былай бастады: “Бұл сапарға шықпақ болған бір кісінің әрекетіне ұқсас: ол кетер алдында қол астындағы қызметшілерін шақырып алып, оларға меншікті қаражатын аманаттап тапсырады”. Ол кісі, яғни Иса, “сапарға шығар алдында”, яғни көкке көтеріліп кетер алдында, меншікті қаражатын өзінің құлдарына, яғни көктегі Патшалыққа үміті бар ізбасарларына, тапсырады. Меншікті қаражат дегеніміз тура мағынадағы қаражат емес, ол бейнелеп айтқанда, тағы да көптеген шәкірттер жинау үшін барлық жағдай жасалып, өңделген алқапты білдіреді.
Иса көкке көтерілерден сәл бұрын құлдарына өзінің меншігіне қамқорлық етуді тапсырады. Ол мұны қалай істейді? Оларға осы өңделіп қойған алқапта әрі қарай жұмыс істей беруді, яғни Патшалық туралы хабарды жер бетінің ең алыс түкпірлеріне дейін уағыздауды, бұйырды. Иса мұны былай деп түсіндірді: “Әрқайсысына қабілетіне қарай, біреуіне бес, келесісіне екі, тағы біреуіне бір ат басындай күміс береді. Содан кейін сапарына аттаныпты”.
Демек, бұл сегіз ат басындай күміс — Мәсіхтің меншікті қаражаты — құлдардың қабілетіне немесе рухани мүмкіншілігіне қарай үлестіріліп беріледі. Құлдар ізбасарларының әр түрлі тобын білдіреді. Бес ат басындай күміс алған топқа бірінші ғасырдағы елшілердің де кіргендігі анық. Әрі қарай Иса бес және екі күміс алғандардың Патшалықты уағыздау арқылы ізбасарлар дайындап, тағы да сонша қосқанын айтады. Ал бір күміс алғаны оны жерге көміп тастайды.
“Арада көп уақыт өткеннен кейін қызметшілердің қожайыны қайтып келіп, олардың есеп берулерін талап етеді”,— деп сөзін жалғастырды Иса. Шынында да “көп” уақыт өткен еді: Мәсіх ХХ ғасырда, 1 900 жыл өткен соң, келіп есеп беруді талап етті. Иса әрі қарай:
“Бес күміс алған қызметші тағы да бесеуін әкеліп тұрып, былай дейді: — Мырзам, сіз маған ат басындай бес күміс беріп едіңіз. Міне, солардан тағы бесеу қосымша пайда түсірдім. Қожайыны оны мақтап: — Жарайсың, жақсы да адал қызметшім! Шағын істе сенімді болып едің, сені үлкен істің басына қоямын. Енді қуанышты тойыма кел!” — деді. Екі күміс алғаны да оны екі есе көбейтіп, қожайынынан ол да сондай мақтау естіп, сый алады.
Бұл сенімді құлдар қожайынының қуанышты тойына қалай келеді? Олардың қожайыны Иса Мәсіхтің қуанышы — ол ‘алыс сапарға’, яғни өзінің көктегі Әкесіне, барғанда оның иелігіне Патшалық беріледі. Біздің кезімізде қызмет етіп жатқан сенімді құлдарға Патшалыққа байланысты бұдан да көп міндеттер жүктелген. Бұл оларды үлкен қуанышқа бөлейді. Жердегі өмірі аяқталған соң, қайта тіріліп, көктегі Патшалыққа кіреді, сол кезде олардың қуаныштарының шегі болмайды. Ал үшінші құл ше?
“Мырзам, сіздің қатал адам екендігіңізді білдім”,— деп шағым жасайды құл.— Сондықтан қорқып, күмісіңізді жерге көміп тастадым. Мінеки, соныңыз”. Бұл құл біле тұра алқапта жұмыс істеуден, яғни уағыздау мен шәкірттер дайындаудан бас тартты. Сондықтан қожайыны оны “оңбаған, жалқау қызметші” деп атап, оны былайша жазалайды: “Ендеше одан күмісін алып... мына түкке тұрғысыз қызметшіні сыртқа, қара түнекке лақтырып тастаңдар! Сол жерде зар еңіреп жылап, қинала тістенетін болады”. Осындай құлды білдіретіндерді сыртқа лақтырып тастап, рухани қуаныштан айырады.
Бұл Мәсіхтің ізбасарымыз дейтіндердің барлығы үшін өте маңызды сабақ болып табылады. Олар мақтау естіп, сый алу үшін, сырттағы қара түнекке лақтырылып тасталып, түбінде жойылып кетпес үшін, көктегі Қожайындарының меншігін көбейту үшін жұмыс істеулері, яғни бар күшін салып уағыздау қызметіне атсалысулары керек. Бұл тапсырманы бар ынта-жігеріңмен орындап жүрсің бе?
Мәсіхтің патша ретіндегі ұлылығымен келуі
Иса мен елшілері әлі де Зәйтүн тауының басында отыр. Өзінің патшалық билікте отырғандығының белгісі мен заманның ақырының жақындап қалғанына байланысты сұрақтарға жауап бере отырып, Иса ізбасарларына соңғы мысалды айтып берді. “Құдай тағайындаған Билеуші қасиетті періштелерін ертіп ғаламат ұлылықпен көктен келген кезде Өзінің салтанатты тағына отыратын болады”.
Адам Ұлы зұлым дүниенің жойылар алдында ‘келеді’. Қандай мақсатпен? Иса былай деп түсіндірді: “Барлық халықтар Оның алдына жинап әкелінеді. Ол шопанның қойларды серкелерден ажыратқанындай адамдарды екі топқа бөліп, “қойларды” оң жағына, “серкелерді” сол жағына қояды”.
Мейірімділік көрсетілетіндерге не болатынын айта келіп, Иса былай деді: “Сонда Патша оң жағындағыларға былай деп үкім шығарады: — Әкем жарылқағандар, келіңдер! Әлем жаратылғаннан бері өздеріңе дайындалған Патшалықтан үлестеріңді алыңдар!” Мысалда келтірілген қойлар Мәсіхпен бірге көкте патшалық етпейді, олар Патшалықтың жердегі азаматтары болады. “Әлем жаратылғаннан бері” деген Адам ата мен Хауа ана бала-шағалы бола бастаған уақытты білдіреді. Олар адамзаттың төлемін өтеуге байланысты Құдай қолданған шараның пайдасын көре алатын еді.
Неліктен қойларға мейірімділік көрсетіліп, Патшаның оң қол жағынан орын алды? “Себебі сендер Мен ашыққанда тамақ, шөлдегенімде сусын бердіңдер. Бейтаныс болып баспана іздегенімде Мені үйлеріңе қабылдадыңдар. Киімсіз жүргенімде киіндірдіңдер, ауырғанымда Маған қамқорлық жасадыңдар, түрмеде отырғанымда артымнан келіп тұрдыңдар”,— дейді Патша.
Қойлар жерде болғандықтан, өздерінің көктегі Патшасына бұның бәрін қалай істей алғандықтарын білгісі келеді. Олар: “Иеміз, қашан Сіздің ашыққаныңызды көріп, тамақтандырған едік? Немесе шөлдегеніңізде сусын берген едік? Қашан бейтаныс болып, баспана іздеп жүргеніңізді көріп, Сізді қабылдаған едік? Немесе киімсіз жүрген Сізді киіндірдік? Қай кезде Сіз ауырып не түрмеде жатқаныңызда артыңыздан келіп тұрдық?” — деп сұрайды.
Патша былай деп жауап береді: “Сендерге шындығын айтайын: Менің мына бауырластарымның тіпті ең маңызсыз болып көрінген біреуіне жасаған жақсылықтарыңды шын мәнінде Маған жасағандарың!” Мәсіхтің бауырластары — 144 000-ның ішіне кіретін, әлі жерде өмір сүріп жатқан, болашақта онымен бірге көкте басшылық ететіндер. Оларға жақсылық жасау — Исаның айтуы бойынша, оған жақсылық жасаумен тең.
Бұдан кейін Патша серкелерге былай дейді: “Менен аулақ кетіңдер, қарғыс атқандар! Шайтанға және оның нөкерлеріне дайындалған мәңгілік тозақ отына түсіңдер! Себебі сендер Мен ашыққанда тамақ, шөлдегенде сусын бермедіңдер. Бейтаныс болып, баспана іздеп жүргенімде Мені үйлеріңе қабылдамадыңдар. Киімсіз жүргенімде киіндірмедіңдер, ауырып не түрмеде жатқанымда артымнан келмедіңдер”.
Серкелер болса наразылық білдіріп: “Иеміз, біз қашан ашыққаныңызды не шөлдегеніңізді, бейтаныс болып баспана іздеп, киімсіз жүргеніңізді немесе ауырып не түрмеде жатқаныңызды көріп, Сізге көмектеспедік?” — деп сұрайды. Серкелерді жазалауға да, қойларға рақым етуге де бір ғана жай себеп болып отыр. Иса серкелерге: “Мыналардың ең маңызсыз болып көрінген біреуіне [менің бауырласыма] жасамаған жақсылықтарыңды шын мәнінде Менің Өзіме жасамағандарың!” — деп жауап береді.
Демек, ауыр азапта зұлым дүниенің жойылар алдындағы Мәсіхтің патшалық билігіне келіп отырған кезеңі сот болатын уақытты да қамтиды. Серкелер “мәңгілік азап шегуге [“біржола жойылуға”, ЖД] кетіп, ал әділдер [қойлар] мәңгілік өмірді иемденетін болады”. Матай 24:2—25:46; 24:3 (ЖД); 13:40, 49; Марқа 13:3—37; Лұқа 21:7—36; 19:43, 44; 17:20—30; 2 Тімотеге 3:1—5; Жохан 10:16; Аян 14:1—3.
▪ Елшілерінің Исаға сұрақ қоюына не түрткі болды және олар тағы не жөнінде ойлаған болса керек?
▪ Б. з. 70 жылы Исаның пайғамбарлығының қай бөлігі орындалды, бірақ қайсысы орындалған жоқ?
▪ Исаның пайғамбарлығы алғашқы рет қай кезде орындалады және оның негізгі орындалуы қашан болады?
▪ Бірінші орындалуындағы “жексұрын нәрсе” не, ал соңғы орындалуында ше?
▪ Неліктен Иерусалимнің күйреуі ауыр азап туралы пайғамбарлықтың толық орындалғандығы емес?
▪ Мәсіх патшалық билікте отырған кезде әлемде қандай жағдай болады?
▪ Қай кезде “Жер бетіндегі барлық ұлттар үрейленіп, еңіреп жылайды” және сол кезде Мәсіхтің ізбасарлары не істейді?
▪ Заманның ақырының жақын екенін анықтауларына көмектесу үшін, Иса болашақтағы ізбасарларына қандай мысал келтірді?
▪ Соңғы дәуірде өмір сүретін ізбасарларына Иса қандай өсиет айтты?
▪ Он бойжеткен кімдерді білдіреді?
▪ Мәсіхшілердің қауымы күйеу жігітке қалыңдық болуға қай кезде уәде етілген және күйеу жігіт қалыңдықты үйлену тойына алып баруға қай уақытта келеді?
▪ Май нені білдіреді және соның арқасында ақылды қыздар не істей алар еді?
▪ Үйлену тойы қай жерде өтеді?
▪ Ақылсыз қыздар қандай керемет сыйлықтардан құр қалады және оларды не күтіп тұр?
▪ Күміс туралы мысал бізді неге үйретеді?
▪ Құлдар дегеніміз кімдер және оларға қандай меншікті қаражат сеніп тапсырылды?
▪ Қожайын есеп алу үшін қай кезде келеді және ол нені көреді?
▪ Сенімді құлдар қандай қуанышқа бөленеді және үшінші оңбаған құлға не болады?
▪ Патшалықта билік етіп отырған кезеңде Мәсіх қандай сот жүргізеді?
▪ Қай мағынада қойлар Патшалықтың мирасқоры болады?
▪ ‘Әлем жаратылуы’ қашан басталды?
▪ Адамдардың қойлар немесе серкелер болып бөлінуіне не негіз болады?