Мағыналы өмірге Иса пайғамбар жол көрсетеді
“Иса қалай өмір сүрсе, солай өмір сүр” (Жоханның 1-хаты 2:6).
АЛДЫҢҒЫ мақаладан білгеніміздей, Иса пайғамбар мағыналы өмір сүрген. Өмірімізді мәнді еткіміз келсе, оның қалдырған үлгісіне еліктеп, кеңесіне құлақ асқанымыз жақсы.
Ехоба Құдай біздің жоғарыда келтірілген Киелі кітап сөздеріне құлақ асқанымызды қалайды. Иса пайғамбар сияқты өмір сүруге өміріміздің барлық саласында оны үлгі тұтып, тәлімдерін қолдану жатады. Сонда Құдайдың ықыласына ие болып, өміріміз мағынаға толады.
Иса пайғамбар өзі сияқты өмір сүруімізге көмектесетін принциптер берген. Оның көпшілікке танымал бір уағызында осындай принциптердің бірталайы келтіріледі. Қазір солардың үшеуін өмірімізде қалай қолдана алатынымызды қарастырайық.
ПРИНЦИП: “Құдай жайлы білімге сусағандар бақытты” (Матай 5:3).
БҰЛ СӨЗДЕР ӨМІРДІ ҚАЛАЙША МАҒЫНАЛЫ ЕТЕ АЛАДЫ?
Иса пайғамбар адамдардың табиғатынан Құдай жайлы білуге және рухани білім алуға құштар екендерін білген. Мысалы, біз келесідей сұрақтардың жауабын білуді қатты қалаймыз: Жарық дүниеге не үшін келдім? Жер беті неге зұлымдыққа толы? Құдай шынымен біздің қамымызды ойлай ма? Өлімнен кейін өмір бар ма? Өміріміздің мәні болу үшін, осы сұрақтардың жауабын білуіміз керек. Иса пайғамбар бұл жауаптардың жалғыз сенімді көзі — Құдай Сөзі екенін білген. Ол Жаратушысына дұға еткенде: “Сенің сөзің — шындық”,— деген (Жохан 17:17). Құдай Сөзі расында да рухани мұқтаждығымызды қанағаттандыра ала ма?
ӨМІРДЕН АЛЫНҒАН МЫСАЛ.
Әйгілі топтың негізгі әншісі болған Эса есімді жігітті рок жұлдызы болу болашағы күтіп тұрды. Әйтсе де ол өзін шынымен бақытты сезінбеді. Ол былай дейді: “Топта болғаным маған ұнайтын, алайда өмірімнің мән-мағынаға толғанын қаладым”. Күндердің күнінде ол бір Ехоба куәгерімен кезігеді. “Мен оған сұрақтарды оқша жаудырдым,— дейді Эса.— Оның қисынды әрі Киелі кітапқа негізделген жауаптары мені бейжай қалдырмады. Содан мен онымен Киелі кітапты зерттеуге келістім”. Киелі кітаптан алған білімі Эсаның жүрегіне жетіп, өмірін Ехоба Құдайға бағыштауға талпындырды. Ол былай дейді: “Бағыт-бағдарсыз өмір сүргендіктен, жиі тығырыққа тіреліп, қиындықтарға кезіге беретінмін. Ал енді өмірімде көздейтін мақсатым бар”a.
ПРИНЦИП: “Мейірімділер бақытты” (Матай 5:7).
БҰЛ СӨЗДЕР ӨМІРДІ ҚАЛАЙША МАҒЫНАЛЫ ЕТЕ АЛАДЫ?
Мейірімділікке басқалардың қамын ойлау, жанашырлық таныту және көңіл бөлу жатады. Иса пайғамбар жарлы жандарға мейірімділік көрсеткен. Қатты жаны ашығандықтан, ол адамдарды ауруларынан сауықтырған (Матай 14:14; 20:30—34). Біз Иса пайғамбар сияқты мейірімділік көрсетсек, өміріміз мағыналы бола түседі. Себебі басқаларға мейірімділік көрсеткен адам өзін бақытты сезінеді (Елшілердің істері 20:35). Көмегімізге мұқтаж адамға қол ұшын беріп, қандай да бір сөзімізбен не ісімізбен оны жігерлендірсек, бұл мейірімділікке жатады. Мейірімді болу шынымен де өмірімізді мағыналы ете ме?
ӨМІРДЕН АЛЫНҒАН МЫСАЛ.
Мария мен күйеуі Карлос мейірімді жандар. Марияның әкесі — жалғызбасты кісі. Соңғы жылдары ол төсек тартып жатып қалады. Мария мен Карлос әкелерін қолдарына алып, оған қамқорлық жасайды. Екеуі талай түндерді ұйқысыз өткізеді. Диабеттің кесірінен ауруы асқынғанда, әкелерін ауруханаға жедел түрде апаратын кездері де бар. Кейде олардың қатты қажып, шаршайтындары рас. Десе де олар бақытты, өйткені көмекке мұқтаж әкелерінің қамын ойлап, қамқорлық көрсеткендері оларға үлкен қанағат әкеледі.
ПРИНЦИП: “Татуластырушылар бақытты”(Матай 5:9).
БҰЛ СӨЗДЕР ӨМІРДІ ҚАЛАЙША МАҒЫНАЛЫ ЕТЕ АЛАДЫ?
Басқалармен татулық сақтауға барынша ұмтылсақ, олармен қарым-қатынасымыз бізді қуанышқа бөлейтін болады. Киелі кітаптағы: “Қолдарыңнан келгенше, барлық адамдармен тату болыңдар”,— деген кеңеске құлақ асудың пайдасы көп (Римдіктерге 12:18). Мұнда айтылған “барлық адамдарға” отбасы мүшелері, сондай-ақ бір дінді ұстанбайтын адамдар да кіреді. “Барлық адамдармен” тату болу шынымен де өмірімізді мағыналы ете ала ма?
ӨМІРДЕН АЛЫНҒАН МЫСАЛ.
Наир есімді әйелдің оқиғасын қарастырайық. Ол бірнеше жыл бойы қысым мен ауыртпалықтан көз ашпай, әсіресе өз үй ішінде татулық сақтау оңай болмайды. Осыдан 15 жыл бұрын күйеуі тастап кеткендіктен, ол балаларын жалғыз өзі асырайды. Бір ұлы нашақорлыққа салынып, ешкімге көнбей, Наирға да, қызына да қоқан-лоқы көрсетеді. Наир Киелі кітаптан алған білімнің арқасында күш алып, тіпті осындай сын сағаттарда да татулық сақтауды үйренеді. Ол дауласпай, керісінше өзгелерге мейірімді, жұмсақ болуға және түсіністікпен қарауға тырысып жүр (Ефестіктерге 4:31, 32). Наир татулық сақтауды үйренгеннің арқасында үй ішіндегілермен де, өзгелермен де жақсы қарым-қатынаста екенін айтады.
КЕЛЕШЕКТІ ЕСКЕРІП ӨМІР СҮРУ
Иса пайғамбардың дана кеңестеріне құлақ ассақ, бақытқа қол жеткізіп, мағыналы өмір сүреміз. Алайда өміріміз толығымен мағыналы болуы үшін, болашақта бізді не күтіп тұрғанын білуіміз керек. “Бірақ мұның не қажеті бар? Ертеңгі күні қартаятынымызды, ауыратынымызды, қала берсе, өлетінімізді білгеніміз өмірімізді мәнді ете ала ма?”— дейтін шығармыз. Иә, бұл әзірге өмірдің ащы шындығы екені рас.
Десе де жақсы хабар бар! Иса пайғамбар сияқты өмір сүруге ұмтылған адамдарды Ехоба Құдай болашақта молынан жарылқайды. Ол жақын арада жер бетінде жұмақ орнатып, адал адамдар сонда өмір сүреді деп уәде береді. Сондай-ақ өзі ниеттенгендей, адамдар онда мәңгі өмір сүреді әрі денсаулықтары мықты болады. Оның Сөзінде, яғни Киелі кітапта былай делінген: “Міне, Құдайдың шатыры адамдар арасында! Ол солармен бірге тұрып, олар оның халқы болмақ. Осылай Құдайдың өзі солармен бірге болады. Сонда Құдай олардың көздеріндегі әрбір жасты сүртіп тастайды, енді қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайды. Бұрынғы жайттар құрып жоқ болды” (Аян 21:3, 4).
Осы журналдың алғашқы мақаласында аты аталған 84 жасар Мәриям бұл сөздер орындалатын күнді асыға күтуде. Ал сіз ше? Құдай патшалығының билігі кезінде орнайтын “шынайы өмір” жайлы көбірек білгіңіз келе ме? (Тімөтеге 1-хат 6:19). Білгіңіз келсе, өзіңіз тұратын аймақтағы Ехоба куәгерлеріне жолығыңыз немесе осы журналдың баспагерлеріне хат жазыңызb.
a Эсаның толық өмірбаянын осы журналдың 8, 9-беттерінен оқи аласыз.
b Көптеген адам Ехоба куәгерлері басып шығарған “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” басылымын қолданып, Жазбаларды тақырып бойынша зерттеуде.